Патриотизм- ұлттық рухтың белгісі
«Ұлтқа қызмет ету- білімнен емес, мінезден.»
Ә.Бөкейханов
Ұлтқа қызмет ету- ұлы іс. Ол әр Отаны бар перзенттің борышы. Мұндай алып перзенттік жүкті абыроймен арқалап, «отан үшін отқа түсіп», күйіп, халық үшін құрбан да болып кеткен қазақ арыстары қаншама... Алды ұлтымыздың ұлы даласын қорғаған ұранды, айбарлы батырларымыздан бастап, Абай, Шоқан, Ыбырай, «Алаштың аяулы арыстары», Ұлы Отан соғысы ардагерлері, Желтоқсан құрбандарымен жалғаса береді...
Барлық тарихымызда аттары ойып орын алып, іздері қалған атақты ұлтжанды тұлғаларды біріктіретін нәрсе-ұлтқа қызмет ету, ұлтын, тілін, ділін, жерін сақтау үшін ат салысу, бастарын бәйгеге тігу. Мұның бәрі ұлттық сананың биіктігінен, көкірек көзінің ояулығынан, патриоттық сезімнің жоғарғылығынан туындайды.
Патриоттық сезім жайдан-жай туындамайды. Ол текпен беріліп, ақылмен келеді. Ұрпақтан ұрпаққа тарайды. Біздің ұлт бұл тұрғыда қалыс қалған емес. Еліне сұлтан болып отырып, халықтың мұң-мұқтажын шешіп беріп, сонымен қатар, Қарқаралыға мешіт салдырған- Құнанбай. Туған елі бас-көзін жарып жараласа да, «Қара сөздерін» жазып, керемет туындыларын дүниеге әкелуін тоқтатпаған, одан туған- Абай Құнанбайұлы.
Қашқария сапарына Әлімбай болып барып, денсаулығына зиян келтіріп алса да, очерктер мен зерттеулерін жазған- Шоқан.
1860 жылы Торғайда «кел, балалар, оқылық!» деп қазақ балаларын оқуға шақырып, мектеп ашқан- Ыбырай.
«...Аша тұяқ қалмасын» заманында патшаға қарсы сөз айтып, итжеккенге айдалып кеткен Ахмет Байтұрсынұлының әкесі- Байтұрсын. «Оқ тиіп, он үшінде» ер жеткен, «Алаш» партиясын құрып, қазақтың өңкей қаймағын жинап, тағы да елді оқу мен білімге шақырып,құрбан болып кеткен- Ахмет Байтұрсынұлы.
Қуғынға ұшыраса да «Адамдық борышың-халқыңа еңбек қыл!» деп ұрандатып кеткен – Шәкәрім Құдайбердіұлы.
«Жауынгерлік тәрбие жөргекте жатыр» деп, қан майданда соғысқан Бауыржан Момышұлы атамыз.
«Тәуелсіздік берілсін! Басшымыз қазақ болсын!»- деп алаңға шығып, құрбан болған «Желтоқсан құрбандары».
Айта берсек, санап санына жетпес ерліктер...
Патриоттық рух, тұнып тұрған ұлтжандылық, елі үшін өз басын өлімге байлау- тек қана өжет мінез бен халқын қалтқысыз сүюді талап етеді.
Асқан біліміңіз болуы мүмкін, бірақ мінезіңізде қайсарлық, ұлт үшін пайдалы болу, қазағың тапталып, таланып жатқанда, үн қатып, жұрттың жыртысын жыртпауыңыз мүмкін.... Бар болғаны қорқақтық пен жалтақтықтың, париоттық сезімнің бәсең болуы себебінен...
Ұлттық рухымыз жоғары болсын!
Достарыңызбен бөлісу: |