Мазмұнына қарай: ауызша, жазбаша.
Сабақтың түріне қарай: базалық білім қалыптасуынан кейін, аралық рефлексия, бақылау рефлексиясы, қорытынды рефлексия.
Өту әдісіне қарай: анкета, сұрақ, кесте, жағдаят, сурет, символдық.
Іс-әрекетке байланысты: фронтальды, жеке, топтық, ұжымдық
Әртүрлі жағдаяттар мен қызметіне орай, рефлексияны А.В.Карпов және А.С.Шаров төмендегідей түрлерге бөледі:
• жағдаяттық рефлексия – «ынталандырушы»және «өзін-өзі бағалау» бағытта субъектінің болып жатқан оқиғаны түсінуіне, талдауына, тікелей қатысуы арқылы жүзеге асады. Болған оқиғаның шарттарына сай субъектінің өзіндік әрекетін бағалауы болып табылады;
• ретроспективті рефлексия – өтіп кеткен оқиғаны және әрекеттерді талдау болып табылады;
• проспективті рефлексия – енді орын алатын әрекеттер жайлы ойлану, яғни, жоспарлау, іске асырудың тиімді құралдарын, тәсілдерін таңдау, нәтижені алдын-ала болжамдау болып табылады.
Рефлексияның кәсіптік қызметтегі рөліне баса назар аудартатын бірнеше сәтті атап өту қажет:
біріншіден, рефлексия кәсіптік қызметті меңгеру кезінде қажет;
екіншіден, оның негізінде меңгеру үдерісін бақылау және басқару жүзеге асырылады;
үшіншіден, рефлексия кәсіптік-білім қызметінің шарттары өзгерген кезде қажет;
төртіншіден, ол қызметтің өзінің дамуының негізгі тетіктерінің бірі болып табылады.
А.А.Бизяева педагогикалық рефлексия деп оқушының жеке тұлғасын дамыту үшін сыни талдау, ұғыну және оның тиімділігін бағалау мақсатында, мұғалімнің өз қызметіне және оның субъектісі ретінде өзіне қатысты белсенді зерттеу позициясына кіру қабілетінен көрінетін күрделі психологиялық феноменді түсінеді.
Автор педагогикалық рефлексияның екі жоспарлы тұжырымдамалық моделін бөліп көрсетеді:
1.Операционалдық деңгей (рефлексиялық сана-сезімде көрінетін құрылымдық-орындаушылық, уәждемелік, болжамдық аспектілер).
2.Өзіндік жеке тұлғалық деңгей (мұғалімнің оның қызметіндегі кәсіптік-жеке тұлғалық субъектілік бағдарлануы және рефлексиялық жағдайға жеке тұлғалық, субъектілік тартылуы).