Педагогика тарихы


Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақ-тапсырмалар



бет22/113
Дата06.01.2023
өлшемі1,86 Mb.
#60524
түріОқулық
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақ-тапсырмалар:



  1. Шiркеу мәдениетiнiң Батыс Еуропадағы мектептерде бiлiм берудi дамытудағы ықпалына сипаттама берiңiз.

  2. Батыс Еуропадағы рыцарлық тәрбиенiң мазмұнын ашыңыз.

  3. Ортағасырлық университеттер қандай негiзде пайда болды.

  4. Қайта өрлеу дәуiрiндегi педагогикалық идеялар.

  5. Педагог-гуманистердiң көзқарастарына сипаттама берiңiз.

Реферат тақырыптары:



  1. Батыс Еуропадағы бiлiм берудi дамытуға шiркеу мәдениетiнiң ықпалы.

  2. Қайта өрлеу дәуiрiндегi мектеп пен педагогикалық ойлар.

  3. Бiлiм және тәрбиеге реформация өкiлдерiнiң ықпалы.

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. Античное наследие в культуре Возрождения. - М.,1984

  2. Бержанов Қ., Мусин С. Педагогика тарихы. – Алматы; Мектеп. 1984.- 250 б.

  3. Джуринский А.Н.История зарубежной педагогики. - М., 1999

  4. История педагогики и образования. /Под ред. Пискунова А.И. –М.: 2001

  5. Школа и педагогическая мысль Средних веков, Возрождения и Нового времени. -М., 1991


10. АҚШ пен Батыс Еуропа елдерiндегi тәрбие,
мектеп және педагогика

ХII ғасырдан бастап жаңа заман дәуiрi бастау алғанымен, әлеуметтiк-экономикалық құрылым және орта ғасырдың рухани өмiр ерекшелiктерi негiзiнен сақталды. Сондықтан кейiнгi орта ғасыр дәуiрi халық тұрмысына небiр қиындықтар туғызды.


Жаңа заман дәуiрiнiң тууына бiрден бiр себепшi болған көлемдi тарихи жағдай католиктер мен протестанттардың дiни қарама-қайшылықтарының нәтижесiнде 30 жылдық соғыстың (1618-1648) басталуы әлеуметтiк-саяси жағдайды одан да бетер ушықтыра түстi. Жаңа заман дәуiрiнiң басында мектеп жұмыстарының ахуалы реформация дәуiрi кезеңiнен айырмашылығы шамалы болып, ХII-ХIII ғғ. бұрыннан қалыптасқан латын мектептерiнде оқу тұрақтанып жетiлдiрiлдi. Латын мектептерiнiң аттары да әрқалай: гимназия (протестанттық елдердегi немiс тiлi); коллегия (Франция); грамматикалық мектептер (Англия) деп аталды. Бұл мектептердегi оқушылар гуманитарлық және нақты бiлiмдердi антикалық, оның iшiнде Римдiк әдеби мұраларынан алуымен қатар, латын тiлiн оқуға ерекше орын берiлдi. Католик және протестанттардың латын мектептерiндегi оқу үрдiстерiн ұйымдастыруда ұстанған дiни бағыттарына қарай айырмашылықтары болды. Латын мектептерiнiң бiлiм мазмұндарында оқушылардың сөйлеу мәнерiн дұрыс қисынды ойластыра бiлуде және латын тiлiн құрал ретiнде пайдалану барысында латын тiлiнiң грамматикасы ана тiлiмен байланыстырыла оқытылды. Жоғары типтi мектептердiң оқу бағдарламаларында ана тiлi және француз тiлдерi енгiзiлсе, соңғы тiл халықаралық тiл ретiнде есептелiндi. Жоғары типтегi мектептердiң оқу үрдiстерiне жаңа пәндер – математика, тарих, жаратылыстану, астрономия, жағрапия және т.б. жүргiзiлдi.
ХII-ХIII ғасырларда бiлiм берудi ұйымдастыруда рыцарлар мен ақсүйектердiң балаларын оқытатын академиялар көбейе бастады. Батыс Еуропа елдерiнде 30 жылдық соғыстан кейiн көптеген қалалар мен қалалық сословиелердың тұрмыс-тiршiлiк дәрежелерiнiң төмендеуi, дворяндардың қоғамдағы рөлiнің жоғарылауы, олардың латын мектептерiндегi балаларының қала тұрғындарының балаларымен бiрге оқуларына қарсылық туғызды.
Ақсүйектерге арналған оқу орындарындағы бiлiм мазмұндарының алдындағы мақсат – “бiлiмдi адамдар” даярлау және оқылатын пәндер: француз, шамалы италия және испан, кейiннен қосылған ағылшын тiлдерi; жалпы тарих, құқық тарихы, мораль және логика; сәулет, құрылыс және әскери дайындықта математика мен механиканы практикалық тұрғыда пайдалану болды.
“Рыцарлық өнерге” ерекше назар аударылып, атқа мiну, қылыштасу, би, доп ойындары және т.б. дене шынықтыру жаттығулары пайдаланылды. Отыз жылдық соғыс кезiнде, одан кейiн де ауылдық жерлер мен кiшi қалалар қатты зардап шеккендiктен, кейбiр халық мектептерi жабылып қалған болатын. Олардың жұмысын жалғастырған немiс протестанттық халық мектептерi қиындыққа қарамай, балаларды оқытуды жалғастырып, құнды-құнды тәжiрибелердi жинақтап, жалпыға бiрдей және ана тiлiнде оқыту, оқушыларды нақты бiлiмдермен қаруландыру, оқу үрдiсiн тәртiпке келтiру мәселелерiн алға тартып, мұғалiмдер мен оқушыларға арнап дидактикалық оқулықтар жазды.
Германияда жаңа заман педагогикасының негiзiн қалаушылардың бiрi ретiнде Вольфганг Ратке (Ратихий) (1571-1635) саналады. Немiс жерiнде бiлiм беру жүйесiне реформа жасауда мектептегi тiлдi оқытуды реформалау, мектептi басқару жүйесiн реформалау, саяси және дiни бағыт-бағдарламаларды реформалау мәселелерiне басты көңiл бөлiндi.
В. Ратке мектептерде ана тiлiн және басқа пәндердi де ана тiлiнде оқытуды қажет деп санап, оқушылар шетел тiлдерiн өз ана тiлiн игергеннен кейiн ғана оқытуды талап еттi. Өзiнiң жалпы дидактикалық және әдiстемелiк идеяларын В.Ратке “Ратихия амалы бойынша жалпыға бiрдей оқыту” деген еңбегiнде дәлелдеп, оған қоса мектептi басқару iсiн қарастырып, көптеген еуропалық тiлдер, логика мен метафизикаға байланысты оқулықтар жазды. Оның дидактикалық идеялары негізінен материалистік сипатта болды. Ол бала санасы- қажет нәрсені жазатын таза тақта деп санады. В. Раткенің пайымдауынша, таным екі сатыдан тұрады: сыртқы дүниенің заттары мен құбылыстарын қабылдау және осы құбылыстарды ақылмен өңдеу. Оқытуда индукция мен тәжірибеге сүйену қажет деп есептеді. Әрбір адамға бақытты өмір сүру үшін педагогикалық білімдер керек деп қорытты. Ана тілінде сауаттылыққа үйретуде дыбыстық әдісті қолдады. Халық үшін мектепті көбейтуге тырысты. Ана тіліндегі бастауыш мектепті жақтады. Оқытудың негізі- дін дей отырып, мектепті ашу құқығының тек шіркеуде болуына қарсы шықты. Мұғалімдердің жақсы материалдық және қоғамдық жағдайымен қамтамасыз етілуі қажет деп білді.
В.Ратке ана тiлi мен шетел тiлдерiн оқытудың жаңа әдiстерiн практикада қолданудан жинақтаған тәжiрибелерi негiзiнде жалпы оқыту ұстанымдарын ұсынды. Ұлы чех педагогы Я.А.Коменскийдің педагогикалық жүйесiн жасауда В.Раткенiң педагогикалық қағидалары себепшi болғандығын айтуымыз парыз. Оның мұғалiмдер басшылыққа алуға тиiстi оқытудың жалпы ұстанымдары:

  • оқыту жүйелiлiкпен жүргiзiлiп, бiр мезгiлде бiрнеше пәндердi оқытуға болмайды;

  • оқытуда қайталауды қолданып отыру;

  • оқушыларды алғашқы оқытуды ана тiлiнде жүргiзу;

  • оқытуда оқушының табиғи ерекшелiктерiн ескеру;

  • оқытуда оқушыларды зорлықпен оқытуға болмайды;

  • оқушыға оқу материалы түсiнiктi болуын қадағалау;

  • оқытуды жекеден жалпыға, оқу мазмұнын белгiлiден белгiсiзге қарай игеру;

  • оқытуда оқушының тәжiрибесiне және индукциялық тәсiлiне сүйену.

В.Раткенiң педагогикалық идеялары ол өлгеннен соң ХIХ ғасырда мектептерде пайдаланыла бастады да, ХХ ғасырдың орта шеңiнде ең жоғары бағасын алды.
ХҮІII ғасырда Я.А.Коменскийдің дидактикалық идеясы жаңа педагогиканың негiзiн қалаған ұлы чех педагогы Ян Амос Коменский (1592-1670) шығармаларына, әсiресе, дидактика саласы бойынша ХI-ХII ғасырларда жаңа философияның (Бруно, Галилей, Леонардо-да-Винчи т.б.), соның iшiнде ағылшын материализмiнiң негiзiн қалаушы Ф.Бэконның философиясының ықпалы, оның көзқарасының жаңа дәуiр талабына сай қайта құрылуына арқау болды.
Я.А.Коменский оқу мен тәрбие жүйелерiн құруда таным үрдiсiне байланысты екi жақты көзқарасты ұстанды. Оның түсiнiгiнше ақиқатты танудың бiр бағыты – логикалық ақыл-ойға негiзделген түсiнiк, оның көзi – дiни сенiм. Ақиқаттың екiншi бағыты – табиғатты тану, ол тiршiлiктiң, байлықтың көзi, табиғатты қорғап, сақтай бiлу үшiн бiлiм қажет. Я.А.Коменскийдiң педагогикалық көзқарастарына қарай және қайта өрлеу дәуiрiндегi гуманистiк бағыттың әсерiмен орта ғасырлық мектеп жүйесiн сынға алып, мектептегi оқу-тәрбие жұмыстары балаға сүйiспеншiлiк пен адамгершiлiк шеберхана орталығы болғанын қалаған. Я.А. Коменскийдің қоғамда байлығына немесе жыныс айырмашылығына қарамай, жалпыға бiрдей, ана тiлiнде оқытатын мектептер ашуды қолдауы, ұлы педагогтың гуманистiк және демократиялық ұстанымда болғандығын дәлелдейдi. Ол, әсiресе, қарапайым халықтың балаларының мектепке қолдары жетпей отырғандығына, негiзiнде халық арасында көптеген дарынды балалардың таланты ашылмай, мемлекет болашағына зиян келтiргендiгiне наразылық бiлдiрдi. Я.А.Коменский “Ұлы дидактика” деген еңбегiнде адамды табиғаттың бiр бөлiгi ретiнде қарап, оны тәрбиелеу мен оқыту табиғи қабiлетi мен қасиеттерiн дамытуға бағытталуы тиiс деп кеңес бередi.
Бұл талап тәрбие мен оқытудың жалпы ұстанымы ретiнде саналып, кейiн “табиғатқа сәйкестiк ұстанымы” деп аталды. “Табиғатқа сәйкестiк ұстанымы” – оқытудағы құрғақ жаттау мен догмалық бiлiмге қарсы, баланың табиғатын, оқу мүмкiндiктерiн ескерiп, бiлiм мен тәрбие беретiн ұстаным. Ол өмiрге қажеттi күнделiктi iстерге пайдалы бiлiмдердi берудi ұсынды. Сол себептен мектептiң мақсаты – ақылды адамды тәрбиелеу, адамның адамдық қасиетi тек тәрбие арқылы қалыптасады дедi.
Я.А.Коменский оқушыларға жан-жақты бiлiм беруде жас ерекшелiктерiн ескерiп, бiр-бiрiмен байланысқан оқытудың 4 сатылы кезеңнен тұратын оқу жүйесiн ұсынды. Олар: баланың туылған күнiнен бастап 6 жасқа дейiнгi аралықта үйiнде “Ана мектебiнде” тәрбиеленуi; 6 жастан 12 жасқа дейiн әрбiр қауымдастықта “Ана тiлi” мектебiнде оқуы; 12 жастан 18 жас аралығында оқушылар әрбiр қаладағы латын мектебiнде бiлiм алуы; 18 жастан 24 жасқа дейiнгi жастардың әр мемлекеттегi академияларға түсiп оқуы.
“Ана мектебiнде” балалардың сезiм мүшелерін, айналасын қоршаған өмiр жайлы алғашқы түсiнiктерiн, тiлiн және қол iскерлiгiн дамыту қарастырылуы тиiс. “Ана тiлi” мектебiнде оқушыларға көп мәселелердi қамтитын арифметика, география, тарих, мемлекет құрылысы мен экономикалық өмiр және әржақты қолөнермен таныстыру, жүйелi, нақты бiлiм берiлуi керек. Сонымен бiрге “Қасиеттi жазу” мәтiндерiн оқыту, балаларға дiни тәрбие қоса жүргiзiлуi қажет. Гимназияда немесе латын мектебiнде латын тiлдерiмен бiрге нақты пәндер: математика, физика, жаратылыстану оқылса, оқушылардың өздiктерiнен оқитын: тарих, этика, көршiлес елдердегі жаңа тiлдерден сабақтар және жалпы бiлiм беру курстары: риторика мен диалектика өткiзiлуi тиiс. Ал, академияда бүкiл ғылымдардың жетiстiктерiнен бiлiмдер беретiн – пансофия оқытылуы қажет делiндi. Сол кездегi мектептерде латын тiлiнде оқитын болғандықтан, Коменский бастауыш мектепте сабақтар ана тiлiнде жүргiзiлуi тиiс деген пiкiр айтты. Ол ана тiлiнде оқыған оқушылардың ақыл-ойын дамытуға мүмкiндiк туады, басқа тiлдердi үйрену ана тiлiнiң негiзiнде жүргiзiлсе ғана жемiстi болады деп санаған.
Я.А.Коменский мектептер үшiн оқулықтар, бағдарламалар, оқу құралдарын дайындау алдағы тұрған басты мiндет деп санап, оқулықтар жатық тiлде нақты және дәл, әр ғылым мен өнер жайлы оқу материалдарын балалардың өздерi мұғалiмнiң көмегiнсiз түсiнуге лайықты болуын қолдады.
Айтылған талаптар деңгейiнде “Ана мектебi”, “Тiлдер мен барлық ғылымдардың ашық есiгі”, “Физика”, “Астрономия”, т.б. оқулықтары жазылды. Соның iшiндегi Я.А.Коменскийдiң есiмiн дүние жүзiне жайған оқулық - “Ұлы дидактика” едi. Бұл кiтапта оқу iсiне қойылатын дидактикалық талаптар жеке-жеке саралаған: оқушыларды бiлiм алуға ынталандыру; оқу материалдарын бiртiндеп күрделендiру; тұрмысқа, шаруашылыққа қажеттi бiлiмдердi беру; бала табиғатын ескерiп, шамасы келетiн оқу материалын оқыту; игере алатын оқу материалын саналы түрде қабылдауға жағдай туғызу; материалдарды түсiндiруде баланың өмiрден алған сезiмдерiне, түйсiктерiне сүйену арқылы оқу тәрбие жұмысын жандандыру.
“Ұлы дидактиканың” педагогикалық ойды және жаңа мектептiң оқу-тәрбие жұмысының сапасын арттырудағы маңызы – дидактикалық ұстанымдардың жүйеленуiнде. Олар оқытудың көрнекiлiгi, саналы оқу, оқытудың жүйелiлiгi, түсiнiктiлiгi, сатылы оқу, оқушының жас ерекшелiктерiн ескеру, оқытудың негiздiлiгiнен тұрады.
Бұл дидактикалық ұсынымдардың әрқайсысының өзiндiк ерекшелiктерi бар. Мысалы, көрнекiлiк ұстанымының мәнi – дүниенi тану сыртқы сезiмге байланысты, түйсiкте болмаған нәрсе, зат ойда болмайды, сондықтан нәрсе мен зат бақылау, ақиқаттығы мен анықтылығы тек сезiм арқылы дәлелденедi. Сол себептi де сезiмнен тыс нәрселер мен заттардың (мәселен, аспан әлемi, жер асты байлықтары, жер бетiндегi өсiмдiктер мен жануарлар, т.б.) жасанды формаларын суреттерiн, бейнелерiн салыстыра отырып оқыту қажет.
Оқушының алған бiлiмi тиянақты ұстанымда болса, оның бiлiмi жүйелi, өзара байланысты, ой қисыны дәйектi және берiк болады. Оқытудың жүйелi және бiрiздiлiк ұстанымы бiлiмнiң “жалқыдан жалпыға”, “белгiлiден белгiсiзге”, “жеңiлден қиынға”, “нақтыдан абстракты ойға” қарай игерiлуi оқулықтың басты ережесiн құрайды. Я.А.Коменский бiлiм беру iсiн ұйымдастыруды дүниежүзi бойынша алғашқы рет жүйелiлiкпен дәлелдедi. Оқу жылын тоқсандарға бөлiп, оқу күнiн, күнiне қанша сабақтар өту, тоқсан аяғында оқушыларға демалыс беру, балаларды бiр мезгiлде қабылдау, оқушылардың бiлiмдерiн тексеру, сыныптан сыныпқа көшiру тәртiптерiн енгiздi. Сонымен бiрге ол сабақтың құрылымын анықтауда жаңалық ашты. Мысалы, өткен оқу материалын сұрау, жаңа тақырыпты өту, қайталау және жаттығулар жүргiзу, оқушылар бiлiмiн тексеру, сабақты жоспарлау, тәртiп, т.б. оқу сапасын арттыруға себепшi болды деп айтуға құқығымыз бар.
“Ұлы дидактикада” оқыту әдiстемесiне байланысты құнды пiкiрлердi кездестiремiз, мәселен, оқытуды бақылаудан бастап заттар мен нәрселердiң сыртқы және iшкi ерекшелiктерiнiң себеп-салдар байланыстарын сезiну, содан соң көргендi талдау керек.
Оқу материалын бiрiздiлiкпен жоспарлы ұйымдастырудағы оқу әдiсi жеңiлден қиынға, жақыннан алысқа, жалқыдан жалпыға қарай жүргiзiлiп оқушылардың алған бiлiмдерi тиянақталып, өмiрде пайдалануға жағдай туғызады.
Келесi оқыту әдiсiнiң мәнi оқушылардың бiлiмге деген қызығушылығын арттырып, алған бiлiмдерiне көңiлі толуына, келесi бiлiмге деген ынтасына бағыт беруге кеңес бередi. “Ұлы дидактика” еңбегiнде Я.А.Коменский адамгершiлiк тәрбиесi жөнiнде дiни бағыт ұстанғанын байқаймыз.
Ұлы педагог балалардың адамгершiлiк қасиеттерiн тәрбиелеуде кiшi пейiлдiлiкке, мейiрiмдiлiкке, өзiн-өзi басқару, ерлiк, еңбек сүйгiштiк сапаларын қалыптастыруға көп көңiл бөлудi талап еткен. Ал терiс мiнез-құлықтан эгоизм, қаталдық, жалқаулық, өтiрiкшiлiк сияқты әдеттерден арылуға ата-аналар мен мұғалiмнiң бiрлесу қажеттiлiгiн ескеру керектiгiн айтты.
Я.А.Коменский мектеп практикасына жаңа леп, жаңа бағыт әкелдi. Сондықтан ол “Тәрбиенiң Галилейi” деген әдiл атаққа ие болды. Жаңа философияның негiзiне сүйенген педагог алғашқы рет дидактика жүйесiн құрды, тың педагогикалық идеялар енгiздi.
Я.А. Коменскийдің еңбектері еңбектері әлемдегі педагогикалық ойлар мен мектеп тәжірибесінің дамуына орасан зор әсерін тигізді. Дүние жүзінде оқулық жасауға үлгі боларлықтай көптеген оқулықтар жазып даярлады. Оқу жұмысын ұйымдастыру туралы прогресшіл дидактикалық идеялар, ұстанымдар, қағидалар ұсынды. Сыныптық-сабақтық жүйенің және мектепті ұйымдастырудың теориялық негіздерін, мектепке дейінгі тәрбие теориясын жасады.
Джон Локктың педагогикалық идеялары. ХVII ғасырда Англиядағы революциялық қозғалыстың қарқындап тұрған кезiнде жаңа заманның ұстаған бағыт-бағдары схоластикалық оқу жүйесiн сынға алып, баланың табиғи бейiм қабiлеттерiн дамытуға назар аударды. Осындай тарихи жағдайлар Джон Локктың (1632-1704) саяси-әлеуметтiк, философиялық және педагогикалық көзқарастарының қалыптасуына әсер еттi. Ол Оксфорд университетiн бiтiрiсiмен 1658 жылдан бастап сол оқу орнында оқытушылық қызмет атқарды. Кейiннен жаратылыстанумен айналысып, медицинаны зерттеп, ғылыми жұмыстармен шұғылданды.
Д.Локктың философиялық көзқарасының қалыптасуына Бэкон мен Декарттың шығармалары әсер етiп, таным теориясын зерттеп, табиғат дүниесiндегi нақты құбылыстарды тану тұрғысынан сенсуалистiк жолды ұстанды.
Д.Локктың сенсуалистiк философиясы схоластикалық және дiни уағыздардағы елестеулер мен идеяларға және адамгершiлiк қасиеттердiң адамның туысынан пайда болатындығы жайлы көзқарасқа қарсы тұрды. Оның дәлелдеуiнше, идеялар және мемлекеттi билеу қабiлетi туғаннан болмайды, қайта адамның дамып жетiлуiндегi тәрбиеге байланысты. Сөйтiп, Локктың көзқарасы өз кезiнде прогресшiл мәнге ие болды.
Бiрақ Д.Локктiң философиясы дуалистiк ерекшелiгiмен сипатталынады. Оның ойынша сыртқы тәжiрибемен бiрге ақылдың өзiндiк әрекетi болып саналатын iшкi тәжiрибе де болады. Ол объективтiк дүниенiң бiздiң санамызда елестеуi ақиқат-шындық бола алмайды деп күмәнданады.
Д.Локктың педагогикалық көзқарастары “Тәрбие жөнiндегi ойлар” және “Ақылды тәрбиелеу туралы” атты еңбектерiнде ашылған. Оның пiкiрiнше, тәрбиенiң мақсаты өз жеке басының iсiн ойластырып, жүйелеп орындайтын, өз мүддесiн iске асыруда бар мүмкiндiктерiн қосатын ақсүйектердiң балаларын тәрбиелеу. Ақсүйектердiң жас ұрпақтарына тәрбиенiң бiр саласынан ғана тәрбие бермей, дене және адамгершiлiк тәрбиелері берiлуiн қолдады.
Д.Локк мектептердегi оқу-тәрбие жұмыстарына көңiлi толмай, қайта мектеп оқушыларды терiс мiнез-құлыққа итермелейдi, сондықтан ақсүйек баласының үй тәрбиесiнен бiлiмдерi мен дағдылары мектептен артық деп санаған.
Ол дене тәрбиесiн ерекше бағалаған, “мықты дене, мықты рух” болса, дене күшi мықты, ауа-райының құбылысына бейiм, қатаң режимге тәрбиелеудiң қажеттiлiгiн айтып, баланы ерлiкке және табандылыққа үйрететiндiгiн ескертедi. Локк шығармаларында адамгершiлiк тәрбиенi кеңiрек қарастырады. Ол адамгершiлiк қасиеттер мен сапаларға: кiшiпейiлдiлiкке, ұстамдылыққа, әдiлеттiлiкке және сақтыққа тәрбиелеу керек деп есептеді. Ол сондай-ақ, ақыл-ой тәрбиесі білімді, іскер адамды қалыптастырады, еңбек тәрбиесі өнерді игеруге септігін тигізеді деп санады.
Ақсүйек баласын жан-жақты тәрбиелеуде жеке ерекшелiктерiн ескерiп, нақты әдiс-тәсiлдер арқылы тәрбиелеуде мынандай ұстанымға негiзделуi тиiс: тәрбиенiң табиғатқа сәйкестiлiгi; баланың табиғи жас өзгешiлiктерiн айқындау; тәрбиеде сүйiспеншiлiкпен қатар қаталдықтың болуы. Балаларды тәрбиелеуде олардың табиғи ерекшелiктерiн, талаптары мен талғамдарын, қызығушылықтарын дұрыс пайдалану тәрбиенiң сапалық деңгейiн арттырады.
Сонымен қатар Д.Локк тәрбие әдiстерi жайлы құнды амалдарды: үлгi өнеге; жаттықтыру; әдет-дағдыларға үйрету; әңгiмелесу, пiкiр алысу; қызығушылығы мен ынтасын қанағаттандыру; намыс пен терiс ұғымдарға назар аудару сияқты тәсiлдердi тәрбие жұмыстарында пайдаланудың қажеттiлiгiн көрсетiп бередi.
Оқытудың мазмұнына келгенде Д.Локк ақсүйек баласына берiлетiн бiлiм оның практикалық iс-әрекеттерiн ұтымды ұйымдастыра бiлуге, айналасын қоршаған өмiрден өз орнын табуға, өздiгiнен ой қорытындысын жасауға, кез-келген қиын жағдайларда орынды жол табуға үйретiп дағдыландыруға тиiс деп есептейдi. Әрбір пән оқушыны өмірге даярлайды деген пікірде болды. Негізгі дидактикалық ұстанымы- оқытуда баланың қызығушылығы мен ізденімпаздығына сүйену. Ал оқытудың әдiстерiне келгенде баланың ойлау қабiлетiн дамытуда ойлау операцияларын дұрыс қолданып, бiлiмдердi жинақтап, топшылау, деректерге негiзделген қорытынды ойды бiр-бiрiмен ұштастыра бiлу, ой қисынын жасау ақылдылықтың белгiсi дегендi айтады.
Баланың өздiгiнше ойлау дағдысын қалыптастыруда жаттап алудан сақтану және ойды кезең-кезеңмен дамыту жөнiндегi әдiстемесiмен оқытушы баланың қаруландыруы тиiс, сонда ғана балалардың бiлiмге деген ынтасы мен сүйiспеншiлiгiн дамытамыз.
Сонымен Д.Локктың ғылыми-әдiстемелiк пiкiрлерi орта ғасыр мектептерiн сынап, жаңа негiздегi, яғни баланы жеке дара тәрбиелеу және бейiм қабiлеттерiн мақсатты түрде дамыту идеясы педагогика ғылымының дамуына елеулi әсер еттi, оны еуропалық педагогтардың көбi қолдады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет