16-бап. Педагогтік әдеп жөніндегі кеңес 1. Педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің қызметі білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидалары негізінде білім беру ұйымы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады.
Педагогті тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы шешім педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымы ескеріле отырып, білім беру ұйымы басшысының актісімен қабылданады.
3. Педагогтік әдепті сақтау туралы мәселе қаралған кезде педагогтің:
1) қаралып отырған мәселе туралы ақпаратты жазбаша түрде алуға;
2) қаралып отырған мәселе бойынша барлық материалдармен танысуға;
3) өз құқықтары мен заңды мүдделерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке өзі немесе өкілі арқылы заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға;
4) шешімді жазбаша түрде алуға;
5) қабылданған шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
4. Педагогке қатысты талқылаулар және олардың негізінде қабылданған шешімдер оның келісімімен ғана жариялануы мүмкін.
17-бап. Педагогті кәсіптік даярлау 1. Педагогті кәсіптік даярлау техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
2. Педагогтерді кәсіптік даярлаудың білім беру бағдарламалары педагогтің кәсіптік стандартының талаптары негізінде әзірленеді.
18-бап. Педагогтің біліктілігін арттыру 1. Педагог бұрын алған кәсіптік құзыреттерін сақтап-тұру және дамыту мақсатында біліктілігін арттыру курстарынан өтеді, олардан өту тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. Педагогтің біліктілігін арттыру мақсатында қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқыту бір жолы немесе кезең-кезеңмен жекелеген бағыттар мен пәндерді (модульдерді) меңгеру арқылы, сондай-ақ "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша тағылымдамадан өту жолымен жүзеге асырылады.
3. Педагогтер алған білімін практикада іске асыруы үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізетін ұйымдар білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен педагогтер қызметін курстан кейінгі қолдауды тегін жүзеге асырады.