Әдеби KZ
ҰШҚАН ҰЯ
(роман)
Менің бабам Имаш мың да тоғыз жүз он бірінші жылы тоқсан екі жасында дүние салған.
Орта бойлы, орақ мұрын, от жанарлы сол шымыр шалдың төртінші перзенті — менің әкем
Момыналы екен. Оны жұрт Момыш деп кеткен.
Әжемнің аты Қызтумас еді. Қартайғанда сары кемпір атанған. Жарықтық, аса ажарлы, ақ
дидарлы кісі екен. Ондай ару ол кезде ел арасында некен-саяқ «Ұл біткеннің бәрі
қазанның түп күйесіндей әкесіне тартып қара болды, қыз жағы өзіме тартып аққұбаша
ажарлы шықты» деп отыратын еді, жарықтық. Әжем өзінің ұлдарына өңшең аққұбаша
аруларды айттыруға ынтық болған. Соның кесірінен менің әкем Момыш отыз үш жасына
дейін салт басты, сабау қамшылы жүріпті. Әжем оған:
— Әй, қара құл, мен құдайдан саған ай көрікті ақ перизат жолықтырғай деп тілеймін. Тым
болмаса, немерелерімді жиіркенбей сүйейін, — дейді екен.
Бірде көрші ауылда үлкен той өтіпті. Той ойын-сауықсыз болған ба? Үлкен киіз үйдің
ішінде жігіттер мен қыздар айтысып жатса керек. Той дегенде қу бас та домалайды.
Кемпір-сампырлармен ілесіп менің Қызтумас әжем де келген екен. Кәрі құлағы елең етіп,
киіз үйден шыққан айтыс әнін естіп қалады.
Біздің ауыл Мыңбұлақ басын ала,
Басыңдағы орамал жасыл ала.
Көңілің бізде болса, а құдаша,
Біразырақ отыршы қасыңа ала.
Қыздың даусы жайдары естілсе де, жалтара жауап қатып отыр екен. Кәдімгі бас қосқан
жердегі бастама өлеңнен ұзай қоймапты. Дегенмен сөз арасында «жақсы жігіт» дегенді
жиілете берсе керек. Қызтумас әжем оны да сезіпті.
5
Әдеби KZ
Қарашаға, ендеше, қарашаға,
Кисе киім жарасар аласаға.
Бас қосыппыз бұл тойда, жақсы жігіт,
Өлең айтсақ болмай ма тамашаға.
Бірақ жігіт жағы алғашқы екпінінен танбай ынтық көңілін ұсына беріпті:
Мыңбұлақтың сулары сылдырайды,
Сұлу қыздың бұрышы бұлдырайды.
Құдаша деп сыртыңнан құмартушы ем,
Ескергейсің ендігі біздің жайды.
«Құдашасына сонша өзеуреп отырған кім екен», — деп әжем есіктен сығалап қараса:
Қара батыр, құдаша, қара батыр,
Жау қайырар жасқанбай дара батыр.
Тәңір айдап өзіңмен бас қосыппыз
Осы кесе сіз жаққа бара жатыр, — деп өлеңмен бір бойжеткен қара қызға аяқты бұрып
тұрған өз Момышы екен. Әжем сонда ұлына айғай салып:
— Өзің қазанның түп күйесіндейсің, күйеге күйе жұқса — не болмақ, құдайым-ау! — деп
баласын үйден қуып шығыпты. Анасының айтқанын ішінен ұнатпаса да, әкем оның
ырқына көнеді екен.
Баласына қанша ұрсып, қатал болса да, әжем менің әкемді жақсы көріп, мақтан тұтып:
— Бұл қара құлдың түрі маған тартпаса да, ақылдылығы тартты, соған да құдайға шүкір, —
деп отырар еді.Әкем содан айтыс қуып, әндетіп жүре-жүре отыз үш жасында Байтана
руынан Әбдірахманның Рәзия атты қызына үйленіпті. Ол менің шешем еді. Ол кісі мен үш
|