Педагогика тарихы



бет76/113
Дата06.01.2023
өлшемі1,86 Mb.
#60524
түріОқулық
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

Асан қайғы. Асан қайғы Сәбитұлы (ХІҮ-ХҮ ғ.) халық есінде абыз, философ, ақын болып, мәңгі жатталып қалған ірі тұлға. Оның бар ғұмыры халықпен бірге өтіп, біте қайнасып кеткен. Ауызбірлігі жетіспеген ортада елінің ертеңін ойлап үнемі мұңға батып жүргендіктен, замандастары оны Асан “қайғы” атап кеткен.
Асан қайғы Алтын орданың ханы Ұлұғ-Мұхаммедтің ықпалды билерінің бірі болған. Қазан қаласынан Дешті Қыпшақ жеріне қайтып оралған Асан қайғы Алтын Орданың орнында пайда болған ұсақ хандықтардың өмірі ұзаққа созылмайтынын болжай білген. Ол Керей, Жәнібек сұлтандар бастаған қазақ руларының Әбілхайыр хандығынан бөлінуін жақтайды. Асан қайғы өз халқының “жерұйығын” Шу, Сарысу бойынан, Ұлытау төңірегінен іздеуге бет бұрады. Сондағы көздегені – ежелгі скиф, қыпшақ даласынан безбеу.
Халқының болашағын ойлаған Асан қайғы желмаясына мініп, төңіректің төрт бұрышын шарлап, “жайлы қоныс іздейді. Жол бойы кездескен тау-тас, өзен-су, көлдерді көріп, әр жердің ерекшелік қасиеттерін өзінше бағалап, өсиет сөздерін айтады.
Асан қайғының дүниетанымында адамгершілік мәселесі, мінез-құлықтық қасиеттер, өзін-өзі ұстай білу, қайырымдылық, кішіпейілділік, ізеттілік, т.б. сөз болады. “Ұлық болсаң, кішік бол”, “Өзім болдым, толдым деп асқақтама” дегендер айтылады. Асан қайғының ұғымында жұртты бай, кедей деп, немесе үлкен-кіші деп жіктеу, бөлу жарамсыз. Абыздың пайымдауынша “таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады”. Асан қайғы жастардың жақсылардан үлгі алып, жамандардан бойды аулақ салудың қажеттілігін, олардың ата-аналары мен үлкендерді сыйлап қастерлеуін, ақылын тыңдап үнемі басшылыққа алуын, ізгі ниетті жайсаң жан болып өсуін қалайды. Осыған орай жыраудың: “Арғымаққа міндім” деп, артқы топтан адаспа. Артық үшін айтыспа, достарыңмен сынаспа” немесе “Қарындасыңды жамандап, өзіңе туған табылмас” деген сөздерінің тәлім-тәрбиелік мәні аса зор.
Нағыз кісілік қасиеттер – озбырлыққа, менмендікке, бос даурықпаға елікпеу. Сондықтан “Мінезі жаман адамға, енді қайтіп жуыспа. Тәуір көрер кісіңмен жалған айтып суыспа” деген өсиетті ұсынады. “Тіршілікте бәріңіз бір болыңыз” деп халықты достыққа, бірлікке шақырады.
Ел қамын көп ойлап, көп толғанған қарт жырау өзінің толғау-жырларында “не жақсы”, “не жаман”, “не ғаріп” деген мәселелер төңірегінде ой толғап, заман жайында пәлсапалық ой-пікір білдіреді.
Мұритін тауып алмаса
Асыл туған пір ғаріп…
Ата жұрты бұқара
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп – деп, ел басқарар көсемнің азғын болмай әділ болуын, қол бастаған батырдың соңынан ерер сарбазы – қалың қолы болуын, ерді елдің қолдауын құптайды.
Асан қайғы экологиялық тәрбие төңірегінде сөз қозғаған қазақтың тұңғыш ойшылдарының бірегейі. Оның толғауларында қазақ даласының сұлулығы, жер байлығы, аң-құстардың тыныс-тіршілігі, олардың географиялық мекен-жайы тілге тиек болады. “Аққу құстың төресі, ен жайлап көлде жүреді” деген шумақтан сұлулықтың сипатын аңғаруға тура келеді.
Жырау толғауларынан елге, жерге, ағайын-туысқа деген патриоттық сезім ерекше сезіледі. Әділдікті адамгершіліктің ақ туы тұтқан Асан ата “Әділдіктің белгісі – біле тұра бұрмаса, Ақылдының белгісі – өткен істі қумаса” деп айналасындағы ел жақсысына келелі кеңес беріп, үлкен ой салады.
Жорықта айдынды аламан, ақындықта арқалы жырау атанған Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560) Дешті Қыпшақ өңірінде ғана емес, Қырым, Терістік Кавказ, Дон бойына да әйгілі тұлға. Ол өз заманындағы Ноғайлы әміршісі Темір, қазақ ордасы, кавказдықтар арасындағы саяси күрестердің ешқайсысынан сырт қалмаған. Жорықтың алдыңғы шебінде, айтыс-тартыстың басы-қасында, елдің бел ортасында жүрген Шалкиіз елдік пен ерлік, жақсылық пен жамандық, шеберлік пен шикілік мәселелеріне баса көңіл аударған. Кісілік қасиеттерге әр сақтан қайта-қайта оралып отырған. Шамасы, Шалкиіз өзі айтқандай “Жауырынына қанды көбе сыймаған, жағасына адам қолы тимеген” ержүрек, батыр, балуан, айдынды азамат болса керек.
Жорықта, соғыста, айтыс-тартыста ел мен ердің құны бәсекеге түсіп, бәйгеде сыналады. Ел ерлерсіз, ер өз елінсіз бабына келмейді. Осы бақталас пен жанталаста ақниетпен атқа мінгендер “жұртын жөнге салмақ” болады, қайырымсыз хандарға тежеу салады, тәубесіне келтіреді. Осындай ел үшін еңіреген ерлер қайда дегенді айтады Шалкиіз.
Шалкиіз дүрліккен, деміккен елге бас-көз болатын ханның бейнесін іздейді. “Пиғылы теріс хан іс етсе, ол жиған малыңды тәрік етер, ат-тоныңды бұлды етер, өз басыңды олжа етер” – дей келіп, әділетсіз Темірдің ісін көпке айғақ етеді. “Жақсыңнан мені кем көрдің, жаманыңмен тең көрдің” деп оның айыбын бетіне басады. Шалкиіз “Ақылсыз достан, ақылды дұшпан артық” екенін ұмытпағын деп достарына ой сала отырып,
Жаманға сырыңды қосып сөз айтпа
Күндердің күні болғанда
Сол жаман айғақ болар басыңа –
деп досты дұрыс таңдай, тани білу керектігін ескертеді. “Жаман дос жолдасын жауға алдырады” дегенді аңғартады.
Жақсы мен жаманды, адалдық пен арамдықты, дос пен қасты адами өлшемімен айғақтай келіп, Шалкиіз айналасындағыларға өрелі өсиет ұсынады:
Малыңды бер де басың қос,
Басыңды қос та, бек сыйлас.
Күндердің күні болғанда
Басың жауда қалар ма! -
деп шынайы дос пен қасты дұрыс айыра біл дегенді айтады.
Сырты құрыш, жүзі болат, ақыл-айласы мен қажыр-қайраты көпке танымал, сөзіне ісі сай, от тілді, болат қанжарлы Ақтамберді Сарыұлы (1675–1768 жж.) батырлығымен де, батылдығымен де, алғырлығымен де, ақындығымен де жұртқа танылған жырау.
Ақтамберді 17 жасынан қару асынып, жасақ ертіп Орта Азия хандықтарымен, қалмақ шапқыншыларымен соғыста қолбасшылық қабілетімен көзге түскен. “Ақтабан шұбырынды” оқиғасының куәгері болған. Ол елін жаудан қорғап қана қоймай, отырықшылыққа баулып, арық қаздырып, егін салдырған. Жырау 93 жыл жасап, 1768 ж. дүниеден қайтқан. Ақтамбердінің өмірбаяны оның өлеңдерінен айқын байқалады.
Атадан тудым жалқы боп,
Жақыннан көрдім талқы көп – деп өмірден көрген өгейлігіне реніш білдіреді.
Халқымыздың тіршілік тынысы, ата кәсібі, мінез-құлқы, жастарға айтар өсиеті, өмірге деген көзқарасы оның толғауларынан айқын аңғарылады.
Көпті көрген көне жырау жастарға өсиет айта келіп, Меккені іздеп қайтесің, ата-анаңа көрсеткен сый-құрметің құдай жолын қуып, Меккеге барумен пара-пар деп ой қорытады.
“Жақсыда жаттық жоқ”, “Жақсының ісі көпке ортақ” деп ұққан жырау
Білімді туған жақсылар
Аз да болса көппен тең,
Жақсысы кеткен ауылың,
Өртеніп кеткен шөппен тең” – деп терең философиялық ой топшылайды. Ақтамберді жырау халық әрқашанда ел басқарған, тура жолдан таймайтын басшыны қадір тұтқан. Ол алысқа да, жақынға да әділдігімен жаққан. Ұлығы әділ ел ешкімнен кем-қор болмайды дегенді білдіреді. Берекелі бірлікшіл болыңдар, адал еңбек етіңдер дегенді өсиет етеді.
ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулар ішінде шоқтығы биік, ірі тұлға, Абылай ханға да, қара халыққа да ақылшы бола білген данагөй-дидакт, қарт жырау Бұқар Қалқаманұлы (1668-1781 жж.) болды.
Оның өлеңдеріндегі басты идеялар: дүние көркі – адам; адам көркі – оның жер бетіндегі жасар игілігі, белді қасиеттері; ерлік, елдік, бірлік. Дүние – бай мен жарлы-жақыбайға ортақ алма-кезек, мәңгі байлық та, жарлылық та, көптік те, жалғыздық та жоқ (мұның бәрі шартты). Адамнан ала да, құла да, күшті де, әлсіз де туады. Әркім өз қасиеттерімен ерекшеленеді. Біреулер көреген, білгір, озық ойлы, қара қылды қақ жаратын әділдігімен көңілден шығады. Енді біреулер, керісінше, ойсыз, талапсыз, надан, озбыр қылықтарымен көзге түседі. Алғашқылардың ерен еңбегі олардың әлеуметтік рөлін көтермелейді. Надандардың әлеуметтік опаты мен зұлымдығын сөзбен жеткізе алмайсың дегендерді білдіреді.
Бұқар өзінің Абылайға деген толғауында ханның мәртебесі біріншіден, халықтың өзара бірлігін сақтай білуінде, екіншіден, халыққа өз саясатын қолдатқыза алған ептілігінде екенін алға тартады. Осыдан – адамды адам ететін – оның ортасы, нақыл тәлім-тәрбиесі деген ұстанымды ұсынады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет