Просит принять срочные меры и оградить хозяйствующие субъекты Северо-Казахстанской области от неправомерных действий монополиста энергопередающей компании тоо «СевКазЭнергоцентр»


Сот билігінің заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарымен өзара әрекеттестік тетіктері



бет22/31
Дата29.04.2023
өлшемі1,24 Mb.
#88457
түріДиссертация
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   31
2.3. Сот билігінің заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарымен өзара әрекеттестік тетіктері
Мемлекеттік басқару жүйесінде сот билігі мемлекеттік биліктің заң шығарушы және атқарушы биліктеріне қатысты ерекше рөлді атқарады. Оның бастысы және маңыздысы – басқарушылық шешімдердің (заңдардың, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің) әділ болуын (Конституцияға сәйкес келуін), адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының билік тармақтарымен бұзылмауын, Конституцияға сәйкес келетін басқарушылық шешімдердің орындауын бақылау болып табылады, яғни заң шығарушының да, атқарушы биліктің де қызметін құқық тұрғысынан тексереді. Сот билігі қызметінің бастысы және негізгісі – ол адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын басқа билік тармақтарының озбырлығынан қорғау болғандықтан, жоғарыда аталған билік тармақтарының осы саладағы қызметіне бақылауды жүзеге асырады. Ғ. Сапарғалиевтің пікірінше, сот билігінің заң шығарушы мен атқарушы биліктерді құқықпен тежеп отыруы және олардың қызметіне құқықтық бақылауды жүзеге асыру функциясы сот төрелігін жүзеге асыруға тиіс сот билігінің мәнімен байланысты[82]. Демек, сот билігі басқа билік тармақтарының қызметін Конституцияға сәйкестігі жөнінен бақылау жүргізе алғанда ғана, толыққанды сот билігі жөнінде айтуға болады. В.М.Савицкийдің пікірінше, бүгінгі күні сот билігін құқықтық мемлекеттің негізгі құрылымы ретінде тек азаматтық немесе қылмыстық нормамен көзделген нақты істі қарастырудағы рөлімен байланыстыруға болмайды. Сот билігі қазіргі таңда соттың сот төрелігіне қатысы жоқ жаңа функцияны қалыптастыруымен ерекшеленуде. Тепе-теңдік және тежемелік жүйе контекстінде сот билігі тек сот төрелігін жүзеге асырып қана қоймайды, ол сонымен қатар заң шығарушы мен атқарушы биліктің шешімдері мен әрекеттеріне заңдық тұрғыда белсенді түрде әрекет ету арқылы «оларды тепе-теңдікте ұстаудан» көрініс табады. Бұл құзіреттер сотты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның әлеуметтік қақтығыстардан жойылып кетуінен қорғайтын мықты тұрақтандырушы күшке айналдырады[83]. Егер заң шығарушы мен атқарушы биліктер өз тараптарынан адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қабылдайтын болса, онда сот билігі өзіне берілген құзіреттің негізінде бұл билік тармақтарын құқықпен шектей алады. Дейтұрғанмен, сот билігі заң шығарушы мен атқарушы биліктің қабылдаған құжаттарын өз бетімен конституциялық емес деп нормативтік құқықтық актілер кеңістігінен ысырып алып тастауға құқығы жоқ. Сот билігінің атынан нормативтік құқықтық актілерге бақылауды жүзеге асыратын республика соттарының барлығы тек адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тану бойынша Конституциялық Кеңесте қозғалатын конституциялық өндіріс механизімін қозғалысқа жіберуші ғана болып табылады. Демек, соттар конституциялық емес заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді құқықтық кеңістіктен алып тастауға құзіреті бар органға жүгінуші субъект қана болып табылады. Конституциялық Кеңес өз кезегінде арбитр ретінде бұл мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы дауға соңғы нүктені қоюшы және билік тармақтарының қызметінің нәтижесіне баға беретін және оны қажет болған жағдайда жоққа шығаратын мемлекеттік орган болып табылады.
Соттың қызметі – құқықтың билігін мемлекетке қатысты қамтамасыз ету. Осының негізінде сот басқа бірде-бір мемлекеттік орган, не заң шығару органы, не атқарушы орган иелене алмайтын құзіретке иеленеді. Сот заңды қолданып, шешім шығару арқылы қылмыс жасаған адамның бостандығын, қажет болған жағдайда өмірін де қияды, жеке және заңды тұлғалардың меншігін тартып алады, саяси партияны таратып жібереді, мемлекеттік органды өзінің шешімін қайтарып алуға міндеттеп, лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттерінің негізінде келтірілген шығынды өтеп беруге міндеттей алады. Бұл өз кезегінде қоғамда құқыққа, сотқа деген құрметті дәріптеуге өз септігін тигізеді[84].
Сот билігі Парламент пен Үкіметтің қабылдаған нормативтік құқықтық актілерін Конституция тұрғысынан бақылауда конституциялық өндірістің субъектісі болып табылады. Ол дегеніміз сот билігінің мемлекеттік биліктің басқа тармақтарын заңнама тұрғысынан тексеруге мүмкіндігі бар, яғни сот Конституцияға қарама-қайшы заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді Конституциялық Кеңеспен тексерілуіне бастамашыл болады. Осы функциясы арқылы соттар заң шығарушы қабылдаған Конституция нормаларына қайшы заңдарды немесе өзге де нормативтік актілерді нормативтік құқықтық актілер кеңістігінен алып тастауға бастамашылдық білдіріп, конституциялық емес заңдарды тазартудағы «сүзгі» функциясын атқарады. Сонымен қатар, сот билігі конституциялық бақылау органы арқылы атқарушы биліктің қолданылып жүрген заңдары мен нормативтік құқықтық актілерін конституциялық емес деп тану арқылы және қоғамды дәл осы реттеусіз қалған қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық базамен қамтамасыз ету үшін ұсыныс енгізе келе, Үкіметті қоғамдық қатынастарды реттейтін басқа әділетті, құқықты, Конституция нормаларына қайшы келмейтін заң жобаларын әзірлеуге ықпал етеді. Осылайша мемлекеттік басқару жүйесінде билік тармақтарының арасында тепе-теңдік және тежемелік қағидасы өз жалғасын тауып жатады.
Конституциялық Кеңеске республика соттарының басқа билік тармақтарының қабылдаған заңының және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің конституциялығын тексеру жөніндегі өтінішпен жүгінуі кезінде отырысқа қатысушылардың арасында конституциялық құқықтық қатынастар туындайды. Бұл конституциялық құқықтық қатынастар соттардың күнделікті қарастырып жүрген қылмыстық, азаматтық, әкімшілік және т.б. істердегі процессуалдық қатынастардан өзгеше. Себебі, соңғысында сот дауласып жатқан тараптардың арасында арбитр ретінде есептеледі. Ал Конституциялық Кеңеске соттың заңдарды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тану жөніндегі өтінішпен жүгіну кезінде конституциялық емес заңды немесе нормативтік құқықтық актілерді қабылдаған билік тармақтарының арасында және билік тармақтары мен мемлекеттік органдардың арасында талас (дау) туындайды. Яғни, сот мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде заң шығарушы мен атқарушы биліктің және сот билігінің құрамына кіретін Жоғарғы Соттың да қабылдаған нормативтік құқықтық актілерін Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан тексеріп, саралап, оның Конституция нормаларында бекітілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келмейтіндігіне күмән келтірген жағдайда, жоғарыда аталған Парламент, Үкімет және Жоғарғы Сот жұмысы нәтижесінің, яғни қабылдаған нормативтік құқықтық актілерінің Конституцияның талаптарына сәйкестігі бойынша Конституциялық Кеңеспен тексерілуіне бастамашыл болады. Демек, жоғарыда көзделген қатынастар конституциялық құқық ережелерінің шеңберінде реттелуі тиіс. Бұл қатынастарды реттеу кезінде мемлекеттік-құқықтық реттеу әдісі де қолданылады. Оның мәні мынада: қарастырылып отырған Конституцияның 78-бабының ережесіне сәйкес, соттар нақты істі қарастыру кезінде қолдануға тиіс заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді, – деп тауып, аталған нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тану туралы мәселені Конституциялық Кеңестің алдына қою арқылы соттар заң шығармашылық процесске араласып, құқықтық қатынастың басқа қатысушысы – заң шығарушының қызметіне әсер етеді. Мұнда бұл әрекет тікелей әсер етпейді, алдында айтып өткеніміздей ол жанама түрде жүргізіледі, яғни сот өтінішті жолдаушы субъект ретінде басқарушылық шешімнің Конституциялық Кеңеспен тексерілу тетігін қозғалысқа апарады. Біздің пікірімізше, осы функциясын тиімді түрде жүзеге асырғанда ғана, сот билігі жаңа белеске шығады. Сот билігі бұрынғыдай заңды бұлжытпай тек орындап жүре беруге міндетті емес. Соттар нақты істі шешу барысында қолданатын әрбір заңды, ережені Конституция нормаларында белгіленген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары тұрғысынан салыстырып, қажет болған жағдайда Конституциялық Кеңестің алдына конституциялық емес заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді әрекет етуші құқықтық актілер кеңістігінен күшін жою туралы мәселе қойып отыруға міндетті. Бұл Қазақстан Республикасы Конституциясының талабы.
Конституциялық Кеңеске соттар нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тану үшін өтініш беру кезінде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы 29 желтоқсан 1995 жылғы Конституциялық заңының 22-бабының талаптарын сақтауы керек. Өтініште келесі талаптар көрсетілуі тиіс:
1. өтініш жазбаша түрде берілуі керек;
2. Конституциялық Кеңестің атауы көрсетілуі керек;
3. өтініш жасаушының атауы, тұрғылықты жері, мекен-жайы және ол туралы өзге де қажетті деректер;
4. өтініштегі соттың адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танығандағы актіге қол қойған немесе оны шығарған мемлекеттік органның, лауазымды адамның аты, тұрғылықты жері мен мекен-жайы, заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің атауы, нөмірі, қабылданған күні, жарияланған көздер және өзге де реквизиттер;
5. өтініштің мәні;
6. өтініш жасауға негіз болатын және оның негізділігін растайтын өзге де деректер, мән-жайлар мен айғақтар;
7. республика Конституциясымен осы Конституциялық заңның Конституциялық Кеңеске өтініш жасау құқығын беретін нормалары;
8. қоса тіркеліп отырған құжаттар тізбесі;
9. өтінішке мыналар қоса тіркеледі:
а) өтініш берген субъектілер сілтеме жасаған актілер мәтіндерінің көшірмесі;
б) он дана мөлшерінде өтініш пен оның қосымшаларының көшірмесі;
10. өтінішке тиісті соттың төрағасы қол қояды.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі туралы Конституциялық заңы 22-бабының талабы бойынша сот өтінішті жолдау кезінде нақты істің өз өндірісінде болғандығы туралы фактіні көрсетуге міндетті. Мұндай құжат болып өтінішпен жүгіну туралы және нақты істі қарастыруды тоқтата тұру туралы соттың шешімі табылады. Мұндай шешім процессуалдық заңнамаға сәйкес ұйғарым түрінде шығарылады.
Конституциялық бақылау органына өтінішпен жүгіну кезінде субъект ретінде Қазақстан Республикасының сот жүйесіне кіретін кез келген аудандық және оған теңестірілген соттардан бастап, облыстық және оған теңестірілген соттар, ауданаралық мамандандырылған соттар, әскери және Жоғарғы Сот бола алады. Конституцияның 78-бабында көрсетілген талаптарды орындау кезінде бірінші, апелляциялық және қадағалау сатысындағы сот Конституциямен бекітілген адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заң немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске іс қараудың кез-келген кезеңінде жүгіне алады. Бұл арада соттар 1995 жылғы 29-желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы Конституциялық заңның 22-бабында белгіленген Конституциялық Кеңеске жүгінудің нысаны мен мазмұнын қатаң сақтауы тиіс.
Конституциялық Кеңеске өтінішпен жүгінуге байланысты соттың қарастырып отырған істі тоқтата тұру туралы шешіміне шағым келтіруге байланысты мәселеге келетін болсақ, онда процессуалдық заңнама бойынша нақты істі қарастыруға байланысты кез келген істің ары қарай жылжуына бөгет болып тұрған соттың шешімдеріне тараптармен, іске қатысушы басқа да тұлғалармен немесе прокурормен аппеляциялық тәртіпте шағымдануға және тиісінше наразылық білдіруге болады. Кейбір ғалымдар конституциялық емес заңдарды заңнама жүйесінен жою мақсатын адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды көздейтін сот төрелігі мақсатымен қарама-қайшы келеді дейді. Сот төрелігі мақсатына жету үшін істі тек дұрыс қана емес, сонымен бірге өз уақытында шешу керек. Соттың конституциялық ережелерді тікелей қолдану жөнінде мүмкіндігі бола тұра, өтінішті жіберу үшін нақты іс бойынша өндірісті тоқтата тұру адамның сот арқылы қорғау құқығын жүзеге асыруды кейінге шегертеді. Кейбір жағдайда мұндай құқықты жүзеге асыруды кейінге қалдыру сот төрелігін жүзеге асырудан бас тартумен пара-пар[85]. Сот қолдануға тиісті заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тану жөніндегі өтінішті Конституциялық Кеңеске жөнелту туралы шешімді шығарған жағдайда, бұл Конституцияның тікелей әрекет ететін ережесінің талабына түседі де, ол бойынша сот өтінішпен жүгінуге міндетті болып табылады. Соттың мұндай жағдайда шығарған шешіміне тараптар да, іске қатысушылар да, прокурор да шағым және тиісінше наразылық білдіре алмайды. Өйткені, сот өзінің жеке тұжырымы бойынша нақты істе қолдануға тиісті заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актілердің конституциялығын тексеру бойынша конституциялық бақылау органына өтінішпен жүгіну туралы шешім шығарып, оны жөнелткен сәттен бастап, бұл қатынасқа Конституцияның тікелей әрекет ету ережесі түседі, яғни конституциялық құқықтық қатынастар туындайды.
Конституциялық Кеңестің тәжірибесінде соттардан түскен өтініштерді қарастыруға негіздің жоқ болғандығынан, өтініш өндіріске қабылданбай, жүгінуші субъектіге кері қайтып келу фактілері көп кездесіп тұрады. Мұндағы «негіздің» бар немесе жоқ екендігін біз талас тудырып отырған заңға немесе нормативтік құқытық актіге қатысты күмәнділік бар ма, әлде жоқ па? – деген мәселеден анықтауға болады. Ал күмәнділік мынадан көрініс табады:
- Соттар өз өтініштерінде қолдануға тиісті қандай заңның немесе нормативтік құқықтық актілердің немесе белгілі бір ережесі бұлыңғыр болып тұрғандығын анықтауы тиіс және өз тұжырымы бойынша конституциялық емес деп тану қажеттілігін дәйектеп, дәлелдеу керек.
- Конституциялығы тексеріліп жатқан заң немесе нормативтік құқықтық актілер немесе олардың ережелері Конституцияның қай бабына сай келмейді, қандай бағытта бұзады, оның салдары қалай болады?
Нақты істі соттың қарастыру кезінде сот қолданатын заңды немесе нормативтік құқықтық актілерді анықтағаннан кейін осы қолданатын акті бойынша тараптардың арасында немесе прокурорда белгілі бір көзқарас қалыптасып, қолдануға тиіс заңның немесе нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі жағынан күмәнданып, тараптар немесе прокурор осы актілердің конституциялығын тексеру жөнінде Конституциялық Кеңеске өтінішті жолдау туралы сотқа өтініш білдіре алады. Аталған өтініш бойынша сот оны қарастырып, шешім қабылдауы тиіс. Егер сот тараптардың бірінің тұжырымымен келісіп, ол бойынша қарастырып жатқан нақты істі тоқтата тұрып, қолдануға тиіс заңның немесе нормативтік құқықтық актілердің конституциялығын тексеру үшін Конституциялық Кеңеске өтініш жолдайтын болса, онда Конституциялық Кеңес Конституцияның және Конституциялық Кеңес туралы Конституциялық заңның ережелеріне сәйкес, мұндай өтінішті өз өндірісіне қабылдауға құқығы жоқ. Себебі, мұнда сот өз бастамасы бойынша қолданылатын заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актілердің Конституциямен баянды етілген адам және азамат құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заң немесе өзге де нормативтік құқықтық актілер болып табылатындығы жайында тұжырымға келген жоқ. Ал өтініш Конституциялық Кеңестің өндірісіне қабылдануы үшін бастама соттың өзінен шығуы керек. Бұл Конституция мен заңның талабы. Мұндай ережені былай түсіндіруге болады. Сот іс жүргізу кезінде мемлекеттің атынан сөйлейді және шешім шығарғанда мемлекеттің атынан шығарады, сол сияқты іске қатысушы тараптардың барлығына бір көзқараспен қарайды. Сонымен қатар, сот жария мүддені, яғни мемлекеттің, құқықтың, Конституцияның үстемдігін көздейді, ал тараптар жеке мүддені көздейді.
Өтінішті Конституциялық Кеңеске жіберген соң, Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы Конституциялық заңы 22-бабының талаптарын сақтағандығы жөнінде қарастырып, өтінішті өндіріске қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту жөнінде шешім шығарады. Заңның мұндай талаптарында сәйкес немесе сәйкес еместігін Конституциялық Кеңестің аппараты жүзеге асырады. Егер жіберілген өтініш заңның 22-бабының барлық талаптарына келіп тұратын болса, онда Конституциялық Кеңес бұл өтінішті қабылдамауға құқығы жоқ. Міндетті түрде өндіріске қабылдауы қажет және заңда көзделген тәртіпте және мерзімде бұл өтініш бойынша тиісті шешім шығаруға міндетті. Сондай-ақ, Конституциялық Кеңес соттармен өтініште қойылған сұрақтардың қоғамда кең таралмауына, өзекті еместігіне байланысты өз бетінше қарастырмай қоюына құқығы жоқ. Яғни, Конституциялық Кеңестің өз бетінше ұнаған өтініштерді қарастырып, қаламаған өтініштерді қарастырмауға құзіреттері жоқ. Конституциялық Кеңестің алдына жүгінген және Конституцияның, сонымен қатар заңның талаптарын қатаң ұстанған соттардың өтініштері міндетті түрде қаралуы тиіс. Мәселен, біраз мемлекеттерде конституциялық бақылау органдары өздерінің қарауына жіберілген өтініштерді өз беттерінше конституциялық маңыздылығына, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына әсер етуіне байланысты саралай келе, маңызды, қоғамға белгілі дегендерін қарастырып, қалғандарын қарастырмайтын кездер де кездеседі. Мәселен, АҚШ-тың Жоғарғы Соты егер де өтініштерді маңызды және жалпыға мәлім деп мойындайтын болса, онда Жоғарғы Сот істі қарастыруды өз еркі бойынша қабылдайтындығы туралы мәселе заңнамалық түрде толықтай шешілген. Бірақ, мұндай өтініштер көп бола бермейді. Жыл сайынғы мыңдаған өтініштерге 120-160 іс бойынша шешім шығарылады. Дәл осындай позицияны континенталды құқық жүйесінің өкілдері де қолдайды. Германияның Конституциялық Сотының судьясы, доктор Хелга Зейберттің пайымдауынша, Конституциялық Соттың заңда көзделген санаттары бойынша қарастыратын істерін өздері анықтауы – конституциялық бақылау функциясына үлкен шығын алып келмейді. Керісінше, бұл қайта Конституциялық Соттарға конституциялық құқықтарды мәжбүрлі түрде орындатуды көздейтін істерді қарастыруға және іс бойынша ақылға сыйымды мерзімнің ішінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді[86].
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы Конституциялық заңының 22-бабында белгіленген өтініштің нысаны мен мазмұнына қойылған талаптарды сақтамағаны үшін көптеген соттардың Конституциялық Кеңеске жолдаған өтініштері конституциялық өндіріске қабылданбай, кері қайтарылуда. Бұл туралы Конституциялық Кеңестің мүшесі Конституциялық Кеңестің жаршысында былай деп баяндайды: «өкінішке орай, бұл талаптарды орындамау жергілікті соттардың ұсыныстарында жиі орын алып, Конституциялық Кеңес бірнеше рет олардың назарын осыған аударған болатын»[87]. Бұл орайда, соттар Конституциялық Кеңестің алдына Республика Президенті сайлауының, Парламент депутаттары сайлауының, республикалық референдумның дұрыс өткізілгендігі туралы, Парламент қабылдаған заңдарға Президент қол қойғанға дейін олардың Конституцияға сәйкестігі туралы, Республиканың халықаралық шарттары бекітілгенге дейін олардың Конституцияға сәйкестігі туралы, Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру туралы мәселе қоюға құқығы жоқ. Сот тек Конституцияның 78-бабында көзделген жағдайда ғана, Конституциялық Кеңеске өтініш жасайды. Өкінішке орай, көптеген соттар Конституциялық Кеңеске жүгіну кезінде бұл талапты сақтай бермейді. Мәселен, кейбіреулер заңның бабын көрсетпесе, біреулері заңды тұлғаның құқықтарына нұқсан келтіруде деп өтініш жасайды, ал енді біреулері басқа бір соттың заңды күшіне енген үкімдерін конституциялық емес деп тану туралы өтініш беріп жатады. Конституциялық Кеңеспен конституциялық өндіріске қабылданбай жатқан соттардың жолдаған өтініштері жетіп артылады. Мысал ретінде соның біразына тоқталып өтер болсақ. Конституциялық Кеңес өзінің өндірісіне қабылдамастан, Шығыс Қазақстан облысы Глубоков ауданының судьясының «14 пен 16 жас аралығындағы жеткіншектерді бұзақылық бойынша жауапкершілікке тарту туралы» өтінішін кері қайтарды[88]. Конституциялық Кеңес өндіріске қабылдамастан, №2 облыстық адвокаттар алқасын тіркеуден бас тарту бойынша облыстық әділет басқармасының бұйрығын заңсыз деп табу туралы азаматтың талап арызының негізінде азаматтық іс бойынша Ақмола облыстық соты судьясының өтінішін кері қайтарды[89].
Республика соттарының осындай қателіктерін болдырмас үшін, Конституциялық Кеңес өзінің 2003 жылдағы мемлекеттегі конституциялық заңдылық туралы Жолдауында Конституцияның 78-бабына сәйкес соттардың өтініштері бойынша әрекет етуші нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сәйкестікке байланысты тексеріле алатындығын айта келе, соңғы кезде соттардың өтініштері сиреп бара жатқандығын, ал келіп түскен өтініштер Конституцияның және Конституциялық Кеңес туралы Конституциялық заңның талаптарына сай ресімделіп жіберілмейтінін айтқан болатын. Негізінде өтініштерде нысанға және мазмұнға қойылған талаптар сақталмайды. Сол себепті де, Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына сот тәжірибесін жинақтауды және республика соттарының Конституциялық Кеңеске жүгінудің тәртібі туралы нормативтік қаулы қабылдауды ұсынды[90].
Соттың заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді конституциялығына бақылау жүргізу қызметі арқылы, біз олардың адамның және азаматтың Конституциямен баянды етілген құқықтары мен бостандықтарын конституциялық емес нормативтік құқықтық актілерден және ол актілерден туындайтын әрекеттерден қорғаудағы нақты бір механизм екендігінен көз жеткізуімізге болады. Заң шығарушы заң жобасын талқылау және қабылдау барысында, қаншама рет ғылыми, құқықтық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және т.б. ғылыми сараптамалардың бар болғандығына қарамастан, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін конституциялық емес ережені сырт көзбен байқамай, қабылдап жіберуі әбден мүмкін. Ал мұны заңның кемшілігі немесе шикілігі, соның негізінде заң шығарушының кемшілігі мен жіберген шикілігі деп есептеуіміз дұрыс па? Біздің пікірімізше, егер қоғамдық қатынасты реттейтін және ең бастысы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысы бар заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актілердің шикілігі шығып, Конституциялық Кеңеспен конституциялық емес деп танылып жатса, онда оған тек конституциялық емес деп танылған заңды немесе нормативтік құқықтық актіні қабылдаған немесе шығарған орган немесе лауазымды тұлға ғана кінәлі емес, оны осы уақытқа дейін Конституцияға қайшы екендігін анықтамағаны үшін бүкіл мемлекеттік билік тармақтары мен мемлекеттік билік тармақтарына кірмейтін орталық басқару органдары да кінәлі деп таныған жөн. Себебі, мемлекеттегі билік тармақтарының барлығы дерлік бірінің қызметінің қортындысына бірі қадағалауды тепе-теңдік пен тежемелік жүйе негізінде жүзеге асырып отыруы қажет. Конституцияның 1-бабының 1 тармағына сәйкес, мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары. Сондықтан да адамның және азаматтың Конституциямен баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді анықтау мен жоюға себепкер болу, бүкіл мемлекеттік билік тармақтарының және орталық мемлекеттік басқару органдарының міндеті. Дегенмен, өзге пікірлерді ұстанатын ғалымдар да бар. Мәселен, А.А.Караевтың пайымдауынша, «Парламенттің және оның Палатасының актілерін конституциялық емес деп танудың өзі конституциялық жауапкершіліктің нысаны ретінде көрініс табады. Мұндай жағдайда, Конституциялық Кеңес заң шығарушыны болашақта қайталамас үшін «өзі жіберген қателіктерімен жұмыс істеуге» шақырады. Бірақ та, бақылаудың түріне қарап, «ескерту» тек қана қабылданған заңның мазмұнына ғана қатысты болмайды, сонымен қатар заң шығарушы жіберіп алатын формальдік мазмұндағы олқылықтарға да қатысты болады. Сондықтан айтылғандарға қарап, бұл саладағы бақылауды заң шығарушыны билік жұмысы саласының индикаторы ретінде де қарастырған жөн. Парламент актілерінің мазмұнынан Конституциялық Кеңес ақауы бар нормаларды аз көлемде анықтаған сайын, ол депутаттардың кәсібилігін білдіреді. Керісінше, заңдарды Конституцияға қайшы деп тануы, бұл тек қана заңдардың төмен сапасын білдіріп қана қоймайды, ол сонымен қатар депутаттық корпустың кәсіпқой еместігін білдіреді»[91]. Әрине, мұндай тұжырым жасауға автордың құқығы бар. Дегенмен, біз мұндай тұжырыммен келісе алмаймыз. Себебі, бізде қабылданып жатқан заңдарға, оның күшіне енгенге дейін (алдын ала бақылау) Конституциялық Кеңеске жүгіну арқылы бұл актілерді тексеру құқығын иеленетін субъектілер бар. Конституциялық Кеңес өз бетімен кез келген заңның Конституцияға сәйкес немесе сәйкес еместігін тексере алмайды. Ол үшін өтінішпен Конституциялық Кеңеске ресми түрде жүгіну қажет. Сонымен қатар, Парламент құқықты, заңды тәжірибеде қолданатын орган емес, керісінше құқық шығармашылығымен айналысып, құқықты заңдастыратын орган болғандықтан, тәжірибе тұрғысынан кейбір қателіктер кетіп қалуы әбден мүмкін. Оған түсіністікпен қараған жөн деп есептейміз. Сондай-ақ біз Парламенттің саяси орган екенін естен шығармауымыз керек. Парламенттің негізгі қызметі заң шығару болғанымен, заңды қабылдау тәртібінің өзі саясатсыз, саяси партиялардың қатынасуынсыз өтпейді. Сондықтан егер Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған заңдардың арасынан аз көлемде конституциялық емес нормаларды анықтаса – депутаттардың кәсібилігін білдіреді, ал көп әшкерілесе – депутаттық корпустың кәсіпсіздігін білдіреді, – деп айту ақылға қонымсыз есептейміз. Мұндай Конституцияға қайшы ережелер заңның немесе нормативтік құқықтық актілердің әрекет етуі барысында, заңды және құқықтық актіні белсенді түрде қолдану кезінде және де көп жағдайда соттың нақты істі қарастыру барысында, сол сияқты сот отырыстарына қатысатын тараптардың заңға қатысты дауларының негізінде айдан анық көрініс табады. Жалпы алғанда нормативтік құқықтық базаның әділетті, құқықты, Конституцияға сай болуы үшін соттардың қолданылатын немесе қолдануға тиіс нормалардың конституциялығын тексеруде алатын орны ерекше. Сондықтан да сот органдарын, нақтылай алғанда жекелеген судьяларды Конституциялық Кеңеске адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тану жөніндегі өтінішпен жүгінуді міндеттеу әділетті, әрі заманға сай деп айтуға толық негіз бар.
Егер Қазақстан Республикасы соттарының Конституциялық Кеңеске жолдайтын өтініштерін саралайтын болсақ, онда өтініш жіберуші бірқатар соттар бұның алдында айтып өткендей, «Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңының 22-бабында көзделген Конституциялық Кеңеске жүгіну кезіндегі өтінішке қойылатын талаптың мазмұны мен нысанын сақтай бермейді. Бұл өз кезегінде өтініштің конституциялық өндіріске қабылданбай, кері қайтуына алып келеді. Мәселен, Жамбыл облыстық сотының жіберген өтініші ҚазССР ӘҚБтК 280-бабы 2 бөлімін конституциялық емес деп тану жөнінде болған. Бірақ, ол өндіріске қабылданбаған, себебі іс бойынша өндірісті тоқтата тұру туралы ұйғарым болмаған, сондай-ақ, өтініш сот төрағасының қол қоюының орнына, судьямен қойылған және істің мән жайы баяндалмаған [92]. Мұндай мысалдар жетіп артылады. Сондай-ақ, соттардың жыл сайынғы Конституциялық Кеңеске жіберетін өтініштерінің санына назар аударатын болсақ, амалсыздан өкінуге тура келеді. Мәселен, Конституциялық Кеңестің 2005 жылғы Жолдауына сәйкес, конституциялық қадағалау органы өзі құрылған күннен бастап 2005 жылға дейін республика соттарының 54, оның ішінде 2004 жылы 1 ғана өтінішін қараған [93]. 2005 жылы соттардың 2 өтінішін қараған. Енді 2006 жылға келетін болсақ, онда бұл орган бір жылда бір ғана Батыс Қазақстан облыстық сотының өтініші бойынша Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 109-бабының Конституцияға сәйкестігі туралы өтінішті қараған екен [94]. 2007 жылы Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының ұсынысы бойынша Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекемелердегі адамдар тобының осы мекемелердің қалыпты қызмет тәртібін тұрақсыздандыру, не мекеме қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі жасау мақсатында дене мүшелерін зақымдағаны үшін қылмыстық жауаптылығы көзделген 361-бабының бірінші және төртінші бөліктерінің конституциялылығын тексерді. Сонымен қатар, Қостанай қаласының №2 сотының өтініші бойынша Конституциялық Кеңес «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы» 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310-ІІІ Қазақстан Республикасы заңының бірқатар нормаларын Конституцияға сәйкестігі тұрғысында тексерді. Нәтижесінде бір жылда соттардың екі (2) өтініші бойынша заңдардың конституциялығын тексерген. Ал 2008 жылы Конституциялық Кеңеске республика соттарынаң үш (3) өтініш келіп түскен. Енді осы келіп түскен өтініштерге жеке-жеке тоқталып өтер болсақ:
– Конституциялық Кеңес Қарағанды облысы Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданы сотының таратылатын банк кредиторларының талаптарын қанағаттандырудың кезегін даулап, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы заңының 74-2-бабы 3-тармағының 3) және 8) тармақшаларын конституциялық емес деп тану туралы өтінішін іс жүргізуге қабылдаудан бас тартты, себебі бұл мәселелерді шешу Парламент құзырына жатады;
– Құжаттары дұрыс рәсімделмеуіне байланысты, Қостанай облысы Қостанай қаласы №2 сотының 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 227-ІІІ редакциясындағы «Халықтың көші-қоны туралы» 1997 жылғы 13 желтоқсандағы № 204-І Қазақстан Республикасы заңының және 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 227-ІІІ редакциясындағы «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы № 2337 Қазақстан Республикасы заңының 22-баптарын Қазақстан Республикасынан бұдан бұрын кетірілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қайтып елге келуіне шектеу қою бөлігінде конституциялық емес деп тану туралы өтінішін іс жүргізуге қабылдаудан бас тартылды;
– Ақмола облыстық сотының 2001 жылғы 30 қаңтардағы №155-ІІ Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 484-бабын конституциялық емес деп тану жөніндегі ұсынысы бойынша қозғалған конституциялық іс жүргізу, соттың өз өтінішінен бас тартатыны туралы қолдаухаты мәлімделуіне байланысты Конституциялық Кеңес отырысының өзінде тоқтатылды. Конституциялық іс жүргізуді тоқтату туралы шешім шығаратын кезде Конституциялық Кеңес, Үкімет өкілдерінің құқық қолдану практикасын жетілдіру жөнінде шаралар қолға алынып жатқаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы жаңа кодексінің жобасы әзірленіп, анықталған кемшіліктер сол жерде жойылатындығы туралы ақпаратын ескерді.
Нәтижесінде 2008 жылы Конституциялық Кеңеске республика соттарынан келіп түскен осы үш (3) өтініштің бірде-біреуі бойынша түпкілікті шешім шыққан жоқ. Қорытындылап келгенде, Конституциялық Кеңес өзінің қызметі барысында осы күнге дейін сот органдарымен берілген өтініштердің 59 ғана қарастырып, олар бойынша түпкілікті шешім шығарған. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, Ресей Федерациясының Конституциялық Сотына жылына 10-12 мыңдай өтініштер келіп түседі, олардың тек 25-30 пайызы ғана өндіріске қабылданады. Сол сияқты статистикаға көз жүгіртіп өтер болсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы № 964 қаулысымен бекітілген Заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актілерге мониторинг жүргiзу ережесiнің талаптарына сәйкес, тіркелген нормативтік құқықтық актілерге қатысты жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша мемлекеттік органдардың ақпараттарына талдау жүргізді. 2011 жылғы 30 желтоқсандағы жағдай бойынша 2011 жылғы жүргізілген мониторинг нәтижелері келесіні көрсетті. Орталық мемлекеттік органдар бойынша мониторинг қолданыстағы мемлекеттік тіркеуден өткен 1 мың. 312 нормативтік құқықтық актілерге қатысты өткізілген (өзгерістер мен толықтыруларды ескермегенде). Мониторингті іске асыру барысында қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруді (сәйкестендірілген) қажет ететін, барлығы 132 нормативтік құқықтық актілер анықталған, оның ішінде:
- заңға қайшы келетін ретінде - 54 (26 нормативтік құқықтық актілер сәйкестендірілген, 28 нормативтік құқықтық актілер сәйкестендіруді талап етеді);
- тиімсіз іске асырылатын - 13 (9 нормативтік құқықтық актілер сәйкестендірілген, 4 нормативтік құқықтық актілер сәйкестендіруді талап етеді);
- ескірген ретінде - 65 (41 нормативтік құқықтық актілер сәйкестендірілген, 24 нормативтік құқықтық актілер сәйкестендіруді талап етеді).
Жүргізілген талдаудың нәтижесі, анықталған нормативтік құқықтық актілердің жалпы саннан 47% (пайызы) ескіргенін, ал 43 % (пайызы) заңға қайшы келетінін және қалған 10% (пайызы) тиімді түрде іске аспағандығын көрсетті.
Әрине бұл екі көрсеткішті салыстыруға мүлде келмейді. Біздің ойымызша, мұның себебі нормативтік құқықтық актілердегі қателіктер және басым жағдайда соттардың Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы Конституциялық заңының 22-бабының және Қазақстан Республикасы Конституциясы 78-бабының ережелерін қатаң түрде сақтай бермеуінде және немқұрайлы қарауында, нақты істі қарау барысында қолданылатын немесе қолданылып жатқан нормативтік құқықтық актілерді Конституцияның ережелерімен салыстыра бермеуінде, тиісті сот төрағасының Конституциялық Кеңеске жіберілетін өтінішке қол қою арқылы, басқа бір судьяның ісіне араласуында және т.б.
Конституциялық Кеңес туралы Конституциялық заңның 22-бабының талаптарын қатаң ұстанудың құқықтық табиғатына келетін болсақ, онда соттарға бұл өтінішпен жүгінуші субъект ретінде берілген міндет. Бұл заңның талаптарын ұстанбаған жағдайда, өтініш өндіріске қабылданбастан, кері қайтарылады. Себебі, өтінішпен жүгінуші субъект Конституциялық Кеңестің қарауына нақты мәселе қоюы керек. Конституциялық Кеңес өз кезегінде осы қойылған мәселенің көлемінен, шегінен шығып кетпеуі керек. Ондай болмаған жағдайда Конституциялық Кеңес өз бастамасы бойынша кез келген нормативтік құқықтық актілерді Конституция нормаларына сәйкестікке байланысты тексере беретін еді. Кез келген нормативтік құқықтық актінің конституциялығын өз бетінше тексеру Конституциялық Кеңестің құқықтық табиғатына қайшы, оның құзіретіне кірмейді. Өз құзіреті барысында Конституциялық Кеңестің шешуіне қойған мәселелердің шегінен шығып кетуіне байланысты мына мысалды келтіруге болады: «2000 жылдың 10 шілдесінде Конституциялық Кеңес Солтүстік Қазақстан облыстық сотының ҚазССР әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 281-бабының 1 тармағы 3) тармақшасын конституциялық емес деп тану жөніндегі өтінішін қарастырды. Конституциялық Кеңес өзінің зерттеу барысында айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға бұйыру туралы іске қатысты аудандық (қалалық) сот шешімдерінің түпкіліктілігі бөлігіндегі Кодекстің 281-бабы 1 тармағы 3) тармақшасының республика Конституциясының 13-бабының 2 тармағына, 14-бабының 1 тармағына, 39-бабының 3 тармағына, 75 және 76-баптарына, 83-бабының 1 бабына қайшы келеді деген тұжырымға келген. Сонымен қоса, Конституциялық Кеңес өзінің қорытынды шешімінде, Кодекстің 281-бабының 1 тармағы 1) және 2) тармақшалары және әкімшілік құқықбұзушылық туралы істердің басқа да санаттары Конституциялық Кеңестің аталған өтінішті қарастыру барысында айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға бұйыру туралы іске қатысты аудандық (қалалық) сот шешімдерінің түпкілікті болып табылатынын анықтады деп жазған. Конституциялық Кеңес бұл нормалар да республика Конституциясының 13-бабының 2 тармағына, 14-бабының 1 тармағына, 39-бабының 3 тармағына, 75 және 76 баптарына, 83-бабының 1 тармағына қайшы келетінін белгілеп берді. Осыған орай, Конституциялық Кеңес бұл заңдардың да нормаларын конституциялық емес деп бірыңғай тұжырым жасады. Таң қаларлығы, Конституциялық Кеңес дәл осы қаулысында конституциялық өндірістегі Конституциялық Кеңестің құзіреті өтініштің шегінен шықпауы керектігі жайында айтады. Сондықтан да Конституциялық Кеңес қалыптасқан жағдайдан шығу үшін, Конституциялық Кеңес шешімінің қаулы шығару бөлімінде органның (лауазымды тұлғаның) қаулысына айыппұл түріндегі әкімшілік санкция салу туралы шағымға шығарылған аудандық (қалалық) сот шешімдерінің түпкіліктілігін көздейтін Кодекстің тек 281-бабының 1 тармағының 3) тармақшасының конституциялығы жөнінде тұжырым жасайды. Сонымен қатар, Конституциялық Кеңес Кодекстің 281-бабының 1 тармағының 1) және 2) тармақшалары конституциялық нормалар жоғарғы заң күшіне ие болып табылатындығына және мемлекеттің бүкіл территориясында тікелей қолданылатындығына байланысты республика Конституциясының 4-бабы 2 тармағының талаптарына сәйкес қолданылмауы тиіс деп ұсыныс береді. Мұндай жағдайда республика Конституциясының 13-бабы 2 тармағында, 14-бабы 1 тармағында, 39-бабы 3 тармағында, 75 және 76-баптарында, 83-бабы 1 тармағында бекітілген ережелерді тікелей басшылыққа алу керек. Көрсетілген шешім Конституциялық Кеңестің өз әрекетін заңның шегімен және өтініштің пәнімен шырмалғандығын сезіне отырып түгел дерлік конституциялық заңдылықты бекітіп алғысы келетіндігіне ықыласы бар екендігін куәландырады. Біздің пікірімізше, Конституциялық Кеңес заңның талаптарын қатаң сақтауға міндетті және өз шешімінде талап арыздың шегінен шығатын тұжырымдарды көрсетуге құқығы жоқ»[95].
Билік тармақтары қызметінің нәтижесін (қабылдаған нормативтік құқықтық актілерін) жарамсыз (конституциялық емес) деп тану жөніндегі соттың өтініші бойынша қозғалатын отырыста конституциялық қағидалардың толықтай жүзеге асатындығын көруге болады. Мәселен, өтініш субъектісі ретіндегі соттың және мемлекеттік билік тармақтарының (Парламент пен Үкімет) құқық туралы дауласуы кезінде арбитр болып табылатын және Конституцияның жоғары тұруын қамтамасыз ететін орган ретіндегі – Конституциялық Кеңестің тәуелсіздігі, конституциялық өндірісті жүргізудегі ашықтық, іске қатысушылардың (билік тармақтарының және өзге де мемлекеттік органдардың) жеке тұжырымын ауызша немесе жазбаша түрде баяндай алуы, жариялылық, өндірістің кезең-кезеңімен жүргізілуі, іске қатысушылардың тең құқықтылығы және т.б. конституциялық қағидалардың іс жүзіне асуын білдіреді. Отырысқа қатысушы субъект ретінде тиісті соттың атынан нақты іс өндірісінде жатқан судья болуы мүмкін. Біздің пікірімізше, нақты іс өндірісінде жатқан судьяның отырысқа қатысушы субъект болып табылуы объективті, әділетті және құқықты болып табылады. Себебі, өтініш жіберілген нақты іс бойынша мәселенің анық-қанығын тікелей істі қарастырып жатқан судьядан басқа ешкім жақсы біле бермейді. Конституциялық заң өкілдік етуді сенімхат негізінде жүзеге асыруды да қарастырады. Оның санаты әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, адвокаттар немесе заңгерлер, болмаса осы сала бойынша заң ғылымындағы дәрежесі бар заңгер-ғалым және т.б. Ал қазақстандық тәжірибеге көз жүгіртіп өтер болсақ, онда субъект ретіндегі – соттың өкілі болып көп жағдайда Жоғарғы Соттың судьялары танылады.
Өтініш субъектілері, сондай-ақ актілері мен әрекеттерінің конституциялылығы тексеріліп жатқан мемлекеттік органдардың өкілдері және лауазымды адамдар, өз еркімен, ал қажет болған жағдайда, Конституциялық Кеңестің талабы бойынша, оның іс жүргізуге қабылданған өтініш қаралатын отырысқа қатысуына болады. Қажет болған жағдайда конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың, сарапшылардың, мамандар мен өзге де шақырылған адамдардың түсініктемелері мен сөздері тыңдалады. Төрағалық етуші мәселені қарау басталғанға дейін оның мән-жайы бойынша өтініш субъектілерінен, олардың өкілдерінен, сарапшылардан, отырыстың басқа да қатысушыларынан, оларда қосымша материалдар талап ету және өтінішті қарауға жаңадан сарапшылар, мамандар жіберу туралы өтініштері мен тілектерінің бар немесе жоқтығын сұрайды. Мұндай өтініштер жазбаша түрде түскен жағдайда, олар Конституциялық Кеңестің отырысында оқылып, қаралатын істің материалдарына қосып қойылады, ауызша өтініш Конституциялық Кеңес отырысының хаттамасына енгізіледі.
Билік тармақтарының өкілдері және өзге де конституциялық іс жүргізуге қатысушылар және олардың өкілдері қаралып жатқан мәселенің мән-жайына байланысты өз қалауы бойынша Конституциялық Кеңестің отырысында сөз сөйлей алады. Конституциялық Кеңес мүшелері конституциялық іс жүргізуге қатысушыларға нақтылау үшін сұрақтар қоюға құқылы. Өтініштінің негізінде конституциялық іс жүргізу қозғалған қатысушы (сот) және өтініштегі актілерінің конституциялығы іс жүргізуде дау тудырып жатқан қатысушылар (заң шығарушының және/немесе атқарушы биліктің жауапты өкілдері) бір-біріне сұрақ қоюы мүмкін. Конституциялық өндіріс барысында соттың немесе оның өкілінің оған қатысуы, Конституциялық Кеңес мүшелерінің нақтылама сұрақтарына жауап беруі және өндіріске қатысушыларға сұрақ қоюы мен конституциялық өндіріс кезінде өтініш бойынша баяндама жасауы – соттың өтінішті жіберудегі ерекше рөлімен байланысты. Конституциялық Кеңестің мүшелерімен нақтылама және т.б. сұрақтар берілген жағдайда, сот оларға өзінің позициясын өтініштің мәні мен мазмұнынан шығып кетпейтіндей етіп нақты жауап беріп, дәлелдеуі тиіс. Өзінің позициясын дәйектеп, дәлелдеу кезінде сот немесе оның өкілі өндірістің өзге де қатысушылардан және сарапшылар мен мамандардан келіп түскен мәліметтер мен қортындыларға сүйене алады. Сот өзінің баяндамасын бастағанда, оның өндірісінде жатқан нақты істің тарихынан бастап, істің қысқаша түрде мазмұнын түсіндіріп, оны шешу барысында қолданылуға тиіс заңның немесе нормативтік құқықтық актілердің қалай белгіленіп алынғандығы жөнінде және осы таңдап алынған заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актілердің не себепті қолданылуға болмайтындығы жөнінде ақпарат беруі абзал. Ақпарат беру барысында, сот өзінің дәйектерін нақтылап, Конституция мен құқық нормалары арқылы дәлелдеуі керек. Онда сот Конституциялық Кеңес мүшелеріне нақты істі шешу үшін таңдап алынған заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актілердің адамның және азаматтың қандай құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретіндігі жөнінде жеке-жеке тоқталып өтуі тиіс. Сонымен қатар, сот адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының Конституцияда баяндалғандығын қарастырып, Конституциялық Кеңестің мүшелеріне тізбелеп таныстырып шығуы керек. Осы тұста сот өзінің қолдануға тиісті заңды немесе нормативтік құқықтық актілерді не себепті конституциялық емес деген қортындыға, тұжырымға келгендігі жөнінде де ақпарат беріп, өзінің тұжырымына қалай келгендігі жөнінде және қандай әдіс-тәсілдерді пайдаланғандығы жөнінде де түсініктеме бере алады. Мұнда дау тек құқық (заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт) жөнінде болуы керек. Демек, сот өзінің дәйектерінде оның тұжырымы бойынша нақты істі шешуде қолдануға тиіс адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді және адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын көздейтін Конституция нормаларының құқықтық мәні мен табиғатын терең зерттеп барып, мұндағы құқықтың әрекет етуі туралы мәселені ғана іске қатысушылардың талқысына қоюы тиіс. Негізінде соттың өтініш субъектісі ретіндегі баяндамасынан кейін, екінші тарапқа, яғни конституциялық өндіріс объектісі ретінде конституциялығы тексеріліп жатқан заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді шығарған немесе қабылдаған, тиісінше орган немесе лауызымды тұлғаға немесе оның атынан өкілдік етіп отырған іске қатысушыға баяндама жасау үшін сөз берілуі керек. Ал ол өз кезегінде өзінің позицияларын анықтап, Конституциялық Кеңестің мүшелеріне таныстыруы тиіс. Конституциялық өндіріс барысында іс жүргізуге қатысушылар да өздерінің жеке позицияларын білдіруге, ал мамандар мен сарапшылар, аталған мәселе бойынша тиісінше өздерінің жүргізген қорытындылары мен сараптамаларын Конституциялық Кеңестің мүшелеріне таныстырып, ортаға салуларына болады. Өз кезегінде Конституциялық Кеңестің мүшелері бұл сатыда іс жүргізуге қатысушыларға, сарапшылар мен мамандарға сұрақ қойып, сараптамалары және қорытындыларымен танысып, ол бойынша іс жүргізуге қатысушылардың жеке субъективтік позицияларын тыңдай алады. Мұның мәні мынада: «өндірістегі істің және оған байланысты мүдденің заңдық аспектілері жөнінде барлық толық мағлұматты алу үшін, конституциялық бақылау органының іс жүргізу барысында іс жүргізудің қатысушысы болып табылмайтын мекемелердің да өкілдерін тыңдауға қауқары болуы қажет. Қарастырылып жатқан өтініш қорытындысының негізінде құқықтары мен құзіреттеріне әсер ететін лауазымды тұлғалар мен мекемелер іс жүргізуге өздерінің мүдделерін білдіретін шақырылған адамдар санатында қатысу құқықтарын иеленуілері керек»[96].
Қорытындылап айтқанда, сот билігінің билік тармақтарының өзара әрекеттестігінде алар орны ерекше екендігіне көз жеткіздік. Сот билігі мемлекеттік басқаруда маңызды функцияны жүзеге асырады. Оның мәні билік тармақтарының қызметіне, яғни қабылданған басқарушылық шешімдердің конституциялығын және заңдылығын бағалау мен бақылау болып табылады. Егер заң шығарушы билік сот билігіне қатысты өкілеттігі заңдарды шығарумен, Жоғарғы Соттың судьяларын сайлаумен және т.с.с. конституциялық ережелер арқылы жүзеге асса, сот билігінің құзіреті басқа билік тармақтарына олардың басқарушылық шешіміне бақылау жүргізу арқылы іске асырылады. Бұл өз кезегінде билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерінің қалыпты жағдайда жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет