187 Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы ШӨРЕНГЕ 1-өлең Арықты бекер мініп төпелейсің,
Кедейдің жауырына төтелейсің.
Қасыңа қансонарда ертіп алып,
Несіне қара көкті жетелейсің?
Қайырып ақ тұйғынды салғандай боп,
Қолға алып Кезқұйрықты мəпелейсің.
Мінгенің астыңдағы өгіздей-ақ,
Қарамай алды-артыңа төпелейсің,
Сөзіме менің айтқан түсінбесең,
Наз қылып маған неге өкпелейсің?
Қақтығып үлкенге де, кішіге де.
Аптығып, айтпас сөзді төкпелейсің.
2-өлең Сөзіңді кім тыңдамас, жүйе болса,
Ғашықтық балбыраған шие болса.
Ақ жүзің кімге дəрі, керек емес,
Жұқпалы, оты сөнген күйе болса.
Нартайлақ жез бұйдалы деп жүргенім,
Тайлақшам жабу жапқан түйе болса.
Атымды көкорайға шалдырғаным,
Қолыма Ақтұйғында қондырғаным.
Ақ тұйғын деп жүргенім қара болып,
Отырып шаппай желмей болдырғаным.
Жамылдым жанат ішік деп жүргенім,
Жанатым шекпен болып тоңдырғаным.