Программа дисциплины (Syllabus)


Тақырып 3. Шешендік сөздерді жанрлық жүйелеу принциптері. Методологиялық ізденістер мен зерттеу бағыттары



бет4/22
Дата25.04.2023
өлшемі459 Kb.
#86503
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22
Байланысты:
Силлабус Медиариторика 6В01701

Тақырып 3. Шешендік сөздерді жанрлық жүйелеу принциптері. Методологиялық ізденістер мен зерттеу бағыттары
Мақсаты: Қазақ шешендік сөздерін түрлендірудегі көрінген зерттеу әдіснамалары туралы түсінік беру.
Қазақ шешендiк өнерi жайындағы ғылымның тарихы да шешендiк өнер тарихы секiлдi арыда жатыр. Бұл ретте: ”Ұлттық шешендiк өнер ғылымының тарихы, әлбетте, ”Шығыстың Аристотелi” атанған отырарлық оқымысты Әбу Насыр әл-Фарабиден басталады. Ол ”Риторика” атты күрделi трактатында ғылыми-теориялық топшылауларын алдымен кәдiмгi тәжiрибелiк iс-мақсаттан, қолдану аясынан туындатады”,- деп жазады шешендiк өнер хақында жүйелi еңбек жазған ғалым С.Негимов.
Әбу Насыр әл-Фарабидiң ”Риторикасы” шешендiк өнердi әлеуметтiк-қоғамдық, мемлекет тағдырын шешетiн өнер деңгейiнде қарастыра отырып сөйлеу процесiнiң қыр-сырларын нақтылады. ”Нақтылып айтқанда, көз жеткiзу, көкейге ұялату, ұғып тыңдау, дәлелдi пiкiр айту, шыншыл көзқарас, тиянақты бiлiм, сөйлеушiнiң бет-жүзi, қимыл-әрекетi сияқты ұғымдарды жiктеп, бажайлап түсiндiредi”.
Әбу Насыр әл-Фараби еңбегiндегi өзектi ой жемiсi шешендiк өнердегi басты нәрсе ақиқатқа қол жеткiзу дегендi қадағалап отырады. Ал мұның өзi кей жағдайдағы батыс софистерi еңбектерiндегi тек пiкiрге нандыру, сендiру, жүгiндiру сияқты жалаң нәрселердi ғана қуаттап кетпей, жалпы аталмыш ұлы өнердiң бастауларына қайыра соғып отыруды, төркiнiн еске түсiрiп отыруды нұсқайды. Яғни, шешендiк өнердiң пайда болуының өзi шындықты iздеуден басталғанын еске салады. Бұл тұрғыда жалпы шешендiк өнердiң мәнiн ашатын батыс софистерiнен қалған мына бiр дана сөз орынды айтылған деп бiлемiз. ”Платон — менiң досым, бiрақ шындық одан да қымбат” (Сократ), болмаса ”Шешеннiң парызы - шындықты айту” (Платон) .
Қазақ қоғамындағы шешендiк өнердiң, билердiң ролiн пайымдау мақсатымен жазылған ХIХ ғасыр шенiндегi Ш.Уәлиханов пен Құрбанғали Халидтiң еңбектерiн атап өткен орынды.
Ш.Уәлиханов ”Сот реформасын жайындағы жазбалар” дейтiн еңбегiнде аталмыш өнер аясының билiк-кесiм айтылатын дау-дамайда туындайтынын дұрыс пайымдай келе, бұл өнердiң бүтiндей бiр елдiң билiк жүйесiн атқарып тұрған заңдық күшi бар көшпелi өмiрге мейлiнше лайықталған қасиеттi өнер екендiгiн айтады. Бұл орайда Шоқаннан көп кейiнде қазақ оқымыстылары шешендiк өнердiң билiк, заңдық сипатын жоққа шығара қойған жоқ. Мәселен, Ә.Қоңыратбаев шешендiк сөздердi заңдық, нақылдық, философиялық, сатиралық деп жiктейдi.
Ал отызыншы жылдардың басында С.Сейфуллин: ”Ру басы, би болған адамдар, жасынан сол ескiлiктен қалған екшендi, қорытынды тәжiрибе сөздерiн зерттеп ”ескi сөз” бiлетiн адамдардың сөздерiн көп тыңдап, соларды жадында тоқитын. Сондай ескi тҮрмыстан қалған тiл, сөз, өнеге мұрасына ие болып, ”үлгi”, ”өнеге”, ”нақыл”, ”заң” (астын сызған бiз), ”ереже” сөздерiн әдемiлеп айтуға дағдыланып, ысыла беретiн”, - деп жазады.
Ыбырай Алтынсариннiң замандасы Құрбанғали Халидтiң ”Тауарих хамсасында” қазақ даласындағы билiк өнердiң сипатын көрсетумен қатар, бiрқатар билер жөнiндегi деректер бар. Б. Ысқақов бұл жөнiнде: ”Автор сондай-ақ ертедегi қазақ елiнде әдiл билiк айтумен аты шыққан Майқы би, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердi де әңгiме етiп кетедi”, - деп атап көрсетедi.
Ғылыми-сыни зерттеушiлiк ой-пiкiрдiң оянуына мұрындық болған қазақ баспасөзiнiң алғашқы қарлығаштары, әсiресе, ”Дала уәлаятының газетiнiң” шешендiк өнер, билiк өнер қақындағы ой-толғамдарын С. Негимов былайша бағалайды: ”Дала уалаятының газетiнде” қазақ билерiнiң қоғамдағы орны, билiк-кесiм шығаруы жөнiнде бiрнеше мақалалар берiлген. Атап өтер болсақ, ”Қазақ билерiнiң жұмыстарды тексеретұғыны турасынан”, ”Қазақ жұртының тергеу хүкiмi хақында”, ”Бұрынғы замандағы билердiң билiк қылуы”, ”Бұрынғы замандағы қазақтардың билiк қылуы” дейтiн материалдарда ұтымды пiкiрлер, бағалы мәлiметтер, құнды деректер бар”.
Қазақтың шешендiк-билiк өнерiнiң барынша көшпендi өмiр салты, тiрлiгi бар елдiң өмiрiне лайықталғанын Ш.Құдайбердиев ”Би һәм билiк туралы” дейтiн жазбасында: «Қазақтың дауын орыс судьясы бiтiргенiнiң қолайсыздығын бiз айпасақ та тамам қазақ бiледi. Мысалы, қазақ көтере алмастай шығын, оның үстiне әдет рәсiмге терiс болып көп қиыншылық залал болмақ”,- деп нанымды айтады.
Сондай-ақ Ш.Құдайбердиев қазақ шещендiк өнерiнiң бiрте-бiрте жойылып кетуiнiң астарын дұрыс пайымдап, оның сырттан таңылған бөгде бiр билiк формасынан болғандығын да еске салады. ”Билiк туралы қазақтың ескi жолы жоқ емес, қазылған қара жолдай жолы бар. Бiрақ ол жол ұмтылған. Себебi көбiнесе орыс законына қарағандықтан болған”, - дейдi.
Ш.Құдайбердиев пайымдауларының астарында отаршылдықтың қамытын киген, өзiндiк ел билеу жүйесiнен айырылған, ”Есiм салған ескi жол”, ”Қасым салған қасқа жол” және ”Жетi жарғы” сияқты заңдар қағидалары аяққа басылған ел болмысы жатыр.
Ш.Құдайбердиев қазақтың шешендiк билiк өнерiнiң терең тарихи тамырын, өзiндiк iшкi берiк жүйесiн ел ауызындағы мақалға айналып кеткен заңдық бап-қағидалардан көрсетiп бередi.
Мәселен, ”Би екеу болса, дау төртеу болады”; ”Дау құтырса биiн табар, ит құтырса иесiн қабар”; ”Куәлi iстi куә табар, куәсiздi гүмән табар”; ”Айғақтың тазасы гүмәнмен мойынға салар”; ”Бiр дауда екi гүмән жоқ, бiр iсте екi жаза жоқ”; ” Барымта қайтыс болмай, дау айтыс болмай”; ”Тапқан қуанса да, таныған алады”; ”Құдалық белгiсi – сый-сыйт, қоныс белгiсi — бейiт”; ”Кесiмдi малға өсiм бар”; ”Барымта алған мал болмас, қуып алған құн болмас”; ”Ала арқан кеспей арылмас”; ”Ер құны – жақсы жүз жылқы, қатын құны – жартысы”; ”Өзi жығылған өкiнбес”; ”Тағыны жеткен алады, жарлыны кемiткен алады”; ”Тұлпар түп иесiн табады”; ”Жортуыл жолдасына, ұры серiгiне күйедi”.
Бұл тұрғыда, сондай-ақ, дәуiр өзгерiп, ата-бабадан қалған өркениетке өзге бiр елдiң өктем саясаты ықпал еткен тұстағы шешендiк-билiк өнердiң келелi мәселелерiн қаузаған материалдар қатарына Әлихан Бөкейхановтың ”Би һәм билiк”, ”Тағы да би һәм билiк” атты мақалаларын атауға болады. Бұл мақалаларының құндылығы сол, қазақ шешендiк-билiк өнерiнiң европа және орыс билiк өнерiмен салғастыра қарауында.
Ал жалпы шешендiк өнер аясында туындаған сөздердi шешендiк сөздер деп атап, оны әдебиеттiң дербес, жеке жанры ретiнде ғылыми тұрғыдан бажайлау үстiмiздегi ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы А.Байтұрсынов, М.Әуезов және С.Сейфуллин т.б. ғалымдар еңбектерiмен тығыз байланысты.
Аталмыш ғалымдар алғаш рет шешендiк сөздердi ғылыми зерттеудiң көзi (нысаны) ретiнде арнайы қарастырды. Мысалы, А.Байтұрсынов 1926 жылғы ”Әдебиеттанытқыш” атты еңбегiнiң ”Шешен сөз” деген тарауында шешендiк сөздердi бес түрлi iшкi жанрлық үлгiлерге жiктедi: а) саясат шешен сөз, ә) билiк шешен сөз, б) қошамет шешен сөз, в) бiлiмiр шешен сөз, г) уағыз.
Бұл тұстағы шешендiк сөздердiң функциональдық сипатын жазған, Ш.Уәлиханов еңбектерiндегi ой сорабын тереңдеткен, дамытқан ғалым Халел Досмұхамедов.
”Қазақ халық әдебиетi” атты зерттеуiнде Х.Досмұхамедов халық әдебиетiн қырық алты түрге жiктей отырып, соның бiр үлгiсiне, жанрлық түрге ”Билiк сөз” деп шешендiк сөздердi жатқызады. ”Әртүрлi сот iстерi кезiндегi билердiң тамаша үкiм сөздерi, екi жақтың ұтымды даулары мен тапқыр жауаптары, әдетте, ұйқасты мәтел не өлең түрiнде айтылады. Поэзияның бұл түрi билiк сөз (замечательные приговоры судей биев) деп аталады”, - деп атап көрсетедi.
Кең көлемде жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетiнiң тарихын жасауға батыл қадам жасаған еңбек М. Әуезовтің ”Әдебиет тарихы” десек, автор аталмыш еңбекте қазақтың шешендiк сөздерiн әдебиет тарихынан орын тептiрiп, ”Билер айтысы” деген терминдiк атау берiп, өзiндiк пайымдаулармен iшкi үлгiлерге жiктейдi. Бiрақ автор бұл жанр төңiрегiндегi iлiмнiң әлi де болса теориялық шымырлануы қажеттiгiн былайша аңғартады: ”Билер айтысының қазiр де барлық түрлерi жиналып болмағандықтан, екiншi бҮл түрдегi айтыстар ерекше көп болғандықтан, бҮл күнде түгел жiктеп, бөлiп қоюға болмайды. Сондықтан, қазiрде қандай түрлерi кездесетiнiн айтамыз. Бiрақ бұл жiктеу уақытша ғана және ылғи iшкi мағынасына қарап жасалған жiктер болады”.
Бұдан кейiнгi кезенде жалпы шешендiк өнер аясында пайда болған шешендiк сөздердiң құлақ кестi үлгiсi ретiнде қандай жәдiгерлер қарастырылуы, аталуы тиiс деген көкейдегi ойдың пердесiн сыпырған, бұл төңiректегi теориялық ой-толғақтың ненi шиырлауы керектiгiн Әуезовтен кейiн тағы да атап көрсетiп, әдебиет тарихының тұтас бiр дәуiрiн арнаған еңбек С. Сейфуллиннiң 1932 жылғы ”Қазақ әдебиетi” кiтабы болды.
С.Сейфуллиннiң енбектегi ой-зердесi М.Әуезовтiң ой-пiкiрлерiмен астасып, шешендiк сөздердiң негiзi ретiнде дау-дамайда, талас-тартыста туған билер сөзi алынуы керектiгiн зерделеген ой-әлемi жанрға ”билер сөздерi” деген термин-атау ұсынғандығынан анғарылады.
Сондай-ақ С.Сейфуллинның ғалым ретiндегi ой-тұжырымдарының құндылығының тағы бiр қыры мынада: автордың қазақ билерiнiң болмысының халық өмiрiнiң сан-алуан қырларымeн байланыстылығын, билердiң көп қырлы функциясын айта алғандылығында.
Әдебиетшi ғалым С.Негимов бұл турасында ”…бұған қоса ол (би — С.Қ) әрi батыр, әрi әншi-ақын, жыршы, сыншы, сәуегей, шежiрешi, ғұлама, бiр сөзбен айтқанда, әмбебап дарын екендiгiн ескертедi”, - деп пайымдайды.
Қазiрде жаңаша ойлау диалектикасы тұрғысынан әдеби мұрағаттарымызды қайыра екшеп жатқан тұста билер функциясының аясын барынша кең арнада қарастырып жүрген еңбектердегi теориялық ой-пiкiрдiң жоғарыдағы С.Сейфуллин еңбегiнен бастау алатынын көремiз. Мысалы зерттеушi Мұқадес Есламғалиұлы би – көсем, би – шешен, би – ақын, би – заңгер, би – емшi, мәмлегер, би – батыр, би – саясаткер, қоғам қайраткеркерi, би — ойшыл-ғалым, би — психолог, әртiс, би — тәрбиешi деп қазақ билерiнiң халық өмiрiндегi, қоғам алдындағы он түрлi қызметiн түстегенде, жоғарыдағы С.Сейфуллиннiң пiкiрiне сүйенгендiгiн байқаймыз.
Осылайша. шешендiк өнердiң аясын айқындап, халықтық негiздерi мен ұлттық сипатын бағдарлап, көркем сөз ретiндегi теориялық табиғатын тексере бастаған ғылыми-зерттеушiлiк ой-ағым отызыншы жылдардан кейiнгi уақытта әдебиеттану ғылымындағы бел алып кеткен ”тұрпайы социологизмнiң” салқынына ұшырады. Сейфуллин зерттеулерiнде табы сезiле бастаған бұл оңсыз теорияның ықпалы 1945 жылы қорғалған Ә. Мәметованың ”Қазақ билерiнiң шешендiк сөздерi және оның әдебиеттегi тарихи орны” атты диссертациясына керi әсер етiп, кейiн 1948 жылы шыққан ”Қазақ әдебиетi тарихы” атты кiтапта жал-құйрығы күзелiп, кейбiр концепциялары алынып тасталды.
Ұлттық шешендiк өнер, шешендiк сөздер теориясының дамуының келесi бiр кезеңi тiкелей әдебиетшi ғалым Балтабай Адамбаев еңбектерiмен айқындалады.
Балтабай Адамбаев М.Әуезов, С.Сейфуллин, Х.Досмұхамедов ұсынған ”билер сөзi” терминiн ”шешендiк сөздер” терминiмен алмастырып, такырып аясын айқындап, жанрдың iшкi үлгiлерiн мазмұнына қарай үшке, құрылысына қарай екiге бөледi.
”…шешендiк сөздердiң әлеуметтiк және әдеби эстетикалық мәнiн, жанрлық– көркемдiк ерекшелiктерiн ашып анықтау үшiн сөз нұсқаларын талдаймыз және мазмұнына қарай шешендiк арнау, шешендiк толғау, шешендiк дау деп үш салаға топтап зертеймiз”, – дейдi. Б.Адамбаев жiктеуiнiң ғылымилық сипатының тереңдiгi аталған салалардың өзiндiк iшкi түрлерiн көрсетуiнде, әрi ғалымның бұл саланың теориялық толғамды мәселелерiн түгел қамтуға тырысқан адал ниетiнде жатыр.
Ғалымның шешендiк сөздердi құрылысына қарай пернелi және термелi деп жiктеуi, тiлдiк-көркемдiк сипатын екшеуi, шешендiк орта, дәстүр, сондай-ақ шешендiк мектеп мәселелерiн сөз етуi аталмыш саланың поэтикасын жасауға тырысқан ғылыми көңiлiнен. Б.Адамбаев еңбектерiнiң өмiршеңдiгi ғалымның бұл саладағы ғылыми ауанды қалыптастырып, теориялық пiкiрлерiнiң ұзақ уақыт бойы қағидалы пiкiрге айнала алғандығы.
Бұдан былайғы тұста айтарлықтай құнды пiкiрлер берген ғалымның бiрi – С.Садырбаев.
”Халық әдебиетiнiң тарихи негiздерi” дейтiн еңбегiнде зерттеушi: ”қазақтардың шешендiк өнерiн үшке бөлуге болады: а) салтанатты, екпiндi сөздер; ә) нақтылы, қысқа түйiндi сөздер; б) майда, биязы, сыпайы сөздер”, – деп жiктеп, олардың мәтiндерi мен түрлерiн де саралайды.
Теориялық толғамдарды қалыптастыруда қазақ шешендiк сөздерiн жинап-бастырып, алғы сөз жазып, жүйелеп берiп жүрген ғалымдар еңбегi де айтулы. Бұл орайда Т.Кәкiшов, Ж.Дәдебаев, С.Қорабай, Н.Төреқұлов, М. Қазбеков сынды бұл iстiң үлкен жанашырларын атаған лазым.
Қорыта келгенде, ұлттық шешендiк өнер ғылымының қалыптасуы мен өркендеуiнiң жолдары басқа да халықтардың бұл iспеттес өнерiнiң өсiп-өну жолымен қарайлас ғылыми-шығармашылық процестi басынан кешiрiп, әлi де жетiлдiре, айқындай түсетiн келелi мәселелерiнiң бар екендiгiн алға тартамыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет