2002 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясы Жалпы бастауыш білімнің «Еңбекке баулу» пәні бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының жаңа нұсқасы жасалды. Мұнда еңбекке баулу пәнінің базалық білім мазмұнының негіздері сақталғанмен, елеулі өзгерістер жасалды. Еңбекке баулу пәнінің қызметі бойынша әлемдік педагогикалық тәжірибелер зерделенді. А.Энштейн «Адам естіп-білгені арқылы жетілмейді, еңбек пен іс - әрекет үстінде қалыптасады» деп айтқандай, еңбекке шұғылдану үстінде бала саусағының бұлшық еттері жан-жақты жетіліп, жазуға, сурет салуға, түрлі бұйымдар жасауға икемділіктері артады. Сонымен бірге Еңбекке баулу пәнінен бастауыш мектеп оқушылары еңбектің бастапқы әліппесімен танысып, олардың байқағыштығы, ой-өрісі, шығармашылық белсенділіктері артады және жас кезінен бастап жүйелі түрде еңбек тапсырмаларын орындауға, отбасындағы қажеттілікке көңіл бөлуге, төзімділікке үйренеді.
Стандарттың жаңа нұсқасы ғылыми негізде зерттеліп, пәннің базалық білім мазмұны сақталды. Жаңа нұсқадағы “Еңбекке баулу” пәнінің мақсаты-білім беру мәнінің жаңа бағытына сәйкес іс-әрекеті негізінде оқушылардың жеке тұлғасын, шығармашылығын қалыптастыру деп айқындалды, сонымен бірге, баланың дене қимылын, сезімдерін, эстетикалық талғамын, ақыл-ой өрісін дамыту, яғни жеке тұлғаны дамытудың құралы болу, “Табиғат- Адам- Заттық орта” арасындағы өзара байланысты түсінуге зор маңыз беру. Осыған орай мынадай міндеттерінің желісі түзілді:
дүниенің үйлесімді бірлігі туралы және онда адамның жасанды түрде пайда болатын заттық ортасымен бірге алатын орны туралы түсінігін қалыптастыру;
заттар мен құбылыстарға деген эстетикалық түйсік қалыптастыру;
жеке тұлғаның жасампаздық мүмкіндіктерін, шығармашылық және сезімталдық қабілеттерін дамыта түсу;
ақыл-ой қабілетін жетілдіру, ұтымды логикалық, қисынды ойлау қабілетін дамыта беру;
баланың еңбекке мотивтік сапаларын дамыту;
іс жүзіндегі шеберлікті қалыптастыру арқылы екі қолдың қимыл әрекетін, көзбен мөлшерлеу қабілетін және басқа да сапалық қасиеттерді дамыту.
Мектептің бастауыш сатысындағы “Еңбекке баулу” пәні мазмұнының даму болашағы негізгі, жоғары сатылардағы “Технология” пәнінің мазмұнында дамытылды. Стандартта “Еңбекке баулу” пәнінің базалық бағдарламасы да көрсетілді. Бағдарлама мына бөлімдерді қамтиды:
өзіне-өзі қызмет етуді үйрету;
ауыл шаруашылығы еңбегіне баулу;
техникалық еңбекке баулу;
көркем еңбекке баулу.
Еңбекке баулу пәнінің мектептің бастауыш сатысындағы оқу жүктемесінің көлемі - 272 сағат, аптасына 2 сағаттан белгіленді.
Балаларды өзіне-өзі қызмет етуге баулу бірінші сыныптан басталады. Келесі сыныпта оның мазмұны күрделенеді. Балалар шаруашылық, тұрмыс еңбегіне бейімделеді, қажетті іскерліктері дамиды. Еңбектің бұл түрі отбасы тәрбиесімен ұштастырылып отырады.
Өзіне-өзі қызмет ету еңбегіне үйретудің тәрбиелік әрі қоғамдық маңызы зор. Мектепте ұйымдастырылған мұндай еңбек түрі баланың дұрыс қалыптасуына әсерін тигізеді, олардың мәдениеті мен көркемдік талғамдарын тәрбиелеуге негіз болады.