2.2 Дамыған ортағасырлардағы мемлекеттер (ХІ ғ. басы - ХІІ ғғ.). Қарахан мемлекеті (942-1210 жж.). «Қарахандар» терминін ғылымға орыс шығыстанушы В.В. Григорьев енгізген. «Қара хан» - осы мемлекеттің билеушілері лауазымдарының бірі болған, мағынасы (ауыспалы) – ең жоғарғы, жоғары мәртебелі дегенді білдірген. Бұл мемлекетте билеушілер сонымен қатар арслан хан (шігілдер тайпасынан шыққандар), боғра хан (яғмалардан шыққан билеушілер), тамғаш хан, елік сияқты лауазым атақтары болған.
Х ғасырдың орта кезінде оңтүстік Шығыс Қазақстан мен Шығыс Түркістан жерінде Қарахан мемлекеті пайда болды. Орталығы – Баласағұн қаласы. Қарахан мемлекетінің құрылуы тарихында Қарлұқ конфедерациясы зор роль атқарды. Қарлұқтар мен бірге шікілдер мен яғма кірді. Қарахан мемлекетінің құрылуы Батыста Жетісудан Испиджабқа дейінгі және Шығыста Қашқарға дейінгі ұланбайтақ аумақта болған саяси оқиғалар және Қарлұқ мемлекетінің ыдырауымен тығыз байланысты болды.
Ал этникалық тегіне келсек, Қарахандар мемлекетінің басым көпшілігін қарлуқ бірлестігіне кірген ру-тайпалар құрды. Олар қарлұқтар, тұхси, яғма, шігіл, оғыз, ұйғыр, т.б. Қарахандар мемлекетінің Орталық Азия тарихындағы орны ерекше. Өйткені, біріншіден, Орталық Азиядағы ислам дінін мемлекеттік дін етіп қабылдаған, мұсылмандық өркениет негіздерінде дамыған алғашқы түркі қағандығы. Сондықтан да болар бұл елдің мәдени деңгейі де биік болып, осы елден атақты ғұлама, ойшылдар көп шықты. Екіншіден, Қарахандар қағандығы мемлекеттілік тұрғысынан да бұрынғы қағандықтардан озық түрде дамыды, халықаралық байланыстары да кең ауқымда болды.
Мемлекеттің құрылған жері – Шығыс Түркістан мен Жетісу аймақтары. Қағандықтың негізін салған Сатұқ Боғра Қара хан (915-955 жж). Мұсылман дәстүрінде ол Сатұқ Боғра хан әл Мүджаһид Әбд әл Кәрим ибн Базир деп аталады. Қарахандардың ерте кездегі тарихы туралы деректер мардымсыз. Исламды қабылдап, Саманилердің қолдауын пайдалана отырып, Сатұқ Боғрахан Оғулшаққа қарсы шығып, оны талқандады, сөйтіп Тараз бен Қашқарды бағындырды: 942 жылы ол Баласағұнда билеушісін құлатып, өзін жоғарғы қаған деп жариялады. Сатұқ өлгеннен кейін билік басына Мұса қаған келді. Ол Қағанаттың мемлекеттік діні ислам деп жариялады. Оның астанасы Қашқар болды. Мұса қаған қаза болған соң билік Әли-Арыстан қағанға өтеді. Ол Тараз бен Баласағұнды да өзіне бағынышты қалалар есебінде жариялаған. Қарахан мемлекетінің алғашқы саяси тарихы, Сатұқ ұрпақтарының ішіндегі ең күшті екі әулетінің Әли-Арыстан хан мен Хасан Бура ханның тұқымдарының арасында билік үшін ұзақ жылдарға созылған талас тартыстар басталды.
Мемлекеттік-әкімшілік құрылыс иерархиялық қағидатқа негізделді. Қарахандар мемлекеті көне түркі мемлекеттілік негіздерін сақтай отырып, өркениетаралық синтез үрдістерінің нәтижесінде Саманилер мемлекеттілігінің көп тұстарын қабылдаған. Әсіресе отырықшы-қалалық жерлерде, Мәуараннахрда саманилік саяси құрылымдар сол қалпында қала берді. Ал көшпелі аймақтарда саяси басқарудың ерекшеліктері сақталды, билік ру-тайпа басшылары, ақсақалдар арқылы жүргізілді. Қаған сарайында әр түрлі қызметшілері мен шенеуніктер болды. Ханның уәзірі маңызды рөл атқарды. Сарай лауазымдары арасында сарай күзетінің басшысы (қапуқ баши), қазынашы (ағнашы), т.б. аталады. Шенеуніктердің (тапұқшы) көп бөлігін іс-қағаздарды жүргізушілер құрады, оларды бітікші деп атады. Қағанның тапсырмаларын орындайтын елшілер (ялавашылар) болды. Мемлекет өмірінде шариғат негіздері толық іске асырылды. Діндарлар, суфизм өкілдері ерекше құрметке ие болды.
Аса маңызды әлеуметтік-саяси институт әскери-лендік жүйе болды. Хандар өздерінің туысқандары мен жақындарына белгілі бір ауданның, облыстың не қаланың халқынан, сол уақытқа дейін мемлекет пайдасына алынып келген салықты өзіне жинап алу құқығын берді. Мұндай қызмет үшін уақытша берілетін тарту «иқта» деп аталды, оны иеленуші муқта (арабша) немесе иктадар (парсы термині) деп атаған. Сөйтіп, жергілікті билеушілер отырықшы-егіншілік халықтан, сол сияқты көшпелі шаруашылықтар мен қолөнершілер қауымдарынан түсетін пайданы алып отырды. Көшпелі әскери ақсүйектер өз тіршілік салтын сақтай отырып та, иқта иелері бола берді. Бара-бара иктадарлар салық жинауда қанаушылық көрсетіп, сол сияқты шарт бойынша пайдалануға берілген иеліктерді өз меншігіне қаратып алуға, тырысты. ХІ-ХІІ ғғ. аралығында Қарахандар мемлекетіндегі икта институтының эволюциясы, ақыры, жер иеліктерін жеке меншікке айналдырған ірі бай иктадар-феодалдар тобын туғызды. Олардың саяси сепаратизмге ұмтылуы заңды еді. Икта институты Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының шаруашылық және саяси өмірінде қарақытайлар кезеңіне дейін елеулі рөл атқарды. Иктадан басқа да ірі феодалдық жер иелену формалары болды. Уәкфтық меншік - ірі байлардың діни ұйымдарға тарту еткен, мемлекеттік салықтан босатылып, діни мекемелердің пайдасына берілген жерлер мен әр түрлі осы меншіктегі мүліктер.
Халықтың басым көпшілігі көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Жылқы шаруашылығының үлесі зор болды. Ол туралы Ж.Баласағұнидің «Құтадғу Білік» поэмасында айтылады. Сондай-ақ, қой, түйе, ешкі және ірі қара мал түліктері де өсірілді. Көшпелі халық үшін аң аулау да маңызды еді. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының бір бөлігі егіншілікпен айналысып, бау-бақша өсірді. Іле, Шу, Талас, Сырдария бойында орналасқан халық балық аулаумен де айналысты. Сол сияқты түркі тайпаларының отырықшылыққа көшу үрдісі жүріп жатты. Ұлы Жібек жолындағы сауданың да өркендеген кезеңі Қарахандар дәуіріне сай келеді. Қарахандар кезеңі - қала мәдениеті ерекше дамып, гүлденген кезі. Қалалар қолөнер, сауда, саясат және дін мен мәдениет орталықтары қызыметін атқарды. Әйгілі Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни - Қарахан мемлекетінің бас қалаларында өмір сүрген. Араб ғалымы Йакуттың айтуынша Баласағұннан басқа да мұсылман ғұламалары шыққан. Мысалы, Әбу Абдаллаһ Мухаммад ибн Мұса әл Баласағұни ат-Түрки, ол Бағдатта дінді (фикхты) оқып, кейін Дамаскіде қайтыс болды. Қарахандар тұсында түркі мәдениеті жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. Медреселер, мешіттер мен мазарлар салынды. Ғылым мен білім саласы, өнер, тіл, әдебиет дамыды.
Қарахан мемлекеті екі иеліктен тұрды: 1) Шығыс хандық. Оның жері Оңтүстік Шығыс Қазақстан мен Шығыс Түркістан, астанасы Баласағұн, кейде Қашқар қаласы болып тұрған; 2) Батыс хандық. Орталығы Тараз, кейде Бұхар болған. Шығыс хандық қарахандықтардың негізгі бөлігі болып саналған. Сондықтан да оның қағаны дәстүр бойынша ұлы қаған деп есептелген.
Қарахан мемлекеті жер үлесі жүйесі негізінде құрылғанымен ерекшеленеді. Осы жүйе саяси тартыстарға алғышарт жасады. 1005 жылдан бастап шығыс қарахандар басшысы атақты Қадыр хан Юсуф күшейіп, 1017-18 жж. ол бүкіл Қарахандар мемлекетінің жоғары билеушісіне айналды. Біраз уақыт ол Ғазнауи сұлтаны Махмұдпен одақтасып батыс қарахандар әулетіне жататын Әли тегинге қарсы Мәуреннахрды тартып алу үшін соғыс жүргізеді. Бірақ, бұл әрекеттер нәтижелі болмайды. Қадыр хан Юсуфтың мұрагерлері де Әли тегинге қарсы саясатты жалғастырады. Бұл кезеңде Мәуараннахрда саяси билікке Ибраһим ибн Насыр жетеді. 1040 ж. ол Орта Азиялық иеліктерді толықтай өзіне қаратады. ХІ ғ. 30-шы жылдарының аяғында Ибраһим ибн Насырдың тұсында Қарахан мемлекеті екіге бөлінеді. Біріншісі, Батыс Қарахан хандығы (Мәуараннахр, орталығы Үзкент, кейіннен Самарқанд), екіншісі, Шығыс Қарахан хандығы (Жетісу, Қашқар, сол сияқты Тараз, Исфиджаб, Шаш, Ферғана аймағы кірген), саяси орталығы – Баласағұн, кейіннен Қашқар. Екі мемлекеттің шекарасы Ходженттен, Сырдарияны бойлай өтті. Екі қағандықтың билеушілері арасында саяси тартыстар мен әскери қақтығыстар болып тұрды. 1042 жылы Арслан хан Сүлейман тұсында мемлекеттің екіге бөлінгені заң жүзінде бекітілді. Алайда, Шығыс қағандықта билік үшін талас жалғаса берді. Ақыры, елді 15 жыл бойы (1056-1074) Қадырханның ұлдары - Тоғрұл хан және Боғра хан Харун биледі. Олардың тұсында Ферғана Шығыс қағандыққа күштеп қосылады. Боғра хан Харун билік құрған кезеңде (1074-1102) мемлекетке Селжүктер тарапынан қауіп төнді. 1089 ж бастап Боғра хан Харун Селжүқ сұлтаны Мәлікшахтың вассалына айналады. Сұлтан Санжар билігі тұсында (1118-1157) Селжүктер Мәуараннахрда шексіз билік жүргізеді. Осы кезеңде Қарахан әулетінің саяси құлдырауының белгілері біліне бастайды. 1089 жылы Орта Азиядағы Салжұқ сұлтандығы шабуыл жасап Самарқант қаласын басып алады. Осы кезде Шығыс Қарахан қағанатына Шығыс Түрік қағанатының билеушісі Тоғырыл шабуыл жасап Қашқар қаласын өзіне қаратты.
ХІІ ғ. екінші ширегінің басында қидандар (қарақытайлар) алдымен Жетісуды, Баласағұнды, сосын Шығыс Қарахандарының барлық иеліктерін түгелдей басып алып, Батыс Қарахандарға да қауіп төндіреді. 1141 ж. Қарахан-Селжүк әскерін Қатуан даласында (Самарқан өңірі) талқандаған қарақытайлар Қарахандар елінің екі хандығын да өзіне қаратады. 1210 жылы шығыс Қарахандар әулеті наймандармен күрес барысында үзіліп кетеді. Ал 1212 ж. хорезмшах Мұхаммед батыс қағандықтың соңғы билеушісі самарқандық Османды өлтіреді.
Осындай шапқыншылықтан кейін ХІІ ғ. бірінші жартысында Қарахан мемлекеті іс жүзінде жойылады.