6-параграф. Біліктілікті арттыру институтының (филиалының) аға оқытушысы 221. Лауазымдық міндеттері: оқу және оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастырады және өткізеді; кафедраның, білім беру ұйымының ғылыми-зерттеу жұмысының бір бағыты бойынша қатысады; оқу жұмысының барлық түрлерін жүргізеді; оқытылатын пәндер бойынша оқу бағдарламаларын, оқу-тақырыптық жоспарларын әзірлейді; оқытылатын пәнді немесе оқу сабақтары мен оқу жұмысының жекелеген түрлерін әдістемелік қамтамасыз етуді жинақтайды және әзірлейді; тыңдаушылардың, педагогтардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысады; тыңдаушылардың, педагогтардың сабақ беретін пәні немесе оқу сабақтарының және оқу жұмысының жекелеген түрлері бойынша өзіндік жұмысын басқарады; біліктілікті арттыруда әдістемелік сүйемелдейді; кафедраның, институттың, білім беру ұйымының ғылыми-әдістемелік жұмысына қатысады; тыңдаушылардың, педагогтердің оқу сабақтарын өткізу, зертханалық жұмыстарды және практикалық сабақтарды орындау кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауын бақылайды; кафедраның оқулықтарын, оқу және оқу-әдістемелік құралдарын, әзірлемелерін, жұмыс бағдарламаларын және оқу-әдістемелік жұмысының басқа да түрлерін дайындауға қатысады; жеке жоспардың орындалуы туралы есепті дайындайды және ұсынады; ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданады; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өртке қарсы қорғау жөніндегі қағидаларды сақтайды. 222. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Ғылым туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заңдары және біліктілікті арттыру жүйесінің жұмыс істеуі мен дамуы мәселелерін реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілер, білім беру жүйелерін басқару теориясы мен әдістері; оқу жоспарларын жасау тәртібі; оқу жұмысы, педагогика, физиология, психология, андрогогика, Кәсіптік оқыту әдістемесі бойынша құжаттаманы жүргізу қағидалары; педагогикалық этиканың нормалары; оқыту мен тәрбиелеудің заманауи формалары мен әдістері; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар; еңбек заңнамасының негіздері, ішкі еңбек тәртібінің қағидалары; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өртке қарсы қорғау қағидалары. 223. Біліктілікке қойылатын талаптар: тиісті бейін бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім немесе өзге де кәсіптік білім, педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 3 жыл; және (немесе) біліктілігінің жоғары деңгейі болған кезде білім беру ұйымдарындағы жұмыс өтілі: педагог-модератор үшін-кемінде 2 жыл, педагог – сарапшы үшін-кемінде 3 жыл, педагог-зерттеуші үшін – кемінде 4 жыл, педагог-шебер үшін-5 жыл. 224. Кәсіби құзыреттілікті айқындай отырып, біліктілікке қойылатын талаптар: 1) "педагог": білім алушылардың психологиялық-жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу-тәрбие процесін жоспарлауға және ұйымдастыруға тиіс; білім алушының жалпы мәдениетін қалыптастыруға және оны әлеуметтендіруге ықпал ету; білім беру ұйымы деңгейіндегі іс-шараларға қатысу; білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, тәрбиелеу мен оқытуда жеке тәсілді жүзеге асыру; кәсіби-педагогикалық диалог дағдыларын пайдалану; цифрлық білім беру ресурстарын қолдану; 2) "педагог-модератор": "педагог" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: оқытудың инновациялық формаларын, әдістері мен құралдарын қолдану; білім беру ұйымы деңгейінде тәжірибені жинақтау; білім беру ұйымы деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылардың болуы; 3) "педагог-сарапшы": "педагог-модератор" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: ұйымдастырылған оқу қызметін талдау дағдыларын пайдалану; тәлімгерлікті жүзеге асыру және білім беру ұйымы деңгейінде өзінің және әріптестерінің кәсіби даму басымдықтарын айқындау; аудан/қала деңгейінде тәжірибені жинақтау; аудан/қала деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылардың болуы; 4) "педагог-зерттеуші": "педагог-сарапшы" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: сабақты зерттеу және бағалау құралдарын әзірлеу дағдыларын пайдалану, білім алушылардың зерттеу дағдыларын дамытуды қамтамасыз ету; аудан, қала деңгейінде педагогикалық қоғамдастықта тәлімгерлікті жүзеге асыру және даму стратегиясын айқындау, облыс/республикалық маңызы бар қалалар және астана, республика деңгейінде тәжірибені жинақтау (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін); облыс/республикалық маңызы бар қалалар және астана, республика деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылардың болуы (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін); 5) "педагог-шебер": "педагог-зерттеуші" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: облыстық оқу-әдістемелік кеңесте және РОӘК-де мақұлданған, авторлық бағдарламасының немесе басып шығарылған оқулықтардың, оқу-әдістемелік құралдардың авторы (тең авторы) болуы; ғылыми жобалау дағдыларын дамытуды қамтамасыз етеді; тәлімгерлікті жүзеге асырады және облыс деңгейінде кәсіби қоғамдастық желісін дамытуды жоспарлайды.; республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың қатысушысы болу немесе республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың қатысушыларын дайындау.