Байланысты: Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.
П.Ф.Каптеревтің педагогикалық тұжырымдамасы мен қызметі. Петр Федорович Каптерев (1849-1922) – көрнекті педагог, белгілі психолог болатын. Оның педагогикалық қызметін екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең оныңПетербургтегі қызметіне (1872-1918) сәйкес келеді.
П.Ф.Каптерев мектепке дейінгі педагогика, отбасы тәрбиесі, дидактика, орыс педагогикасы, педагогикалық психология мәселелерін зерттеді. Мектепке дейінгі жеке тұлға тәрбиелеудегі қоғамдық мекемелердің маңызын негіздей отырып, оларды сақтау қажеттігін дәлелдеді. Отбасы мен бала бақшасының өзара қарым-қатынас ұстанымдарын, отбасы тәрбиесінің негіздерінанықтады. П.Ф. Каптеревтің редакциясымен “Отбасындағы тәрбие мен оқыту энциклопедиясы” (1898-1910 жылдары 59 рет басылып шықты; оның авторлығымен аталмыш еңбектің 10 басылымы) жарық көрді.
Көрнекті педагог жалпы білім беру теориясын зерттеп, білім беру үрдісінің мазмұнын, формаларын және әдістерінің мәнін ашып көрсетті. Педагогиканың тұғыры антропология, дәлірек айтқанда физиология мен психологияны жетік меңгеру керектігін айтты.
Жалпы білім беретін мектептердің балама болуын, оқу курстар мен оқу үрдісінің барлық құрылымын саралау, сонымен бірге мектеп оқушыларының “ойлау типіне” байланысты оларды сыныптарға бөлу қажет деді.
Педагогикалық үдерістің дербестігін, оның мемлекет пен шіркеудің ықпалынан тыс, ерікті болу идеясын ұстанды. Осы орайда мектептің өзін-өзі басқаруы, мектеп қызметкерлерінің ешкімге тәуелді болмауы, яғни мектепті басқару директордың қолында емес, педагогикалық кеңестің қолында болуы, мұғалімдер одағы мен жиындарының ерікті болуын сақтау, мұғалімдердің материалдық жағдайы мен құқын көтеру мәселелерінің маңызын дәлелдеді. Осы талаптар негізінде педагогикалық үдеріс теориясын жасап, оның жеке тұлға қалыптастырудағы, еркін азамат және қоғам қайраткерін тәрбиелеудегі маңызын анықтады. П.Ф.Каптеревтің тұжырымдамасы бойынша жалпыадамзаттық идеал “халықтық” құндылықтардан басым болуы тиіс, өйткені әр сословиенің өзіндік құндылықтары болатындығына тоқталды.
П.Ф.Каптеревтің педагогикалық үдерісті теориясы жан-жақты дамытыла келе біртұтас педагогикалық үдерісті басқару теориясына негіз жасады.
П.Ф.Каптеревтің педагогикаға сіңірген ірі еңбегінің бірі орыс мектептерінің даму кезеңдерін сипаттап, крепостнойлық праводан (1861) кейінгі Ресейдегі халыққа білім беру тарихын зерттеу болды. Ол орыс мектептерінің жалпы даму кезеңдері мен Ресей мемлекетінің құрылуынан бергі мектеп тарихының дамуын сипаттады. Халыққа білім беру саласындағы мектеп тәрбиесінің теориясы мен тәжірибесінің даму қозғалысын зерттеп талдау жасады.
Патша үкіметінің халыққа білім беру саясатын және сол кезеңдегі мектеп жүйесін демократиялық ұстанымдар тұрғысынан сынады.
П.Ф.Каптеревтің педагогикалық қызметінің екінші кезеңі 1921 жылы Воронеж университетінің және Халыққа білім беру институтының профессоры болған кезден бастау алады. Ол халыққа білім беру институты университеттің педагогикалық кафедрасына айналғанда (1922) оның бірінші деканы болды да, тұста педагогикалық техникумның меңгерушісі қызметін қатар атқарды.
Оның журналдарда басылған “Педагогикалық ой”, “Мектептің өзін-өзі басқаруы және мектеп пәндері жайлы”, ”Педагогика және саясат”, ”Педагогикалық білім беру” (1918-1922) атты мақалаларында Ресейдегі білім беруді жаңарту бағдарламалары ұсынылды. Оларда педагогиканың белсенді іс-әрекет құралы екені көрсетілді. П.Ф.Каптерев мектептің саясатпен табиғи байланысы болғанымен де, мектептің саяси партиялардың ықпалынан аулақ болуы, мұғалім өз жұмысында саясат емес, педагогиканы басшылыққа алуы қажет деді.
Мектептегі өзін-өзі басқару тәртіпке байланысты деген идеясы оның педагогикалық тұжырымдамасына байланысты айтылды. Оның тұжырымдамасындағы жетекші рөл тәрбиедегі әмбебап, жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген еді.