Тоғызыншы сурет «Күйтолғақ». Түндігі қара жалаудан желп-желп еткен киіз үй. Маңдайшадағы «Қызыл отау» деген жазуы қисайып кеткен. Іште шашылып қалған кітап, әр жерде: домбыра, гармонь. Үстел түбінде бұралып жатқан адам — Күләнда. Көйлегі дал-дал, шашы жайылып, қобыраған.
Нұрхан (даусы дірілдеп). Күләндамысың, жаным?
К үләнда (басын әрең бұрып). Келдіңізбе, Нұраға. Кешіктің ғой. Ө-ө-те кешіктіңіз.
Нұрхан. Не болды? Көтерші басыңды...
Күләнда (кемсеңдеп, сөзді бөліп-бөліп, әрең сөйлеп). Менің бұл түрімді көрмей-ақ, келмей-ақ қойсаңыз еді...
Нұрхан. Кешір, Күләндам, кешір... Не болды?
Күләнда (домбыраға әрең қол созып). Не болғанын біл-меу- ші ме едің... Біл-ме-сең ай-тай-ын... (Кенет ғажаптан қайрат біткендей жырлап жібереді.)
Сұрасаң сырды сен менен,
Қорлығым бар ма көрмеген,
Тап қылды басқа бұл күнді,
Сағындым сауық күлкімді.
Аштықтан төзіп тұра алмай,
Артыма мойным бұра алмай,
Тастадым безіп жұртымды.
Үйлі жан аштан қырылып,
Көме алмай кеттім бұрылып,
Ағайын, туған жұртымды.
Осындай нақақ күн болды,
Естір елге мін болды,
Ардақты адам әулеті,
Аштықтың келіп нәубеті,
Айуаннан бетер күйде өлді.
Межелі жерге бара алмай,
Шайнауға бір дәм таба алмай,
Жұтаған малдай жолда өлді.
Кіш-кіштеп малын айдаған,
Бұйырған нанын шайнаған,
Сары қымыз сапырып,
Төскейге бие байлаған,
Ахаулап өскен арда елді.
Еңбегінен тілеген
Ерлігінен үдеген.
Ен дәулетке молығып,
Еркелеп құстай түлеген
Қайратты туған ер де өлді.
Сақылықпен қамы жок,
Сақтықпен жиған наны жоқ.
Сайран сап жүрген сері елді.
Тапқанына бір тойған,
Таппаса тілеп құдайдан,
Таңды күткен тамсанып,
Кедей-кепшік демде өлді.
Көптігіне мақтанған,
Атадан алтау атанған,
Дәулетіне мастанған
Қайратты туған дәу едің.
Туғанына қуанған,
Қайғысы кетіп уанған,
Әлпештеп сүйіп жұбанған,
Ат шаптырып той қылған
Ардақты жалғыз ұл да өлді.
Әзілдесіп күліскен,
Қол ұстасып жүріскен,
Ғашықтықпен қосылып,
Тіл тартысып сүйіскен,
Таңдап алған жар да өлді.
Елге бүлік салғандар,
Елді тонап алғандар,
Ала тасыр асырда
Қызылтұмсық болғандар,
Өкілдерге ергендер,
Екпіндей шауып келгендер,
Өзі тойып, өзгесін
Қалаға артып бергендер.
Әр нәрсеге сеп болды.
Еркімді алып өңкей қар,
Ай шұғылаңды көруге
Арманда едім көңілім зар.
Енді өлсем арман жоқ,
Армандар жерім қалған жоқ,
Маған өмір не қадыр...
Күләнда талықсып кетеді.
Шам сөнеді.
Оныншы сурет
Құзғын ұшқан дала. Өріде қопалы, қамысты көл көрінеді. Әр жерде карайып, құлап жатқан адамдар. Мүсірепов, Балым, көмекшілер кұлағандарды үңіліп қарап көріп жүр. Тірі калғаны табылмай тұр. Жандарынан талықсып жылаған баланың үні шығады.
Мүсірепов (елең етіп). Бала! (Дауыс шыққан жаққа қолын созып). Балым! Жігіттер! Анда нәресте жатыр. (Тұра ұтылады.)
Балым (Мүсіреповтың соңынан жүгіріп). Тірі-ау деймін.
Мүсірепов. Ойбай. жеңеше, тірі! Анасының омырауын тырмалап жатыр, (Арбакештерге.) Жігіттер, тез жетіңдер!
Балым (еңкейіп). Мына байғұс тірі ме екен? (Жатқан әйелдің қолының тамырын ұстайды. Арбакештерге.) Су! Су! Тез!
Аузына су тамызған соң әйелдің кірпігі қимылдайды. Ерні ғана қыбырлай: «Баланы... Баланы...» - деп қайта талып бара жатты.
Мүсірепов (баланы көтеріп тұрып). Міне балаң, міне балаң! Көзіңді аш!
Балым (әйелдін төсіне құлағьн тосып). Әй, үзілді-ау, сорлы... (Әйел ыңырсығандай болғанда, қулағын тосып). Не дейсің? Не?
Аманат? Жеп қояды? Кім жеп қояды? (Әйел ерні қыбырлап, қолын көтермек болып. көтере алмай, басы сылқ ете қалады). Үзілді бейшара. (Балым бетін сипайды.)
Мүсірепов (баланы көтерген күйі). Иманды бол, сорлы ана! (Көмекшілерге.) Жігіттер, жүзін жасырыңдар. (Балымға.) Енді мына жетімді өлтіріп алмайық. Не амал бар?
Балым (қолын созып). Маған бер. Сүт жоқ. Суға талқан шылап берейін, қайтер екен. Жаңа шешесі; «жеп қояды», – деді-ау. Сірә, бала жейтін біреулер бар болды ғой. Мүсірепов. Бейкүнә періштедей нәрестенің не жазығы бар? Нәрестені жегені – ар-ұятты жегені. Нәрестенің бір аты – ар-ұят, оның ар-ұяты таза. Оның бір аты – әділет. Нәрестені жегені – әділетті жегені.
Балым (баланың ерніне шылаған талқан жалаттырып). Е-е, бәсе, талмап жатыр. Осыны жесең, өлмейсің, байғұс. (Мүсіреповке бұрылып). Ар-ұят, әділет-пәділет деген бірдеңе айттың-ау, қайным. Бала жегіштер – аштар ғана емес. Анау... (Әлдеқайда иегін көтереді.) Солар. Бала ғана емес, бүкіл елді тұқым-тұқиянымен жұтып жатқан. Бала жегенді ұстасаң – соттарсың. Ал бүкіл халықты жеп жатқанға не істейсің?! Оларды ұстап соттағанның өзінде — өлген қайтып тірілмейді. Зауалы қалай қайтады сонда?!
Мүсірепов (жауабын таппай қиналып). Сұрапыл сұрақ, жеңеше. Оларға тарих мәңгілік лағнат таңбасын басар.
Балым (екіленіп). Менен кейінгі тарихты мен бір уыс талқанға да алмаймын. Оларға таңба басылғаннан халыққа не пайда? Қырылғандар қайтадан қатарға қосылмайды ғой.
Мүсірепов (алысқа, арыға көз тігіп). Айтқаныңның бәрі рас. Сен мені соттап тұрсың. Біз ұйықтап қалдық. Біз ұйықтап калған соң ел қырылды. Енді мынау (баланы нұсқайды) тірі қалса, бұл ұйықтамас. Есесін жібермес. Бар үміт осында. Осыны өлтіріп алма, жеңеше.
Балым (жұмсарып). Өйтіп өзіңді өзің жазалама, Ғабит. Сен елің алдында азаматтығыңды ақтадың, Бірақ сараң тағдыр біздің халқымыздың маңдайына сендей азаматтарды аз бергені өкінішті. Халық үшін, халқының тіршілігі үшін жағаласып, жан беріспеген өкіметсымақтар әдірем қалсын!
Мүсірепов (сұрланып). Халқын қырып алып, орасан табыттың үстіне дастарқан жайып, арақ ішіп, тарқылдап отырғандар бар екені рас. Бірақ бәрі емес.
Балым (кергіп). Білемін. Жанпида деп жұлқынып шыкқандар бар, әрине. Мына бізді қараңғы қазақ деп ойлама. Біз де сеземіз: Смағұл Сәдуақасовты. Тұрар Рысқұловты, анау әлгі Меңдешевті, Нұрмақовты біз де білеміз. Бірақ бәрі неге солар сияқты алыспайды, құдай-ау!
Мүсірепов. Дес бермей кетті ғой. Голощекин тым күшті. Оның жанындағылар жанпидаға бара алмайды.
Балым (таңырқап). Ей, мына мұңлық қайтеді-ей! (Өз омырауына үңіліп). Құдай-а тоба! Қолымен менің кәрі емшегімді тырмалап, тұмсығын тығьш жатыр.
Мүсірепов (о да таңырқап). Шын жыласа соқыр көзден де жас шығады, жеңеше. Мүмкін, иіп те кетерсің. Әлі басың жерге жетіп қартайып тұрған жоқсың ғой.
Балым (омырауын ыңғайлап, қырын қарап балаға емшегін тосады). Уа, Тәңірі! Көк Тәңірі! Тас емшекті иіткен Көк Тәңірі! Сүт шықты, Ғабит, сүт!
Мүсірепов (қуанып). Тегін адам батыр Амангелдінің жары бола ма? Сен, жеңеше, әулие шығарсың!
Балым (көзінен жас ағып). Құнығып, құнжындауын қарашы, жәдігер. Мынау жақсылықтың нышаны болар, сірә.
Мүсірепов. Әне, қап-қара бұлт та ыдырап күн көрінді. Сен ұлы Анасың, Балым! Сен жанын сақтап қалған осы ұлдан әлі бір тайпа ұрпақ дүниеге келіп, өлгендердің орнын толтырмақ. Орнында бар оңалар, жеңеше!
Он бірінші сурет
Сол баяғы кабинет, Таң бозарып келеді. Үстел басында – бюро мүшелері, үстел қасында түрегеп тізіліп тұрған бесеу – Мүсірепов, Ғатауллин, Алтынбеков, Қуанышев, Дәулетқалиев.
Голощекин (орнынан атыла түрегеп). Сайрадың, сандуғаш. Сайрамасаң – жазушы боласың ба! Бірақ бәрі жала. Қазақстанда болып жатқан ұлы революциялық өзгерістерге, «кіші октябрьге» жабылған жала. Революция құрбандықсыз болмайды. Ұлы француз революциясын алып қара. Сен оны білесің бе?
Мүсірепов (қасқая). Білемін.
Голощекин. Білсең – Франциядағы ұлы революцияға қарсы Вандей көтерілісі болған. Революция Вандейді қанға бөктірген. Біздегі Вандей – Қазақстан! Ұжымдастыруға қарсылық – Кеңес өкіметіне қарсылық. Ол қарсылықты жою –құрбандықсыз болмайды.
Мүсірепов. Қателесесіз, қарт марксшіл! Вандей – монархияны көксеген. Қазақ, яғни Созақ, Шұбартау, Шыңғыстау, Адай, Торғай наразылық білдірсе, Кеңес өкіметіне қарсы емес, Голощекинге, голощекиншілдерге қарсы наразылық білдіріп жатыр.
Голощекин. Жала! Менің саясатымды Сталиннің өзі қолдап отыр. Маған қарсы келу – Сталинге қарсы келу. Сондықтан Сталинге жала жапқан мына бесеуің де атыласыңдар!