Байланысты: Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.
Бауырластық мектептер жеке меншік те, отбасылық та емес, қоғамдық мектеп болды. Бұл мектептер діни-шіркеулік қызмет атқарды. Онда барлық діни рәсімдер қадағаланып, құдайға күнделікті құлшылық ету талап етілді. Сонымен бірге шіркеу жарғысын қадағалау, шіркеу оқуларына қатысу, топтасып діни ән айтуға жаттығу міндеттелді. Діни “Киелі” кітаптар оқытылып, грек-латын тілдері және православиелік тұрғыдан қажетті делінетін “жеті түрлі өнер” үйретілді. Бауырластық мектептер білім деңгейін көтеру үшін кітаптар жинады.
Бауырластық мектептердің ішінде ерекше сипатқа ие болған Львов бауырластық мектептері болды. Олар басқа бауырластық мектептерге мұғалім даярлады.
1615 жылы Киевтегі бауырластық мектеп Киев-Могилев коллегиумы, сонан кейін академия болып аталды.
Бұл орыс жеріндегі ең алғашқы жоғары оқу орны болды. Оның үш бөлімінде (төменгі, орта, жоғары) 1200 адам оқыды. Онда философия, дін, құқық пәндері оқытылды. Оны бітіргендердің білімі батыс еуропалық схоластикалық стандарт деңгейінде болды.
Оқушыларының саны көп оқу орындарының бірі - Баспаханалық мектеп 1681 жылы ашылды. Ондағы оқу бағдарламалары кеңейтіліп, славян және грек тілдері оқытылды. Төменгі сыныптарда 50 адам сауат ашу, ал ересек сыныптарда бірінші жылы 10 адам діни оқу оқыды. Уақыт өте келе баспаханалық мектеп бастауыш мектеп рөлін атқарса, кейіннен баспахана аудармашылар даярлайтын училищеге айналды.
1685 жылы Мәскеуде Богоявлянский монастырында мектеп ашылды. Бұл мектептің типі Батыс Еуропа университеттеріне жақын болды. Мұнда баспаханалық мектептер мен Чуд монастырлық мектебін бітіргендер оқуларын жалғастырды. Онда грек-латын тілдері оқытылды.
Түптеп келгенде, XVII ғасырдағы Русьте орта мектеп пен жоғары мектеп арасында айтарлықтай өзгешелік болған жоқ. Білім сапасы мектептердің бағытына және ондағы мұғалімдердің білім деңгейіне сәйкес жүргізілді.
1687 жылы Мәскеудегі ең бірінші жоғары оқу орны - эллин-гректік, кейіннен славян - грек - латын академиясы болып ашылды. Академияны ашуда білімді ағайынды Лихудылар үлкен еңбек сіңірді. Олар жоғары сыныптарда риторика және философиядан сабақ берді, грек, латын тілінде грамматика мен риторикадан оқулықтар құрастырды. Кейіннен олар Новгородта славян-грек-латын училищесін ашты. Осының үлгісімен XVIII ғасырдың басында Новгород жерінде 14 грамматикалық мектеп ашылды.
Мәскеу академиясы Киев академиясының үлгісімен құрылды. Оның ашылуына еңбек сіңірген Симеон Полоцкий (1629-1680) болды. Ол латын тілді мектепті қолдады. С.Полоцкий өзінен кейін бірнеше оқу кітаптарын “Псалтырь”, “Славян тілінің әліппесі”, т.б. қалдырды. Ол табиғатқа сәйкестік ұстанымын қолдады. Адамды тәрбиелеудің үш кезеңін ұсынды: туғаннан 7 жасқа дейін- адамгершілік тәрбиесі кезеңі, 7 жастан 14 жасқа дейін- практикалық оқыту кезеңі, 14 жастан 21 жасқа дейін- ақыл-ойдың даму және азаматтық тәрбие кезеңі. Жақсы ата-анада жаман баланың болу себебі шектен тыс баланы сүю деп есептеді. Баланың ең алғашқы дағдыларына жете мән берді. Симеон Полоцкий І Петрді тәрбиелеуді қадағалаған.
Полоцкий әлемді құдайдың жазған кітабы ретінде қабылдайды. Мұғалім оқушыны осы кітапты оқуға үйретуі қажет деп көрсетті. Ол оқытуды латын, грек және орыс тілінде жүргізу керектігін айтты.
Бұлардан кейін білім берудің таза шіркеулік-діни кезеңі аяқталып, оқу орнында дінмен қатар, ғылым да оқытыла бастады. Дегенмен ғылыми пәндерді оқытудың өзі де дінге тәуелді болды, барлық ғылым православиелік дін тұрғысынан түсіндірілді.
Мәскеу академиясы XVIII ғасырдың соңына дейін жалғыз жоғары оқу орны болса, кейіннен ол тек діни мекемеге - діни семинарияға айналды.
Бұл академияның қабырғасында М.В.Ломоносов, көрнекті жазушы А.Д.Кантемир, архитектор В.И.Баженов және т.б. мәдениет саласындағы көрнекті қайраткерлер оқыған еді.
XVII ғасырдың екінші жартысында Ресейде оқыту мен тәрбиенің латын тілді, византия-ресейлік, славян-грек-латын, ескі саттық есептік - начетты төрт бағыты сарапталды.
Бұлар Ресейдің алдағы қоғамдық даму жолын бағалау жағынан екі бағытты ұстанды. ХIХ ғасырда олар батыстық бағытты және славяндық бағытты ұстанушылар деп аталды.
Сол кезеңдегі педагогикалық ой-пікірдің жетістігін бейнелейтін белгілі қайраткер Сильвестрдің тілі көркем, мазмұны қызықты жазылған «Домострой» шығармасын атауға болады. «Домострой» үш бөлімнен тұрды.
Бірінші бөлімінде өмірге байланысты діни ақыл-кеңес берілді. Мұнда ата-аналардың басты міндеті балаларына адамгершілік-діни тәрбие беру керек делінді.
Кітаптың екінші бөлімі отбасылық қарым-қатынасқа арналды. Күнделікті тұрмысқа қажетті еңбекке, сауаттылыққа және кітап «ғылымын» үйрену жөнінде кеңес берілді.
«Домостройдың» үшінші бөлімінде үйді жабдықтауға, шаруашылық жұмыстарға қатысты кеңестер берілді.
Ресей XVIII ғасырдың басында ортағасырлық тығырықтан шығып, өзінің экономикасын, саясатын, мәдениетін дамытуды көздеді. Оған білімді мамандар - офицерлер, теңізшілер, артиллеристер, инженерлер, дәрігерлер, ғалымдар, үкімет қызметкерлері, мұғалімдер қажет болды. Осыдан білім саласын жетілдіру қажеттігі пайда болды.
Петр I-ші мемлекетті дамыту мақсатымен шіркеуді өз билігіне көндірді. Шіркеу бірден-бір білім бақылау құқынан айырылды. Бұдан былай білімді бақылау мемлекет қарамағына алынды. Сонымен Ресейдегі оқу-ағарту жұмысы үкімет мүддесіне қызмет етуге бағытталды.
1721 жылы Петр I-нің тікелей қатысуымен Феофан Прокопович «Рухани регламент» жасады. Онда мемлекеттің шіркеуге үстемдік етуі бекітілгенмен де, халықты адамгершілікке тәрбиелеп, ақыл-кеңес беру үшін шіркеудің білім деңгейін жетілдіру көзделді. «Рухани регламентте» мемлекеттің мүддесі басым болды. Ф.Прокопович жаңа мектепке ғылыми сипат беруді көздеді, онда түрлі пәндерді оқыту, оқытуды көрнекілікке негіздеу, кітапхананың болуы міндеттелді, өйткені «кітапсыз академияның жаны жоқ» деп көрсетілді.
Академияның оқу жоспарындағы пәндер:
- грамматика тарихпен және жағрафиямен бірге;
- арифметика геометриямен бірге;
- логика мен диалектика бірге;
- риторика мен тақпақ шығаруға жаттығумен бірге;
- физика қысқаша метафизикамен бірге;
- қысқартылған саясат;
- діни оқу (мерзімі 4 жылдан 2 жылға қысқартылды).
Шет тілдері (латын тілін міндетті түрде оқыту; егер мұғалім табылса, грек және еврей тілін оқыту) сабақ уақытындағы екі пәннің арасында оқытылуы тиіс болды.
Оқу мерзіміне 8 жыл бөлінді. Оқуды бітіргендерге дін немесе ғылым жолына түсуге мүмкіндіктер берілді.
“Регламентте” элементарлық мектеп жайы атап өтілді, әр епископ өз үйінде дін иелерінің балаларын оқытып, дін жолына түсетін қызметкерлер даярлауға міндеттелді. Ең бастысы Ф.Прокоповичті толғандырып, мазасыздық тудырған мәселенің бірі - мұғалімдердің саны мен сапасын көтеру болатын. Өкінішке орай Ф.Прокоповичтің идеясы мен пікірлері дін иелері тарапынан қолдау тапқан жоқ, өйткені олар Петр I-нің білімді қайта құруына қарсы болды.