2-параграф. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы басшысының (директорының) орынбасары 155. Лауазымдық міндеттері: педагогикалық ұжым қызметінің ағымдағы және келешектегі жоспарлануын ұйымдастырады; үлгілік оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламаларын орындау бойынша педагогтердің жұмысын, сондай-ақ оқу-әдістемелік құжаттаманы әзірлеуді үйлестіреді; білім беру процесінің сапасын және білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқыту нәтижелерін бағалаудың объективтілігін бақылауды жүзеге асырады; педагогтерге инновациялық бағдарламаларды игеруге және әзірлеуге көмек көрсетеді; іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бойынша жұмысты жүргізеді; білім алушыларға, тәрбиеленушілер мен жұмыскерлерге жағдайларды қамтамасыз етеді, білім алушылар контингентін сақтау жөнінде шаралар қабылдайды; ата-аналар арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастырады; оқу сабақтарының кестесін жасайды; белгіленген есептік құжаттаманың уақтылы жасалуын қамтамасыз етеді; білім беру процесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді; оқу кабинеттерін, аудиторияларды қазіргі заманғы жабдықтармен, көрнекі құралдармен және оқытудың техникалық құралдарымен жарақтандыру, кітапхананы оқу-әдістемелік және көркем әдебиеттермен, мерзімді басылымдармен толықтыру бойынша ұсыныстар енгізеді; есептілікті дайындауды және ұсынуды қамтамасыз етеді; ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша білім беру үшін жағдай жасайды; білім алушылар, тәрбиеленушілер, педагогтар және басқа да қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, Академиялық адалдық қағидаттарын бойына сіңіреді. 156. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заңдарын және балаларға қосымша білім беруді дамытудың бағыттары мен перспективаларын айқындайтын өзге де нормативтік құқықтық актілерді, педагогика, психологияны; физиология және гигиена негіздерін; педагогикалық этиканың нормаларын; педагогикалық ғылым мен практиканың жетістіктерін; экономика, қаржы-шаруашылық қызмет негіздерін; еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау, өртке қарсы қорғау қағидаларын, санитариялық қағидалар мен нормаларын. 157. Біліктілікке қойылатын талаптар: тиісті бейін бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім немесе өзге де кәсіптік білім немесе педагогикалық қайта даярлауды растайтын құжат, білім беру ұйымдарындағы педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл; және (немесе) білім беру ұйымының "басшының үшінші біліктілік санатты орынбасары" немесе "басшының екінші біліктілік санатты орынбасары" немесе "басшының бірінші біліктілік санатты орынбасары" біліктілік санатының болуы.