Просит принять срочные меры и оградить хозяйствующие субъекты Северо-Казахстанской области от неправомерных действий монополиста энергопередающей компании тоо «СевКазЭнергоцентр»



бет30/31
Дата29.04.2023
өлшемі1,24 Mb.
#88457
түріДиссертация
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31
Байланысты:
Диссертация от 18.04.2013г.

Қорытынды

Мемлекеттік басқарудың тиімділігі билікті тармақтарға бөлу қағидасы арқылы қол жеткізілетіні белгілі, ол бүгінде барлық демо­кратиялық мемлекеттердің негізгі конститу­циялық қағидасы болып табылады.


Диссертациялық жұмыстың 1 бөлімінде Қазақстан жағдайында мемлекеттік билікті тармақтарға бөлу қағидасы теориясының эволюциясы және қазіргі шетелдік тәжірибелері зерттелді.
«Мемлекеттік басқару» түсінігін «мемлекеттік билік» түсінігімен теңестіруге болмайды, оларды жалпы ретінде және бірі екіншісінің бөлігі ретінде қарастырған жөн. Билік бұл – қоғамдық процестерге басқару арқылы араласу мүмкіндігі және құқығы, басқару іс-әрекеті мен шешімдері арқылы қатынасы.
Бірақ «билік» мемлекеттік басқару түсінігінде – жәй бөлігі емес, сонымен қатар, оның жүйе құраушы негізі болып табылады. Себебі қоғамға басқару, реттеу, ұйымдастыру, бақылау арқылы әсер ету оған құқығы мен құзіреті болмаса мүмкін емес.
Белгілі болғандай үш дәстүрлі билік тармақтары бар: заң шығарушы, атқарушы және сот билігі. Уақыт өте келе ғылыми зерттеулерде мемлекеттік биліктің басқа да тармақтары айтылып жүр (сайлау, бақылау, баспасөз билігі, және т.б.). Қазіргі тәжірибе көрсеткендей, бірлік тұжырымдамасы және билікті бөлу бір-біріне қарсы келмейді, бір-бірін жоққа шығармайды, керісінше бір-бірін толықтырып отырады.
Мемлекеттік басқаруды (мемлекетті басқару) кең мағынада қарастыратын болсақ бұл – мемлекеттік билік, оның барлық тармақтары, органдары, лауазымды тұлғалар қызметінің біртұтас аумағы, яғни мемлекеттік билікті барлық оның нысаны мен әдістері бойынша жүзеге асыру болып табылады. Әртүрлі органдар мемлекеттік істерді басқару бойынша өз міндеттерін бірдей жүзеге асырмайды. Парламент өзінше жүзеге асырады, Үкімет өздігінше, сот билігі өзінге белгілеген шеңбердің негізінде жүзеге асырады.
Сондай-ақ, билікті бөлу қағидасының шетелдік тәжірибесін зерттеу барысында президенттік республикаларда биліктерді бөлу дәйекті жүргізілетіні анықталды. АҚШ-та бұл қағида билікті тек бөліп қоймай, оларды тепе-теңдікте ұстап тұру үшін «тежемелік әрі тепе-теңдік» жүйесімен толықтырылған. Шын мәнісінде АҚШ бүкіл тарихында терең конституциялық дағдарысты көрмеген, бірақ дегенмен заң шығарушы және атқарушы биліктерінің кейде қақтығыстары байқалып тұрады.
Айтарлықтай ерекшеленетін билікті бөлу жүйесі парламенттік басқару нысанындағы мемлекеттерде байқалады: парламенттік республикада және парламенттік монархияда. Бұл жерде әрбір конституциялық-құқықтық мемлекеттегідей заң шығарушы, атқарушы, сот биліктерінің дербестігі және тәуелсіздігі қамтамасыз етіледі, бірақ олардың арасындағы тепе-теңдік спецификалық құралдар көмегімен қамтамасыз етіледі. Заң шығарушы және атқарушы биліктердің тепе-теңдігі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік білдіруі және мемлекет басшысының заң шығарушы органды таратуы арқылы қамтамасыз етіледі.
Аралас республикаларда да өз ерекшеліктері бар. Француздық доктринаға сәйкес, мысалы, билікті бөлу қағидасын пайдалану билік тармақтары арасында бірдей бөліп қою ғана емес, сонымен қатар барлық тармақтардың өзара әріптес ретінде қызмет етуі қамтамасыз етіледі. Тек мықты билік адам мен қоғам мүддесі үшін қызмет етеді, бұл мемлекеттің де басты міндеті болып табылады.
Жұмыстың екінші бөлімінде Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік пен мемлекеттік билікті бөлудің ерекшеліктері, мемлекеттік басқаруды жүзеге асыруда билік тармақтары өзара әрекеттестігінің қазіргі таңдағы мәселелері және сот билігінің мемлекеттік басқарудағы рөлін саралау жайлы қарастырылды.
Зерттеу барысын қорытындылай келе келесідей түсініктер анықталды:
Мемлекеттік билікті тек заң шығарушы және атқарушы билікке бөлу билікті бөлудің әмбебап үлгісі бола алмайды. Әмбебап үлгісі болып классикалық үштіктегі биліктерді бөлу қағидатын жүзеге асыру болып саналады. Бұл қорытынды биліктерді заң шығарушы, атқарушы, сот биліктеріне «таза күйінде» бөлу ешуақытта жүзеге асырылмаған (АҚШ-ты санамағанда, яғни мемлекет - федерация, жалпы құқықтағы соттары бар президенттік республика тұрғысынан) деген сияқты саяси тәжірибемен расталады. Бірақ бұл тұжырымнан билікті бөлу мүлдем ескірген, қате немесе утопиялық тұжырымдама деп түсінбеу керек. Биліктерді бөлу – мазмұны өзгеріп тұратын қағида. Оның мазмұны құқықтық еркіндіктің, демократиялық және азаматтық қоғамның тарихи дамуына байланысты, және ол әртүрлі ұлттық басқару жүйесінде әртүрлі көрінуі мүмкін;
Шетелдердегі билікті бөлу тәжірибесін қазақстандық билікті бөлумен салыстырғанда, оның соңғысынан ерекшеленетіні анықталды, өйткені Қазақстандағы мемлекеттік билікті тармақтарға бөлу: а) кеңестік уақытқа дейінгі Қазақстан мемлекетінің даму дәстүрін; б) Қазақ КСР мемлекеттік құрылымының тәжірибесін; в) әлемнің экономикалық және саяси дамыған мемлекеттерінің жетілдірілген мемлекеттік басқару жүйесін ескере отырып жүзеге асырылады;
Мемлекеттік-құқықтық қатынастары көбіне дамыған елдерде (құқықтық мемлекеттерде) үш басқару формасына сәйкес келетін билікті тармақтарға бөлудің үш негізгі үлгісін атап өтуге болады. Бұл президенттік республиканың үлгісі болып саналатын АҚШ-тағы билікті бөлу, парламенттік мемлекеттерде және аралас республикада (Франция). Барлық осы үлгілердегі әкімшілік билік бірдей рөл атқарады.
Диссертациялық жұмысты қорытындылай келе мемлекеттік билік және билік тармақтарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша мынадай бірнеше ұсыныстар әзірленді.
1) мемлекеттік басқаруды одан әрі жетілдіру мақсатында президенттік басқару формасынан президенттік-парламенттік басқару формасына өту жөнінде заң шығарушы билік рөлін одан әрі жетілдіру қажет. Бұл мақсатта Парламенттің атқарушы билік қызметін бақылауын күшейту мәселесін қарастыру керек. Әртүрлі саладағы мәселелер бойынша атқарушы билік органдарына қатысты ұсыныс сипатындағы шешімдер шығаруға құқық беру арқылы парламенттік бақылауды оның комиссиялары мен комитеттері арқылы жүзеге асыруды тәжірибеге енгізу керек. Комиттер мен комиссиялардың құзыреті ұйымышылық сипатта болмауы қажет және бұл жайлы палата Регламентінде емес, жеке комиттер мен комиссиялар туралы заңдарда бекіту бойынша ұсыныс беруге болады;
2) екі палаталы парламенттің ішінде тепе-теңдік және тежемелік жүйесінің жұмысын одан әрі жетілдіру;
3) әрбір мемлекетте, мейлі терең экономикалық және саяси дағдарыста болсын атқарушы билік парламент және сот тарапынан бақылауға ілігуі, ал оның қызметі барлық тұрғындарға мәлім болуы қажет;
4) сот органдарында заң шығарушы мен атқарушы билікке қатысты бақылаудың тәжірибесін реформалау, сотты сайлауды кеңінен қолдау, сотқа әрбір қысымды ауыр қылмыстық іс-әрекет деп тану есебінен соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету және беделін арттыру;
5) заң шығарушы, атқарушы және сот билігі қызметтерінің тиімділігін қамтамасыз ету мәселелері билік тармақтарының өзара байланыс тетігіне және барлығының сот билігі алдында «соттылығына» тәуелді болу керек. Билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті сақтап тұру мақсатында осы тұжырым билік үштігінің үйлесімді қызмет етуінің маңызды негізі болып саналады.
Азаматтық қоғамның дамыған саяси құрылымы бар қазіргі демократиялы мемлекеттерде саяси қатысудың негізгі субъектісі ретінде партиялар шығады. Дәл осы партиялар қазіргі билікті бөлудің субъектілі компонентін құрайтын саяси күш ретінде көрінеді. Егер заң шығарушы және атқарушы және сот билігі әртүрлі партиялармен бақыланатын болса, онда билікті бөлудің тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін одан әрі жетілдіруге болады.
Жоғарыда айтылған мәселелер мен ұсыныстарды қорытындылай келе барлық ғаламдық мәселелерді шешудің «әмбебап» құралы болып мемлекеттік билікті бөлу және оның тармақтарының өзара байланысының теориясы мен тәжірибесін одан жетілдіру, сонымен қатар, тәжірибеде демократия қағидасын қамтамасыз ету табылады.
Еліміздің барлық билік тармақтары белгілі бір дәрежеде басқару процесінің функцияларын иеленеді. Мәселен, заң шығарушы билік басқарудың жоспарлау функциясына ие болып табылса, атқарушы билік белгіленіп берілген жоспарды жүзеге асыру үшін оны ұйымдастырады. Сондай-ақ, заң шығарушы мемлекеттік басқару саласында атқарушы билікке басқару процесі функциясындағы уәждеуге, негіздеуге (мотивация) ие болып табылады. Себебі, алдында атап өткеніміздей Парламент атқарушы билікпен дайындалған республикалық бюджеттің орындалуына байланысты есепті тыңдайды. Оны белгілі бір ескертпелермен бекіте отыра, атқарушы билікті уәжделуге, негізделуге итермелейді. Сот билігі қалған барлық билік тармақтарына қатысты өзіне Конституциямен белгіленген құзірет шегінде басқару процесіндегі бақылау функциясын жүзеге асырады. Сонымен қатар, өз құзіретінің шегінде бақылау функциясымен заң шығарушы да шұғылданады. Демек, барлық билік тармақтары басқару процесіндегі белгілі бір функцияларды жүзеге асырады. Сонымен қатар басқару процесі функцияларының барлық сатыларын бір ғана билік тармағы орындауы мүмкін екендігін жоққа шығармаймыз. Мәселен, Үкімет белгілі бір сала бойынша жоспар құрады, бағдарламаның жобасын әзірлейді, оны бекітеді, қызметін ұйымдастырады, ішінара бақылауды жүргізеді, уәждеуге (мотивация) ықпал етеді, орындалуын бақылауға алады және соңында бағдарламадағы алдына қойған мақсаттарға жетті ме? – деген сұраққа жауап алу үшін атқарған қызметінің тиімділігін бағалайды. Дейтұрғанмен, басқа билік тармағы тарапынан бақылау не болмаса қызмет тиімділігін бағалау болмаса, қаншалықты бір билік тармағының құрған жоспары, ұйымдастырылуы, бақылануы сол билік тармағының өзімен әділ бағалануы мүмкін? Шындығында өзінің құрған бағдарламасына, оның ұйымдастырылуына және жалпы жүзеге асырылуына бірде-бір билік тармағы әділ баға бере алмасы анық. Сол себепті де мемлекеттік басқаруда билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерін жетілдіру тиімді басқаруға алып келеді.
Билік тармақтары өзара ықпалдасуының түпкілікті мақсаты болып адам, қоғам, оны қорғау, оған қызмет жасау, оның жағдайының жақсаруына барынша ықпал ету, адамға, азаматқа қамқорлық жасау танылуы тиіс. Тек осы билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерін жетілдіргенде ғана қазіргі заманға сай келетін, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін, халықтың сұранысын қанағаттандыратын мемлекеттік басқару туралы сөз қозғауға болады. XXI ғасырда мемлекет халыққа, өз азаматтарына қызмет көрсетуші болып табылады. Жаңа ғасырдың жасампаз адамдары мемлекетті бұрынғыдай қанап, жаншитын саяси машина ретінде көрмейді. Қазіргі заман адамдарының түсінігіндегі мемлекет – бұл сол мемлекеттегі билікке жеткен саясаткерлер мен азаматтардың арасындағы келісім-шартпен құрылған саяси ұйым. Мемлекеттің басты мақсаты – өз азаматтарына тиісті дәрежеде қызмет көрсету, оның тілегі мен талаптарын орындау.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет