Ауызша сұрау- оқушылардың білімін тексеріп бағалау үшін жиі қолданылады. Бұл әдіс арқылы мұғалім оқушыларға оқылған материал бойынша сұрақ беріп, жауаптарын бағалап, материалды қаншалықты деңгейде түсінгендерін анықтайды. Кейде балалардың білімін ауызша тексеруді әңгімелесу деп атайды. Мұғалім бір оқушыға барлық тақырыпты түгел баяндатады. Толық жауап білімінің тереңдігін, жүйесін көрсетеді. Бірақ оқушылардың білімін ауызша тексерудің кемшіліктері де бар, себебі оған көп уақыт кетіп, 45 минут ішінде 3-4 оқушының ғана білімін тексеруге мүмкіндік береді.
Ауызша тексерудің жетілдірілген түрі жаппай тексеру. Бұл әдіс арқылы мұғалім оқылған материалды ұсақ бөліктерге бөліп, оларды оқушылардың қалай меңгергенін білу үшін сыныпқа сұрақтар беріп, олардың білімдерін тексеріп, көп оқушылардың білімдерін анықтауға мүмкіндік алады. Бірақ жаппай тексеру арқылы оқушыларға әділ баға қою қиын, себебі бір-екі шағын сұраққа жауап берген оқушының толық білімін анықтау қиын.Баға 5 балдық шкала бойынша қойылады. Жақсы оқитын оқушылар оқу жұмысында үлкен белсенділік танытады, сондықтан оларды бағалау қиын емес, бірақ та басқа оқушыларға да сабақтың соңында баға қойылатыны ескертіледі.
Жазбаша сұрау бастауыш мектепте сирек қолданылады, 1-сыныптың алғашқы жарты жылында ол мүлдем қолданылмайды, себебі оқушылар әлі жазуға дұрыс үйренген жоқ. 2-3 сыныптарда жазбаша әдіс арқылы білімді тексеру жиі қолданылып, жалпы білім беретін мектептің негізгі және жоғары сатыларында білімді тексерудің негізгі әдістерінің біріне айналады. Жазбаша білім тексеру әдісін көбіне өздік жұмыс деп атайды. Бұл әдіс арқылы мұғалім тақтаға, парақтарға, карточкаларға 10-12 минут ішінде орындалатын тапсырмаларды жазып қояды. Жауаптардың қорытындыларын сынып журналына белгілеп, бір сабақта көп оқушылардың білімдерін бағалауға болады.
Бақылау жұмысы.Оқу бағдарламасының жекелеген тақырыптарын және бөлімдерін өтіп болған соң жазбаша немесе тәжірибелік бақылау жұмыстары өткізіледі.Бақылау жұмысының алдында мұғалім оқушылардың оқылған материалды меңгергенін анықтау мақсатымен жазба жұмыстарын жүргізеді. Егер оқушылар тақырыпты не бөлімді жақсы меңгермесе, онда бақылау жұмысы жүргізілмейді, оқу материалын меңгерту бағытында еңбектенеді.Оқушылар бақылау жұмысына дайындалу үшін, мұғалім бақылау жұмысы болатынын бір-екі апта бұрын хабарлап, дайындық жұмыстарын ұйымдастырады. Мысалы, бақылау жұмысына ұқсас тапсырмалар орындау және жаттығулар жазу. Алдын ала бір бақылау жұмысын жүргізіп, оқушылардың болашақтағы бақылау жұмысына дайындығын тексереді.
Оқушылардың үй жұмысын тексеру – бастауыш мектептегі негізгі әдістердің бірі. Күнбе-күнгі тексеру жақсы нәтиже береді. Бұл әдіс арқылы мұғалім меңгерілген білімнің сапасын бақылап, оқушылардың біліміндегі кемшіліктерді анықтап, келесі сабақтардың жоспарларына түзету енгізеді. Дәстүрлісі және тиімдісі – оқушылардың үй жұмыстары орындалған дәптерлерді тексеру. Оқу үлгерімі нашар оқушылардың дәптерлерін үнемі тексеріп, жақсы оқитын оқушылардың дәптерлерін кейде тексеруге болады. Кейде сабақтың соңында үй жұмысын тез тексеруге болады, ол үшін оқушылар жаттығу жазып, немесе шағын өздік жұмыс орындап жатқан кезді пайдаланған дұрыс. Оқушылар тек дұрыс жауапты айтады, мұғалімнің қате жауаптарды талдауға уақыты жетпейді. Сондықтан осындай тексеруден кейін нашар оқушылармен жұмыс жасалынады.
Кейбір мұғалімдер оқушылардың үй жұмыстарын бір-біріне тексертеді. Бұл тәсілдің екі нұсқасы қолданылады: 1) оқушылардың бір-бірінің дәптерлерін тексеруі; 2) бір оқушының тақтаға үй жұмысын жазуы (Бұл кезде сынып басқа тапсырмаларды орындайды: ауызша ережелерді қайталайды, басқа тапсырмаларды тексереді
Тексеруден диагностикаға көшу. Оқытудың әр бөлігін оқып-үйренуді аяқтаған соң оның нәтижелерін білу үшін диагностика қолданылады. Диагностика - оқу-тәрбие процесінің барысы және нәтижелері туралы ақпарат алу тәсілі. Мектептегі диагностиканың міндеттері:
•оқушылардың даму барысына және нәтижелеріне талдау жасау (білім алуға әзірлігі, психикасының жұмысы, дамуы);
• оқыту процесінің барысын және нәтижелерін талдау (білімнің көлемі және тереңдігі, білім, іскерлік, дағдыларды қолдана білуі, ой жұмысының негізгі тәсілдерінің болуы, шығармашылық іс-әрекет тәсілдерін білу);
•тәрбие барысын және оның нәтижелерін талдау (тәрбиелік деңгейін, адамгершілікке сенімін, адамгершілігін).Неге тексеруден гөрі диагностика туралы көп айтылуда? Дәстүрлі тексеру әдістері неге қайта қаралуда? Бұл оқу-тәрбие процесін ізгілендіруге байланысты.Егер өткен тәрбиеде талдау, тексеру және бағалаудың объектісі оқушының еңбегі болса, енді жаңа жағдайда мұғалім мен оқушының бірлескен еңбегі, оның нәтижелері талданады. "Енді жоспарланған көрсеткішке неге толықтай жете алмадық?" - деген сұраққа жауап беру керек. "Оқыту процесі тиімді болу үшін не істеу керек?" - деген сұраққа диагностика жауап береді.
Диагностика нәтиже мен процесті бірге зерттейді. Оқушының еңбегі мұғалімнің еңбегімен бірге талданып, оқушының мүмкіндігі, қабілеті және икемділігі зерттеледі. Мұғалімнің жұмысына ықпал еткен жағдайлар ескеріледі. Тексеру оқушының "оқығым келмейді" деген пікірімен санаспайды. Ал диагностика онымен санасады, оқушының оқуға ынтасын арттыру тәсілдерін табады. Мысалы, тексеру арқылы 3-сыныптың оқушысы барлық тапсырманы дұрыс орындағаны анықталады. Мұғалім оған "өте жақсы" деген баға қойды және мадақтады. Үрдіс те, нәтиже де жақсы сияқты. Тек қана диагностика оқушының "өте жақсы" баға алғаны есте сақтау қабілетінің жақсылығынан екендігін, бірақ оның ақыл-ой жұмысына қабілеті нашарлығын анықтайды. Диагностика арқылы оқушылардың білім, біліктері тексеріліп бағаланады, сандық мәліметтер талданады, бағыттар айқындалып, одан арғы жұмыстар болжанады. Диагностика үшін көптеген әдістер және әдістемелер қолданылады. Мысалы, дәстүрлі тексеру, бағалау әдістерімен қатар тест әдісі, оқушылардың оқуға керекті психикалық сапаларын, атап айтсақ, есті, зейінді, ақыл-ойды, т.б. зерттеу, жеке оқушылармен жұмысты жобалау әдісі қолданылады. Қазіргі мектепте қолданылатын диагностика педагогикалық қатынастар жүйесіндегі оқушыны (сыныпты) жан-жақты зерттеуге мүмкіндік беретін әдістер мен әдістемелердің жиынтығы.Дәстүрлі тексеру әдістері диагностика арқылы ізгілікке қызмет етіп, мектепте жақсы қарым-қатынас орнатады. Диагностика оқушыларды "орташа", "үздік" деп бөлмей, олардың мүмкіндіктерін анықтайды. Диагностикалық қорытындылар дәл, толық болу керек. Барлық мұғалімдер гуманистік идеяларды мойындағанда ғана диагностика арқылы әрбір оқушы туралы ақпараттар жиналып, оның қабілетін, дарындылығын дамытуға қолайлы жағдай жасалады.