Поэмаларының саны үшеу. Олар «Масғұт», «Ескендір», «Әзім әңгімесі»



бет3/4
Дата06.06.2023
өлшемі28,8 Kb.
#99155
түріПоэма
1   2   3   4
Байланысты:
абай поэмалары

2.2. Абайдың поэмалары
Барлық шығыс поэзиясында Ескендірдің сипаты осы алуандас зорайып, қастерлеп алынған болатын. Ал Абай поэмасына келесек, мүлде олай емес. Жасы әрең жиырма бірге келген, атыраптағы көрші елдердің бәрін бағындырмақ боп, онды-солды қастан көз тастап түрған жаһангер, қан төккіш патша көрінеді. Қанша алса да тоймайтын, қанағатсыз хан бейнесі беріледі. Сол тыйымсыз, тойымсыз әміршінің өз өмірінде жалғыз рет тылсым қуаты бар, жасырын сыры бар және жол бермес тас қақпаға кездесуі Абайша үлкен мол мағынамен келтіріледі.
Ескендір Абай поэмасында дәріптелмей, сыналады. Оған ақылшы болған Аристотель өзінің әмірші патшасынан сонағұрлым биікте, анық қасиет иесі бой суреттеледі. Бұл Абайдың өзі айтатын афоризм, "бақпен асқан патшадан мимен асқан қара артық" деген терең сырлы нақылға дәл келетін халдер.
Осы айтылған жайларға қарағанда, Абайдың әкімшілікке көзқарасы бұрын мұсылман ғаламында болмаған жаңа сыншыл биік ойды танытады. Ескендірге де мұсылманның өткен тарихы, аңыздары, діншіл үгіттері ұйғарған табыну көзімен қарамайды. Азат ойлы, еркін, әділ сыншы шығыс елдері таныған авторитеттің маскасын сыпырады. Өзінің гуманистік, адамгершілік нанымдарының тұрғысынан қарайды. Өз заманының озат ойлы сыншыл жазушыларының туралық ойын таратады.
Бұнымен Абай Шығысқа қатты беделді боп жайылған ұғым-нанымдардың баршасына енді үлкен сынмен, талғаумен қарайды. Көп жәйді қайта бағалайтын, жаңаша саралап беретін ұстаз ақын екендігін танытады. Сонымен қатар айтылатын тағы бір өзгеше күй бар. Ол, Абайдың өзінен бұрынғы шығыс классиктерінің ұлы мұраларына баруда қолданған творчестволық іздену жолдары туралы. Абай Низами поэмасынан әңгімелік көп деректер алады. Бұл жөнде ол белгілі дәрежеде шығыс әдебиетінде жүрген тұрақты бір дәстүрге соғады. Көпке мәлім болған тарихи шындықтар бойынша, шығыста бір классик жырлаған тақырыпты келесі буында, тағы бір шығыс ақыны қайталап әңгіме ететін тың дастандар шығаратын дәстүр бар еді.
Сол қатарда Жүсіп — Зылиха тақырыбын, Ләйлі — Мәжнүн, Фархад — Шырын, Жеті шүғыла және осы Ескендір турасын немесе "құстар тілі" деген сияқгы тақырыптарды бірінен соң бірі қайталап жазған ірі классиктер бар. Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды занды жол еткен. Тек алдыңғының өлеңін алмай және көбінше алдыңғы айтқан оқиғаларды негізінде пайдаланса да, көп жерде өз еркімен өзгертіп отырып, тыңнан жырлап шығаратыны болады. Бұлайша бір тақырыптың әр ақында қайталауы ешуақытта аударма деп танылу керек емес. Ол өзінше бір қайта жырлау, тыңнан толғау немесе ақындық шабыт шалым сынасып, жырмен жарысу есепті бір салт еді.
Шығыс поэзиясы бұл салтты занды деп біліп, осы дәстүрге "нәзира", "нәзирагөйлік" деп атау да берген. Абай сол дәстүрді жақсы біліп қана қоймаған, қолданған да, нәзира жолымен, алдыңғы ақынның поэмасы бойынша қайтадан жаңа поэма жазатын бұрынғы ақындар да кейінгі заманының көзқарасын, творчестволық жаңа поэзиясын танытады.
Мысалы, Низамидің "Хамсасында" жырланған "Ләйлі — Мәжнүн", "Хұсрау — Шырынды" өзбектің ұлы классигі Науаи қолға алып жырлағанда, көп тың жаңалықтар қосқан. Науаи өз дәуірінің ойшылы, өкілі болып отырып, Ләйлі мен Мәжнүннің махаббатына да тыңнан шындық сипаттар берді. Ал "Фархад — Шырында" Низамидегідей емес, Хосрау патшаны үлкен сыншыл оймен әшкерелеп, зұлымдық сыпатта суреттейді.
Абай болса, XIX ғасырдың орыс пен Европаның ағартушылық, гуманистік және сыншыл реализм бағытындағы үлкен үлгілерімен тәрбиеленген ақын болғандықтан, Ескендір жайында өз заманының тың сындарын еркін пайдаланады. Және өз поэмасының соңғы шумақтарында алыстағы Ескендір жайынан әңгіме қозғап келсе де, қорытынды өсиеттерін өз замандарына, өз оқушыларына арнайды. Бұрын өзге өлендерінде өзі айтып келген негізгі ойларға әкеліп саяды.
Адамгершілік, ақтық, шындық, мінезділік жөнінде өзі ұсынған жолдарын белгілі бір аңыз арқылы тағы да көңілге қонымды етіп, таныта түсуге талап етеді. Сол жөнде Абай да, Низами, Науаи, Физули сияқгы, өзі қадірлеген классиктердің нәзирагөйлік үлгісін творчестволық жолмен пайдаланып, қолданған дейміз.
Жалпы композициялық құрылысын алғанда, "Ескендір" — Абайдың ең жақсы поэмасы. "Масгұттай" емес, бұнда сюжеттік құрылыс бастан-аяқ бір түйіннің айналасына топталады. Адамдарының мінездері, істері арқылы біртіндеп ашылады. Соның ішінде "Ескендір" сияқты поэманың бас геройы шығарманың басынан аяғына шейін оқиға арқалығы болып отырады. Барлық суреттер, кездесулер мен қайшы келетін мінез, әрекеттер және түйінді ойлар — баршасы да бір Ескендірдің басымен байланысты болады.
Поэмасының ең соңындағы бірнеше шумақтарда Абай дидактикалық, ойшыл-өсиетшілік қорытындыны Ескендірден бөлек бір жәй етіп айтады. Бұнысы поэманың жоғарыда біз айтқан идеясына байланысты.
Абай бұнда да, Масғұт турасындағы аңызға барғандай, ескілік материалына текке бармайды. Өзіндік өсиеттерін шартты түрдегі аңыз-әпсанаға бөлей отыра, қызықтыра ұсынбақ болады. Сондықтан поэманың әңгімелі, оқиғалы желісін жетер өрісіне жеткізіп болған соң, жырдың аяғын, жаңағы айтқандай, моральдық, адамгершілік байлау мен толғауга, сентенцияға әкеліп тіреуі занды болып көрінеді. Поэманың шумағы, өлең жолдары, буын өлшеуі, қолданатын ақындық сөздігі — бәрі де шешендік, нақтылық жағынан қарағанда, Абайдың ақындық өнеріне сай келген. Бұлар поэманың түтас бітімді шығарма болуына нық жәрдем етеді.
Абайдың 1933 жылғы жинағында алғаш рет басылған бір поэмасы — "Әзім".
Бұл поэманың тақырыбы "Мың бір түн" ертегісінен алынған. Қазақ ортасында ауызша кеп айтылып жүретін "Мың бір түннің" бір тарауы — "Әлидің Әзімі" деген ұзақ ертегі болатын. Сол ертегінің ішінен жас бала Әзімнің жетімдік шағы, жігіттік кездегі басынан кешетін бейнет соры, кейін барып өзінің туралығы, жазықсыздығы арқылы арманына жететін оқигалары Абайдың поэмасына желі, арқау болған тәрізді.
Бұл поэманың ішінде Абайды қызықгырған тағы бір адам — аяр шал болады. Ол шалдың кәсібі өзгеше. Қара тасты алтын ететін амалы бар. Осындай әрекет соңына түскен адамның жайы шығыста ертегі ғана емес. Химия ғылымы деп аталып жүретін алхимия жайынан туған неше алуан жасырын сырлы әңгімелер бар-ды. Ондай әңгіме нанымдар шығыста ғана көп жайылған емес. "Философский камень" дейтұғын, қара тас пен қара металлы алтынға айналдырып, ғажайып сырлы бөлекше бір затты іздену орта ғасырлық Европада талай фантастикалық әңгіме, аңыздарды көп тудырған.
"Мың бір түннің" "Әзім" әңгімесі сол жаңағы жайдың шығыста да өзгеше орын алатынын аңғартады. Бірақ халықгың сыншыл ойы кейін ол әрекеттер арасында болып жүретін неше алуан арамшылық, аярлықтарды танытады. Көпті алдап, жем ететіндерді өз әңгіме, аңыздарымен әшкерелейтін болады.
Абай шығыс ертегісінің осындай өзгеше мән, тартыстарына қызыққан болу керек. Поэманың бастауына қарағанда, әкесі өлген жазықсыз, тәжірибесіз жас баланың аярға кездесіп, алданған бейнесі көрінеді. Бірақ бұл поэма Абайда аяқталмай қалады. Өз уақытында аяқталған болса да, жалғыз ғана қолжазба болып, мезгілімен көшірілмей, тозып-шашылып кетеді. Сөйтіп, соңғы бөлімдері жоғалып қалады. Сондықтан қолда қалған үзіндісі бітпеген поэма болып басылып жүр.
Жоғарыда тексерілген "Масғұт", "Ескендір" поэмасынан мына поэманың жазылу үлгісі басқарақ. Бұнда Абай, Пушкиннің орыс ертегілерін балаларға арнап, өлең еткені тәрізді, жеңіл тілді, қызық оқиғалы әңгіме жасамақ сияқтанады.
Бұл алдыңғы поэмалардай ойшылдық, зор тәрбиешілік мақсаттар көздеп жазылған шығарма емес. Халық аузындағы әңгіменің өзін ғана, барлық оқиғаны рет-тәртібімен жеңіл өлең етіп берудің талабы танылады.
Ал өлендік құрылысына, кейбір сөз кестелерінің, ұйқастарының оншалық Абай шығармаларына лайықты шеберлікке сай келмейтініне қарағанда, бұл поэманы оншалық жоғарғы дәрежедегі көркем шығарма деуге келмейді.
Біздің ойымызша, 1927 жылы осы поэманың текстін Абай шығармаларын жинаушыларға табыс еткен Ырысайдың Ысқағы Абай поэмасының ұмытылған немесе ескірген, қолжазбада өшіп қалған кейбір жолдарын өз жанынан да "төлеу" салып, аламыштап жіберген сияқгы. Өйткені поэманың кейбір ұйқастары, кей кезде жол ішінде сөз құраулары Абайдың ақындық шеберлігіне, поэтикалық лексикасына жанаспайтыны да бар.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет