5-параграф. Арнайы білім беру ұйымының оқу пәндерінің педагогтері 148. Лауазымдық міндеттері: мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес (ақыл-есі кем балаларды қоспағанда) оқушылар контингентінің ерекшелігін және оқытылатын пәнді ескере отырып, білім алушыларды оқытуды және тәрбиелеуді жүзеге асырады; ақыл-есі кем балаларды оқыту мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына бағдарланбаған арнайы оқу бағдарламалары бойынша іске асырылады; тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастыруға және оны әлеуметтендіруге ықпал етеді, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жеке қабілеттерін анықтайды және дамытуға жәрдемдеседі, оқу процесінде түзету жұмыстарын жүзеге асырады; оқытудың әртүрлі формаларын, әдістері мен құралдарын қолданады; оқытылатын пән бойынша жоспарлар жасайды; білім алушылар мен тәрбиеленушілердің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында көзделген деңгейден төмен емес білім, білік және дағды алуын қамтамасыз етеді; білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және орындауға қатысады, оқу жоспарына және оқу процесінің кестесіне сәйкес оларды толық көлемде іске асыруға жауапты болады; семинарларға, конференцияларға, кәсіби қоғамдастықтарға қатысады; ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен байланысты жүзеге асырады; жабдықты пайдалану кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша талаптарды орындайды; оқу процесі кезінде балалардың өмірі мен денсаулығына жауапты; білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, академиялық адалдық қағидаттарын бойына сіңіреді. 149. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі – зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексі, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы", "Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы" Заңдарын, "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы", "Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық – педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы", "Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы және балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы" заңдары; педагогика және психология негіздері, еңбек заңнамасы; мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын, арнайы педагогика, арнайы психология, педагогикалық ғылым мен практиканың жетістіктері; педагогикалық этиканың нормалары; еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау, өртке қарсы қорғау қағидалары, санитариялық қағидалар мен нормалар. 150. Біліктілікке қойылатын талаптар: бейіні бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білімі болуға тиіс, жұмыс өтіліне талаптар қойылмайды; мамандығы бойынша жұмыс өтілі: педагог-модератор үшін – кемінде 2 жыл; педагог-сарапшы үшін-кемінде 3 жыл; педагог – зерттеуші үшін-кемінде 4 жыл; педагог-шебер үшін-кемінде 5 жыл. 151. Кәсіби құзыреттілігін айқындай отырып, біліктілікке қойылатын талаптар: 1) "педагог – модератор": "педагог" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға сәйкес болуға, сондай-ақ: оқушылардың дамуындағы ауытқуларды диагностикалау мен түзетудің заманауи әдістерін қолдануға; білім беру ұйымы деңгейінде тәжірибені жинақтауға; білім беру технологияларын, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалануға тиіс; 2) "педагог – сарапшы": "педагог – модератор" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға сәйкес болуға, сондай-ақ: балалардың дамуындағы ауытқулардың алдын алу және жеңу әдістері мен әдістерін қолдануға; ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге; инновациялық педагогикалық тәжірибені зерттеуге және енгізуге; ұйымдастырылған оқу қызметін талдау дағдыларын пайдалануға; тәлімгерлікті жүзеге асыру және білім беру ұйымы деңгейінде өзінің және әріптестерінің кәсіби даму басымдықтарын айқындауға, аудан/қала деңгейінде тәжірибені жинақтауға тиіс; 3) "педагог-зерттеуші": "педагог – сарапшы" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға сәйкес болуға, сондай-ақ: арнайы білім берудің соңғы жетістіктерін пайдалануға; қызмет бағыты бойынша басқа ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге; оқу-әдістемелік және дидактикалық материалдарды, педагогикалық технологияларды, оқыту және тәрбиелеу әдістемелерін әзірлеуге; оларды сынақтан өткізу бойынша жұмыс жүргізуге, өз пәні бойынша эксперименттік тапсырмалар құрастыруға; арнайы білім беру саласындағы өзекті мәселелерді әзірлеу бойынша шығармашылық топтарға басшылық етуге; арнайы білім беру мәселелері бойынша педагогикалық басылымдарда жарияланымдары болуы; білім беру ұйымдарында білім беру және дамыту процесін бағалау және мониторингілеу құралдарын әзірлеуге; тәлімгерлікті жүзеге асыруға; облыс/республикалық маңызы бар қалалар және астана деңгейінде озық педагогикалық тәжірибені жинақтауға; психологиялық-педагогикалық басылымдарда жарияланымдары болуға тиіс; 4) "педагог-шебер": "педагог-зерттеуші" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға сәйкес болуға, сондай-ақ: арнайы білім берудің жаңа жетістіктерін енгізуге; авторлық бағдарламаның болуы немесе республикалық оқу-әдістемелік кеңесте мақұлданған, басып шығарылған бағдарламалардың, оқу-әдістемелік құралдардың авторы (тең авторы) болуға; тәлімгерлікті жүзеге асыру және облыс деңгейінде кәсіби қоғамдастық желісін дамытуға қатысуға; білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен республикалық және халықаралық кәсіптік конкурстардың қатысушысы болуға тиіс.