Педагогикалық менеджмент – басқару қызметінің мәдениетін дамыту және мектепішілік басқаруды жетілдіру факторы



Дата26.04.2023
өлшемі18,38 Kb.
#87180
Байланысты:
«Педагогикалық менеджмент – басқару қызметінің мәдениетін дамыту және мектепішілік басқаруды жетілдіру факторы»


Педагогикалық менеджмент – басқару қызметінің мәдениетін дамыту және мектепішілік басқаруды жетілдіру факторы
Қазіргі басшы педагогикалық ұжымның жұмысын үнемі бақылап, оны жүйелі түрде ынталандырып, оқу-тәрбие жұмысын сауатты ұйымдастырып және оны ұйымдастыру мен басқаруда педагогиканың ғылыми негіздерін жеткілікті деңгейде меңгергенде ғана, педагогикалық міндеттерді тиімді шеше алады. Педагогикалық жүйені нәтижелі басқару үшін басқару мәдениеті қажет, ал басқару мәдениеті – басқару әрекетінің көп жылғы әлемдік тәжірибесін ұғыну мен мәні мен мағынасын түсіну деген сөз. Мектеп тәжірибесінде оқу үдерісінің сараптамасы, білім беру мекемелерінің алдына қойылған мақсаттары, педагогикалық ұжымды қадағалау мен бағалау жүйесін әзірлеу жұмыстары ғылым ұсынған әдістерді, мекеменің өзіндік ерекшеліктерін ескермей жүргізу, яғни өткен тәжірибеге сүйену арқылы жүзеге асыру басым болатын жағдайлар көптеп кездеседі.
Білім беру жүйесіндегі басқару қазіргі таңда «педагогикалық менеджмент» ұғымымен байланысты. Алайда, педагогикаға қатысты «басқару» ұғымының аясы кең әрі көлемді болып келеді, себебі «менеджмент» термині басынан басқарудың бір формасы ретінде, нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлер корпорациясы немесе акционерлік компания арқылы әлеуметтік-экономикалық үдерістерді басқарудың бір формасы түрінде енгізілген. Менеджмент ұғымы алғашқыда бизнес саласында пайда болғанымен, бүгінде Батыста тек фирманы, корпорацияны басқару ғана емес, оның қолдану аясы әлдеқайда кеңіген.Оның көптеген постулаттары мен теориялық позициялары кез-келген саладағы басқаруға, оның ішінде білім саласындағы басқаруға да қолданылады.
Педагогикалық менеджментті қазіргі білім беру мекемелерінің тәжірибесіне енгізу бүгінгі таңдағы қазақстандық білім жүйесінің реформалану жағдайында, білім жүйесін демократияландыру негізінде білім беру мекемелері бірүлгіліктен арылып, халыққа көп нұсқалы білім қызметін ұсынып, инновациялық үдерістерге қатысып жатқанда басқаруды лайықты түрде жүзеге асыру қажеттілігінен туындап отыр. Алайда басқару объектісінің – мектептің, мектепке дейінгі мекеменің мұндай өзгерісі – басқару субъектісінің де өзгеруін қажет етеді.
Білімді басқарудың түбегейлі жаңғыртылуы басшылар әрекетінің де жаңаруын да талап етеді. Мектептің пайда бола бастаған құқықтары мен дербестендірілген, бәсекеге қабілетті саясат жүргізе білу қажеттілігі жасалған таңдау үшін жауапкершіліктің жоғарылауына да тікелей байланысты. Білім беруді басқарудың көпдеңгейлі жүйесінде басты роль ойнай отырып және әлеуметтік-экономикалық, педагогикалық өзгерістер мен жаңартулардың қақ ортасында бола отырып, мектеп басшылары педагогтардың еңбегін үйлестіреді, бағыттайды, әрекетке талпындырып, оларды ынталандырып отырады.
Бүгінде мектепті немесе басқа да кез-келген білім мекемесін тек өткен жолға қарап, өткен тәжірибеге немесе жеке тәжірибеге сүйеніп басқару мүмкін емес.Бұл жолда әлеуметтік басқару теориясы саласынан терең білім мен педагогика және психология ғылымдарының озық жетістіктерін ұтымды пайдалана білу керек.
Педагогикалық жұмыстың өзіндік ерекшелігі, оның шығармашылық сипаты озық тәжірибе құруға ерекше назар салуды талап ете отырып, басқарудағы бұйрық беру мен құрғақ әкімшілікпен әуестенуге жол бермейді. Білім беру мекемесін тиімді басқарудың негізгі шарты – педагогикалық ұжымның бастамасына сүйену, олардың шығармашылық ізденістерін жан-жақты қолдау және ынталандыру.
Білім беру мекемелерін басқарудың негізгі міндеті басқарылып отырған ұжымда белгіленген мақсатқа табысты қол жеткізуды қамтамасыз ететін тиімді өзара байланыс пен қарым-қатынасты ұйымдастыру болып табылады. Әрбір басшы үшін қайталанбас және өзіне ғана тән басқару моделін құру өте маңызды.
Басқару жағдаяттарының психологиялық модельдерінде ынталандыру, танымдық және қызметтік-әрекеттік компоненттерді белгіленген. Ынталандыру компоненті басшыны тиімді басқару әрекетін жүзеге асыруға түрткі болады. Танымдық компонент басшының басқару жағдаяттары мен ұжымның нақты қызметтік әрекеттері туралы ақпараттануын байытады. Қызметтік-әрекеттік компонент оның басқару әрекетінің құрылымына кіретін іс-әрекеттер мен операцияларды жүзеге асыруына тура келетін жағдайларды тудырады[1].
Мектеп директорының басқару әрекеті көпқырлы, кең ауқымды және көп пәндердің ғылыми негіздемесінен тұрады, көптеген ғылыми пәндердің тқағидалары мен нәтижелерін басшылыққа алады, алайда оның ең негізгі және маңызды ғылыми негізі, өз кезегінде, білім беруді басқару теориясының ішіне кіретін, мектепішілік басқару теориясы немесе білім менеджменті болып табылады.
Мектепішілік басқару дегеніміз – біртұтас педагогикалық үдеріске қатысатындардың барынша жоғары нәтижеге жетуді көздеген мақсатты, сапалы өзара әрекеттесуі. Біртұтас педагогикалық процеске қатысушылардың өзара әрекеті бірізді, өзара байланысты әрекеттер мен қызметтердің тізбегінен тұрады, оларға педагогикалық талдау, мақсат қою және жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау, реттеу және түзету сияқты жұмыс түрлерін жатқызамыз.
Педагогикалық ұжымды тиімді басқаруда мектептің мақсатынан туындайтын алдыға қойылатын міндеттерді анықтау, ұжымды басқару модельдерін енгізу мен оның тиімділігін бағалау сияқты жұмыстар мектеп басшысының белсенді және үнемі қатысуынсыз мүмкін емес. Мектеп директорының негізгі міндеті педагогтарды бір мақсатқа жұмылдыру арқылы, алдыға қойылған мақсаттарға, педагогикалық үдерістің озық нәтижелеріне қол жеткізе алатын ұжым қалыптастыру болып табылады. Мектептің өзегі ондағы адамдар болғандықтан, педагогикалық ұжымды басқару басшының маңызды қызметтік функциясы болып табылады және директордың жеке тұлғасының ерекшеліктері педагогтар ұжымын басқаруға едәуір әсерін тигізеді.
Басқару әдістерін таңдауда субъективті факторлар едәуір роль атқарады: басшының мектеп басқарудағы арнайы білімді меңгеру деңгейі; тәжірибелілігі мен оны қалыпсыз жағдаяттарда пайдалана алу дәрежесі; басшының тұлғалық құрылымы; мектепті басқарудағы үстем стилі; педагогикалық және оқушылар ұжымдарының ерекшеліктерін есепке алу біліктілігі; педагогикалық шығармашылық пен жаңашылдыққа деген көзқарасы; басқару иерархиясындағы басшының баспалдағы сияқты факторлар жиі есепке алынады.
Соңғы жылдары мектепте психологиялық қызметтің қалыптасуымен жаңа басқару əдістері пайда бола бастады. Оқу-тəрбие ақпараттарымен жұмыс жүргізетін қызметкерлер мен мектеп директоры оларды жинау, өңдеу, сақтау жəне пайдалану тəсілдерін жақсы білгені жөн. Мектеп басшысы, менеджер ретінде, өз қызметінде бақылау, әр түрлі сауалнамалар жүргізу, тестілеу, нұсқаулармен жəне əдістемелік материалдармен жұмыс жасау əдістерін белсенді қолдана білуі шарт. Мектеп əкімшілігінің әлеуеті басқарудың мектепішілік ақпараттық технологиясын нақтылап, тəжірибеге ендіруге жұмсалуы тиіс. Бұл технологиялар басшыларға да, əр мұғалімге де таныс болуы міндетті.
Сонымен қатар, мектепті басқаруды ұйымдастырудағы маңызды жағдай– педагогикалық басқару жүйесінің қалыпты күйге келіп, əрекетшеңдік жағдайында болуы жəне оны іске асыру жолдарын əрбір басшының жете білуі бүгінгі күн талабы болып табылады.
Білім беру жүйесін басқарушылардың басқару мәдениеті олардың кәсіби педагогикалық мәдениетінің бір бөлігі болып табылады. Дәстүрлі көзқараста кәсіби-педагогикалық мәдениет негізінен педагогикалық іс-әрекет, педагогикалық техника мен шеберлік нормалары мен ережелерін бөліп көрсетумен байланыстырылды. Ал қазіргі кезде педагогикалық құндылықтар, педагогикалық технология және педагогикалық шығармашылық категорияларымен байланыстырыла қарастырылады.
Мектеп жетекшісінің басқару мәдениеті оның мектепті басқарудағы құндылықтар мен технологияларды меңгеруге, беруге және жасауға бағытталған әр түрлі басқару іс-әрекеттеріндегі тұлға ретінде өз мүмкіндіктерін шығармашылық деңгейде байқату жолдары мен өлшемі болып табылады[2].
Білім беру мекемесін басқаруға қазіргі таңда қалыптасқан көзқарастар тұрғысынан қарайтын болсақ, мұнда мектепті басқару объектісі ретінде қарастыру мен мектеп басшысының басқару әрекетіне қойылатын нақты талаптарының негізгі көзі ретінде қарастыру басым. Бүгін, мектеп, ең алдымен, мектеп басшысының ең маңызды болып табылатын білім беру үдерісімен ғана емес, сонымен бірге, осы әрекетті қамтамасыз ететін басқа да үдерістермен, мектеп ұжымымен, сыртқы ортамен өзара әрекетін қалыптастыратын күрделі де ашық жүйе ретінде қабылданады. Сондықтан басқарудың мәні кездойсоқтық пен белгісіздікті толық жоюда емес, оның мәні мен маңызы – оқу-тәрбие үдерісінің барлық қатысушыларын: барлық әкімгерлер мен менеджерлерді, ұстаздар мен оқушыларды ортақ жағымды нәтижеге жету жолында бір мақсатқа жұмылдыру мен ұйымдастыру, олардың әрекеттерін бір ортаға үйлестіру, кіріктіру, шоғырландыру.
Тиімді басқару – толық деңгейде өзінің мақсатына, өзінің ұғымына сәйкес басқаруды айтуға болады. Сондықтан, басқарудың міндетін анықтаудың кез-келген нұсқаларында, ең алдымен, оны қоғамдық мұқтаждықты қанағаттандыруға, әлеуметтік маңызды құндылықтарға қызмет етуге және өз ұжымының ішкі мұқтаждығын, қажеттігін қанағаттандыруға бағытталған әрекет ретінде қарастыру керек.
Білім беру мекемелері басшыларының стратегиялық және тактикалық сипаттағы маңызды дербес шешім қабылдауларының маңыздылығы күннен күнге өсіп келе жатқан макро- және микросоциум талаптары аясында күшейе түсуде. Мектеп басшысының басқару біліктілігінің кәсіби деңгейінің жоғарылауы білім берудегі инновациялық үдерістердің табыстылығының басты шарты болып табылады және ол білім менеджменті саласында да жүзеге асырылуы тиіс. Бүгінгі мектеп басшылары стратегиялық жобалау, мекемедегі болып жатқан процесстерді жүйелі модельдеу мен педагогикалық ұжымдағы тұлғааралық және кәсіби қарым-қатынасты тиімді ұйымдастыру дағдыларын меңгеруге ынталы.
Мектеп басшыларына білім беру үдерісінің мазмұнын әлеуметтік, мәдени, табиғи, өндірістік ортамен үйлесімді байланыстыру қажет, сонымен қатар мектеп қабырғасынан тыс ортамен білім, мәдениет, ақпарат кеңістігін қалыптастыру міндеттерін шешу қажет.Мектептің проблемаларын шешудің көп нұсқалылық жолы мектеп басшыларының кәсіби дайындығының сәйкестігін талап ететін түрлі білім модельдерін енгізуге байланысты. Жалпы білім беретін мекеменің жұмысын жетілдіру қалыптасқан жағдайды егжей-тегжейлі талдау мен мектеп басшысының басшылық құзіреттілігіне, оқыту мен тәрбиелеу үдерістерін ұйымдастыруға жаңа талаптар қойылуды қажет етеді.
Айта кету керек, өмірдің барлық талаптарына сай келетін және барлық жағдаяттар мен талаптарға жауап бере алатын басқарудың әмбебап әдістері жоқ. Сондықтан, қазіргі жағдайда білім беру мекемелерін басқаруда тек жүйелі, кешенді тәсілдемені пайдалану ғана білім мекемесін табысты басқаруды және оқу мен тәрбие үдерісінің тиімділігі мен белгіленген мақсатқа қол жеткізуді қамтамасыз ете алады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Габдуллин Г.Г. Менеджмент или школоведение: как развивается сегодня теория управления образованием // Народное образование. – 2014. – № 10 – С. 99.

  2. «Педагогикалық менеджмент» пәнінің оқу-әдістемелік кешені. Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті. Құрастырған: «Педагогика» кафедрасыныңоқытушысыКарипбаева Ш.Т.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет