Байланысты: Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.
Ғылыми-педагогикалық зерттеулердің негізгі бағыттары. 1960-1970 ж. ж. әлемдегі ғылыми-техникалық жетістіктер, экономиканы дамытуды және кеңестік қоғамды демократияландыру жағдайында білім мазмұнын өзгерту мәселесін алға қойды. Осыған орай 1960 -1970 ж. ж. жалпыға міндетті орта білімге көшу мектеп саясатының басты мәселелерінің бірі болды.
Жалпы орта білім беру тұжырымдамасындағы басты мақсат – жас ұрпаққа әлеуметтік тәжірибені меңгерту болды. Білім мазмұны қоғамның әлеуметтік талаптарын жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс еді.
Дидактикалық теорияларды жетілдіріп зерттеген ғалымдар қатарында В.В. Краевский, Лернер И.Я., М.Н. Скаткин, М.А.Данилов, В.В.Давыдов, Л.В.Занков, Б.П.Есипов, Ю.К.Бабанский, т.б. болды. Білім мазмұнын жетілдіруге байланысты негізгі идеяларда білім беруді уақыт талаптарына лайық құру, оқытудың ғылыми негізін күшейту; оқу үлгерімінің сапасын арттыру мәселелеріне басты назар аударылды.
Өкінішке орай, сол кезең талаптарына лайық белгіленген осы маңызды мәселелер күнделікті тәжірибеде өз шешімін таппады. Оқушыларға ғылым негіздерін оқыту практикалық жағынан қиындық тудырды.
Л.В. Занков түсініктілік ұстанымын жетілдіріп, оқытуды жоғары қиындық деңгейде және материалды жоғары қарқынмен оқытуды ұсынды. Ол оқу жұмысының тиімділігі оқушының ақыл-ойының дамуын қамтамасыз етумен және кездескен қиындықты жеңе білуімен іске асады деп есептеді.
Ақыл-ой, таным үрдісі оқушының зейін қою қабілетін, талдау-жинақтау әрекетін және ерік-жігерін жетілдіруді қажет етеді. Оқытуды жоғары қиындық деңгейінде жүргізу - оқушыны белсенді танымдық іс- әрекетке жұмылдыру, білуге ынталандыру, қажетті мөлшерде шығармашылық жаттығулар беріп, ақыл-ойын жаттықтыру, яғни жақсы және нашар оқитын оқушыларды оқу еңбегіне бірдей жаттықтыру.
Л.В.Занков ұсынған түсініктілік ұстанымын практикада кең мағынада қолдану, оқу мазмұнының көлемін ұлғайтып, теориялық деңгейін күрделендірді.
60-70-ші жылдары дамыта оқыту теориясы оқушының ақыл-ой қабілетін дамыту әдіс-тәсілдеріне барынша көңіл бөлгенімен, оқыған материалды есте сақтатуға жете назар аудармады. Дидактикада оқу материалын есте сақтау деген мүлде естен шығарылып, ол механикалық жаттау ұғымымен теңестірілді. Оқу-танымдық үрдіс барысында оқушының материалды игеруі үшін есте сақтау қабілеті қалыптасуы тиіс, өйтпесе ешқандай білім көлемін игеруге болмайтыны белгілі.
Сонымен, үлкен үміт артқан дамыта оқыту теориясы тиімді нәтиже бермеді. Оқушылардың оқу үлгерімі төмендеп, оқу үлгерімін пайызға шағу бағаны көтермелеп қоюға әкеліп соқты.
Дидактикада И.Я.Лернер мен М.Н.Скаткин оқушылардың оқу-танымдық әрекетін арттыру үшін оқыту әдістерінің маңызына назар аударып, оларды топтастыруға ат салысты. Оқушылардың танымдық қабілетін дамыту мақсатында оқу материалдарын түсіндіріп көрсететін немесе ақпаратты - рецептивті (рецепция - қабылдау) әдістер: әңгіме, лекция, түсіндіру, оқулықпен жұмыс, суреттерді қолдану, диафильмдерді пайдалану; репродуктивті (білімін практикада қолдана білу, алгоритм бойынша жұмыс жасау, бағдарламалау) әдістері; оқытылатын материалды педагогикалық жағдаят тұрғысынан сипаттау әдісі; жартылай-ізденіске түсіру немесе эвристикалық әдіс; зерттеу әдісі, оқушыларға танымдық міндет қойылып, алға қойған мәселені оқушылардың өздігінен шешуіне қажетті басқа да әдістер ұсынылды.
Ю.К.Бабанский көптеген оқыту әдістерін үш негізгі топқа бөлді: оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыратын әдістер; оқу-танымдық іс-әрекетке белсендіретін және түрткі тудыратын әдістер; оқу-танымдық іс-әрекеттің тиімділігін тексеретін және өзін-өзі тексеретін әдістер.
М.А.Данилов пен Б.П.Есипов оқыту әдістерін дидактикалық мақсат пен міндеттерді шешетін топтарға бөлді: жаңа білімді игертетін әдістер; білік пен дағдыларды қалыптастыратын және білімін практикада қолдана білу әдістері; білім, білік, дағдыларды тексеру және бағалау әдістері.
Г.Щукинаның зерттеу еңбектерінде оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекеті белсенділігін көтеру туралы, көптеген құнды пікірлер айтылды.
Оқушының әлеуметтік тәжірибесін қалыптастыруды ұйымдастыру үшін оқушылардың ұжымдық қарым-қатынасын күшейту, А.С.Макаренко мен В.А.Сухомлинскийдің ұжымды қалыптастыру тәжірибесіне сүйене отырып, мектепте өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді.
60-70 жылдары педагогикалық қауымның назарына Л.В.Занковтың “Оқушыларды оқытудағы көрнекілік және белсенділікті арттыру” Д.Б.Элькониннің “Бастауыш сынып оқушыларын оқыту психологиясы”, В.В.Давыдовтың “Дамыта оқыту мәселелері”, И.Я.Лернердің “Проблемалық оқыту”, М.И.Махмутовтың “Мектептегі проблемалық оқыту”, Н.Ф.Талызинаның “Программаланған оқытудың теориялық мәселелері”, Г.Н.Волковтың “Этнопедагогика” кітаптары, т.б. еңбектер ұсынылды.
1976 жылы Қазақстанда Қ.Бержанов пен С.Мусиннің “Педагогика тарихының” қысқаша курсы жоғары оқу орындарының студенттерін педагогика ғылымының бай қазынасымен таныстыратын баспадан шығарылған алғашқы оқулық болды.
Р.Ж.Иржанова өзінің көп жылдар зерттеген еңбегін “Қазақстан пионер ұйымының тарихынан очерк” деген атпен 1970 жылы кітап етіп шығарды. Аталмыш еңбекте автор пионерлер қозғалысын дамыту жөніндегі ой-пікірлерін ұсынды. Бұл кітаптың негізгі мазмұнында пионер ұйымының құрылып, даму кезеңі (1919-1970 ж. ж.) зерттелді.
1973 жылы Р.Ж.Иржанова мен М.Н.Кузьминаның “Комсомолдардың пионерлермен мектептегі жұмысы” атты комсомол және пионер ұйымдарына, сынып жетекшілері мен тәрбиешілерге арналған құралы баспадан шығарылды.
Қорыта келгенде, білім сапасын көтеру үшін білім мазмұны мен оқыту әдістерін жетілдіру бағытындағы педагогтардың шығармашылық ізденістері дидактиканы теориялық және әдістемелік жағынан жаңа мағынадағы түсініктермен толықтырды.