3-параграф. Біліктілікті арттыру институтының әдіскері 211. Лауазымдық міндеттері: курстарды, семинарларды, конференцияларды, педагогикалық оқуларды, конкурстарды, көрмелерді саралап толықтыруды және өткізуді ұйымдастырады; курстарға оқу-әдістемелік материалдарды әзірлейді; тиісті санаттардың біліктілігін арттырудың (бұдан әрі – БА) өзекті мәселелері бойынша зертханалық-тәжірибелік сабақтарды, тренингтерді, іскерлік ойындарды дайындайды және өткізеді; жаңа тиімді технологияларды енгізу бойынша мақсатты курстарды ұйымдастырады; БА курстарына арналған оқу-тақырыптық жоспарлар, бағдарламалар әзірлейді; педагогикалық диагностиканы іске асыру әдістерін, білім беру қызметкерлерінің үздіксіз БА әр түрлі буындарындағы курстық дайындықтың тиімділігін анықтаудың педагогикалық құралдарын жетілдіру, әдістемелік жұмысты модельдеудің заманауи әдістерін енгізу бойынша жұмысты үйлестіреді; біліктілікті арттыру жоспарын іске асыруды, БА курстарын әдістемелік және практикалық қамтамасыз етуді ұйымдастырады; авторларға оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сынақтан өткізуге, курстарды, семинарларды ұйымдастыруға және өткізуге көмектеседі; тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың нәтижелерін талдайды және қорытындылайды; педагогтердің, әдіскерлердің, білім беру ұйымдары басшыларының инновациялық жұмыс тәжірибесін зерделейді, жинақтайды және таратады; педагогтерге, аудандық/қалалық/облыстық әдістемелік кабинеттерге консультативтік, әдістемелік, практикалық көмек көрсетеді; курсаралық жұмыстар мен түрлі байқаулар, конкурстар, слеттер, олимпиадалар өткізеді; курсаралық жұмыстар мен түрлі байқаулар, конкурстар, жиындар, олимпиадалар өткізеді; қазіргі педагогика ғылымының жетістіктерін, педагогикалық әдебиеттердегі жаңалықтарды бақылайды және олар туралы білім беру ұйымдарын, әдістемелік кабинеттерді хабардар етеді; БА жүйесінде маркетингтік зерттеулерді және баспа қызметін жүзеге асырады; өңірлік деңгейде жұмысты ұйымдастыру бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру институттарының тиісті кабинеттерінің қызметін үйлестіреді; педагогтердің, білім беру ұйымдарының инновациялық, тәжірибелік-эксперименттік жұмысының және өзіндік (ізденіс) зерттеу қызметінің нәтижелерін жинақтау негізінде ғылым мен практиканы интеграциялау идеяларын енгізу бойынша ұсынымдар әзірлейді; республикалық педагогикалық басылымдарда білім беру мәселелері бойынша материалдар жариялайды. 212. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы" Заңдары және білім беру ұйымдары қызметінің мәселелері жөніндегі өзге де нормативтік құқықтық актілер; педагогика және психология негіздері; басқарудың инновациялық әдістері; баспалармен жұмыс істеу негіздері; оқу-бағдарламалық құжаттаманы әзірлеу тәртібі, пән бойынша жаңа және балама оқулықтардың мазмұны; педагогикалық этиканың нормалары; жұмыс тәжірибесін, ғылыми-зерттеу және эксперименттік қызметті жалпылау және тарату әдістемесі; еңбек заңнамасының негіздері, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрттен қорғау қағидалары, санитариялық ережелер мен нормалар. 213. Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім, педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл; және (немесе) біліктілігінің жоғары деңгейі болған кезде: педагог-модератор үшін-кемінде 3 жыл, педагог – сарапшы үшін-кемінде 4 жыл, педагог-зерттеуші үшін-кемінде 5 жыл. 214. Кәсіби құзыреттілікті айқындай отырып, біліктілікке қойылатын талаптар: 1) "педагог": БАИ әдіскеріне қойылатын жалпы талаптарға жауап беруі тиіс, сондай-ақ: ақпараттық-компьютерлік өңдеу технологиясын, педагогикалық талдау әдістерін қолдану; 2) "педагог-модератор": "педагог" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: озық білім беру технологиялары бойынша жұмыс тәжірибесін жинақтау және тарату; жарияланған әдістемелік материалдарының болуы; 3) "педагог-сарапшы": "педагог-модератор" біліктілігіне қойылатын талаптарға, сондай-ақ: ғылыми-зерттеу және эксперименттік жұмыс дағдыларын пайдалану; білім беру процесінің өзекті мәселелерін әзірлеу бойынша шығармашылық топтардың жұмысына қатысу; 4) "педагог-зерттеуші": "педагог-сарапшы" біліктілігіне қойылатын талаптарға, сондай-ақ: ғылыми-зерттеу және эксперименттік жұмыс әдістерін қолдану; білім беру процесінің өзекті мәселелерін әзірлеу бойынша шығармашылық топтарға жетекшілік ету; озық білім беру технологиялары бойынша ақпарат тарату; жарияланған әдістемелік материалдарының болуы; мемлекеттік тілді білу.