1955 жылдан бастап Қазақстанда көмір өнеркәсібінің дамуы елеулі кезеңге аяқ басты. Осы жылы Екібастұз алабында 3 тілік пайдалануға берілді. Солардың бірі – жылына 50 млн. т көмір өндіретін дүние жүзіндегі ең ірі “Богатырь” тілігі. Екібастұз алабындағы көмір қоры (10 млрд. т) жер бетіне таяу жатыр әрі көмір қабаты 200 м-ге дейін жетеді. Осыған орай мұнда көмір ең тиімді ашық әдіспен қазылып алынады.
Қазақстанда көмір өнеркәсібі орындары 1980 ж. 115 млн. т, 1985 ж. 131 млн. т көмір өндірді.
Қазақстандағы алғашқы көмір өнеркәсібі
Көмір өндіру көлемінің ең жоғары деңгейіне 1988 ж. қол жеткізілді (143 млн. т). Экономикалық реформалар жағдайында жүргізілген құрылымдық өзгерістерге байланысты көмір өндіру көлемі республикада 1989 жылдан бастап (138 млн. т көмір өндірілген) азая бастады.
1990 ж. республикада 131 млн. т көмір өндірілген болса, 1997 ж. өндірілген көмірдің көлемі 72,6 млн. т болды.
Дағдарыс кезеңі
1990 – 97 ж. елде көмір өндіру көлемі 44,6%-ға құлдырады.
Нарықтық экономикаға көшудің өтпелі кезеңіндегі қайта құру барысында көмір өнеркәсібі саласындағы мұндай дағдарыстың өзіндік объективті себептері болды:
Дағдарыстың өзіндік объективті себептері
1. Отын-энергетика кешенінің (ОЭК) жұмыс істеудегі мақсаты өзгерді. Бұрын сандық көрсеткіштер көмір кәсіпорындарының әрқашан басты сипаттамалары болып есептелді, өйткені көмір стратегиялық шикізат қоры болып саналатын еді. Өнімнің сапасына назар аударылмады. Көптеген жылдар бойына бұрын іске қосылған шахталарды сақтай отырып, жаңа шахталар кең ауқымда салынып келді;
2. ОЭК жаппай мемлекеттік меншіктен (олардың қорларын, мүлкін, өнімін қоса) меншіктің түрлі нысандары мен қатынастарына (жекеше, ұжымдық, мемлекеттік, аралас) көшіріле бастады. Нарықтық экономика талаптарына орай, көмір өндіретін кәсіпорындардың санын қысқарта отырып, басқару қайта ұйымдастырылды, көптеген тиімсіз, залалды шахталар жабылды;