Педагогика тарихы


-1991 ж. ж. аралығындағы ТМД елдеріндегі мектеп пен педагогиканың дамуы



бет65/113
Дата06.01.2023
өлшемі1,86 Mb.
#60524
түріОқулық
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

15. 1980-1991 ж. ж. аралығындағы ТМД елдеріндегі мектеп пен педагогиканың дамуы


Партияның бағдарламалық құжаттарындағы халыққа білім беру мәселелері (1981). 1980- ші жылдардың басында жалпы орта мектепке жүктелген мәселелер өз шешімін таппағаны және тиімді оқыту нәтижелерін көрсете алмағаны белгілі болды.
Білім саласы қоғам дамуын қамтамасыз етуі үшін үздіксіз өзгеріске түсіп, жетіліп, дамып отыратын қозғалмалы жүйе болғандықтан, үнемі өмірмен тығыз байланыста болуы қажет еді. Қоғам дамуын ілгерілететін ғылым мен техниканың жетістіктеріне қол жеткізу білім саласын қайта құруды күн тәртібіне шығарды. Осыған орай оқыту мазмұны мен әдістерін өмірмен байланысты жетілдіру мақсатын жүзеге асыру үшін ғылыми-тәжірибелік ізденістер жүргізілді.
Жалпыға бірдей және кәсіби мектеп реформасының негізгі бағыттары (1984). Мектептегі оқытуды жетілдіру реформасы мектепті қайта құрудың негізгі бағыттарын белгіледі, олар:
- оқытылатын пәндер мен олардың мазмұнын анықтау, оқу бағдарламалары мен оқулықтарды күрделі және артық материалдардан арылту;
- оқу пәндерінің негізгі түсініктері мен жетекші идеяларын анықтап, ғылым мен техника жетістіктерін көрсету;
- еңбек тәрбиесі мен жалпы білім беретін мектептерде оқушыларға кәсіби бағдар беруді түбегейлі өзгерту; оқытудың политехникалық бағытын күшейту; зертханалық және практикалық сабақтарды молынан жүргізу; физика, химия заңдылықтарын технологиялық жағынан көрсету арқылы еңбекке баулу және жастарға кәсіби бағдар беру;
- оқушыларды есептеу техникалық құралдарымен жұмыс жасай білуге үйрету, оқу үрдісінде компьютерлерді қолдану;
- әр пән, әр сынып бойынша берілетін білім, білік, дағдылардың көлемін анықтау;
- мектептерде, кәсіби-техникалық училищелерде, арнайы орта білім орындарында оқу-тәрбие жұмыстарының сабақтастығын қамтамасыз ету.
Өкінішке орай, мектепті тоқыраудан шығаруды көздеген реформа (1984) белгілеген мақсатын толық жүзеге асыра алмады. Жалпы білім беретін мектеп пен кәсіптік білім беретін мектепті біріктіру, мектеп жұмысының мазмұнын кәсіби білім берумен толықтыру, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін бір арнаға түсіру - орта кәсіби техникалық училищелер ашу білім беру жүйесінің жұмысын онан ары әлсіретті.
Үкімет қоғамды қарқынды дамыту үшін мектепте оқыту мәселелеріне үнемі жаңа талаптар қойып, оқыту сапасын жақсартуды көздеді. Осыған орай білім саласы түбегейлі өзгерістерді қажет етті.
Үздіксіз білім беру жүйесіндегі орта білім беру тұжырымдамасы (1988ж.) қабылданды. Онда жалпы білім беретін орта мектептің негізгі ұстанымдары анықталды:
- гуманитарландыру (ізгілендіру) - әр оқушы тұлғасын әлеуметтік құндылық деп танып, оның адамгершілік, интеллектуальдық (зияттық) және тәндік жағынан жетілуін қамтамасыз ету;
- жекелендіру (даралық сипатын ескеру) - әр оқушының интеллектуалдық (зияттық), эмоциялық-жігерлік және іс-әрекет, практикалық жағын дамытуда оқушының тәндік және психикалық ерекшелігін ескеру;

  • дифференциациялау (саралап оқыту) - әр оқушының қабілетін дамыту үшін оның ынта-талабын, дарын-қабілетін анықтау;

- демократияландыру - мектептегі оқушылар мен педагогтардың белсенділігін арттыру, өзіндік бастама және шығармашылық қызмет атқаруға бағыттау, көпшіліктің білімді басқаруға қатысуы;
- интеграциялау (кіріктіре оқыту) - қоғамның барлық мүмкіндігін жас ұрпаққа коммунистік тәрбие беруге, “мектеп-халықтық іс” деген іс-шараларды өмірге енгізуге жұмылдыру.
Жалпы орта білім беру үздіксіз білім беру жүйесінің негізгі өзегі болғандықтан, оқушыларға табиғат, қоғам, адам, техника, өндіріс туралы ғылым негіздерінің белгілі көлемін, білік дағдыларын ғана игертіп қоймай, ең бірінші жан-жақты дамыған тұлға, жоғары адамгершілік азаматтық ұстаным негіздерін қалыптастыру мақсаты қойылды.
Әлеуметтік тәжірибеге сүйене отырып, оқушының интеллектуалдық, жоғары адамгершілік қасиетін, тәндік жағынан жетілген, диалектикалық-материалистік дүниетаныммен, ауқымды рухани қажеттіліктермен қаруландыратын, жеке бастық және қоғамдық қажеттілікті үйлестіретін негіздерді айқындау; оқушылардың жалпы мәдени деңгейін, білімін, политехникалық деңгейін қамтамасыз ету арқылы еңбек, танымдық, қоғамдық, отбасылық және басқа да әлеуметтік қызметті атқаруы үшін, яғни қоғамды өзгертуге белсенді араласуы, өздерінің әлеуметтік орнын дұрыс айқындау арқылы келешек мамандығын таңдай білуге көмектесу, өздігінен білімін, тәрбиесін, жеке бас қасиеттерінің дамуын қамтамасыз ету үшін оқуға ынталы және білімін өздігінен толықтыруға ықпал ету міндеттері белгіленді.
Орта мектептің әр кезеңіндегі оқушыны тәрбиелеу, оқыту, дамыту мақсаты анықталды. Осы міндеттердің іске асуы оқу-тәрбие үрдісінің сапалы жүруін, оның нәтижесін бақылау тиімділігін, әр кезеңдегі оқу-тәрбие үрдісінің сабақтастығын, оқу орындарының жетістікке жетуін қамтамасыз ететін құралдарға айналады.
Орта білім берудің құрылымы тұтастық, сабақтастық, вариативтік (баламалы), адаптациялық (бейімделушілік) ұстанымдар негізінде құрылды.
Мектепке дейінгі тәрбие орта білім беру құрылымына қосылды. Мектепке дейінгі тәрбиенің маңызы жан-жақты талданып, сол кезеңдегі баланың психикалық қызметіне педагогикалық ықпалдың тиімділігі қарастырылды. Бала бақшаларының жүйесін, материалдық жағдайын жақсарту, оларды білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды. Балабақша мен мектеп арасындағы оқу-тәрбиедегі сабақтастықтың маңызы атап көрсетілді.
Әр отбасы 6-7 жасар бала үшін мектепке даярлықтың үш түрінің біреуін таңдауға ерікті болды: отбасында тәрбилеу; қоғамдық (мектепке дейінгі балалар мекемесінде); аралас (үйден келіп, шет тілі, сурет , музыка, дене тәрбиесінен ақылы тәрбие алады), т.б. Даярлықтың осы үш түрі арқылы баланы мектепке даярлау міндеттелді.
Денсаулығы жақсы дамыған 6-7 жасар бала ата-анасының тілегі бойынша мектепке қабылданатын болды. Мектептегі орта білім үш сатыдан құрылатын болды:
І саты – бастауыш мекеп (І-ІV сыныптар);
ІІ саты - негізгі мектеп (V - ІX сыныптар);
ІІІ саты – орта жалпы білім беретін мектеп (X-XІ сыныптар).
Бастауыш мектеп балалардың интеллектуалды дамуын қамтамасыз ету үшін ғылым негіздерінің ең бастапқы мәліметтерімен таныстыруды, оқу еңбегінің дағдыларын меңгертуді, көркем және техникалық шығармашылыққа баулуды және қоғамдық пайдалы еңбекке араластыруды белгіледі. Оқу-тәрбие үдерісін, саралап оқытуды баламалы түрде жүргізу, яғни оқу материалдарын қарқынды оқыту, балаларға іс-әрекет түрлерін таңдату, оқу орындарын балалардың мүмкіндігіне лайықтау, дәрігерлер мен психологтардың ұсыныстарын оқу-тәрбие барысында қолдану, 6-7 жастан бастап оқытудың ерекшеліктерін ескеру ұсынылды.
Негізгі мектеп бастауыш мектепте қалыптасқан білім негіздерін онан ары жетілдіріп, бір-бірімен сабақтастықта, жүйелі және кешенді түрде дамытты. Оқушылардың ғылыми танымын, шығармашылығын, ойлау қабілетін арттыру әдістерін кеңінен пайдалануға назар аударылды.
Негізгі мектепте оқу-тәрбие жұмысының әлеуметтік өмірге қажеттілігін ескерумен бірге, оның мазмұны сараланады. Негізгі мектептің басты қызметі – оқушыларға кәсіби бағдар беру деп аталды.
Орта білім берудің жоғары сатысына баламалық құрылым, саралау жастардың өмірлік бағдары мен ынтасын ескеру тән екені ескертілді.
Оқушы негізгі мектепті бітірген соң, орта білім алудың мына түрлерін таңдай алатын болды: жалпы білім беретін жоғары сыныптар; орта кәсіби-техникалық училищелер; орта арнайы оқу орындары; кешкі мектептер мен экстерн типті оқу орындары. Орта білім алудағы осы жолдар жалпыға бірдей міндетті деп есептелінді.
Орта білім берудің жоғары сатысында (X-XІ сыныптар) жеке және саралап оқыту мынадай бағыттарда жүрді: білім мазмұны бойынша ( оқу пәндерін бірыңғай базалық деңгейде дайындауды таңдау); әр оқушының қабілеті мен шығармашылық мүмкіндігін ескеру (дарынды балаларға пәндерді тереңдетіп оқыту сыныптарын, топтарын ұйымдастыру және жеке бағдарламалар даярлау); оқушылардың ынтасы мен қабілетіне қарай (факультатив курстар, үйірмелер, секциялар) ұйымдастыру; жеке стильмен оқыту (қарқынды оқыту, тиімді оқыту әдістері арқылы білім мен оқу материалдарын игерту).
Селолық мектептерді әлеуметтік-экономикалық, жалпы мәдени жағынан қоғам талаптарын қанағаттандыра алатындай дәрежеге көтеру үшін, оны жетілдіру мәселесі де белгіленді. Елді мекендердегі шағын құрамды мектептердегі оқыту ерекшеліктері, оларға мамандар даярлау, мұғалімдердің біліктілігін көтеру мәселелері қаралды.
Жалпы орта білім беру мазмұны әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық жетістікке жетуді қамтамасыз етуге тиісті болды. Сондықтан қоғамдық, жаратылыстану-математикалық, тілдік, көркем-эстетикалық, еңбек пәндерінің ара қатынасын ескеру және адамның жеке іс-әрекетін және қоғамдық қатынастарын қалыптастыру белгіленді; дүниені біртұтас таныту үшін, және оқушылардың оқу жүктемесін жеңілдету үшін пәндерді интеграциялап (кіріктіре) оқыту, білімді іргелі ғылыми идея, түсінік, ұстанымдар төңірегінде біріктіру, оқушының шығармашылық қабілетін, эмоциялық-құндылық қатынасын, диалектикалық-материалистік ойлауын бағдарлау, оқытудың политехникалық бағытын, өмірмен байланысын іске асыру, оқушыларды қоғамдық және өнімді еңбек атқаруға бағыттау, ұлттық ерекшеліктерге байланысты қоғамның даму заңдылықтарын ашып көрсету талабы қойылды; оқу жоспары мен оқу бағдарламаларының баламалы түрлерін даярлау, оларда жергілікті жердің ерекшеліктерін, оқушылардың психологиялық дамуын ескеруі қажет деп табылды.
Педагогикалық үрдіс мұғалім мен оқушы іс-әрекетінің күрделі және көпқырлы қызметінен құралады. Дәстүрлі оқытуда қабылдау, саналы түсіну, алғашқы есте сақтау, оқу материалын қайталап айтып беруге баса назар аударылып, педагогикалық үрдісте оқушының шығармашылық мүмкіндігін дамыту, дүниеге эмоциональды-құндылық қатынасын қалыптастыру тәрізді маңызды білім мазмұнының құрама бөліктері ескерілмей келді. Сабақтың тәрбиелік қызметі төмен болды. Қазіргі дидактикалық тұжырымдамалар (оқу мазмұнын түйіндеу, ақыл-ой іс-әрекетін сатылы қалыптастыру, дамыта және проблемалы (жағдаят тудыру арқылы) оқыту, оқытуды оңтайландыру және интенсивтендіру, т.б., сонымен бірге оқушылардың танымдық іс-әрекетін арттыратын озат мұғалімдер тәжірибесі жинақталып, оқушыны оқуға ынталандыру, педагогикалық үрдісті жетілдіруді қажет етті.
Проблемалы оқыту әдісі оқушыны ізденіске, пікірлесуге бағыттап, дидактикалық ойындар өткізуді, жеке шығармашылық тапсырмалар орындауды, әр түрлі жастағы балалармен жұмыс жасауды, жаппай, топтық және жеке сабақтарды педагогикалық үрдісте ретімен қолдануды талап ететін болды. Жоғары сынып оқушыларын жоғары оқу орындарында оқытатын стилге, оқу еңбегіне даярлау белгіленді. Шығармашылыққа үйрету үшін проблемалық ізденіске бағыттау, оқытуда зерттеу әдістері мен тәсілдерін қолдану ұсынылды.
Оқушының белсенділігін арттыру үшін оның жеке бас қабілеті мен қажеттігін білу шарт. Даралап және саралап оқыту үшін оқушыны жан-жақты білу керек. Жеке тұлғаны дамыту мектепте психологиялық қызметті жүргізуді, оқушы психикасын зерттеуді ұйымдастыруды қажет етті.
Педагогикалық үрдісті жаңарту оқу-тәрбие жұмыстарының нәтижесін тексеруді талап етті. Білімді тексеру жүйесінің бұрынғыдан ерекшелігі - оқушының білім мен біліктерін тексерумен қатар, шығармашылық тұрғыдан дамуын және оқушының жеке бастық тұлғалық құндылықтарын тексеру белгіленді. Педагогикалық үрдістің нәтиже көрсеткіші ретінде оқушының оқу мазмұнын шығармашылықпен игеруі және белгілі құндылықтар жүйесі мен оқу ынтасын қалыптастыруға тиісті болды.
Мектепті қайта құруды іске асыратын басты мәселе кәсіби шеберлігі мен педагогикалық мәдениеті жоғары мұғалім даярлау болғандықтан, олардың педагогика мен психолгияны жетік меңгеруі талап етілді.
Болашақ мамандарды даярлау студенттердің үздіксіз педагогикалық практикасын ұйымдастыруды белгіледі. Мұғалімнің біліктілігін көтеру мәселесі теорияны алдыңғы қатарлы, озат тәжірибемен ұштастыруды қажет еткендіктен, жаңашыл педагогтардың тәжірибесін, авторлық мектептердің, мектеп-зертханалардың жұмысын зерттеу мұғалім біліктілігін көтеретін институттар, педеагогикалық оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылығымен жүргізілетін болды.
Педагогтардың материалдық жағдайын, еңбек ақысын қайта қарау қажеттігі туды.
Халыққа білім беруді демократиялық ұстаным негізінде қайта қараудың шаралары жан-жақты зерттеліп, оны іске асырудың жолдары көрсетілді.
Педагогикалық ғылымның халыққа білім берудегі маңызы орасан зор болғандықтан, іргелі зерттеулерге және педагогиканы түрлі ғылым салаларымен байланыста зерттеуге көңіл аудару керек болды. Ғылыми ізденістер әлеуметтік орта мен мектеп тәжірбиесінің байланысын айқындауға, оқытуды жоғары технологиямен қаруландыруға, зерттеу үрдісінің және оқыту мен тәрбиелеудің бірлігін қамтамасыз етуге, қажетті теориялық зерттеулерді жүргізуге бағытталды.
Жалпы орта білімді қайта құру педагогика саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді басқа ғылым салаларымен кіріктіре жүргізуді қажет етті.
Үздіксіз білім беру жүйесіндегі базалық орта білім беру тұжырымдамасын (1989ж.) білім саласында іске асыру шаралары жүргізілді. Дегенмен де тұжырымдамада белгіленген шаралар кеңестік кезеңдегі саяси-идеологиялық және экономикалық жүйенің тоқырауына байланысты қоғамдық сұранысты қамтамасыз ете алмады. Бұл кезде Одақтың ыдырауы да белең ала бастап еді. Қоғамдық даму тығырыққа тіреліп, жаңа нарықтық қатынастар жүйесіне лайық болашақ ұрпақты тәрбиелеудің жаңа тұжырымдамаларын жасау үшін ғылыми ізденістер жүргізу қажеттігі пайда болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет