Білім алушының жеке тұлғалық дамуындағы жас ерекшелік кезеңдері Педагогика баланың дамуын – өте нәзік, күрделі диалектикалық процесс деп қарастырады. Баланың ойлау, сөйлеу, сезім, сияқты психикалық процестерінде бірте-бірте өзгерістер пайда болады. Осының нәтижесінде баланың ақыл-ойы дамудың жаңа кезеңіне көшеді.
Әр жастағы баланың өсіп-жетілу дәрежесін білу мұғалімдерге оқу-тәрбие жұмысының әдістерін дұрыс таңдап алуға, оқушылардың ішкі жан дүниесін, мінез-құлқының ерекшеліктерін жақсы түсінуге көмектеседі.Мұғалім балалардың жас ерекшеліктерін, типтік сипатын мінез-құлқына сәйкес жете білуі қажет. Жеке адамның дүниені сезгіштігі және қабылдағыштығы темпераментке тәуелді.
Темперамент деп жеке адамның қылығы мен түрлі әрекеттерінен көрінетін дара өзгешелігін атайды. Психология ғылымында темпераментті төрт типке бөліп сипаттайды:
Холерик – эмоциялық қызуы шапшаң, күшті болады. Бірақ сезім жүйелері ауытқып тез көтерілетін шыдамсыз, өкпелегіш және ашуланғыш болып келеді.
Сангвиник– эмоциялық қызуы шапшаң, күшті, бірақ көп тұрақтанбайды, ол қызулы, жеңілтек келеді, бір немесе бірнеше іске бірдей кіріседі, іс үстінде тез суып, бастаған істі аяқсыз қалдырады. Уәдені көп беріп, кейде оны орындаудан бас тартады.
Меланхолик – эмоциялық қызуы шабан, тұрақты. Ол момақан, тұйық, жасқаншақ, мінезі баяу, көңілі жабырқау, кейде үрейленіп жүреді. Өзін ұжымнан оқшау ұстайды, іске бірден кіріспейді, бастап кетсе аяқтап шығады.
Флегматик– эмоциялық қозуы әлсіз. Ол байсалды, сылбыр мінезді, орнықты, кісімен араласпайды, тыныштықты сүйеді, іске баяу кіріседі, бірақ тиянақты орындайды.
Балалардың психофизиологиялық әркелкі дамуы. Акселерациябиологиялық фактор, әлеуметтік жағдайлардың жақсаруы, урбанизация (қалалардың өркендеп өсуі) факторы, елдің миграциялық өсуі, транспортпен байланысты қатынастың дамуы, радиотолқындардың және географиялық климаттық жағдайлардың өзгеруі сияқты мәселелерді қамтиды. Сондықтан, білім беру мен тәрбие жұмысының мазмұны, әдісі, жұмыс факторлары акселерация құбылысының ерекшеліктеріне сай құрылуы керек (мысалы, баланы алты жастан оқыту, т.б.). Балалардың дене және психикалық дамуында айқындалған күрделі өзгерістердің бірі – организмнің жедел дамуы. Бұл құбылыстарды акселерация (лат.– жедел) деп атайды. Акселерацияға тән ерекшелік: баланың бойының, салмағының, бұлшық етінің жедел түрде өсіп жетілуі.
«Дарындылық» — бұл адамның белгілі іс-әрекет аумағында ерекше табыстарға жетуге көмектесетін, қабілет дамуының жоғары деңгейі. Дарындылық пен қабілеттілің түсініктері бір - біріне өте жақын ұғымдар. «Қабілеттілік, ‑ деп атап көрсетеді Д.Н.Ушаков, ол табиғи дарын, бір нәрсені жасай алу мүмкіндігі». Қабілеттілік тұлғаның іс -әрекеттің бір саласына, нақты бір ғылымға өзіндік бейімін, қасиетін көрсете білуі. Дарындылық— адамның белгілі бір іске деген айрықша қабілеттілігі, өмірдің қандай да бір саласында өзін ерекше қырынан көрсетуі.
Талант (гр. talanton — бастапқыда салмақ, өлшем, кейіннен ауыспалы мағынада — қабілеттер деңгейі) — қабілеттердің ең алдымен, арнайы қабілеттердің дамуының биік деңгейі.