Дәріс № 11 Қарым-қатынас психолингвистикасы Тілдік тұлға психолингвистика нысаны ретінде Тірек сөздер:тілдік тұлға,әлемнің тілдік бейнесі, вербальды, прагматикалық.
Бүгінде жаһанданудағы коммуникация мен ақпаратқа еркін қол жеткізу жағдайында адамның мүмкіндіктері бірден кеңейіп,соған сәйкес тұлғаны зерттеу мәселесіне деген қызығушылық айтарлықтай өсті.Жеке тұлғаның эволюциялық өсуі айқын болды, оның қандай да бір ғылыми пәнге байланысты ғылыми зерттеу нысаны ретінде маңыздылығы өзгере бастады.Зерттеудің басым нысаны ретінде «тұлға» ұғымын психология, философия, мәдениеттану, тіл білімі, әдебиет және басқа да бірқатар ғылымдардан кездестіруге болады.Тіл білімі саласында С.Г.Воркачевтің пікірінше, «тілдік тұлға» ұғымы сәйкес пәнаралық терминнен туындаған,оның мағынасына адамның сапалық айқындылығын құрайтын физикалық және рухани қасиеттерінің қоғамдық тұрғыдан маңызды жиынтығына философиялық,әлеуметтік және психологиялық көзқарастары сыйып кетеді.
Психология мен педогогиканың терминологиялық сөздігі тұлғаны былай деп анықтайды «Тұлға - 1) дербес әрекет ететін субъект ретіндегі нақты жеке адам болмысының қайталанбас,ерекше әдісі,адамның қоғамдық өмірінің дара нысаны.Тұлға әлеуметтік тіршілік ету әдісі жағынан дара болады,оның өзіндік дүниесі ерекше жолын белгілейді және ол мазмұны жағынан әлеуметтік жағдайлармен анықталады.Ал тегі,құрылымы және нысаны жағынан даралық сипатта болады.Тұлғаның мәні нақты индивидтің өзіндік ерекшелігінде,оның әлеуметтік жүйе шеңберіндегі өзімен-өзі болу қабілетінде ашылады.2) адамдар арасындағы өзінің ұстаным-орнын еркін және жауапкершілікпен анықтайтын,қоғамның өкілі ретіндегі адам.Қоршаған ортамен,қоғамдық және адами қарым-қатынастар жүйесімен,мәдениетпен өзара әркеттестікте қалыптасады.Адам тұлға болып туа қалмайды, әлеуметтану процессінде тұлға болып шығады.Тұлға ұғымы отандық психологиядағы негізгі ұғымдардың бірі,ал оқу-тәрбие процесінің ізгілендірілуіне орай педогогикада да жиі қолданылатын санатқа айналады...».
Тіл туралы ғылымда тілдік тұлғаға алғашқылардың бірі болып адамның барлық өмірі ана тіліне тәуелді екендігін,сондай-ақ ана тілі мен адамның рухани қалыптасуының өзара байланыстылығы жайлы пікір білдірген Й.Вайсгербер назар аударды, дегенмен тілді адаммен тығыз байланысты зерттеу мәселесі XIX ғасырдағы лингвистикалық еңбектерде де қозғалған. Алайда ұзақ уақыт бойы бұл сұрақты ғалымдар терең қарастырмады, біздіңше, бұл тілдің әр тарапы өзінше бөлек оқшау қарастырылған отандық лингвистикада қалыптасқан жағдаятқа байланысты болды. Тек соңғы онжылдықтардағы ғылыми зерттеулерде ғана мұндай бағдар дами бастады. Біріктіретін бастама ретінде «тілдік тұлға» терминінде көрініс тапқан адам бейнесі шықты. Жеке тұлғадан біз тілдің барлық іргелі қасиеттерін сипаттайтын ұстанымдардың жиынтығын көре аламыз.
Тілдік тұлға-тілде (мәтінде) және тіл арқылы көрінетін тұлға, яғни тілдік құралдар негізінде өзінің негізгі қасиеттерімен көрінетін тұлға.Тіл адамның конститутивтик қасиеті болғандықтан,тілдік тұлға жалпы тұлға ұғымының қосымша мазмұнымен байытылған ұғым болып саналады. В.В:Воробьевтің пікірінше: «Тұлға-мәдениет пен тілдің, олардың даму диалектикасының өзара байланысты орталық нүктесі. Сондықтан тұлға жайлы тек тілде біте қайнасқан тілдік тұлға ретінде ғана айтуға болады».
Қазіргі уақытта тіл білімінде бұл құбылыстың құрылымы, тілдік іске асыру амалдары, оны сипаттаудың әдіс-тәсілдері белсенді түрде зерттелуде. Мұндай бетбұрыс лингвистикалық зерттеулерде социумның өкілі адамды зерттейтін ғылыми пәндер гуманизациясының жалпы үдерісіне жатқызылады.