"Керуен" ғылыми журналы №1 (74) 2022 ISSN: 2078-8134 | elSSN: 2790-7066
36
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты "Керуен" | 1 (74) 2022
шығармашылығын арнайы зерттеген Т.Қабышев осы сюжеттің қазақтың «Күйеу
таңдаған қыз», «Ханның үш ұлы» ертегілерінде, испан халқының «Үш
жігіттің
қалыңдығы» ертегісінде, Базар Оңдасұлының «Айна-тарақ» дастанында кездесетінін
баяндайды (Қабышев, 2005: 116). Т.Қабышевтің бұған қатысты дәлелдемелері де жет-
кілікті. Енді оның ой-тұжырымдарына және өз пайымдамаларымызға сүйеніп, «Қыз
көрелікке» жоғарыда аталған әдеби жәдігерліктердің қаншалықты ықпалы болғанын
зерделеуге тырысайық.
Роман оқиғасы негізінен қазақтың «Күйеу таңдаған қыз» ертегісінің желісіне
орайластырылғаны дау тудырмайды. Мысалы, әкесінің күйеу таңдауды қызының
еркіне салуы, бойжеткеннің жігіттерді ерекше
сыйлық алып келуге жұмсауы, үш
жігіттің бір қызға таласып, атқарған ісін міндет қылуы жағынан ертегі мен роман
сюжеттерінің көп айырмашылығы жоқ. Тек «Күйеу таңдаған қызда» теңін таппаған
қалыңдықтың тілегі бойынша, ұнамсыз сыйлық әкелген үміткерлердің бірден басы
алынады. Ертегіде қызға қолы жетпегендердің алынған бастары бір төбе болып
жатқаны суреттеледі. «Қыз көрелікте» Ғайникамал дәмелі жігіттерді алдын ала
көзбен көріп, ауызба-ауыз сөйлесіп, ерекше жаңашыл дүние алып келуге өзі аттан-
дырады. Қайсысының тапқаны көңіліне ұнаса, соның етегінен ұстамақ болады. Со-
нымен қатар, ертегіде кейіпкер қыздың ажал құшқаны туралы айтылмайды, ол тек
өлім аузында, кірпігі қимылдап, әл үстінде жатқан жерінен аман қалады. Ал ертегіде-
гі үш жігіт ауырып жатқан аруды айнадан көріп, жүрдек кілемге мініп, тездетіп жетіп
келеді де,
алма беріп, бетін бері қаратып алады.
«Күйеу таңдаған қыздағы» үш сыйлық – ұшатын кілем, сиқырлы айна, шипа-
лы алма «Қыз көрелікте» барар
жеріңе лезде жеткізетін шарға, алыстағыны анық
көретін трубкаға (түтікке), өлгенді қайта тірілтетін резеңкеге айналған. Ертегідегі
қыздың күйеу таңдаған шешімі де роман кейіпкерінің ұйғарымынан мүлде бөлек.
Ол екі жігітке кілем
мен айнаны қайтарып беріп, өзін өлімнен аман алып қалған
алманың иесіне қолын ұсынады. «Қыз кімге тиесілі?» деген сауал төңірегінде қызу
талас туындамаса да, қалған екеуі әкелген дүниесін бұлдап, «біз жедел байқап, тез
жеткізбесек, ол мұнда келе алмас еді ғой, сен өліп қалған болар едің» деп өкпе ай-
тады. Сонда қыз оларға: «Кеш келсе де ол жігіт тірілтіп алар еді. Бұл бір, екінші-
ден мен алмасын жеп қойдым. Енді мен ол алманы қайтарып бере алмаймын. Ал
сендердің кілемдерің мен айналарың өздеріңе» (Қазақ халық әдебиеті, 1988: 104), –
дейді. Яғни, ол сыйлықтың салмағын саралап, өзіне қай тұрғыдан пайдасы тигендігі
тұрғысынан тұжырым жасайды. Өзі жеп қойған жеміс иесінің алдындағы қарызы
мен парызын да естен шығармайды. Шығыс аңыздарындағы
бір қызға таласқан
үшеудің дауы бұл ертегіде ың-шыңсыз шешіледі. «Қыз кімге тиесілі?» деп дағдарған
кейіпкерлер қақтығысы халық ертегісінде соншалықты күрделене қоймаған.
Бұл ізгі шешім Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романында басқаша түрленеді.
Арғын, найман, керей руларынан шыққан үш жігіттің бірі – Әділжан Англиядан жер
түбіне жеткізетін бу шарды, екіншісі Мұқаш Германиядан алыстағыны көрсететін
трубканы, үшіншісі Сейітжан Франциядан сыбызғы секілді резеңкені сатып алып,
солардың көмегін пайдалану арқылы Ғайникамалдың өліп жатқанын анықтап, елге
жедел жеткен соң қызды тірілтіп, қатарға қосқанымен, үшеуінің
арасында жан-