Қыпшақ хандығы (ХІ ғ. басы–1224 ж.). Біздің жыл санауымыздың ІІ мыңжылдығында мұсылман деректерінде және ежелгі Русь жылнамаларында Еуразия даласының шығысында Алтай тауларының Қарпаттың орманды бөктеріне дейінгі аралық «Дешті Қыпшақ» деп атала бастады. Парсы тілінен аударғанда қыпшақ даласы. ХІ ғасырда Насир-и Хусрау Хорезмнің солтүстік-шығысындағы жерлерді Дешті Қыпшақ деп атады (Бартольд В.В. Кыпчаки. Соч. в 10 т. М., 1968. Т.5. 550 б.). Кезінен «Дешті Қыпшақ» жері деп Балхаш көлінің солтүстігін және Сырдария өзені, Ертіспен Еділге дейінгі далалық аумақты атауы. Орыс деректерінде ХІ-ХІІІ ғғ. Еділден Днепрге дейінгі территория «Половец даласы» деп аталды.
Мұсылман авторларында қыпшақ, батыс Еуропа хроникаларында коман, орыс жылнамаларында половцы – деген атаулар бір халыққа тиесілі болды. Сонымен қатар деректерде – кинча, сары, хардиаш, палоч, плавцы, куны атаулар кездесті.
Қыпшақтар туралы мәліметтер әр-түрлі жазбаларда кеңінен б.з. ІІ мыңжылдығында кездесе бастайды. Мұның басты себебі олардың осы кезеңдегі көрші халықтардың саяси өмірінде маңызды орын алған. Оның ішінде әскери қақтығыс, соғыс жағдайларына, территориялық орналасуы сияқты мағлұматтарға жете көңіл бөлінген.
Қыпшақтардың тарихын ІХ-ХІІІ ғасырларға жататын араб-парсы деректері арқылы ғалымдар қарастырған. Кейбір зерттеулерде қимақ-қыпшақ атауларын қатар қояды. Олардың бір этникалық топты құрағандығын көрсетеді.
«Қыпшақ» атауы ең бірінші рет 760 ж. ежелгі түркілердің руникалық ескерткішінде аталады. Мұсылман деректерінде қыпшақтар тұңғыш рет араб географы Ибн Хордабектің (ІХ ғ.) жылнамалық жағынан VІІІ ғ. жататын, түрік тайпаларының тізімінде көрсетіледі. 656 ж. Батыс түрік қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының солтүстік жағы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтардың едәуір мол топтары кимектердің басшылығымен тайпалар одағының өзегін құрайды. Алайда негізгі қыпшақ тайпаларының өзін-өзі билеуге ұмтылған талабы VІІІ ғ. соңында оларды Кимек федерациясынан бөлініп, олардан әрі, батысқа қарай көшуіне апарып соғады. Бірақ қыпшақтар түбірлі тәуелсіздікке жете алмайды. ІХ-Х ғғ. қыпшақтар тарихы кимектер тарихымен қоса өрбіді: қыпшақтар кимек қағанатына саяси тәуелді болады, конфедерацияға, одан кейін Кимек қағанаты құрамына кіреді.
ХІ ғ. екінші жартысында қыпшақтар Маңғыстау мен Үстірт жерлеріне тұрақтап, олармен бірге сол арада оғыз тайпаларының біраз топтары да көшіп-қонып жүреді.Қыпшақтардың ХІ ғ. орта кезінде батысқа қарай жылжуының бастапқы кезеңі Махмұт Қашқаридің жағрафиялық картасында бейнеленген, ол картада қыпшақтардың мекені Еділдің ар жағы мен Каспий теңізінің арғы бетіндегі солтүстік-батыс жерлері көрсетілген, ал Еділ өзенінің өзі Қыпшақ елі ішінде қалады.Қыпшақ хандары өз мемлекетінің шекарасын кеңейте отырып, оңтүстікте Тараз қаласының маңына дейін жетеді, сөйтіп Қарахандармен шектесіп жатқан жерден Қанжек Сеңгір бекінісін салады. Қыпшақ билеушілері мен Қарахандар арасындағы табиғи шекара Балқаш көлімен Алакөл шұңқырының көлдері болады.
Солтүстік-шығыс бетте қыпшақтар өркениет пен мәдениеттің Саян-Алтай ошағымен байланысты болған, бұл мәдениетті қырғыздар мен хакастар жасаған. Қыпшақ хандығының солтүстік шекарасы қазіргі қазақ даласын Батыс Сібірден айырып тұратын орманды дала зонасы арқылы өткен. Солтүстік Батыс жағында қыпшақтар Еділ бойы мен Орал өңірінің халқымен этникалық мәдени және саяси байланыста болған.Қыпшақ тайпаларының этникалық территориясы өздерінің этникалық-саяси бірлестігі шебінің тұрғысынан қарағанда, негізінен тұрақты болған, тек оңтүстік-батыс шекарада ХІІ ғ. 30-жылдарынан бастап Хорезмшахтар мемлекеті тым белсенді саясатты жүргізуге көшеді. Қыпшақ тайпаларының ХІ ғ. екінші жартысы мен ХІІІ ғ. бас кезінде бұлғарлармен және башқұрттармен өзара алыс-беріс жасап, аралас-құралас болғандықтан қыпшақ тілі мен мәдениеті оларға ықпал еткен.
Қыпшақ ақсүйектері Шығыс Дешті қыпшақ тайпаларының қоныстанатын жерін едәуір кеңейтуге себепші болған және Сырдария бойындағы Оғыздар мемлекетімен, Орта Азиядағы Салжықтар, Хорезмшахтар және Қарахандар әулеттерімен соғысқа және соғыстарға әкеліп жеткізген ХІ ғ. бірінші жартысындағы оқиғалар қыпшақтар мемлекетін құрудың объективті себебіне айналды.
Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және жіктік жағынан да тең болмаған. Мүліктік теңсіздіктің негізі – малға жеке меншік болып табылады. Негізгі байлық жылқы болған. Жазба деректерге қарағанда қыпшақтар еліндегі көптеген тұрғындардың бірнеше мыңнан жылқысы болған, ал кейбіреулердің жылқысының саны 10 мыңға жеткен және одан да көп болған. Қыпшақ отбасының меншігіндегі малға ру-тайпа белгілері – таңбалар басылған. Көп малы бар ақсүйектер жеке меншігіне заң жолымен бекітіп берілмесе де, мал жайылатын өрістің бәрін меншіктеген. Жайылымдарды бөліп беруді, көші-қон мәселелерін реттеп отыруды қыпшақ хандары мен тайпа тектілері уысынан шығармаған.
Бүкіл мұсылман Азиясы ішінде бірінші орын алуға ұмтылған Хорезмшах Мухаммед (1200-1220 жж.) мемлекеті құрамына ХІІІ ғ. бас кезінде Сығанақ облысы да кіреді. Сығанақ иелігінен айырылып қалғанына қарамастан, қыпшақ хандары Хорезмге қарсы қажырлы күресін жалғастыра береді. Жент қаласынан солтүстікке қарай Дешті қыпшақ еліне Мұхаммед Хорезмшах талай рет жорық жасайды. 1216 ж. Қадырханға қарсы аттанған әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетіп, Торғай даласында қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді қуалап келе жатқан Шыңғыс хан қолымен кездейсоқ соқтығысып қалады. Сұлтанмен айқасып қалғаннан кейін, монғолдар түн жамылып шегініп кетеді. Бұл монғолдардың Қазақстан жерінде алғаш рет болуы еді, бұған ілесе қыпшақтардың Хорезмшахтармен ұзаққа созылған бәсекесі тоқтап қалады. Моңғол басқыншылығының дәуірі келіп жеткен еді.