гипофиз
эпифиз
қалқанша
қалқан серік
айырлы (тимус)
бүйрек үсті
ұйқы (қарын асты) безі
жыныс бездер
Баланың эмбриондық дамуы кезінде кейбір ішкі секрециялық бездер қызмет атқара бастайды да жатырдағы баланың дамып, жетілуіне әсер етеді. Бала туғаннан кейін ол бездердің қызметінің басталуы әр безде әртүрлі болады. Түрлі эндокриндік бездердің қызмет дәрежесі баланың өсуі мен дамуы барысында оның жасына, жынысына, ауа райының жағдайына және басқа мүшелері мен мүшелер жүйесінің қызмет қабілетіне байланысты болады.
Ішкі секреция бездерінің қызметін өз тарапында орталық жүйке жүйесі реттеп отырады. Ішкі секрециялық бездердің гормондары, олардың қызметі. Ішкі секрециялық бездердің өнімі гормон - өте белсенді химиялық зат. Ол ішкі секрециялық безде түзіліп қанға немесе лимфаға сіңіп, мүшелер мен мүшелер жүйесіне, тіпті бүкіл организмге әсер етеді. Осыған байланысты ішкі секрециялық бездер қан тамырларына бай келеді.
Адам организміндегі гормондардың ішінде гипоталамус-гипофиз-бүйрек үсті бездері гормондарының маңызы өте зор. Олар өздері жеке жүйе ретінде қарастырылады. Бұл жүйе организмнің біртұтастығын сақтауға қатысатын физиологиялық қызметтердің негізгі, әрі маңызды реттеушісі. Бұл жағдайда мидың гипоталамус бөлігі жоғары дәрежедегі қыртыс асты ішкі секрецияның реттеушісі болып есептеледі. Оның бұл қызметі гипофиз безінің жұмысына дем беруші химиялық өнімдер -нейросекреттерді (грек. нейрон - нерв клеткасы + секрет) өндіру және шығару арқылы орындалады.
Гипофиз немесе төменгі ми қосалқысы бас сүйегінің "түрік ері" деп аталатын сүйегінде орналасқан. Ол ортаңғы мимен көрші орналасады және онымен екі жақты көптеген байланысы бар. Соңғы жылдардағы мәлімет бойынша гипофиз бен аралық мидың гипоталамус бөлігінің арасында 100 мыңға дейін байланыс жүйке талшықтары бар.
Жаңа туған нәрестенің гипофизінің салмағы 10-15 мг, бірақ 10 жасқа дейін 30 мг-ға дейін өседі де, жас өспірімдерде ересек адамның мөлшеріндей болады. Ол ересек адамда 50-65 мг, пішіні сопақшалау болады. Гипофиздің көлемі баланың жасына лайық ұлғаяды, әрі "түрік ері" сүйегінің өсуіне байланысты өзгереді. Жаңа туған сәбидің бұл сүйегі 2,5 х 3 мм, 1 жасқа жеткенде 4x5 мм, ал 16-18 жасқа дейін 9 х 11 мм болады. 18 жастан кейін әр адамның организмінің ерекшеліктеріне сай өзгереді. Емханада гипофиздің мөлшерін "түрік ерінің" мөлшеріне қарап анықтайды.