Бесінші сурет Сағат түнгі екіні соғады. Крайкомның шамы әлі сөнбейді. Бюро әлі бітпейді. Голощекин графиннен стақанға су кұяды, аузына апара беріп, стақанды қоя салады.
Голощекин. Республикаға, Казкрайкомға, оның басшылығына жала жапқаны үшін Мүсірепов, Алтынбеков, Гатауллин, Қуанышев, Дәулетқалиев партиядан шығарылсын. Істері сотқа берілсін! Менің ұсынысым осы.
Сілтідей тынған тыныштық. Тек қабырғадағы сағат сыртылы естіледі. Сыртта мауыққан мысықтардың баж-бұжы шығады. Голощекин стақандағы суды ішпек болып, қайтадан қоя салады. Жеткірініп, Иванов қол көтереді.
Иванов. Жолдастар! Хат иелері жас коммунистер екен. Жастыққа қателесу тән. Сондықтан, Филипп Исаевич, оларды бірден партиядан шығару керек дегенге мен келісе алмаймын. Ескертумен тынайық.
Голощекин (орнынан атып тұрып). Жоқ! Жоқ! Бұл жастықпен қателесу емес. Бәлеқорлық, жалақорлык. Бұл керек болса (саусағын аспанға шошайтады) ұлтшылдықтың бас көтеруі. Біз ұлтшыл уклонистерді жойдық деп мәз болып жүрміз. Ұлтшыл уклонистер: Рысқұловты, Ходжановты, Мендешевті, Нұрмақовты, Садуақасовты арамыздан аластадық, республикадан қудық деп ерте масайрағанбыз. (Су ішпек болып, стақанды аузына апара беріп, жиіркенгендей қоя салады). Сөйтсек, олардың кұйыршықтары бар екен. (Мүсірепов жаққа саусағын шошайтып). Мәскеудегі Рысқұловпен, тағы басқалармен байланыс жасап тұрады екен. Тек қатал жаза!
Иванов (шарасыздана қолын жайып). Жат пиғыл жоқ қой, жан ашыған пікірі үшін қалай жазалаймыз?
Голощекин. Мен өз ұсынысымнан, өз талабымнан қайтпаймын. (Суды ала беріп, аузына тақап, одан бетер ашуланып, үстелге стақанды тарс еткізіп қоя салып). Қайтпаймын! Қайтпаймын!
Исаев. Менде бір ұсыныс бар. Бұл бесеу кінәлі, әрине. Бірақ Филипп Исаевич, сіз айтқандай, жат пиғыл бар ма бұларда? Жоқ ау деймін. Әлі де сынайық. Олар аштық туралы, асыра сілтеу туралы жазған екен. Сол кемшілікті түзесін, бар болса. Жіберейік жер-жерге, көрсін, түзесін. Ал бәрі бекер болса, сонда жазалайық.
Голощекин (шоқ басқандай шошып түсіп). Сен де солай сайрадың ба, Ораз Жанұзақович?! Мәскеуді барып паналаған национал-уклонистердің арандатуымен бес
бұзық Крайкомға жала жабады. Ал сен де оларды қорғайсың!
Исаев (күмілжіңкіреп). Олардың хатын мүлде жала деуге келер ме екен?..
Голощекин (екі қолы ербеңдеп). Жала! Жала! Біз Октябрь революциясының дауылы тек жанап қана өткен Қазақстанда «Кіші Октябрь» орнатып, сол арқылы дауыл тұрғызып жатырмыз. (Қолымен дауылды суреттейді.) Дауыл ескі дүниені қоқыстан тазартады! (Кеудесін ұрып.) Біз Қазақстанда жаңа тарихтың жасампаздарымыз! Дауыл! Дауыл! Жаңа тарих. Түсінесіңдер ме? Ал мұндайда кейбір шығын болуы диалектикалық заңдылық!
Мүсірепов (басын тәуекелге тіккендей қатуланып). Диалектикада халық жаппай қырылсын деген заң жоқ!
Голощекин (шыңғырып). Сен, шала сауатты азиат, диалектикадан не білесің?
Мүсірепов (сазара, саспай). Мен білетін маркстік диалектикада ондай сойқан жоқ. Сіздің айтып тұрғаныңыз Римнің баяғы императорлары Нерон мен Калигуланың «диалектикасы».
Зал тына қалады. Әлгіде ғана оны жақтап тұрған Иванов та басын шайкап, ернін тістейді. Әлгі сөздерден түк түсінбеген Елеусіз жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды.
Елеусіз (ақыры шыдай алмай, Кұрамысовқа). Не дейді? Не боп кетті?
Құрамысов (тыжырына, иығын қиқаң еткізіп). Тыныш
отырыңызшы, ақсақал... (Голощекинге қарап.) Бұл шектен шыққандық. Қайдағы Нерон? Қайдағы Калигула?
Голощекин (аңырып, таңырқап). Бәсе, қай Нерон?
Жантоқов. Пантюркист что ли?
Иванов (бетін басып, күліп). Неопантюркист.
Жантоқов (шамданып). Күлмеңіз, күлетін жай емес.
Голощекин. Тыныштал! Жауап естиік. (Мүсіреповке). Кәне, айт.
Мүсірепов (шегінерге жері қалмай). Біздің заманымыздың шырқау басында Римді Нерон деген император билепті. Халқын аштыққа ұшыратып, «Ешкімде ештеңе қалмасын!» деп жарлық шығарыпты. Римді әдейі өртетіп жіберіп, өзі Меценат мұнарасына шығып алып, өртке қарап тұрып, «Троянның күйреуі» деген әнді айтқан.
Голощекин (әдейі қызықтап). Тоқта! Тоқта! Сонда Нерон император басымен ән салған ба?
Мүсірепов (мырс етіп). Салғанда қандай! Бар халықты театрға жиып алып, есік-тесігін тарс бекіттіріп тастап, тарғыл-тарғыл даусымен күндіз-түні ән салғанда екіқабат әйелдер шыдай алмай театрда босанып қалады екен...
Голощекин (қызыға түскендей). Тағы қандай өнері бар екен?
Мүсірепов. Мүлде жазықсыз адамдарды өлім жазасына кеседі екен де, үкімге қол қоярда өз басын өзі тоқпақтап: «Әттең, бүйткенше, хат танымас кеще болсамшы!» – деп өтірік қайғырады екен.
Голощекин (зымияндана жымиып). Тағы не депті?
Мүсірепов. Нерон басына зауал туып өлер шақта: «Әттең дүние, неткен ұлы әртіс өтіп бара жатыр!» – депті дейді.
Голощекин (мүләйімсіп). Ал Калигула не істепті?
Мүсірепов. Жақсы көрген арғымақ атын консул сайлатып, (Елеусіз жаққа еріксіз қарап) мәжілісте консулдармен бірге отырғызған көрінеді.
Голощекин (кенет қанын ішіне тартып). Ал, жолдас Исаев, жолдас Иванов! Осыдан кейін де мына жазушы партия қатарында қала бермек пе?
Иванов (не күлгені, не қысылғаны белгісіз). Филипп Исаевич, бұларға дауа бар ма? Әйтпесе, ол жазушы бола ма? Әңгімені ушықтырмай, Исаев жолдастың ұсынысын қабылдайық та...
Голощекин (әуелі тұтығып). А-а-ау, л-л-либерализмнің ш-шегі болмаушы ма е-е-еді! Бұл не, Иванов?! Ау, бұл бізді қайдағы бір қаныпезер деспоттар мен тирандарға теңеді ғой! Соны да түсінбедіңдер ме?!
Иванов, Әдебиетте гипербола «образное мышление» деген болады. Оларға жарасады.
Құрамысов (жөткірініп, жұрт назарын өзіне аударып). Жоқ, жолдас Иванов, мынау біздің Крайкомда бұрын-соңды болмаған сұмдық. Сіз шыннан аңдамай қалдыңыз ба? Нерон: «Ешкім де ештеңе де қалмасын» – дейді. Ал бізге қазір біздің жауларымыз, бай-кулактар: Голощекин бастаған Крайком «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп айтыпты деп, жала жауып жүрген жоқ па?!
Голощекин (Құрамысовқа емірене қарап, қанаттанып). Нерон Римді өзі өртетіп жіберіп, өзі соған сүйсіне қарап ән салыпты. Мынау (Мүсіреповты меңзеп) бізге «жарапазан айтып отырсыңдар» деп тұр ғой!
Кұрамысов (құлшынып). Нерон театрдың есік-тесігін бітеп тастап, күндіз-түні ән салғанда екіқабат әйелдер театрда босанып қалған екен. Ал сонда түн ортасынан ауғанша бітпей қойған мына бюрода жазушы Мүсірепов шыдай алмай, нетіп... қалып жүрмесін! (Өз сөзіне өзі мәз болып қарқ-қарқ күледі. Түкке түсінбеген Елеусіз қосыла күледі.)
Жантоқов (шықшыты бұлтылдап). Пантюркист!
Голощекин (Құрамысов оспағының оспадарсыз шыққанын сезіп, қабағын шытып). Жә, қайдағы бір сандырақты әкеліп өзімізге таңа бермейік.
Иванов. Міне, мұныңыз жөн, Филипп Исаевич. «Бесеудің хаты» талқыланып, ілтипатқа алынды дейік. Хаттың авторлары қазіргі күрделі жағдайды жөндеуге септігін тигізу үшін жер-жерге іссапарға жіберілсін дейік. Осындай шешімге келіп, осымен тарайық.
Исаев. Дұрыс.
Голощекин. Либералдар! Келісімпаздар! (Булығып). Бұл, бұл, бұл...
Дәл осы кезде Крайком терезесінің алды жарқ-жұрқ етіп, орасан найзағай ойнап өтеді де, артынша аспан қақ айырылып жерге түскендей болып, күңірене күн күркіреп қоя береді. Төбедегі шамдалдар теңселіп, шылдыр-шылдыр етеді.
Елеусіз (төбесіне құндыз бөркін кие беріп). Бісміллә, бісміллә!.. Сұбихан алла, Сұбихан алла...
Жантоқов (бұға түсіп). Проделки пантюркистов...
Кұрамысов (о да қыбыжықтап). Сен де оттай береді екенсің...
Иванов. Сабыр, сабыр, жолдастар! Кәдімгі Алатаудың долы найзағайы ғой. Қазір басылады.
Осы кезде терезе алды алаулап жарқ ете қалып, тағы да аспан қақырап ала жөнеледі.
Елеусіз. Әлхамдулла, Әлхамдулла! Раббиль Әләмин.
Мүсірепов (сыздана қасын керіп). Мүнәфикүн!
Күн тағы да күңірене күрілдей жөнелгенде Голощекин креслоның тасасына бұға қалады. Лезде шам сөніп, шымылдық жабыла береді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Бірінші сурет
Түн ортасы ауған шақ. Сол бұрынғы кабинет. Бюро жалғасып жатыр. Елеусіз қалғып отыр. Тек Голощекин қатты сөйлеген кезде көзі бағжаң етіп, басын көтеріп алады. Басқалар да қажып, ұнжырғасы түсе бастаған.
Голощекин (әлгі бір қорқақтығын ақтағысы келгендей, жорта жайдарыланып). Сонымен, күн күркіреді, найзағай тарсылдады. Енді біздің әңгімеміз де мына ауа райы сияқты сабасына түсетін шығар. Кәне, Мүсірепов жолдас, мына бізге жөндеп түсіндіріңізші: ел қырылып жатыр, мал қырылып жатыр дегенді қайдан алдыңдар?
Мүсірепов (сабырмен). Жолдас Голощекин, өзіңіз білесіз, мен Крайкомның іссапарымен, ұжымдастыру науқаны қалай өтіп жатқанын бақылау мақсатымен Павлодар жақта болып қайттым. Одан кейін Торғайды араладым. Бәрі де сонда көргендерім. Ойдан қосылған ешнәрсе жоқ.
Голощекин (қуақыланып). Кәне, айта ғой, жазушысың ғой, біз көз алдымызға елестететіндей етіп айтшы.
Мүсірепов. Мен айтсам, жазушы ретінде емес, Крайкомның өкілі ретінде ресми айтамын. Әйтпесе жазушы әсірелеп тұр деуіңіз мүмкін.
Голощекин. Оныңа да келістік.
Мүсірепов. Жолдас Голощекин, мұндайды, асылы, көзбен көрген дұрыс болар.
Голощекин (лезде ашу шақырып). Жә, ақыл үйретпе. Кабинетшілсің демекшісің ғой. Көрер ем, менің орнымда болсаң...
Мүсірепов (шатынаңқырап тұрып, сабыр сақтап). Ендеше, тыңдаңыз да... көріңіз...