37
стильдерді бір-бірінен айқын ажырата білу; тілдік дағдыларды қолдануда
тәжірибе жасап жаттығып отыру; мәнерлілікті сақтау үшін психологиялық
қажетті жағдай жасау; сөйлеушінің не жазушының өз мүмкіндігі, яғни
мәнерлілік құралдарын игере білуі.
Осы шарттардың
бәрі бір жерден шығып, біріккенде ғана сөз
мәнерлілігінің күш-қуаты артады.
Осы жайларды талдай кетудің орайы келіп тұр.
Ойлаудың дербестігі дейтініміз әр адамның болмысты қабылдау
қабілетіне байланысты ұғым. Ал, сөздің мәнерлі болуы көп жағдайда ойлауға
және сол ойлаудың өзіндік ерекшелігіне байланысты. Айталық, кей реттерде
қайсыбір студенттердің немесе мектеп шәкірттерінің сынақ кезінде жауаптары
талап деңгейінен төмен болып жатады. Оның басты себебі – өтілген
материалды толық игере алмайды да, емтихан алдында асығыс оқудың
нәтижесінде сол теориялық материалды ой елегінен өткізіп,
жан-жақты
талдауына уақыттың тарлық ететіні бар. Соның салдарынан сол оқулықтағы
тарау немесе параграфтың аумағында түсінгенін баяндаумен шектеледі, соның
өзінде әр алуан мысалмен келтіруге де мүмкіндігі болмай жатады. Демек
студент (біздің келтіріп отырған мысалымыз жағдайында) материалды толық
және жан-жақты игерген болса, еркін, батыл сөйлей алар еді, ол ойлау өрісінің
кеңдігінен туып жататыны да түсінікті.
Екінші шарт бойынша қандай текст болса да саналы түрде құрылғаны
жөн. Былайша айтқанда, сөйлеуші алдын-ала не жайында сөйлемек екенін
және кімдерге арнап сөйлейтінін мұқият ойластыруы керек және мәтін де соған
лайық құрастырылады. Мәселен, мектеп жасындағы шәкірттерге арналған
дәріс пен жоғары білімді ғалымдардың алдында оқылатын дәріс бірдей еместігі
сияқты, ауылдағы клубта оқылатын материал мен телеарна арқылы берілетін
хабар бірдей болмауы керек. Әңгіме олардың мазмұнында ғана емес, сол
мәтіндерді қандай тілдік құралдармен жеткізу керектігінде болып отыр.
Сол сияқты, әйтеуір, міндеттен құтылуды мақсат етіп,
дайын мәтінді
оқып шығу немесе алдын-ала жаттап алған мәтінді қайталап берумен тілдің
мәнерлілігіне қол жеткізу қиын. Ол үшін тіл мәдениетінің осы бір
коммуникативтік сапасын танытатын тілдік құралдарды білу қажет. Атап
айтқанда, оларға тілдегі сан алуан бейнелегіш сөздер, демек, лексикалық
единицалар жатады. Сондай-ақ тілдің мәнерлілігін көрсететін тәсілдер
лексикамен, фразеологиямен шектеліп қоймайды, қажетті жерінде сөз
тіркесіндегі
сөздердің алмасуы, жай, құрмалас сөйлемдердің құрамдас
бөліктерін алмастыру, интонация, тіпті оқшау сөздер, сөйлемнің мүшелері де
мәнерлілік жасауға қызмет етеді.
Тілдегі мәнерлілікті сақтау үшін функционалдық стильдердің
ерекшеліктерін есте ұстау өте қажет, өйткені әр стильде мәнерлілікті
38
тудырудың тәсілдері әр түрлі. Ондай аражікті айыра алмаған жағдайда бір
стильдегі мәнерлілік тудыру тәсілдерін екінші стильдегі мұндай тәсілдермен
шатастырып алу қаупі туады да, сөйлеушінің салқын қанды сөзі күлкіге
айналып кетуі де мүмкін.
Сірә, еңбек етудің қажеттілігі адам өмірінің
қай саласында да сезіліп
отырады. Дәл осы сөз орайында да соны айтуға болар еді. Демек, сөздің
мәнерлі болуын қадағалаған адам ерінбей еңбектеніп, ізденуі керек. Бұл және
аз күндік емес, дағдыға айналған еңбек болуға тиіс. Дәлірек айтқанда, сөзінің
мәнерлі болуын мақсат еткен әр адам көркем, саяси әдебиетті, баспасөз
материалдарын үзбей оқып, радио және телехабарларды үздіксіз тыңдап
отырмағы мәлім. Жай ғана қабылдап қоймай, риза болу, ескертпе жасау деген
сияқты жағымды мағынадағы сыни көзбен бағалап отырудың мәні бар.
Мәнерлілікті сақтау үшін автордың психологиялық жай-күйі қалыпты,
салмақты немесе біршама көтеріңкі болғаны жөн. Расында да,
қабағы
жабыңқы, әлденеге ренішті адамның аудиторияға ойын ойдағыдай жеткізе
білуі екіталай. Ал жазба материалдың да нәтижелі болуы күмәнды, бірақ жазба
жұмысты қайта-қайта қарап, алдын-ала түзеуге мүмкіндік бар. Дегенмен сөздің
тартымды шығуы үшін психологиялық жай-күйдің атқарар қызметі аз емес.
Мәнерліліктің соңғы шарты бойынша сөйлеушінің немесе жазушының
өз мүмкіндігі ескерілуі керек, яғни көп алдында сөйлейтін немесе көпшілікке
арнап еңбек жазатын адамның өзінің мәнерлілікті түсініп, бағалайтын қасиеті
болуы қажет. Оның үстіне өзінің мәнерлілікке қойылатын шарттарды орындай
алатын мүмкіндігі, бар болса, таланты керек деп септеледі. Өзінің болмысында
мәнерліліктің шарттарын орындайтын белгісі жоқ адамның мәнерлі сөйлеу
немесе жазуы күдік тудырады. Ендеше бұл да қажетті шарттардың бірі болмақ.
Сөз зергерлерінің тәжірибесіне қарағанда, мәнерлі жазудың талай
мысалдарын келтіруге болар еді. Ғ. Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір
бейне» поэмасынан мәнерліліктің бір қырын аңғарамыз:
«Кейде ақынның балалығына таң қаларсың, кейде ақынның даналығына
таң қаларсың. Ақын – қыран: қияға да қонады; ақын – адам: далаға да қонады.
Ақын бойын да жасыра алмайды, ойын да жасыра алмайды. Ақын жаны оңай
жараланады, оңай жазылады: емі көп. Ақын жүрегінде кек тұрмайды. Кек
тұрса – қақ тұрғаны. Қақ тұрған жүрек – тот басқан асыл, енді одан берекелі үн
шықпайды. Ақын – заман: бір күндік те емес, бүгіндік те емес. Оның кешегісі
– бүгіндік, бүгінгісі – ертеңдік. Ақын бойына адамгершілік қана жарасады.
Екеуінің біріне ақаулық түссе, алдымен ақын өледі».
Бір қарасаңыз, мәтіндегі сөздердің барлығы да жалпыға түсінікті сөздер.
Ол сөздерді көшеде де, отбасында да, жұмыс басында да айта береріміз хақ.
Солай бола тұра, мәнерлілікке толы екені сөзсіз. Оның себебі неде? Оның
себебі сөздердің (ақын, жасыра алмайды, оңай, жүрек, кек, қақ), шылаулардың
39
(да, те)
қайталанып келуінде, сөйтіп соларға ой екпінінің түсуі арқасында
оқырманын қандай мәселеге көңіл бөлуге жетелеп отырғанында.
Автордың өзі бұл шығармасын барлық басылымында «поэма»
атағанымен, қарасөзбен жазылғаны белгілі. Соның өзінде поэзияға сай келетін
сөз саптау да байқалмай қалмайды.
Достарыңызбен бөлісу: