35
Таза ана тілін шұбарлайтын екінші фактор – жергілікті тіл ерекшеліктері.
Шындыққа келгенде, диалектизмдер де ана тілінің байлығын, кең тынысын,
зор ауқымын танытады. Тұтастай алғанда, жергілікті тіл ерекшеліктеріне
тосырқай қарау, жатсыну дұрыс та болмас.
Тіліміздің байлығының көрінісі бола тұра, диалектизмдердің
қолданылуында белгілі заңдылықтың сақталғаны дұрыс.
Атап айтқанда,
жергілікті ерекшелігі бар сөздерді бірден әдеби тіл ретінде қолданудың
біршама қиындығы бар, себебі тыңдарманға немесе оқырманға бірден түсінікті
бола бермейді. Тіпті әңгіме диалектизмнің түсінікті не түсініксіздігінде ғана
емес, дағдыдағы қолданыста болмаған соң, тіл шұбарлаушылық көзге ұрып
тұрады. Кейбір жағдайда күлкі туғызуы әбден мүмкін.
Әлбетте, туып-өскен жерінде жиі қолданылатын сөздер әркімге әдеби
тілдің нормасындай көрінуі мүмкін. Дегенмен өз ана тілінің тазалығын
қолдайтын әрбір адам мерзімді
баспасөз материалдарын, көркем, саяси
әдебиетті жиі оқып, радио, телевизия хабарларын жиі тыңдап, әдеби тілді жетік
игеруге тырысулары қажет.
Диалектизмдерді көркем әдебиетте қолдану жайында зерттеушілер мен
мәдени қауым арасында әр түрлі көзқарас орын алып жүр. Біз көптеген тіл
мамандарының пікірлерін қуаттаймыз. Жергілікті ерекшеліктер көркем
әдебиеттегі кейіпкерлердің тілінде пайдаланылғаны дұрыс. Мұның
қисындылығы бар: шығарма қаһарманының түр-түсі, мінезі, қылығы жағынан
даралануының қажеттігі сияқты, сөз қолданысында да
ерекшеліктердің
болмағы заңды. Олай болса, оқиғада қай аймақтың тұрмыс-тіршілігіне, қай
жерде қызмет етіп жүрген адамдардың сипатына орай сол жердегі тілдік
ерекшеліктердің де болғаны жөн.
Мұндай реттерде көпшілікке ұғынықсыз деп саналатын сөздердің
түсінігін кітаптың сол бетіне сілтеме беріп, әдеби тілдегі баламасын көрсету
немесе кітаптың соңында шағын сөздіктің берілуі де дұрыс болар еді. Ондай
тәжірибе дүние жүзілік классик жазушылардың шығармаларында кездесер еді.
Ауызекі сөйлеуде болсын, салқын қанды
хабарларды жазуда болсын
кәсіби сөздер мен кеңсе қағаздарына тән сөздерді, сөз тіркестерін
(канцеляризмдер) қолдану да тілдің тазалығына белгілі дәрежеде нұқсан
келтіреді. Мәселен, экономика мен шаруашылықтың, мәдениеттің әр
саласында пайдаланылуға тиісті сөздердің сол тиісті салалардың мамандарына
түсінікті болары мәлім, ал олар қалың көпшіліктің қабылдауына оңтайлы бола
бермейді. Мәселен,
идентификация, интеграция, конфронтация тәрізді
сөздерді баршаның бірдей түсінуі қиын. Сондықтан мүмкіндігінше ол сөздерді
қолданғанда, жақша ішінде қазақша баламасын келтіріп немесе ауызша сөйлеу
ретінде қысқаша болса да түсініктеме бере кетудің артықшылығы жоқ. Ондай
түсініктеме болмаса, екі жақты жағымсыз жайға тап болатынымыз шындық:
36
біріншіден, айтып тұрған сөздеріңізді көпшілік қабылдай алмаған соң алға
қойған мақсат та орындалмайды; екіншіден, сол
сөздерді айтып тұрған кісі
туралы да (білгішсінген, аудиторияны меңгере алмаған немесе өзінің білетінін
барлығы да білуге тиіс дегендей) көңілге қонымсыз ой тууы мүмкін. Тіл
мәдениетіне әркімнің сөйлеу әдептілігі ғана емес, психологиясының да қатысы
бары сөзсіз.
Тіл мәдениетіне біршама нұқсан келтіретін тағы бір жай – жаргонизмдер.
Жаргонизмдер дос-жаранның, қатар құрбының арасында немесе үлкен-кіші
болса да, әзілдері жарасқан адамдардың бір-бірімен тіл қатысқанда айтатын
қалжың-оспақ сөздері болып табылады. Бір-бірін түсінетін мұндай адамдар
ондай сырт көзге байқалатын оспадар, дөрекі сөздерге мән бере қоймауы
мүмкін, бірақ ондай сөздерді қалың қауымға,
көпшілік ортасына арнап
айтудың қисыны жоқ. Демек жаргонизмдер шағын ортада пайдаланылады,
сондықтан да оларды көпшілік орындарда қолданудың әдепсіздігі өзінен-өзі
белгілі болып отырады.
Тегінде, әзіл-қалжыңда да сөзді мәдениетті түрде қолдана білудің өзі
мәдениетті болып табылады. Қазақта «Әзілің келіссе, атаңмен ойна» деген
ұлағатты нақыл бар. Ендеше көңіл-күйдің көтеріңкілігін пайдаланып немесе
сөйлесіп отырған адамның сөз мағынасын, мазмұнын ұға білу қабілетіне
байланысты қалжыңға орын беруді ешкім де теріске шығара қоймас. Сол ретте
сөздің әдептілігінің сақталғаны жөн.
Достарыңызбен бөлісу: