Аралас құрмалас сөйлем. Құрмалас сөйлем құрамына енген жай сөйлемдер, жоғарыда айтылғандардай, өзара әрдайым не бірыңғай салаласа, не болмаса бірыңғай сабақтаса байланысып отырмайды. Көп жағдайда құрмаласудың осы екі тәсілінің (салаласу мен сабақтасу тәсілдері) бір сөйлем ішінде қатарымен келе беретіні болады. Құрамына енген жай сөйлемдері бір-бірімен салаласып та, сабақтасып та байланысатын құрмалас сөйлем аралас құрмалас сөйлем деп аталады. Аралас кұрмалас сөйлем құрамында үш немесе одан да көп жай сөйлем бола береді. Аралас құрмалас сөйлем дегеніміз жай сөйлемдер құрмаласуының салалас пен сабақтастан бөлекше тұратын, үшінші тәсілі емес, сол негізгі екі тәсілдің – салаласу мен сабақтасу тәсілінің - бір құрмаластың ішіне топтасқан түрі болып табылады.
Негізгі әдебиет:1. [1.7: 15], 2. [1.7: 25], 3. [1.7: 26] 4. [1.7: 27].
Қосымша әдебиет: 1. [1.7: 1], 2. [1.7: 14].
№ 15 дәріс тақырыбы: Сөйлеу мәдениеті. Сөйлеу мәдениеті туралы түсінік. Тілдік норма, оның тіл мәдениетіне қатысы. Бөгде сөз, оның түрлері. Емле және тыныс белгілері. Қазақ емлесінің кейбір мәселелері. Тыныс белгілерінің мәні мен атқаратын қызметі. Тыныс белгілерінің түрлері және олардың қолданылуы.
1 сағат. 15-апта
Дәріс тезисі: Тілдік қатынас ауызша және жазбаша болатыны белгілі. Тілдік қатынас жетіліп, әдеби тілдің көрсеткіші дәрежесіне көтерілуі үшін белгілі бір нормаға түсуі тиіс. Норма – белгілі бір жүйе, заңдылыққа негізделген бірізділік. Нормалар неғұрлым бірізді қалыптасқан болса, қатынас құралы да соғұрлым жетіліп, кемелдене түседі. Тілдің ауызша айтылуын орфоэпия, ал жазбаша түрін орфография қарастырады. Орфоэпия – сөздер мен сөз тіркестерінің бірізді дұрыс айтылуын қамтамасыз ететін ережелер жиынтығы дегенді білдіреді. Сөздердің бірізді, бірыңғай айтылуы (жазылуы) тілдік қатынастарды жеңілдетеді. Ал, керісінше, белгілі бір мағынада қолданылатын сөздің дыбыстық құрамының әр түрлі болуы түсінікті ауырлатып, көңілді алаңдатады: қоңған – қонған, көссүз – көзсіз, башшы – басшы, ағешкі – ақ ешкі т.б. Орфоэпия ережелері жеке дыбыстың, дыбыстар тіркестерінің айтылу ерекшеліктерімен, дыбыстардың үндестігімен тығыз байланысты. Орфоэпиялық норманы дұрыс меңгеру үшін тілдегі әрбір дыбыстың акустикалық-артикуляциялық белгі қасиеттерін қолданылуындағы (айтылу, жазылуындағы) ерекшеліктерді жақсы білу керек. Адам орфоэпиялық нормаларды, ережелерді негізінен жаттау арқылы емес, құлақпен тыңдап, үйрену арқылы игереді. Бұған күнде тыңдайтын радио, теледидардың үні және сахнадан естілер сөздер мен әндердің орны айрықша. Бұлар сөйлеу барысында сөздерді дұрыс айтуға үйрететін нағыз ұстаздар болу керек. Яғни айтылмақ сөздер анық және әсем болуы керек. Анықтық негізінен сөйлеу техникасын жетілдіру мен сөз логикасына көңіл қою амалдары арқылы қамтамасыз етілсе, әсемдік пен әсерлілік, сөзді дұрыс әрі көркемдеп айту арқылы жүзеге асырылады. Ал құлаққа естілер сөздің көркем айтылуы дегеніміз – оның үнді, әуезділігі (музыкалылығы). Үнділік сөйлеу үстінде дыбыстардың бір-бірімен үндесіп, тілдің табиғи дыбыс заңдарына бағынып айтылуы арқылы пайда болады.
Бөгде сөз. Біреудің сөзін бұлжытпай, өзгеріссіз өз сөзінің ішінде берілуін төл сөз дейміз. Сөйлеуші өз сөзінің ішінде басқа біреудің сөзін өзгертіп, жалпы мазмұнын ғана сақтап беруін төлеу сөз дейміз. Төл сөзді де, төлеу сөзді жеткізіп, оған түсінік беретін сөйлеушінің өз сөзін автор сөзі дейміз.
Орфографияның ережелері. Орфография – жазба тілде пайдаланылатын біркелкі жазудың тарихи қалыптасқан жүйесі және біркелкі жазуды қамтамасыз ететін ережелер жүйесін жасайтын, зерттейтін тіл білімінің саласы. Орфография тілдің белгілі бір даму кезеңіндегі жазба тілдің нормаларын айқындайды. Орфографияның ережелер жүйесі:
дыбыстарды әріптермен беру;
сөз және оның мағыналы бөлшектерін жазу;
сөздерді бірге, бөлек және дефис арқылы жазу;
бас әріпті пайдалану;
тасымалдау сияқты мәселелерді қамтиды.
Орфографияның негізгі принциптеріне мыналар жатады:
1. Фонетикалық принцип бойынша сөз айтылуындай жазылады, яғни әрбір әріп фонеманы емес, дыбысты білдіреді. Мысалы: жаздыгүні, қыстыгүні, жазса – жасса, жанбасы – жамбасы, тонға – тоңға т.б., яғни айтылуындай жазылады да, фонемалық транскрипцияға жақындайды.
2. Морфологиялық принцип – сөздің морфологиялық құрамын ескеріп, сөз бен қосымша құрамында болатын дыбыс алмасуларды елемей, бастапқы қалпын сақтап жазу. Мысалы: қолбасшы, басшылық асшы, тұзсыз т.б. сөздердің түбір тұлғасы сақталып (қолбашшы, башшылық, ашшы, тұссұз) жазылады. Морфологиялық принципті фонемалық принцип деп те атайды. Мұнда бір фонема әр түрлі құбылғанына қарамастан үнемі әліпбидегі бір-ақ әріппен белгіленеді.
3. Дәстүрлік принцип – сөздің бір кезде жазылып қалыптасқан, дәстүрге айналған түрін сақтап, жазу. Мысалы: хан, хош, хат, хабар, халық, мұхит, қаһар, жиһан, жиһаз, жаһан т.б. сөздердегі х, һ әріптерін пайдалануды жатқызуға болады. Дәстүрлік принцип тілдің қазіргі қалпына қайшы келуі де, келмеуі де мүмкін.
4. Дифференциялаушы немесе саралаушы (лат. differentia – айырым) принцип – дыбыстық құрамы бірдей сөздерді бір-бірінен орфографияның көмегімен айыру. Бұл принцип қазақ тіл білімінде ескерілмейді. Дұрысы, дәстүрлік принцип бойынша: хабар, хал, халық, хан, хат, хош түрінде жазып жүргендеріміз, о баста тіліміздегі омонимдерді (қабар, қал, қалық, қат, қош) орфографиялық жақтан айырудың нәтижесі деп түсіну керек. Қазақ тілінде 2,5 мың омоним сөз бар, 10-15 сөзді түрлендіріп жазу арқылы бұл мәселені шешу мүмкін емес.
Достарыңызбен бөлісу: |