312
313
Өгдүлміштің Одғұрмышқа жауабы
Жауап беріп, Өгдүлміш айтты: — Өзім,
Тілекпенен келіп ем, ашсын сөзім.
3455 Күнтуды хан естіді өзің жайлы,
Көрді саған жұмсауға мені ыңғайлы.
Іздеді бек, дереу сені көрмекке,
Сөзшілікке жеттім ертіп келмекке.
Ауыр тисін қаншама, жөн — барғаның,
Жөн, Елікке бір көрініп қалғаның.
Ізгі сұлтан, Елік жан бір пейілді,
Жомарт жанды, елге жайлы, мейірлі.
Құтты болар ханның жүзін көрген ер,
Қос жалғанда құты толып, көгерер.
3460 Не дер екен тыңда, бұл ел-кент бегі,
Жаһанды ұстап, жарылқаған кендені:
«Əділ бекке құт үйірсек, білгенге,
Ол құтынан тиер үлес күллі елге.
Əділ бектің қайда даңқы тараса,
Сол жерге бар, сонда ер құты, қаласа.
Көк тірегі — тура, əділ төрелік,
Тірек тайса — шайқалғаны төбенің.
Болмаса бек тірлікте адал сыйласар,
Жеті қабат жерді Алла қиратар.
3465 Əділ бектің жүзін көрсе, құт қонар,
Сауап болып, күнə, мұңы жоқ болар!»
Білсең, бұл күн кісі болдым алдыңда,
Себебі, Елік, тоқ көңілім, қарным да!
Тəңір берді ақыл, білім, еңбекті,
Барша ізгілік, жақсылыққа қол жетті.
Тауфиқ беріп Алла, бойды тіктедім,
Халық үшін алдым ауыр жүктерін.
Сені де Елік тілеп отыр, есіл ер,
Қол біріксе, берік түйін шешілер.
(Қол біріксе, тұсау біткен кесілер,
Тұсау кетсе, көңіл көлдей көсілер!)
3470 Салды мені келістіріп, айтарға —
Ай, мəрт батыр, мені жалғыз қайтарма.
Өз қолымен хат та жазып жіберді,
Не жазғанын, сөзін оқып біл енді!
* * *
Шығарды да, хатты ұсынды қолына,
Ашты Одғұрмыш тынып ойдың торына.
Достарыңызбен бөлісу: