«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары


 ОДҒҰРМЫШ ӨГДҮЛМІШКЕ БҰЛ ДҮНИЕДЕН ЖҮЗ



Pdf көрінісі
бет110/161
Дата19.05.2023
өлшемі1,69 Mb.
#95066
түріБағдарламасы
1   ...   106   107   108   109   110   111   112   113   ...   161
Байланысты:
5 том Құтадғу білік толық түсіндірме

67. ОДҒҰРМЫШ ӨГДҮЛМІШКЕ БҰЛ ДҮНИЕДЕН ЖҮЗ 
БҰРЫП, БАРҒА ҚАНАҒАТ ЕТІП, О ДҮНИЕГЕ ПЕЙІЛДІ БОЛУ 
ТУРАЛЫ АЙТАДЫ
4680 Жауап беріп айтты Одғұрмыш: — Сөзіңді,
Мен естідім, жауапты есті өзің де.
Кім сөзіңді ұғып, бағып өтеді,
Жаһанда бар тілегіне жетеді.
Бірақ өмір көрем деген кісінің,
Білікті бек, алғаны жөн түсініп.
Кісі мұнша бейнет шегіп нетеді,
Мал жиғанмен, қысқа тірлік етегі.
Адам дүние соңына ерсе жамырап,
Ибадаты қалар тоқтап, қаңырап!
4685 Бүгін өзің келгелі де, айтарым —
Құлшылығым қалды тоқтап, байқағын.
Бір кісімен қатынасу үшін де,
Мұнша зиян көрдім. Қыспа, түсін де.
Менің өзім барсам шаһар, ұлысқа,
Болады елмен сөзім, ісім, жұмыс та.
Тəу етпекпін қалай, жай жоқ табынар,
Маған ол жақ есігі анық жабылар.
Кішілікте кетіп, бұл күн қартайдым,
Шүкірлік қып, Алланы ойлап — марқайдым.
4690 Қайта оралу, бос тірлікке қарайлап,
Мейірбан жан, енді маған жарай ма?!
Білімі — өзен, жақсы білім беріпті,
Есті мұны, құлқы түзу — көрікті:
«Қарттық қамын жігіттікте істегін,
Қартайған соң, ісің өнбес, күш кемір!
Жігіттіктен хаққа тəует еткейсің,
Кəрілікте одан зиян шекпейсің.
Ұланбысың, жақсы құлық жолын қу,
Ұлғайғанда ұшқан жалын, отың — бу.
4695 Қандай жақсы жігіт шағың, мəнімен,
Үлес тисе, жақсылықтың бəрінен!
Жараспайды-ақ қартайғанда кісіге,
Араласса жігіттіктің ісіне!
Тірлік үшін дүние-мүлік, мал қайғы,
Тірлік бітсе — мал қайғысы қалмайды.
Өмір өтер жиюмен мал-ырысын,
Қалдырасың кімге, үзілсе тынысың?!
(Мал жиюмен өтер өмір қас-қағым,
Өзің өтсең, оны кімге тастадың...)
Сен айтқандай, Елікке іске жүрейін,
Жөн-ақ, жұмыс, халық құлқын білейін.
4700 Не пайда одан, өлсең өзің түбінде,
Екі бөзден өзге ілмейсің түгін де...
Неге керек суып, күйіп-пысынбақ,
Екі тілек — бар болғаны, мұсылман!
Бірі — өзіңді дүние малмен зор қылу,
Тағы бірі — сөзіңді елге жөн қылу!
Жақсы-ақ жетіп екеуіне аңсаған,
Өлім келмей, мəңгі тұрып қалса адам.
Бұл лəззаттың екеуін де алды өлім,
Білікті ер, қызығар нем бар менің?!
4705 Құтты адамның болар белгі, шырайы,
Төгіп тұрар күнде ізгілік райын.
Адамды, егер құтсыз болса; зарлатар,
Қартайғанда құлқын бұзып сорлатар.
Жақсы айтыпты білімі кең, дана бек,
Ай, шырайлым, мұны тыңдап, санаңа ек:
«Бақытты сол, қартайғанша жаңылмай,
Жақсы болса, жамандық қып тарылмай.
Қартайса да, қу нəпсінің соңында,
Жүгіргендер, біл, құтсызың, сорың да!»


 396
397
4710 Қане, əлемді қолына ұстап елірген,
Өзіне шаһар-бекет салған темірден?!*
Қайда, төбет, дүние кезіп шарлаған*,
Қарақұс мініп жасыл көкке самғаған?
Қане, «Тəңір өзіммін!» — деп бақырған,
Тəңірі өзін көк теңізге батырған?!*
Қане, дүние малын жиып алушы*,
Байлығымен жер қойнына барушы?!
Қане Туар — Батыс кезіп, барлаушы —
Дүние тұтып, елді алып, жаулаушы*.
4715 Қане, асасы жылан болып қолында,
Айырылып теңіз, жүріп өткен оны да*.
Қане, дию пері, құсқа, адамға,
Ұлық болған, пейілі таза жаһанға*.
Қане, өлікті тірілтіп жан ұшырған,
Ақыры ісін өлім торлап тұтылған*.
Қане, адамның таңдаулысы ең ірі,
Құр дүние қалды, толық кеміді*.
Алды бəрін, өмірге өлім тоя ма,
Ай, құлқы пəк, алмай сені қоя ма?!
4720 Осындай бұл дүниенің жазмышы, 
Ұстан оны, ұстанба — жоқ озмышы.
Енді, қара жер қойнына қарағын,
Қанша кісі кірді — орта араны.
Ашып көрсе қара жердің қабатын,
Жатыр не ерлер қайғы қиған қанатын!
Қанша бектер жатыр қара жер болып,
Қанша дана сіңді жерге жер болып.
Бекті құлдан айыра алмай қаламын,
Бай-кедейді танымайды жанарым.
4725 Қанша батыр, білмеген дерт-кеселді,
Қаны тоқтап, қара жерді төсенді...
Сондай жандар қара жерде қалғанда,
Сен иə мен тұрар ма едік жалғанда.
Жолаушы — адам, жүріп-тұрып, тынбайды,
Ұлы жолда жолаушы үй-жай құрмайды!
Үміт-тілек күллісінен арылдым,
Қойдым. Қолдар, бір Аллаға табындым.
Сұғанақтық — құл қылатын пендеңді,
Көзім де тоқ, сұқкөздік жоқ менде енді!
4730 Не дейді, бұл дүниені қойған жан,
Дүниеден көңілі қалып, тойған жан:
«Бұл жаһанда тілегіме жетілдім,
Жанарымнан ашкөздікті кетірдім.
Дүние үмітін қойдым, аршып есімді,
Үзілді сөз — қалай тілек кесілді!»
Егінжай бір бұл дүние көлемі,
Немене ексең соның ертең өнеді.
Жақсы ұрықтан жақсы өніп толады,
Сол жақсылық киім, тамақ болады.
4735 Жаман ұрық ексең, жаман өседі,
Жаман жүк боп, мойныңды ертең кеседі.
Тия алмасам, бүгін нəпсі, сезімді,
Қиямет күні қинармын тек өзімді.
Сені қоймай, бұл дүниені қоярсың,
Саған тоймай, одан бұрын тоярсың.
Сен қоймасаң, оның өзі-ақ қояды,
Сен тоймасаң, оның өзі-ақ тояды.
(Тастамасаң — оның өзі-ақ тастайды,
Жасқамасаң — оның өзі-ақ жасқайды.
Сен кетпесең — оның өзі-ақ кетеді,
Сен безбесең — оның өзі-ақ безеді.)
Ақыр, қалса, неге қажет бұл ғалам,
Өзің бастап, кетіспекке бұр қадам!


 398
399
4740 Қойып мұны, ол дүниені ойлағын,
Сонда мəңгі рахатқа бойлағын.
Бұдан да əбден мəнді тірлік іздесең,
Қос жалғанды ұмыт, үміт үз де сен!
Тіле, екі əлем иесінің тілеуін,
Не етесің ақырет, жалған екеуін.
Жаратқанға ер — жаратқаны сенікі,
Тудырғанға ер — туғандары сенікі.
Туылғаннан қорықпа, тілеп, табынба,
Жаратқаннан қорық, жолдан жаңылма.
4745 Жаратқанға ибадат қылмай, тарылып,
Кісіге қызмет еткен қандай жағынып?!
Қызметші ісі екі түрден аспайды,
Не ісі өрлеп, басымен көк жасқайды.
Не қызмет, еңбегі өнбей, жарамай,
Тірлік, уақыт, күні зая қалады-ай!
Қызметі ұнап, бек көтерсе жоғары,
Сол күнге өзі еге болмай қалады.
Жүгірген жөн, тоқтықта да, аштықта,
Бегің жатса, бұл бейнетпен аптықса!
4750 Егер зая болса, қызмет қылығың,
Қапа болар бүкіл кешкен ғұмырың.
Айтшы, қане, қызметші көрер пайданы,
Қызметтердің ішінде не пайдалы?
Ыла еркіні* не дейді екен, тыңдағын,
Айтыпты ол қызметтің сырларын:
«Бабы қиын бектік ісі, бақсаңыз,
Жақпас кісі, қаншама істеп жатсаңыз.
Ұнаса ісің — сен еріксіз боларсың,
Ұнамаса — күннен-күнге соларсың.
4755 Қызметші, ай, қызметке тасыма,
Ол, ақыры, бəле əкелер басыңа.
Сөгер, зекір — ол сүйінді дегенше,
Кəрін төгер — ол суынды дегенше.
Қылықтарын түгел біліп болмайды,
Аларыңды жəне іліп болмайды!»
Түбі бір жел бұл дүние, ай, ұлым,
Тұрағы жоқ көлеңке бір, көр, ұғын.
Сағымданып, көлбең қағып шоқталар!
Ұстайын деп, қол ұмсынсаң, жоқ болар!
4760 Бақсаң дəулет көрінер де елп етер,
Опасыз ол тез қартаяр, тез кетер.
Бұл дүниені аңсап, ерім, не теңім —
Кезбе құтты кезе қуып не етемін!?
Ием аты сүйінішім, тірегім,
Жарлығы оның табынарым, білерім.
Ием сүйсе, қайтем өзге сүйгенді,
Жауым — шайтан, əу бастан-ақ түйгем-ді.
Тілегім — сол, сол үмітім — жұбаныш,
Сиынар ием, күтем содан қуаныш!
4765 Қойдың жүні — тоным, арпа жегенім,
Ай, бауырым, түгел менің дегенім.
Үңгірдегі тақуаның бауырмал,
Не дегенін тыңда, шеттеп қауымнан:
«Жаһанда алдым несібемнің тигенін,
Асым — кебек, қойдың жүні кигенім.
Шекерден де татымды асым кебектен,
Өрім тоным кем емес еш жібектен!»
Қарын тойғыз күллі ішіліп-жемекпен,
Арпа ма əлде ботқасы ма кебектен.
4770 Асты, ағайын, өлмес үшін талғасаң,
Жаның азар сиырдайын жалмасаң.
Тəтті қума — тəттінің зор азабы,
Терең шұңқыр — лəззатшылдың табары.


 400
401
Ащы, тəтті ас — лəззат тілді үйірер,
Оны қусаң, сені малдай иірер.
Шəйі, жібек, тон киеді кісілер,
Жан-тəніңді жабуды ойла, түсін, ер!
Қарның тойса, екі-ақ күнге жетеді,
Кисең, бір тон екі жылға кетеді.
4775 Екеуі үшін өзімді өзім құл қылып,
Қызмет етсем, жараса ма бұл қылық?!
Биік көктен жерге дейін төменгі,
Мұқтаждықпен жүрер барша ел енді.
Мұңсыз жалғыз Алла ғана рахымды,
Білген күллі мұңды, кəрі-жасыңды.
Көңілімді бір тəңірге бұрдым мен,
Тілекші боп, соны тілеп тұрмын мен.
Маған шəксіз барлығы анық білінді,
Көңілім, тілім, ділім түгел жүгінді.
4780 Пейіліммен тілеп, көзді ілмеймін,
Қайдан тілек табарымды білмеймін.
Иемді іздеп, өзіме ұйқы бермедім,
Нышаны бар — көрінбеді, көрмедім.
Тіле, тынба, ұйықтамас тілекші,
Жатып қалма бермеді деп тілекті.
Тіле тынбай, оған түгел жету жоқ,
Таппадым деп, жанбас тесіп жату жоқ.
Тілекшілер жүгірген жөн үнемі,
Тыныш жатса келмес өзі тілегі...
4785 Тынбай тілеп — неге тілек таппасын?
Тілегенін кім береді, жатқасын?!
Сүйіп мені тіледі ол алдымен,
Сүйініп оны тілеушімін енді мен.
Ол əуелі мені тілеп, жаратты,
Содан іздеп, бердім пейіл, қабақты.
Бұл иемді қалай ғана сүймейін,
Тілеуі үшін қалай ғана күймейін.
Жабырқасам, мүсіркейді, елейді,
Қайғы-мұңға түссем, мені жебейді.
4790 О бастан-ақ, қалап мені таңдады,
Ауды сонсоң, көңілім тыншып қалмады.
Сөздің шыны, жаратқан сол өзімді,
Асырады, киіндірді, өсірді.
Түңілдім де елден, соған табындым,
Жебеушісі, пірі енді сол жанымның.
Жалғыз қалсам, ием аты — медеуім,
Сөз сөйлесем, иемнің аты — демеуім.
Жұбанышым, сүйенішім, ақтаушым,
Аштықта да, тоқтықта да сақтаушым!
4795 Не дейді, есті, кісі көңілі ағарған,
Иесіне шын беріліп, тазарған:
«Көңілімнің сырын саған ашармын,
Үмітімді алып, саған ұшармын.
Қуанышым, сүйенішім, уанышым — бір ием,
Барлығынан безіп, саған қашармын!»
Бұл дүниедей онда орын табарсың,
Мұны қоймай, оны қалай аларсың?!
Жүзді бұрып, бұл дүниеден қашарсың —
Сонда есігін ақыреттің ашарсың!
4800 Сұм жалғанды қолға ұстап қалмақсың,
Қалай ғана мəңгілікке бармақсың...
Шəрбеті — у, қатерлі бұл дүние,
Ішіп-жемді тұтқын таза күйінде.
О дүниеден табу үшін жақсы жай,
Бұл дүние құлқын тыйып тастағай.
Өгдүлмішім, мұны шындық деп білгін,
Келді саған білгенімді жеткізгім.


 402
403
Бұл төрт істі бітпей кісі тамамдап,
Ол төрт істі тындыра алмас алаңдап.
4805 Бұл дүние ісін тəрк етпей толық,
Ол дүние ісін қылмассың, ұлық.
Кісіден жырақ кеткенше, қадаш*,
Тəңірге құлдық ету жоқ, адаш*.
Сыдырмай тілек, құмарлық — бəрін,
Туралық жолға кіре алмас тəнің.
Бұл дүние мұңын көңілден шығар,
Хақ сүйіп сонда, пейілін бұрар.
Мұсылман үшін бұл дүние түнек,
Күдер үз, рахат іздеме, жүдеп.
4810 Тəнге ерік берме, мықты ұста қолға,
Шығарсың сонда, туралық жолға.
Жіберме зая күніңді өтер,
Өткен түн келмес, өтер де кетер.
Күйігі қиын текке өткен күннің,
Келмейді қайта, текке өткен тірлік.
Не депті, тыңда, білімі теңіз,
Көңілге сара мінезі егіз:
«Ұлыстан-ұлыс көшерде кісі,
Көш басын түзсе — оңалар ісі.
4815 Көш алды кетсе, көшпестен бұрын,
Пайдалы ол жетсе, жайнар көз нұрың.
Көшіңді жібер-жіберме — мақұл,
Болмағын осал, көшерсің ақыр!..
Қаласаң бек бол, қаласаң құл бол,
Қалмайсың мəңгі, өлімге — тұр жол.
Қаласаң, жаса: он сегіз, мың жыл,
Жақсы атақ қалдыр, өлесің бір күн.
Қаласаң бай бол, немесе шығай*,
Тірлікті жейді кешкен күн, жыл, ай.
4820 Бас көкке жетіп, бектігің тасар,
Қара жер қойны — орының жатар.
Тірлігін кісі өткізсе босқа,
Ол бір мал өзін тастаған отқа!»
Есен боп, ердің текке өтсе жасы,
Көріксіз тірлік бұл, бауырым, расы.
Қайғымды жеме, болмайын масыл,
Өз қайғыңды ойла, төгіп көз жасын.
Бұл дүние саған тұзағын құрар,
Тұзаққа түспе, пұшайман қылар.
4825 Құт келіп бүгін, тілегің болар,
Иланба оған, қолма-қол оңар.
Болма осал, өлім жүр ғой деп жырақ,
Шыққанда тосын, білерсің бірақ.
Осалды мың-мың, басқан да өлім,
Байлықты талай шашқан да өлім.
Не депті, тыңда, көңілі ояу:
«Өлімге сақ бол, сорлатар қаяу;
Көп жұртты өлім таратты, қара,
Ойласам, жас боп ағады нала.
4830 Менмендер өтті көкірек керіп,
Қару мен əскер қылмады себеп!
Болма осал, тірлік — белгісіз желдей,
Кешкен бұл күнің, зарлатар келмей.
Күн өтер текке, рахатқа сенбе,
Иланба құтқа, тұрақсыз — кезбе.
«Биікпін!» деген талайды құртты,
«Ұлықпын!» деген талайды жұтты!
Бұзды ұлыс, қала, орданы өлім,
Бұзды үй, сарай, қорданы өлім.
4835 Неше мың тірі өлік боп жатыр,
Күтумен бізді келер деп ақыр.


 404
405
Көзіңді ашып, соларды көргін,
Бек пенен құлды айырып бергін.
Өлімге бектік дəрменсіз қалды,
Қашарға одан дүние тар-ды!
Пайғамбарларды əкетті алып,
Қару мен дауа кім берер тауып.»
Жафашы жаһан, көзді арбар сырты,
Опасыз сұм ол, тұрақсыз құлқы.
4840 Қалайша кешсең, күн озар солай,
Жақсылы-жаман, қыңыр һəм оңай.
Тоқтар да өлер, аштар да өлер,
Бек пе, бай, құл ма — құтылмас, көнер.
Рахат, бейнет созылмас ұзақ,
Не керек шапқын-сүргін боп шулап.
Жақсы айтқан еді, білімді бек бір,
Көңілі, құлқы сайма-сай текті:
«Аз баққа адам, ұмытар өзін,
Көк көктен əрі ұшырар сөзін.
4845 Бұл өлім талай кəрі мен жастың,
Шығарып көзін, кеудесін басты!»
Мейірім түсіп, айтпағым еді,
Айттым мен сахи, жаттағын енді.
Кім білсе шындап, бұл халдың хақын,
Бұл дүниені өзі көрмейді жақын.
Жігіттік өтті, жетілді жасым,
Жұпар жоқ, ақ түс бүркенді басым.
Бұл күннен кейін ей, ізгі адам,
Шүбəсіз өлім, көңілім алаң.
4850 Сүйініш кетті, шерлі өлім торлап,
Өлімнен кейін, қандай іс болмақ?!
Алаңмын өзім, қайғы-мұң меңдеп,
Елікке өзім барармын не деп?!
Елікке менен еш пайда болмас,
Септессін десе, оным да оңбас.
Ол дүние үшін тілесе егер,
Жүрер де түзу, келді деп білер...
Ат беріп, адам баласын құдай,
Екі ісі үшін жаратқан бұлай.
4855 Тамұқ не жұмақ бегі болуға,
Əзіз ер не ел қоры болуға.
Əзіздік десе, нұсқады бағыт,
Қорлықтың жолын айырды танып.
Атқару керек пенделік хақын,
Хақ тауфиқ беріп, қолдаса жақын.
Тапса егер тауфиқ Алланың құлы,
Ашылар жолы, аршылар мұңы!
Қызмет етсе күш жұмсап қатты,
Игілікке мол, ашылар қақпа.
4860 Осылар еді білгенім менің,
Сөйледім саған, ей, ізгі ерім.
Сендерге қажет, пайдалы сөзім,
Өзімнен гөрі ізгірек сөзім:
«Ақырет жолы — болсаң сен тілер,
Бұл дүние сырын — білесіз түгел!
Ашылсын бағың, құйылсын құтың,
Тілесең нені — бұйырсын бүтін!»
Не ізгі іс болсын өзімде бөлек,
Сендерге, ізгі ер, беруден көмек.
4865 Тəңірге Елік жіберсін жолдап,
Дұғаммен ізгі жүрейін қолдап.
Сұраса білім, білгенімді айттым,
Естідің, өзің айта бар, қайтқын.
Тұтыңдар сөзді, тұтпасаң егер,
Ерте ме, кеш пе баршасы келер.


 406
407
Айтыпты жақсы білімі теңіз,
Тұтынсаң іске, нұрландым деңіз:
«Бұл сөзім бүгін, түс болар саған,
Көр ертең, анда тұс болар саған.
4870 Болма осал, тырыс, сөзді іске тұтқын,
Тұтпасаң егер, төнгені жұттың!
Еліктен өтін, кешірсін мені,
Шарасы не екен, жасарсың емін.
Бейнетті шектің сен барып-келіп,
Қайтарсын тəңір күндей нұр беріп.
Ауыр ап, жанды шерлі етпе, тегі,
Суытып қанды, шеттетпе мені!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   106   107   108   109   110   111   112   113   ...   161




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет