92
аттандырады. Осы ауыр сапар, қайғылы хал, бес ай бойы ағасының ақырғы демін
күткен қаралы күндер, ауылдан аулақта жалғыз басқа түскен ауыртпалық-
Мағауияны қатты тебірентеді. Осы ауыр халдің үстінде «Бір үміт, бір хауіптің»
ортасында өткізген күндер, үзілген үміт ақынның: «Ыңқылдап жатыр екен жаңа
барсам», «Дейтұғын сөзің қайта «Мағатайым», «Жалғыз міне отырмын әр нәрсе
ойлап», «Бірге туған бауырлас» деген өлең-жырларын туғызды.
Абай жыр еткен мол тақырып, терең мазмұн, биік идея Абайға дейінгі қазақ
әдебиетіндегі өлең түрінің қалыбына сыймайды. Данышпан ақынның асыл жырға
бөленген кең ақылы, терең ойлы ел жүрегіне еркін жететін сара жол қажет етті.
Осындай зор талаптан барып, өлеңнің ондаған жаңа түрлері туады.
Мазмұнына сай жаңа түр тапқан Абай өлеңдері халық тіліне онан сайын
жеңіл, жүрегіне онан сайын жылы тиетін болады. Бұл жаңа түрлер Абай
лирикасының терең мазмұнға ұштасып, ақынның өлеңдерін ерекше әсерлі етіп,
көріктендіреді.
Мағауия ақынның қазақ әдебиеті тарихында атын қалдырған еңбегі-оның
поэмалары. «Әкесінің ақындық еңбегін аса қадірлеп, жақсы білген, ұғынған
Мағауия өзі де Ақылбай, Көкбай сияқты ақындық еңбекке беріледі. Абайдың
мәслихатымен және материал беруін пайдаланып, бірнеше поэма жазады. Ол
жазған поэмалары: «Еңлік-Кебек», «Абылай» және «Медіғат-Қасым»,-дейді
Мұхтар Әуезов (М.О.Әуезов. «Абай Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер».
Алматы. 1967. 221-б.).
Мағауияның ең көлемді, әрі көркем және оның ақындық ерекшелігін айқын
танытатын «Медіғат-Қасым» поэмасы екенін, Мұхтар Әуезов ерекше атап айтқан
болатын. Мағауияда Абайдың мәслихаты бойынша, шығармасының тақырыбын,
қазақ даласынан аулақ, алыстағы Африка елінің тұрмысынан алады.
«Еңлік-Кебек»-Мағауияның ақындық қадамын жаңа бастаған шағында
жазған алғашқы поэмасы. Мағауияның өз қолжазбасы сақталмаған. Поэманың бір
ғана көшірме қолжазбасы, 1940 жылы, Мұхтар Әуезов өз архивін тәртіпке келтіріп,
реттеп жатқан кезде, көп қағаздың ішінен табады. Поэманы көшіріп жазған
Дайырбай Қожанұлы.
«Еңлік-Кебек» поэмасының оқиғасы XVIII ғасырдың аяғында (1780 жылдар)
болған тарихи шындық. Еңлік пен Кебек рулық-феодалдық талас-тартыстың, ескі
әдет-ғұрыптың құрбаны болған жазықсыз жастар еді. Еңлік пен Кебек оқиғасы
халыққа қатты әсер еткен. Халық қиялы Еңлік пен Кебектен қалған баланы
өлтірмей ер жеткізеді. Ол бала (Ермек) ер жетіп әкесі Кебек сияқты батыр болады.
Әке-шешесінің кегін қуады. «Ермек» атты ел аузында сақталған дастан бар.
Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының»
Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы,
ISBN 5-7667-2949-9
Достарыңызбен бөлісу: