Қазіргі түркі халықтарының, олардың ішінде қыпшақ тобына жататын халықтардың қоғамдық, этнографиялық, саяси-әлеуметтік, әдеби-мәдениеттік, тілдік тарихын зерттеуге «Кодекс Куманикус» материалдарының тигізер пайдасы мол. Тіл ерекшелігі жағына ол қазіргі түркі тілдерінің, солардың ішінде қазақ тілінің орта ғасырдағы табиғи қалпын көрсетеді. «Кодекс Куманикустен» қазіргі қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі болып табылатын кейбір грамматикалық құбылыстар байқалады. Мысалы, ондағы сөздерде «ш» – аш (ач емес), «с» – тас (таш емес), «ж» – жол (йол емес), «т» – тізе (дізе емес), «к» – кел (гел емес), «у» дыбыстары – тау (тағ емес) айтылады. Көне түркі тіліндегі қатаң дыбыстардың орнына қыпшақ тілінде ұяң дыбыстар: кішік (кічік емес), еріндік дыбыстардың орнына езулік дыбыстар жұмсалады: келгіл (келгүл емес), т.б.