Педагогика тарихы


Жалпыға бірдей міндетті орта білім берудің іске асырылуы (1960-1980 ж. ж.)



бет62/113
Дата06.01.2023
өлшемі1,86 Mb.
#60524
түріОқулық
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

Жалпыға бірдей міндетті орта білім берудің іске асырылуы (1960-1980 ж. ж.). 1960-1980 жылдар аралығындағы білім саласындағы басты міндеттер төмендегідей еді:

  • жалпыға міндетті орта білім беруді жүзеге асыру;

  • мектептегі білім мазмұнын жаңарту;

  • оқу үрдісін жетілдіру және оқушыларға коммунистік тәрбие беру болды.

Жалпыға міндетті орта білім беру үрдісін жүзеге асыру бірнеше кезеңге бөлініп жүргізілді.
Орталық партия комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 10 қарашада “Орта білім беретін мектептің жұмысын жақсарту шаралары туралы” қаулысы қабылданды. Бұл қаулыда жалпы білім беретін орта мектептің материалдық-техникалық базасын жақсарту (жаңа типті мектеп үйлерін салу, жаңа мазмұнды оқулықтар даярлап, басып шығару, мектеп кабинеттері мен шеберханаларын оқу жабдықтарымен және спорт құралдарымен жабдықтау), жоғары сынып оқушыларын мектепке толық тарту үшін мектеп жүйесін тиімді орналастыру шаралары қарастырылды. Сегізжылдық мектепті бітірген оқушылар оқуын өз еркімен кәсіби-техникалық және орта арнайы білім беру оқу орындарында жалғастыруы көзделді.
Осы қаулыға байланысты оқу-тәрбие үрдісін қайта құру қарастырылды: бұрын ғылым негіздері V сыныптан бастап оқытылса, енді ІV сыныптан бастап оқытылатын болды; мектепте оқытылатын ғылым негіздеріне қосымша оқу жоспарына VІІ сыныптан бастап кейбір пәндерден оқушылардың таңдауымен факультативтік курстар енгізілді.
Кейбір мектептердің жоғары сыныптарында физика, математика, кейіннен химия, биология, гуманитарлық пәндерді саралап оқыту жүргізілді.
Жақсы жабдықталған селолық мектептерде жоғары сынып оқушылары машина, трактор, комбайн және ауылшаруашылық машиналарды жүргізуді игерді. Мектептегі тәрбие жұмысын жақсарту мақсатында сыныптан және мектептен тыс жұмыстарды ұйымдастыратын педагог штатқа алынды.
Осы жаңалықтардың мектепке енуіне байланысты 1970 жылы Орта мектептің жарғысы қабылданды. Бұл мемлекеттік құжатта сегізжылдық мектеп оқушылары білімдерін мынадай білім мекемелерінде жалғастыратын болды: жалпы білім беретін орта мектепте (онжылдық) (ІX-X сыныптарда); арнайы орта оқу орындарында - техникумдарда (3-4 жылдық оқу); орта кәсіптік-техникалық училищелерде (КТУ) (3-4 жыл); жұмысшы және ауылшаруашылығымен айналысатын жастар мектебінде (ІX-XІ сыныптар). Осы оқу орындары толық орта білім мен кәмелеттік аттестат берді.
Қорыта келгенде, жастарға орта білім беру халық шаруашылығында жұмыс жасай алатын кәсіби даярлықпен ұштастырылды.
1970 жылы жалпы білім беретін мектептердің, техникумдердің, орта кәсіби-техникалық училищелердің, жұмысшы және ауылшаруашылығымен айналысатын жастар мектебінің ІX-X сыныптарында сегізжылдық мектепті бітірушілердің 78,8 пайызы оқыды. Орта мектепті бітірушілердің саны бес жылда (1965-1970) екі есе өсті.
Жалпыға міндетті орта білімді қамтамасыз ету осылай іске аса бастады.
Оқу орындарының жаңа типтері. 1959 жылдан жалпыға міндетті сегізжылдық мектептің санының артуына байланысты толық орта мектеп саны да арта түсті. Одақтың географиялық және экономикалық жағдайына байланысты халық сирек орналасқан жерлерде шағын кешенді мектептер сақталып қалды, бұл арада бастауыш сынып оқушыларын отбасында тәрбиелеу қажеттігі ескерілді.
Халықтың тұрмыс жағдайының көтеріле түсуіне байланысты балаларды жан-жақты дамыту, бала мен ананы материалдық жағынан қолдау қызметі, қоғамдық бала бақша мекемелері жүйесінің өрбуі, балалар ағзасының ертерек жетілуі бастауыш мектептің білім көлемін төмендетпей, төртжылдық оқудан үшжылдыққа өтуіне мүмкіндік берді. Педагогика, психология ғылымдарының және бастауыш мектепте оқыту әдістемесінің жетістіктерінің арқасында бастауыш сынып оқушыларының білім деңгейі соңғы жылдары артқаны байқалды.
Сегізжылдық мектеп сол кезеңдегі баланы жан-жақты дамыту, ғылыми білім беру, саяси-идеялық, еңбек, эстетикалық тәрбие мен оқушыларға кәсіби бағдар беру міндеттерін шешті.
Қалалық және селолық жерлердегі орта мектеп саны өсті, бастауыш және сегізжылдық мектептердің саны қысқарды, яғни мектептер ірілендірілді.
Мектеп оқушыларға кәсіби бағдар беріп, еңбекке тәрбиелеу мен оқытуда үлкен жетістіктерге жетті. Еңбек пәнінің мазмұны мен оқыту әдістері жетілдіріліп, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Ол үшін қоғамдық ұйымдар, кеңестік атқару комитеттері, өндіріс ұжымдары көмек берді. Жоғары оқу орындарында еңбек мамандарын даярлайтын факультеттер мен индустриялы- педагогикалық техникумдар ашылды.
Мектепаралық оқу-өндірістік комбинаттар (ОӨК) қалыптасып дамыды, олар тұрақты қаржымен қамтамасыз етіліп, онда қызмет етуге жергілікті өндіріс орындарынан білікті мамандар тартылды. 1979-80 оқу жылы 2 мың оқу-өндірістік комбинатта 1 млн. 543 мың жоғары сынып оқушылары еңбек және политехникалық білім алып кәсіби мамандық таңдауға даярланды.
Көптеген өндіріс орындары оқу-өндірістік комбинаттарды нығайтып дамытуды өз қамқорлығына алды.
1976-1980 жылдары ұзартылған күн тобында оқитын оқушылар саны 20,8 пайыздан 32,4 пайызға көтерілді.
Ірі қалаларда, колхоз-совхоздарда жергілікті жердегі халық пен үкімет орындарының қолдауымен жаңа типті тәрбие мен білім беретін мекемелер –мектеп-кешендер ашылды. Мектеп-кешендер бала тәрбиесіне қатысты жалпы білім беретін мектептерді, пионерлер үйлерін, балалар клубын, түрлі қоғамдарды, көркемөнерпаздар үйірмелерін, техникалық шығармашылық ұйымдарын, т.б. біріктірді. Мектеп-кешеннің басты мақсаты балалардың қоғамдық тәрбиесін жүзеге асыру болды.
Қорыта келгенде, Одақ кеңістігінде халыққа білім беру жүйесі жаңа типті тәрбие-білім беру жүйесімен толықтырылды.
Оқытудың белсенді әдістерінің дамуы және білім беруді жетілдіру. 1970 жылдары қоғамдағы ғылым мен техниканың қарқынды дамуы мектептегі білім мазмұны мен оқыту әдістерін жетілдіру мәселесін алға тартты. Сондықтан мектепте оқытылатын ғылым негіздерін ғылым мен практика жетістіктеріне сәйкестендіру қажеттігі туындады.
Оқыту мазмұны мен оқытудың теориялық деңгейін арттыру жалпы білім беретін мектептің жаңа оқу жоспарын, бағдарламаларын, оқулықтарын қайта даярлау жұмыстарын қажет етті. Осы жұмысты жүзеге асыру үшін Кеңес одағының барлық білім саласының ірі ғалымдары, белгілі әдіскерлері, озат тәжірибелі ұстаздары қамтылды.
70-ші жылдары ғылым мен халық шаруашылығының жетістіктерін ескере отырып, жалпы білім беретін мектептің барлық сатыларындағы ғылым негіздері жаңа мазмұнда құрылды.
Бастауыш сыныптағы оқу бағдарламалары оқушылардың ойлау қабілетін арттыруға бағытталды. Оқу материалдары оқушылардың ойлау қабілеті мен қорытынды жасау мүмкіндіктерін дамытуға, өз ынта, қызығушылығымен дәйектерді бақылай отырып, шешім іздеу мақсатын қойды. Бастауыш сынып бағдарламалары мұғалімдерді оқушылардың өзіндік жұмыстарын және оқу қызметін ұйымдастыру мәдениетін арттыруға бағыттады.
Оқытудың жаңа мазмұнға өтуі оқу жоспарындағы гуманитарлық және жаратылыстану пәндерінің сағаттарын өзгертті, соңғысының сағаттары көбейді.
1977 жылы қабылданған мектеп құрылысына байланысты үкімет қаулысында оқу бағдарламалары мен оқулықтарын оқушыларға түсініксіз күрделі оқу материалдарынан арылту шаралары ұсынылды. Кейбір пәндер бойынша (физика VІІІ-ІX сыныптар, геометрия VІ- VІІІ сыныптар, тарих VІІІ-X сыныптар) эксперименталды оқулықтар даярланып, сынақтан өткізіліп, талданып, қорытындыланды. Нәтижесінде ғалымдар мен педагогтар жаңа оқулықтар оқытудың теориялық негіздерін бұрынғы оқулықтармен салыстырғанда төмендетпеуі тиіс деген шешімге келді.
Оқытудың жаңа мазмұнға өту тәжірибесінде байқалған мәселе, тиімді нәтижеге жетудің басты құралы - оқытуды ұйымдастыру мен оқыту әдістері екенін көрсетті.
70-ші жылдары үкімет пен өндіріс орындары, колхоз-совхоздар тарапынан мектептерге материалдық жағынан үлкен көмек көрсетіліп отырды. Мектептердегі оқу кабинеттері тегіс техникалық құралдармен жабдықталды. Теледидар арқылы оқу бағдарламалары, оқу сабақтары ұйымдастырылды.
Оқытудың жаңа мазмұнға өтуі мұғалімдердің шығармашылық ізденісіне кең жол ашты. Олар сабақты өткізу, сабақта ұжымдық және жеке оқушының оқу іс-әрекетін, оқушының өзіндік ізденісін ұйымдастыруды жетілдіру үшін көп еңбек сіңірді.
Мектептегі оқу жоспарының өзгеруі еңбек тәрбиесі мен оқушыларды еңбекке оқыту, оқушыларға кәсіби бағдар беру мазмұнын да өзгертті.
70-ші жылдары мектеп оқушыларды халық шаруашылығында еңбек етуге даярлауда біршама жетістіктерге жетті. 1979 жылы жоғары сынып (ІX-Х ) оқушыларының 75 пайызы (Украинада 95 пайызы) машина, трактор жүргізуші, слесарь, т.б. мамандықтарын игерді.
Мектеп түлектері арасынан бірден өндіріске, ауылшаруашылығына жұмысқа баратын бастамалар кеңінен өріс алды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет