Ұлттың бойындағы сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысы ел тағдырына қатысты барша идеяны өзіне өзек еткені бүгінде көбімізге белгілі. Құдайға тәуба, Алаш қайраткерлері күресінің тағылымы да, Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жылдан жылға қазақтың рухани-мәдени өміріне еніп, «Алаш» сөзі аяулы ұғым, қасиетті түсінік ретінде қоғамымызда асқақтатыла айтылып келеді. Күнделікті теледидардан, радиодан, газеттерден «Алаш» сөзінің айрықша мән беріліп айтылғанына, жазылғанына куә болудамыз. Яғни, Алланың қалауымен қазақ баласының жаны мен жүрегіне, ойы мен пікіріне, санасы мен сезіміне «Алаш» ұғымы уақыт өткен сайын бойлай түсуде. «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сүйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп отыр» - делініпті «Алаш» партиясы құрылған Бірінші жалпықазақ сиезі жөнінде жазылған «Қазақ» газетіндегі сүйінші мақалада. Сонау XX ғасырдың басында елдің еркіндігі үшін күрескен ерлер қалаған осы қасиетті сөз тәуелсіздігіне жеткен қазақ баласына да соншалықты қымбат, аяулы ұғымға айналуда. Бұл – санамыздың жаңғыруы, тарихи тамырларымызды қастерлеуіміз, елдіктің белгісі, өсер жұрттың өнегесі.