К.Д.Ушинский педагогикалық теориясы мен тәрбиенің халықтық идеясы
Негізгі ұғымдар:білім беру, оқыту, отбасы, ұжым, оқыту әдістері, тәрбиелеу, дидиктика, политехникалық білім беру, бастауыш білім беру, қаулылар, жалпыға міндетті білім беру, еңбек, эстетикалық тәрбие, ойын.
Кеңес үкіметі құрлысымен Оқу-ағарту саласы бойынша мемлекеттік комиссия (1917)ұйымдастырылып, бұрын қалыптасқан мектеп жүйесін таратып, Кеңес үкіметінің мүддесіне қызмет ететін жаңа мектеп жүйесін құруды көздеді.
1917-1918 жылдары Кеңес үкіметі қабылдаған 30-ға тарта мемлекеттік декреттер негізінде кеңес мектебін құру принциптері қайта қаралды: Қазан төңкерісіне дейінгі барлық оқу-тәрбие мекемелерінің типтері таратылып, мектеп жүйесі өзгертілді; мектеп шіркеуден бөлініп, діни мектептер таратылып, мектепте дінді оқытуға тыйым салынды; барлық азаматтардың шыққан әлеуметтік ортасына, дініне, ұлтына және т.б. қарамастан, білім алу құқы жарияланды; Ресей құрамындағы барлық халықтарға өз ана тілінде оқуға мүмкіндік берілді; ұл балалар мен қыздарды бірге оқыту қолға алынды; тұңғыш рет мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылатын болды; мектеп ісін басқару мемлекет қарамағына алынды.
Мектеп ісін басқаруды Кеңес үкіметі большевиктік партияның көрнекті қайраткерлері А.В.Луначарский мен Н.К.Крупскаяға жүктеді.
1918 жылы оқу-ағарту жөніндегі мемлекеттік комиссияда А.В.Луначарскийдің және Н.К.Крупскаяның басқаруымен “Бірыңғай еңбек мектебі туралы ереже” және “Бірыңғай еңбек мектебінің негізгі принциптері” атты құжатты даярлау жұмысы жүргізіліп, 16 қазанда аталған құжаттар жарияланды. Осы құжаттың екіншісі “Бірыңғай еңбек мектебі туралы декларация” деген атпен халыққа тарады. “Декларация” мектептің саясатпен байланысты болуын кеңес педагогикасының ең негізгі принципі ретінде атап өтті.
Жаңа мектептің негізгі идеясы - жас ұрпаққа коммунистік тәрбие беру болды.
1918 жылы I Жалпыресейлік халық оқу-ағарту сьезінде жаңа мектептің бағытын айқындайтын құжаттардың “Бірыңғай еңбек мектебінің ережесі” және “Бірыңғай еңбек мектебінің негізгі принциптері” деп аталған құжаттардың жобалары қабылданды. Осы құжаттардың негізінде мектепті қайта құру принциптері мен оқудың жаңа мазмұны қарастырылды, оларда: жергілікті басқару органдарының мектеп ісін тікелей қолға алу талап етілді; мектепте өзін-өзі басқаратын орган (мектеп кеңестерін) құру, оның құрамына педагогтар, оқушылар, ата-аналардың өкілдерін қамту көзделді; жергілікті жердің жағдайын ескеретін, үлгі ретінде (міндетті емес) оқу бағдарламалары енгізілді; ғылым негіздерінен оқулықтар дайындалды, қолданыста бар оқулықтарды пайдалануды ұсынды. Алайда бұл құжаттарда балалардың білімін күнделікті тексеріп отыру, үйде орындауға тапсырма беру, емтихан тапсыру міндеттелмеді.
Жаңа мектепті құрудың алғашқы жылдары мұғалімдер мен оқушылардың тәжірибелік ізденістеріне шектеу қойылған жоқ. Оқу ісін ұйымдастыруға мұғалім мен оқушылар тең құқықпен белсенді түрде өздері қатысуы тиіс болды. Мектептегі оқытудың негізіне еңбек тәрбиесі алынды.
Мектептегі еңбек тәрбиесі ең бірінші маңызы зор мәселе ретінде қаралумен бірге, оқушылардың дене және эстетикалық тәрбиесіне де ерекше назар аударылды, политехникалық білім беруді қолға алу керектігі атап көрсетілді. Балалармен гуманистік, яғни ізгілік қатынас құру мақсатында мұғалім мен оқушы арасындағы сыйластық қарым-қатынас үлгісін орнатуға көңіл бөлінді.
Бірыңғай еңбек мектебін бір нұсқадағы ғана мектеп деп түсінбей, онан ұстанатын жалпы идеялар бірлігін талап етумен бірге, жергілікті аймақтың жалпы және айырықша ерекшеліктерін ескеру қажеттігі айтылды.
Орыстан өзге халықтардың балалары үшін ұлттық мектептер құрыла бастады.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында оқыту мен тәрбие беру мекемелерінің төмендегідей жаңа типтері ұйымдастырылды:
1919 жылы 26 желтоқсанда сауатсыздықты жою туралы декрет жарияланды. Онда 50 жасқа дейінгі азаматтар орыс және ана тілінде сауатын ашуға міндетті болды. 1920 жылы Н.К.Крупскаяның басшылығымен сауатсыздықты жою мақсатында Жалпыресейлік төтенше комиссия құрылды. Одақтас республикаларда да сауатсыздықты жою пункттері мен шала сауаттыларға арналған мектептер ашылды.
20-шы жылдары мектепті қайта құруға байланысты теоретик - педагогтар арасында өткір пікірталас жүрді. Ол үкімет пен мектеп арақатынасы қандай болуы керек деген мәселелер төңірегінде өрбіді. Марксист-педагогтар Н.К.Крупская, А.В.Луначарский, М.Н.Покровский, А.П.Пинкеевич, В.М.Познер және т.б. мектепті халықтарды рухани тұрғыдан азат ету құралы деп қараруды ұсынды, мемлекеттің партия саясатымен тығыз байланыста болуын насихаттады.
П.Ф.Каптерев, В.И.Чернолуский, П.П.Блонский бастаған педагогтар мектептің үкіметтен бөлінуін, «партиядан және саясаттан тысқары» мектеп болуын талап етті. Осы талапқа байланысты оқытуды өмірмен байланыстыру керек деген мәселе туындады. Оқу-ағарту халық комиссаритатының өкілдері де мектепті өмірмен ұштастыру керектігін қолдады.
Білім беру мекемелерін ұйымдастыру мәселесі де кеңінен пікірталасқа түсті. Мысалы, Украина мен Ресейде педагогтардың бірқатары - балалар үйі дәстүрлі мектептердің орнына «мектеп-коммуна» ашып, онда «балалардың шынайы патшалығын орнату» идеясын ұсынды.
20-шы жылдары политехникалық мектепті ұйымдастыруға байланысты мәселелер де пікірталасқа түсті. Оқу-ағарту Халық комиссариатының кәсіби білім беру бөлімінің жетекшілері кәсіби мектеп құруды ұсынды. Оларға мектепте оқушыларға политехникалық білім беру идеясын ұстанған педагогтар қарсы болды.
Сонымен, 20-шы жылдары жаңа мектепті құру ізденістері - жан-жақты дамыған, әлеуметтік тұрғыдан белсенді тұлға тәрбиелеу мәселесіне бағытталды. Мектептің басты ұстанған бағыты оқу-тәрбие ісін өмірмен тығыз байланыстыру, мұғалімдер мен оқушылардың белсенділігін және шығармашылығын арттыру болды. Жіберілген олқылықтардың бірі - бұрыннан ғасырлар бойы қалыптасқан білім беру жүйесіндегі тәжірибе ескінің сарқыншағы делініп түгелдей жоққа шығарылды, ал оның орнына шетел педагогикасындағы ой-пікірлерге көбірек көңіл бөлінді. Жаңа мектепті қалыптастыру мәселесі өте күрделі болды, кереғар пікірталастар, біріне–бірі қайшы нұсқаулар, теориялық ізденістердің дамуына кедергі жасады.
Бұл кезеңдегі жаңа мектептің бұрынғы мектептерде орын алмаған жетістіктері де болды. Олар - оқушылардың өзіндік іс-әрекетін, белсенділігі мен шығармашылық қабілетін дамыту жағынан көрініс тапты.
Жаңа кеңестік педагогиканың негізін қалаушылар, жеке тұлғаны жан-жақты дамыту тұжырымдамасы тұрғысынан, кеңес мектебінің оқыту мақсатын анықтап, оның мазмұнын, оқыту әдістері мен ұйымдастыруын қарастырды.
Кеңес педагогтары мақсат пен дидактикалық принциптерді тығыз байланыста зерттеді. Дидактикалық принциптер жалпы түрде «Бірыңғай еңбек мектебі туралы декларацияда»анықталған болатын (оқу үдерісінің шығармашылығы, оқушылардың белсенділігі мен өзбетінше жұмысын дамыту, оқытуды дараландыру), 20-шы жылдары бұл принциптерді А.Ф.Евстигнеев-Беляков, Ш.И.Ганелин, А.П.Пикеевич және т.б. анықтап, нақтылады. А.П.Пинкеевич кеңес дидактикасының принциптерін өзара байланыста анықтады: оқу міндеттерін социалистік құрылыс міндеттері мен қоғамдық пайдалы еңбекпен байланысы; оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру; оқытудың оқушының дамуымен байланысы; жұмыс түрлерін кезекпен қолдану және т.б.
Отызыншы жылдардың басында “Жалпыға бірдей бастауыш білім беру” туралы Заң (1930, тамыз) қабылданып, “Бастауыш және орта мектеп” (1931, қыркүйек), “Бастауыш және орта мектептегі оқу бағдарламалары мен режимі” (1932, тамыз) тарихи қаулылардың қабылдануы ағарту жүйесінің дамуына тікелей әсер етті.