5-тарау. Арнайы білім беру ұйымдары 1-параграф. Арнайы білім беру ұйымының басшысы (меңгерушісі) (психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, оңалту орталықтары, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар) 134. Лауазымдық міндеттері: арнайы білім беру ұйымының жұмысын жоспарлайды және ұйымдастырады; білім беру ұйымының даму жоспарын, оқу-тәрбие жұмысының жоспарын, оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламаларын, түзету-дамыту және жеке бағдарламаларды бекітеді; педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесті басқарады, кеңестің ұсынымын ескере отырып, өз құзыреті шегінде жаза қолданады; педагогтерді аттестаттау және біліктілік санатын беру (растау) рәсімін ұйымдастырады; білім беру ұйымының мүлкі мен қаражатына заңнамада белгіленген тәртіппен иелік етеді, қаржы қаражатының түсімдері мен жұмсалуы туралы жыл сайынғы есепті ұсынады; білім алушылардың ерекше білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жағдай жасайды; ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ерекше білім алу қажеттіліктерін бағалауға қатысады; білім беру процесінде балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді және ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеу және дамыту мәселелерінде ата-аналарға консультация береді; әдістемелік жұмысты басқарады; құжаттаманың дұрыс жүргізілуіне, арнайы оқу және медициналық жабдықпен, компьютерлік техникамен және әдістемелік материалмен жарақтандыруға жауап береді; бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен халық арасында, педагог қызметкерлер арасында педагогтерді, медициналық және басқа да қызметкерлерді даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі семинарларда, курстарда дефектологиялық білімді тарату бойынша жұмысты ұйымдастырады; педагогтар мен мамандардың сапалы жұмысын қамтамасыз етеді; ұйымды білікті кадрлармен қамтамасыз ету, олардың кәсіби білімін дамыту, өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, ұжымда қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру жөнінде шаралар қабылдайды; өзіне бағынысты құрылымдық бөлімшелердің қызметін үйлестіреді; барлық органдарда арнаулы білім беру ұйымының мүддесін білдіреді; компьютерлік сауаттылықты, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгерген; білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, академиялық адалдық қағидаттарын бойына сіңіреді; педагог кадрларды және қосалқы персоналды іріктеуді және орналастыруды жүзеге асырады; педагогикалық кеңесті басқарады; жұртшылықпен байланысты жүзеге асырады. 135. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексін, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы", "Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы", "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы", "Кемтар балаларды әлеуметтік медициналық-педагогикалық және түзеу арқылы қолдау туралы" Заңдарын, "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы және балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы", "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының заңдарын және арнайы (түзету) білім беруді дамытудың бағыттары мен перспективаларын айқындайтын өзге де нормативтік құқықтық актілерді; педагогика және психология негіздерін, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын; арнайы педагогика, психология, педагогикалық ғылым мен практиканың жетістіктерін; педагогикалық этиканың нормаларын; экономика, қаржы-шаруашылық қызмет негіздерін; еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау, өртке қарсы қорғау қағидаларын, санитариялық қағидалар мен нормаларды. 136. Біліктілікке қойылатын талаптар: "Арнайы білім" ("Дефектология") бағыты бойынша жоғары (жоғары оқу орнынан кейінгі) педагогикалық білім немесе педагогикалық қайта даярлауды растайтын құжат, педагогикалық жұмыс өтілі кемінде бес жыл, оның ішінде педагогикалық өтілі соңғы екі жыл; және (немесе) педагогтің бірінші немесе жоғары біліктілік санатының, педагог – сарапшының немесе педагог – зерттеушінің немесе педагог – шебердің біліктілік санатының болуы; аутизмі бар балаларды қолдау орталықтары (autism-орталық) үшін жұмыс өтілі арнайы білім беру ұйымдарында немесе аутизмі бар балаларды қолдау орталықтарында (аустим (autism) -орталық) кемінде бір жыл немесе арнайы білім беру ұйымдарындағы басшылық лауазымында кемінде бір жыл немесе аутизмі бар балаларды қолдау орталығының (аустим (autism) -орталық) басшысы лауазымында кемінде бір жыл немесе аутизм орталықтарының бөлімшелері немесе аутизм орталықтарында лауазым бағыты бойынша педагогикалық қайта даярлаудан өткен педагогтар үшін; осы тармақтың 2,3-азат жолындағы нормаларын қоспағанда, білім және ғылым саласындағы қызмет бағыты бойынша мемлекеттік қызметші лауазымындағы, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру немесе педагогикалық білімі бар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының басшысы лауазымындағы жұмыс өтілі кемінде бес жыл.