Просит принять срочные меры и оградить хозяйствующие субъекты Северо-Казахстанской области от неправомерных действий монополиста энергопередающей компании тоо «СевКазЭнергоцентр»



бет9/31
Дата29.04.2023
өлшемі1,24 Mb.
#88457
түріДиссертация
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   31
Жұмыстың құрылымы мен көлемі. Жұмыстың құрылымы кіріспеден, үш тараудан тұратын негізгі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертацияның жалпы көлемі пайдаланылған әдебиеттер тізімін қоса алғанда 162 бет мәтіннен тұрады.


1 БИЛІК БӨЛІНІСІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТАРМАҚТАРЫНЫҢ ӨЗАРА ӘРЕКЕТТЕСТІК ТЕТІКТЕРІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ


1.1 Билікті тармақтарға бөлу идеясы қалыптасуының тарихи алғышарттары
Биліктің бөлінісі және оның өзара әрекеттестік тетіктері ғасырлар бойы адамзатты мазалап келе жатқан мәселе, ол теориялық тұрғыда түрлі бағыттағы ғылым салаларымен жан-жақты зерттеліп келді және күні бүгінге дейін зерттелуде. Билік тармақтарының өзара әрекеттестігін зерттемес бұрын, оның бөлінісін қарастырып алған жөн деп есептейміз. Билік тармақтары тепе-теңдік және тежемелік қағида бойынша бөлінген жағдайда ғана, олардың арасында өзара әрекеттестік тетіктері жүзеге асырылады. Басқаша айтқанда, билік бөлінісі жоқ жерде, олардың арасындағы әрекеттестік тетіктерінің де болмайтыны хақ.
Ежелгі дәуірде биліктің бөліну мәселесі түрлі философтар мен ойшылдардың зерттеу объектісі болып табылса (Қытайда – Конфуции, Мо-Цзы, Лаоцзы, Ежелгі Грекияда – софистер, Сократ, Платон, Аристотель, Полибий, Эпикур және т.б.), орта ғасырларда билік бөлінісі құқықтық тұрғыда, сол кезеңдегі мемлекеттік басқару тәжірибесін ескере отырып және бөліністің қажеттілігі нақты негізделіп, дәлелденіп зерттелді. Оның негізін қалаушылар – Джон Локк, Шарль Луй Монтескье, Имануил Кант, Георг Вильгельм Фридрих Гегель және т.б. болды.
Билік бөлінісі және оның тармақтарының өзара әрекеттестігі мемлекеттік басқару, философия, құқық салаларымен қоса, саясат, әлеуметтану, экономика және соңғы кезде кең өріс алып келе жатқан менеджмент сияқты ғылым салаларымен де түрлі аспектіде зерттеліп келеді.
Билік бөлінісін, оның тармақтарының өзара әрекеттестігін зерттеу Ежелгі Грекиядан көрініс тапты.
Объективті идеализмнің негізін қалаушы Платон (б.э.д. 427-347 жылдары өмір сүрген) – мемлекетті қоғамда бейбітшілік идеясын іске асырушы ретінде қарастырған. Платонның билік бөлінісіне, мемлекеттік басқаруға арналған «Мемлекет» және «Заңдар» деген еңбектері бар. Платонның пікірінше, мемлекетте барлық адамдар басқа біреудің жұмысына араласпастан өз ісімен айналысуы керек. Платон «идеалды мемлекеттің» авторы. Философ мемлекетте идеалды (әділ) мемлекеттік басқаруды жүзеге асыруды көздеді: жобада еңбек бөлінісі орын алды және мемлекеттегі әрбір әлеуметтік топтың еңбек бөлінісіндегі рөлі мен орны нақтыланды. Идеалды мемлекетте қоғам үш (3) негізгі топқа бөлінді: философтар, әскерилер және егіншілер мен қолөнершілер. Платонның пікірінше, мемлекетті философтар басқаруы керек. Себебі олар ойлау қызметі жағынан жүйрік келеді. Философтардың көмекшілері болып, яғни мемлекеттің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін сақтайтындар болып әскерилер танылуы керек. Үшінші топқа жоғарыда айтылған егіншілер мен қолөнершілер жатқызылды. Платонның пікірінше, тек әділ еңбек бөлінісі болған жағдайда ғана идеалды мемлекет құруға болады. Оның пікірінше, философтар алтынмен, әскерилер қоламен, қолөнершілер мен егіншілер темірмен және мыспен жалатылған. Әскерилерде отбасы мүлде болмауы керек, себебі олар соғыс жағдайындағы сияқты ортақ жағдайда өмір сүруі керек, олардың әйелдері де, балалары да ортақ болуы тиіс. Бұл топтың балаларын мемлекет өзінің ерекше қамқорлығына алуы тиіс. Әскерилерді азық-түлікпен егіншілер мен қолөнершілер қамтамасыз етеді. Әскерилерде жеке меншік деген болмайды. Керісінше егіншілер мен қолөнершілерге жеке меншікті иеленуге рұқсат берілді, дегенмен олардың жағдайы әскерилердің тұрмысынан асып кетпеуі керек. Идеалды мемлекет жобасында бір топтан екінші топқа өтуге рұқсат берілмеді, бірақ үшінші топтың баласаы басқа топтың қанымен араласып дүниеге келсе, мемлекетті басқарушылардың бастамасы бойынша оны бір топтан екінші топқа ауыстыруға рұқсат берілді.
Егер де мемлекет бір ғана философпен басқарылатын болса, онда мемлекеттің басқару нысаны – монархия болуы керек, деді Платон. Егер де мемлекет көпшілікпен басқарылатын болса, онда ол мемлекетте – аристократия басқаруы керек деді.
Платонның «идеалды мемлекет» жобасының іс жүзіне аспауы, оның мемлекеттік құрылымды өзгерту бойынша тағы да басқа еңбегін шығаруға мұрындық болды. «Заңдар» атты еңбегінде Платон мемлекеттің құрылым жүйесін сол кезеңдегі Грекияның шынайы өміріне лайықтап әкелді. Мемлекеттің құрылымы идеалды болып тек басқару нысаны демократия және монархия болғанда ғана болады деді. Мемлекеттегі демократиялық басқару нысаны – халық жиналысын көпшілік дауыспен құрудан көрініс табады. Ал манархиялық басқару нысаны кезінде – басқарушы меритократия қағидатына сәйкес сайлануы тиіс, яғни еңбегіне, істеген ісіне қарап сайлау жүргізіледі. Демократиялық және монархиялық үлгідегі мемлекеттік басқару нысанын құру үшін 37 басшы құрамына кіретін алқаны және құрамында 360 мүшесі бар Кеңесті құруды көздейді. Платонның пікірінше, мемлекеттік басқарудың ең жоғарғы сатысында, құрамына 10 дана қариялар кіретін құпия «түнгі жиналыс» әрекет етуі керек. Түнгі жиналыстан басқа барлық мемлекеттік органдар, мемлекеттік басқару субъектілері заңдарды қатаң сақтауы тиіс. Платон түнгі жиналысты, оның кез келген әрекетін қандай да болмасын заңдардан жоғары қойды. Түнгі жиналыс мемлекеттегі ең жоғарғы билікке иеленетін болды, сондықтан да олар Құдайдың ақиқатына қатысы бар деген тұжырым айтылды. Дегенмен, Платон заңдарды барлығынан жоғары қоймады. Мәселен, дін, мораль заңмен реттеледі дегенге қарсы болды. Оның көзқарасындағы заң дін мен моральдан жоғары тұрмайтын еді.
Платонның шәкірті ретінде Аристотель де мемлекеттегі басқару нысанына, мемлекеттің құрылымына үлкен мән берді. Аристотель Платонның кейбір идеаларына қарсы шыққанымен, өзі де мемлекеттік биліктің нақты әрекет етуі, халықты биліктің озбырлығынан сақтау, қорғау, билікті бөлудің және олардың өзара әрекеттестік тетіктері сияқты мәселелерді қарастырмады. Аристотель өз еңбектерінде сол кездегі Ежелгі Грекиядағы мемлекет пен оның құрылымы жөнінде жазды.
Аристотель сол кезеңдегі мемлекеттің құрылымы мен ондағы төңкерістердің себептерін зерттеді. Нәтижесінде, ғалым дұрыс және дұрыс емес мемлекеттерді анықтады. Дұрыс мемлекеттерге монархия, аристократия, полития кіреді десе, дұрыс еместердің қатарына тирания, олигархия, демократия жатады деді. Оның пікірінше, мемлекеттегі басқару нысандарының барлығы екі негізгі басқару нысанынан шығады: олигархия мен демократиядан. Философтың пікірінше, басқару нысанын мұндай бөлудің ерекшелігі – мүліктік жағдайына байланысты. Олигархияда билік байлардың қолында болса, демократияда кедейлердің қолында болады. Сондықтан да бұл екі басқару нысанын бір-біріне ұқсамайтын екі полюспен теңестіреді. Мемлекеттік биліктің тұрақсыздығы, қажетті баланстың, яғни тепе-теңдіктің жоқтығымен түсіндіріледі. Сондықтан да ғалым мемлекеттік басқару нысанын тұрақты жағдайда ұстап тұру үшін идеалды нұсқаны ұсынды: ол полития. Полития – олигархия мен демократияның құндылықтарын өзінде тең дәрежеде алып жүретін аралас басқару нысаны болып табылады. Политияда орта топтың мүддесіне көп көңіл бөлінді және орта топтың болуы мемлекеттегі биліктің тұрақтылығын қамтамасыз ететін факторлармен түсіндірілді.
Аристотельдің пікірінше, мемлекеттің құрылымы үш негізгі бөлікке бөлінеді:

  1. заң бойынша кеңесуші орган;

  2. белгілі бір лауазымдар;

  3. сот органдары [3, 514-515бб.].

Аристотель заң бойынша кеңесуші орган мемлекетте жоғары дәрежеде болады, ол соғыс және бейбітшілік мәселелерін, мүлікті тартып алу, лауазымды тұлғаларды сайлау және басқа мемлекеттермен одақ құру немесе одақтан шығу мәселелерін қарастырады деді [3, 515б.]. Мемлекеттің құрылымы үшін қажетті лауазым иелерін сайлау немесе тағайындау, лауазымдарды бөлу мәселесін мемлекеттің құрылымын ескере отырып, жасақтау қажеттілігі жайында айтты. Сот билігін де 8 түрге жіктеп, олардың тағайындалу және сайлану тәсілдерін баяндап берді.
Түйіндеп келгенде, Платон мен Аристотельдің идеялары, көзқарастары көбінесе мемлекеттік биліктің құрылымына, басқару нысанына арналды. Мұнда билік тармақтарының бөлінісі мен өзара әрекеттестігінің нақты тетіктері қарастырылмады. Мемлекеттік билік құрылымы мен басқару нысаны жалпылама идея ретінде жеткізілді. Дегенмен, Платонның идеалды мемлекет жобасында қоғамды үш топқа бөлуі, Аристотельдің мемлекеттегі басқару жүйесін заңды кеңес органына, лауазымды тұлғаларға және соттарға бөлуі мемлекеттік билік тармақтарының бөлінісі мен оның тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерін ары қарай зерттеуге негіз болды.
Биліктің бөлінісі мен оның тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктері, монарх өзінің билігін теріс пайдаланбас үшін және бүкіл биліктің бір қолда шоғырлануын болдырмау мақсатындағы басты кепіл ретінде XVII-XVIII ғасырларда Джон Локк [4] пен Шарль Луй Монтескье [5] зерттелген болатын.
Джон Локк биліктің бөлінуін мемлекеттік басқаруда ерекше рөл атқаратынымен дәлелдеді. Оның пікіріше, мемлекеттің дұрыс бағытта дамуы үшін билік бөлінісінің орын алғаны құптарлық. Бірақ, бұл абсолютті тұжырым ретінде қарастырылған жоқ. Дж. Локк мемлекеттік билікті үшке бөлді: заң шығарушы, атқарушы (сот билігі атқарушы биліктің құрамында қарастырылды) және сыртқы мәселелермен шұғылданатын федералды билік [4, 348-349бб.].
Дж. Локк мемлекеттегі билік тармақтарын бөліп қана қойған жоқ, ол сонымен қатар оның өзара әрекеттестік тетіктерін қарастырды. Заң шығарушы билік, ғалымның пікірінше, басқа билік тармақтарына қарағанда жоғары тұрады, қоғамда жоғарғы билікті иеленіп [4, 349б.], қоғам мен оның мүшелерін қорғау үшін мемлекеттің билігі қай бағытта қолданылатыны жөнінде нұсқау беру құқығына ие болуы керек [4, 346б.]. Атқарушы билік (құрамында сот та бар) өз кезегінде заң шығарушы биліктің шығарған әрекет етуші заңдарының орындалуын тексеріп отырады [4, 347б.].
Бірқатар ғалымдардың ойынша, Дж. Локк сот билігін жеке алып қарастырған жоқ және оны қарастыруға қажеттілік те туындаған жоқ. Дегенмен, «судья болып заң шығарушы билік немесе ол тағайындалған лауазымды тұлғаны айтуға болады» [4, 312б.]. Джон Локктың сот билігін бөлінісінде арнайы көрсетпеуі – бұл аталған билік тармағының мүлде әрекет етпейді немесе атқарушы биліктің құрамында дегенді білдірмейді. Бірқатар заңнамалық актілер сот билігінің өкілеттігі мен құзіреттілігіне арналған. Мәселен, Ұлыбританияда Корольдің абсолютті билігін шектеуге және адамдардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар заң актілері қабылдаған болатын. Оның ішінде 1679 жылы Ағылшын Парламентімен қабылданған «Habeas Corpus Act» заң актісі. Бұл заң бойынша соттар тұтқынға түскен немесе айыпталған адамдардың немесе мүддесін білдіруші басқа адамдардың өтініші бойынша тұтқындағы адамды сотқа әкеліп, оны қамаудың немесе ұстаудың заңды немесе заңсыз екендігін қарастырады, яғни сот азаматтардың тұтқындалуының заңдылығын бақылайды. Жоғарыда аталған заңның күшін белгілі бір мерзімге (1 жылдан аспайтын) атқарушы биліктің тоқтатып қоюына құқығы бар болды, бірақ бұл жағдайда заң шығарушы органның келісімі қажет.
Дж. Локктың идеялары классикалық тұрғыда қазіргі кезеңде барлық мемлекеттерде қолданылмағанымен, оның билік бөлінісі және оның тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктері бойынша идеялары тәжірибеде Ұлыбритания мемлекетінде жүзеге асқан және осы күнге дейін әрекет етеді. Мәселен, Лордттар палатасы (Парламент) төрағасының бір мезгілде аппеляциялық соттың төрағасы болып танылуы және т.б. Ғалымның идеяларының қазіргі Ұлыбритания мемлекетінде іс жүзіне асу мәселесін біз билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерінің шетелдік тәжірибесін қарастырғанда толыққанды тоқталатын боламыз.
Джон Локктың ізінен салып француз ғалымы Шарль Луй Монтескье мемлекеттегі билік бөлінісі және оның тармақтарының өзара әрекеттестігіне өзінің көзқарасын «Заңдар рухы туралы» атты еңбегінде білдіреді. Ш.Л.Монтескье идеясының басты құндылығы – ол мемлекеттегі жоғары билікті тармақтарға бөлу, олардың арасындағы тепе-теңдік және тежемелік жүйесін қарастыру арқылы билікті бір қолда шоғырландырмау, яғни абсолютті билікті шектеу, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылады. Монтескьенің пікірінше, егер заң шығарушы мен атқарушы билік біріксе – бостандық болмайды, одан қорқу керек. Себебі монарх немесе сенат соңынан оны тирандық жолмен қолдану үшін тирандық заңдарды қабылдайды. Сондай-ақ Монтескье, «... сот билігінің заң шығарушы мен атқарушы билікпен бірігіп кетсе де бостандықтың болмайтынын, яғни азаматтардың өмірі мен бостандықтары қанаушы биліктің құрсауында қалатынын, судья заң шығарушыға айналатынын айтты. Егер сот билігі атқарушы билікпен бірігіп кетсе, судья қанаушыға айналып кету қаупі бар екенін қадап айтты» [5, 290б.]. Мұнда еркіндікке аса мән беріліп отыр. Сондай-ақ, ғалым заңдардың сапасына да үлкен мән беруді талап етті.
Монтескье барлық билік тармақтарының бір-бірінен тәуелсіз болуын жақтады. Оның пікірінше, заң шығарушы билік халықтың өкілдерін құрайтын органға берілуі керек. Олар өз кезегінде мемлекетке, қоғамға қажетті заңдарды шығарумен шұғылдануы тиіс. Атқарушы билік монархта болуы керек. Ол өз кезегінде мемлекет пен қоғамдағы туындаған қатынастарды шұғыл басқарумен айналысуы тиіс, яғни басқа мемлекеттермен сауда-саттық мәселелері бойынша келісім-шарттар жасасу, елшілерді шет мемлекеттерге жіберу және басқа елден келетін елшілерді қабылдау, мемлекеттің тыныштығы үшін қызмет жасау, әскерлерге басшылық жасау, соғыс немесе бітімгершілік мәселелерін шешу және т.б.
Ойшыл сот билігіне ерекше тоқталды. Себебі, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын заңға сүйене отырып, ешкімнің қысымынсыз қорғау үшін сот билігінің өзі де тәуелсіз болуы қажет. Монтескье сот корпусының құрылуы бойынша келесіні пайымдайды: «сот билігін құруды тұрақты түрде әрекет етуші Сенатқа емес, халықтың арасынан заңды тәсілмен белгілі бір уақыт шеңберінде жұмыс істейтін сотты құру үшін таңдалып алынған тұлғаларға беру қажет» [5, 291б.]. Мұнда сот билігінің немесе соттағы ант берушінің (присяжный) қайсысының сот билігін құрайтыны белгісіздеу көрінеді. Дегенмен, сот корпусына кіретін адамдардың белгілі бір мерзімге сайланып отыруы жөнінде нақты жазылған. Сот билігіне билік тармақтарының ішінде ерекше мән аударуы, оның сот төрелігін жүзеге асыруымен, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттік биліктің басқа тармақтарының озбырлығынан қорғау болып табылады.
Монтескье, заң шығарушы билікті халықтың еркімен байланыстырады. Халық заң шеңберінде қандай іспен шұғалданғысы келсе, сонымен айналысуы керек дейді. Егер қолынан келмесе, өзінің өкілдері арқылы істеуі керек дейді [5, 293б.].
Жалпы алғанда, Монтескье мен Джон Локктың көзқарастарының сәйкес келмеуі дәл осы заң шығарушы биліктің рөлін екі бөлек қарастырудан шығады. Дж. Локк заң шығарушы билікті басқа билік тармақтарының барлығынан жоғары тұрады, ол биліктің біртұтастығын бейнелейді десе, Ш.Л.Монтескье билік тармақтарының бір-бірінен тәуелсіз, еркіндікте және өзара ықпалдасып әрекеттеседі деген көзқараста болды.
Монтескье заң шығарушы билікті екіге бөлді: жоғарғы палатаны ақсүйектер жиналысы құраса, төменгі палатаны халық өкілдерінің жиналысы құрайтын болды. Оның пікірінше, «кез келген мемлекетте туған кезінен, байлығымен және сый-құрметімен ерекшеленетін адамдар бар» [5, 294б.]. Сондықтан да мемлекетте байлығымен, сый-құрметімен және туғандағы тегімен ерекшеленетін адамдар заң шығарушы органның жоғарғы палатасына орналасуы қажет. Ал төменгі палатаны халықтың арасынан сайланған адамдар құрауы тиіс. Ол заң шығарушы билікті жасақтаудың жолын, бағытын, оның құрылымын және өзіндік рөлін белгілеп берді. Ғалымның пікірінше, бұл органның екі палатасының ішінде де тепе-теңдік және тежемелік қағидаты жүзеге асуы тиіс, яғни екі палата бірінің қабылдаған заң актісін бірі қайтару құқығына ие болулары керек.
Билік бөлінісі идеясы авторының пікірінше, атқарушы билік монархтың қолында болуы керек. Себебі, мұнда әркез шұғыл әрекет етуді талап етеді және ол көптен гөрі бір адаммен жақсы орындалады [5, 295б.]. Мұнда монархтың билігін шектеу мәселесі жан-жақты қамтылған. Монарх тек заң шығарушы белгілеп берген заңның шеңберінде ғана әрекет етуі тиіс. Монарх өз бетінше заң қабылдай алмайды, сол сияқты сот төрелігін жүргізуге де араласа алмайды, себебі оны тек сот билігі жүзеге асыруы қажет. «Заңдар рухы туралы» еңбегінде Ш.Л. Монтескье билік бөлінісінен басқа, олардың тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктеріне де үлкен назар аударды. Мұнда билік тармақтарының тепе-теңдік және тежемелік қағидатын ұстанып әрекет ету мәселесі жан-жақты зерттелген. Билік тармақтарының әрекеттестігінің тепе-теңдік және тежемелік қағидатын ұстанып ықпалдасуын мына тетіктерден байқауға болады: биліктегі лауазымды тұлғалардың ауысымы, өкілеттіліктің белгілі бір мерзімге ғана берілуі, Корольдің заң шығарушы орган қабылдаған нормативтік құқықтық актісіне вето (қарсылық білдіру) қою құқығы, заң шығарушы билікті таратудың тетіктері және Корольдің таратуға өкілеттігінің болуы, лауазымды тұлғалардың (атқарушы билік) заң шығарушы биліктің алдында жауаптылықта болуы, сот билігінің тәуелсіздігі және сот төрелігін тек қана соттың жүзеге асыруы, заң шығарушының және атқарушы биліктің қызметіне соттық бақылаудың жүзеге асырылуы және т.б.
Заң шығарушы биліктің жоғары сатыда орналасуын мынамен түсіндіреді. Заң шығарушы орган атқарушы биліктің іс-әрекетін құқықтық тұрғыдан белгілі бір шеңберге салып береді, қоғамдық қатынастар тек заңның шегінде және тек заңмен рұқсат етілген жағдай бойынша ғана реттелуі тиіс. Заң шығарушы биліктің өкілдері – ол бұқара халықтың атынан өкілдік етеді. Ал мемлекеттік егемендік халықтың егемендігінен келіп шығады. Заң шығарушы билік атқарушы билікті заңды орындау қызметі бойынша тексереді, егер орындамаса жаза қолданбайды. Ол соттың өкілеттігіне кіреді. Атқарушы билік өзінің табиғаты жағынан зомбылық пен билікті теріс пиғылда пайдалануға жақын тұрады. Оның себебі де бар. Атқарушы билік өзінің қарамағында ақша-қаржы, әскери күш, лауазымды иеленеді. Сондықтан да атқарушы билік өзінің барлық қызметінде заң шығарушы билікке тәуелді болуы керек.
Ойшыл сот билігіне ерекше көңіл аударғанын айтқан болатынбыз. Сот билігінің заң шығарушымен өзара әрекеттестігі, оның заңның орындалуы немесе орындалмауы бойынша жүзеге асырылады. Сол сияқты сот билігі сот төрелігін атқарады.
Француздың белгілі ғалымы Ш.Л. Монтескье биліктің тармақтарға бөлінуі және оның өзара әрекеттестік тетіктері теориясын сол заманның өзінде-ақ жан-жақты зерттеп, зерделеп шықты. Оның теориясы қазіргі кезде де өзекті болып табылады, билікті бөлу идеясы көпшілікпен мойындалған және әлемнің көптеген дамыған, демократиялық мемлекеттерінде тәжірибеде іске асырылған.
XVIII-XIX ғасырларда биліктің бөліну теориясы және оның өзара әрекеттестігі кең көлемде түрлі сала ғалымдарымен талқылана бастады. Оның бірі француз либерализмнің негізін қалаушы Бенжамен Констан (1767-1830жж.). Ойшылдың пікірінше жетілген мемлекеттік құрылым болмаса, адамның еркіндігі туралы сөз қозғауға болмайды. Тек жетілген, дұрыс анықталған мемлекеттік құрылым ғана адамдардың еркіндігіне кепіл бола алады. Констан мемлекеттік басқарудың монархиялық нысанын жөн көрді. Ол мемлекеттік билікті төрт тармаққа бөлді: заң шығарушы, атқарушы, сот билігі және корольдің билігі. Король билік тармақтарының арасындағы қақтығыстарды болдырмай, егер туындаған жағдайда, оны шешу үшін әрекет етеді. Б.Констанның пікірінше мемлекеттің қоғамның шаруашылық істеріне, яғни кәсіпкерлердің еркіндікте жұмыс істеу ісіне араласуға құқығы жоқ. Егер араласатын жағдайда, бұл субъектілерді сот билігі қорғау керек деді. Ол Францияда конституциялық монархия болғанын қалады және конституциялық монархияны ең үздік басқару нысаны деп таныды.
Ары қарай мемлекеттік билік бөлінісі мен оның тармақтарының өзара әрекеттестігі тақырыбына өз үлесін неміс ғалымы Иммануил Кант (1727-1804жж.) қосты.
И.Канттың пікірінше, кез келген мемлекетте үш билік болады, яғни үш жүзге біріктірілген жалпылама кейіп (trias politica): жоғарғы билік (егемендік) заң шығару жүзінде, басқарушы жүздегі атқарушы билік (заңның негізінде басқарады) және сот билігі (заң бойынша әркімге өзіне тиесіліні беретін) [6, 234б.]
Негізі Кант Монтескьенің теориясын жалғастырушы болып табылады. Оның пікірінше, заң шығарушы билік басқа билік тармақтарын заңмен қамтамасыз етуші орган болып есептеледі. Атқарушы билік өзінің қызметінде заң шығарушы билікке тәуелді болып келеді. Ал сот билігі заңның орындалуы бойынша қадағалау мен бақылауды жүзеге асырады.
Канттың пікірінше, мемлекеттегі билік тармақтары бір-бірімен өзара байланыста болады, олар бірін-бірі жетілдіру жолында толықтырып отырады [6, 348б.], ...мемлекеттің басшысы сот төрелігін іске асыра алмайды, олар тек судьяларды лауазымды тұлға ретінде тағайындауға құқықтары бар [6, 349б.]. Осылайша И.Кант мемлекеттік биліктің бөлінісін ары қарай дамытты, жетілдіре түсті.
Кант секілді немістің тағы бір ғалымы Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831жж.) «құқық философиясының негіздері» атты еңбегінде биліктің тармақтарға бөлінуі және олардың өзара әрекеттестік мәселелеріне өзінің ойын білдірді. Оның пікірінше, «...мемлекеттік билік өзінің құрамында әртүрлі арнайы биліктерді құрайды: 1. заң шығарушы; 2. әкімшілік және қаржылық (еркіндікті қамтамасыз ету үшін өзіне қаржы жасау); 3. сот және полиция (тәуелсіз); 4. әскери билік (соғыс және бейбітшілік жариялау үшін)» [7, 52б.]. Мұнда біз классикалық тұрғыда қалыптасқан үш (3) билік тармақтарынан басқа, полиция және әскери билікті көріп тұрмыз.
Гегель билік тармақтарын бір-біріне қарама-қарсы қоюды қатты сынға алды. Оның ойынша, билік тармақтары мемлекеттік егемендікке негізделген органикалық тұрғыдағы біріңғай жүйені құрауы тиіс. Гегельдің пікірінше, егемендік халыққа емес, Корольға тиесілі болуы керек. Заң шығарушы билік екі (2) палатадан тұруы тиіс, олардың арасындағы қақтығыстар мен теке-тірестерді қалыпты жағдай деп бағалады.
Осылайша, биліктің бөлінісі және оның өзара әрекеттестік тетіктері алғашқы кезде идея, кейін теория тұрғысынан зерттеліп, дәлелденіп, алғаш рет 1787 жылы АҚШ Конституциясы қабылданғанда тәжірибеде жүзеге асырылды [8, 106б.]. Мұнда көлденеңінен бір-біріне бағынбайтын, бірақ ортақ мақсатта жұмыс істейтін, бірімен бірі ықпалдасып әрекет ететін қазіргі заманның сұранысына сай келетін билік тармақтары пайда болды. Соңынан бұл билік бөлінісі жүйесі демократиялық, құқықтық мемлекеттің ажырамас бір бөлігі ретінде әлемнің көптеген елдерінде тәжірибеге енгізіліп, жұмыс істей бастады.
Түйіндеп келгенде, Ежелгі Грекия ойшылдарынан бастап (Платон, Аристотель, Полибий), ортағасырлық мемлекеттанушылар (Дж. Локк, Ш.Л.Монтескье, Б.Констан, И.Кант, Гегель) билік бөлінісіне, оның тармақтарының өзара әрекеттестігіне арналған ойлары мен тұжырымдарын зерттеп, зерделедік. Нәтижесінде билік бөлінісі Платонның теориясындағы еңбек бөлінісінен бастау алып, Аристотельмен дамытылды. Дегенмен, бұл кезеңде, алдында айтып кеткендей, билік бөлінісі, мемлекеттік басқару мәселелері жалпылама тұрғыда айтылды. Билік бөлінісі мен оның тармақтарының өзара әрекеттестігінің тетіктері нақты қарастырылмады. Дж.Локк билікті тармақтарға бөлу идеясын біршама қалыпқа келтірді. Дегенмен, біздің пайымдауымызша, ондағы сот билігінің бөлек бір тармақ ретінде қарастырылмауы, ондағы әдет-ғұрыпқа, құқықтық мектепке байланысты деп ойлаймыз.
Биліктің тармақтарға бөлінуі және оның тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктері жан-жақты француз ғалымы Ш.Л.Монтескьемен теориялық тұрғыдан дәйектеліп, тиісінше дәлелденді.
Биліктің бөліну мәселесі неміс ғалымдарының (Кант, Гегель) да зерттеу объектісі болып келді. Осылайша, Монтескье негізін қалап кеткен биліктің бөлініс жүйесі қазіргі кезде тәжірибе жүзінде өзінің тиімділігін көрсетуде.
Енді мемлекеттік биліктің бөлінісі мен оның тармақтарының өзара әрекеттестігін мемлекеттік басқару ғылымы, басқаша сөзбен айтқанда «менеджмент» тұрғысынан қарастыратын болсақ. Себебі, қазіргі таңда менеджмент мемлекеттік басқарудың негізі ретінде тек экономикалық қатынастарда ғана емес, билік тармақтары жұмысының тиімділігін, билік тармақтарының өзара әрекеттестігінің негізіндегі тиімділігін бағалау тетіктеріне де ене бастады.
Алдында билік бөлінісін философиялық тұрғыдан қарастырғанымызда айтып кеткеніміздей, басқару – ерте дәуірде, мемлекет, оның органдары, яғни билік тармақтары пайда болмай тұрып әрекет еткен. Мемлекет те қоғамдық, әлеуметтік институттар секілді басқаруды талап етеді. Мемлекеттік билік, оның тармақтары басқару теориясымен тығыз байланысты. Мемлекеттік басқару теориясын жетілдірмей жатып, мемлекеттік билік тармақтарынан тиімді түрде жүзеге асатын өзара әрекеттестік тетіктерін қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан, билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерін мемлекеттік басқару жүйесінде қарастырған жөн.
Жалпы басқару дегеніміз – ол субъектінің (мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар) объектіге (қоғам, әлеуметтік институттар) қатысты мақсатты ықпал ету процесін айтады. Ықпал мемлекеттік биліктің, оның тармақтарының белгілі бір мақсатқа жету үшін жасалады.
Мемлекеттік басқару теориясының негізін қалыптастырушылар ретінде АҚШ Президенті болған В. Вильсонды, Ф.Гуднауды және М.Веберді атайды.
В.Вильсон тәжірибеші ретінде мемлекеттік басқару теориясының құқықтану және саясаттану ғылымдарынан бөлек тұратынын дәлелдеді. 1887 жылы жарық көрген «Мемлекеттік басқару ғылымы» атты еңбегінде ол негізгі теориялардың бірі ретінде мемлекеттік басқаруда саясаткерлер мен әкімшілердің арасындағы функциялардың нақты ажыратылуы керектігі жайында айтты. В. Вильсонның пікірінше, «... билік тармақтарының дәл осылай бөлінуі, яғни жауапкершіліктің қатаң түрінің қарастырылуы, саясаткерлердің сын сағаттарда үкіметті тас-талқанын шығаратындай етіп жоспарланғандай ... биліктің бөлінісі мен жауапкершіліктің шектелуі, ақиқатында жүйенің ... радикалдық кемшілігін көрсетеді» [9]. Мұнда В.Вильсон билік тармақтары біріне бірі бағынышты сипатта болмас үшін, олардың арасында нақты бөліністің қажеттілі жайында айтып отыр. Дегенмен, оның пікірінше, мемлекеттік қызметшілер әкімшілер сияқты саясаткерлердің басқарушылық шешімдерін тез, әрі шұғыл орындауы тиіс. Ф.Гуднау Вильсонның пікіріне қосылып, өз кезегінде әкімшілерді қатаң бақылауда ұстау қажеттілігі жайында айтты. Бұл екі тұлғаның теориялары мемлекеттік басқаруда саяси билік пен әкімшілікті бөлу жайында айтылған. Өз кезегінде бұл теорияны, XVII-XVIII ғасырларда француз ғалымы Монтескье мемлекеттік-құқықтық тұрғыдан дәлелдеп кеткен болатын.
Мемлекеттік билікті қарастырғанда жік-жікке бөліп тастаған болатын. Онда заң шығарушы халықтың арасынан шығып, сәйкесінше мемлекеттік басқару бойынша стратегиялық шешімдер қабылдауға өкілеттігі бар саясаткерлер болатын боса, атқарушы билік заң шығарушы биліктің шешімдерін орындау үшін құрылады, яғни монарх мемлекетті шұғыл басқару үшін, заң шығарушы биліктің басқарушылық шешімдерін (заңдарын) орындау мақсатында тағайындалатын лауазымдарды енгізеді. Мемлекеттік басқару теориясынан бөлек мемлекеттік басқарудың дамуына өз үлесін қосқан теориялар:

  1. Ғылыми басқару мектебі. Негізін қалаушы – Ф.Тейлор болды. Ол ғылымға негізделген басқаруды өндіріске енгізе отырып, айтарлықтай жетістікке жетті. Нәтижесінде көптеген шаруашылық және бизнес субъектілердің басшылары бұл теорияны қолдана бастады.

  2. Басқарудағы ұйымдастыру-технологиялық бағытты Фрэнк және Лиллиан Гильберттер, Г.Форд, Г.Ганнт дамытты. Бұл екі теориялардың саяси ұйым ретінде мемлекетке емес, нақты өндіріске, экономикаға қатысы бар болғандықтан және зерттеу тақырыбын ашуға көмегі шамалы болғандықтан, аталған теорияны кеңінен ашпауды жөн көрдік.

  3. Әкімшілендіру теориясы. Бұл теория француз ғалымы Анри Файольдің (1825-1925жж.) атымен байланысты. Белгілі экономист К.Кубаевтың пікірінше, «...Анри Файоль менеджментте белгілі тұлға, «әкімшілендіру теориясын» құрып, өндірісті жалпы ұйымдастырудың ішінен басқарудың жекелеген функцияларын ажыратты: жоспарлау, ұйымдастыру, басқару, үйлестіру және бақылау. Ол көбі бүгінге күнде де өзекті болып табылатын басқарудың негізгі он төрт қағидатын тұжырымдаған болатын» [10, 43б.].

  4. Адамдық қарым-қатынас мектебі. Өкілдері М.Фоллет, Э.Мэйо. Мұндағы басты тұжырым – басқарушы мен қызметкерлердің арасында жағымды қарым-қытынас орнату.

  5. Бихевиоризм теориясы немесе мінез-құлық ғылымы мектебі. Құрамында – Р.Лайнер, Ф.Херцберг, А.Маслоу, Д.Макгрегор болды. Бұл мектептің көздеген мақсаты – адамдық ресурстарды көтермелеу арқылы кәсіпорын жұмысының тиімділігін арттыру. Мұнда ерекше қызығушылықты Абрахам Маслоудың «қажеттіліктер теориясы» тудырады.

Ш. Есімованың айтуы бойынша «негізгі қажеттіліктер, керісінше, «төменнен» (материалдық) «жоғарыға» (рухани) қарай баспалдақтық (иерархиялық) қағидатқа сәкес орналасады: 1) физиологиялық және сексуалдық қажеттіліктер; 2) экзистенциалдық қажеттіліктер – тіршілік ету қауіпсіздігіне, ертеңгі күнге деген сеніміне, өмір сүру жағдайларыны тұрақтылығына, белгілі бір тұрақтылық пен айналадағы социумды реттеуге деген қажеттіліктер, ал еңбек саласында – кепілді жұмыспен қамтылуына, жазатайым жағдайлардан сақтандыруға және т.б.; 3) әлеуметтік қажеттіліктер – ұжымға, қауымғаберілушілік, оны жақсы көру, басқаларға қамқорлық жасауға және өзіне көңіл аудартуға, бірлесіп еңбектенуге; 4) беделге қатысты қажеттіліктер – «белгілі, маңызды» адамдар тарапынан құрмет көруге, қызмет бабында өсуге, мәртебеге, бейімдікке, жоғары баға алуға; 5) рухани қажеттіліктер – шығармашылық арқылы өзін-өзі көрсетуге деген қажеттіліктер» [11, 18-19бб.].
А. Маслоудың теориясының мағынасын кеңейтіп ашқан себебіміз, бұл теория билік бөлінісі және оның тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерін жетілдіруде қолданылуы мүмкін. Біздің пікірімізше, бұл қажеттіліктер кезең-кезеңімен жүру дегенді білдірмейді, мемлекеттік билік тармақтары адамның қажеттілігін қанағаттандыруда кешенді жүйені қолдануы керек: физиологиялық, әлеуметтік қауіпсіздік пен әділ сот арқылы қорғау, қоғамда өзін-өзі сыйлата білу және өзін жетілдіруге қатысты қажеттіліктер. Мемлекеттегі билік тармақтары (сот билігі, заң шығарушы билік) адамның қауіпсіздігін (билік тармақтарының өзінен де) қамтамасыз етпесе, ол әлеуметтік қажеттіліктерінің қамтамасыз етілмеуіне және адамның қоғамдағы мәнінің жоғалуына алып келеді. Сондықтан да билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерін жетілдіру – бұл биліктің тепе-теңдік және тежемелік қағидат негізінде қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп қана қоймайды, ол сонымен қатар халықтың мемлекеттік егемендікдің иесі ретінде танылуына және мемлекеттік билік тармақтарының адамның өзін-өзі жетілдіру үшін барлық жағдайды жасап, қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерін жетілдіруде Анри Файольдің басқару функциясы ерекше рөл ойнайды. Біздіңше, билік бөлінісі дәл осындай кезең-кезңімен жүзеге асыруы тиіс. Қысқаша айтқанда ол мына тәсілмен жүзеге асыруы керек: заң шығарушы билік – мемлекеттік басқарудың жоспарлау және жобалау жұмыстарымен айналысып, басқарушылық шешімді шығаратын болса, атқарушы билік заң шығарушы биліктің шығарған басқарушылық шешімдерін орындаудан басқа, оның басқа да орталық және жергілікті атқарушы органдармен орындалуын бақылайды және шешімді орындау бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді. Сот билігі басқарушы шешімнің (заңның) орындалуын қамтамасыз етеді. Қоғамдық қатынастарды осы заңның негізінде реттеп отырады және басқарушылық шешімнің және оның негізінде қабылданған басқа да шешімдердің конституциялығын бақылап отырады. Атқарушы билік басқарушы шешімнің орындалу жайында заң шығарушының алдында белгілі бір мерзімде (1 жыл) есеп беру тиіс. Бұл билік тармағының есебі бір қырлы болмас үшін, өзінің бақылау функциясының негізінде сот билігі де отырысқа қатысып, басқарушылық шешім бойынша, оның тәжірибедегі орындалу жағдайы бойынша өзінің көзқарасын білдіруі керек. Өз кезегінде заң шығарушы билік есепті қабылдау немесе қабылдамау бойынша өзіне берілген конституциялық құзіреттің негізінде нақты шешім шығаруы тиіс және оны халықтың назарына үнемі жеткізіп отыруы қажет. Осы тетіктің негізінде басқару функциялары кезең-кезеңімен үзілместен жүріп отырады. Бұл өз кезегінде билік тармақтарының мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзара әрекеттестігін жетілдіре түседі.
Бұл мәселені теориялық тұрғыдан кеңінен ашып көрсететін болсақ, онда заң шығарушы органның субъектілері, яғни депутаттар бұқара халықтың өкілі болғандықтан, халықтың қажеттіліктерін білуге тиіс. Егер қажеттіліктерді нақты білмейтін болса, халық мемлекеттің функцияларының және қызмет көрсетуінің түрлі жолдары арқылы өз ұсыныстарын береді немесе елдің ұсыныс, тілектерін саяси партиялар жинайды, оны шешуге уәде береді. Бір сөзбен айтқанда, заң шығарушы билік сұраныс, тілектерін ескере отырып, мемлекеттік басқаруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша жоспар құрады. Мұнда сапалы заңнамалық жоспар құру туралы күмән болмауы тиіс, себебі Парламентте көбіне бұрын атқарушы билікте болған, мемлекеттің тізгінін ұстаған дана адамдар отырады. Олар мемлекеттегі стратегиялық болжамдармен шұғылданады. Заң шығарушы билік жоспарланған шешімді шығарып қана қоймайды, оның орындалуы бойынша стратегиялық басшылық жасайды (үкіметтік сағаттар, парламенттік тыңдаулар) және бақылайды (атқарушы биліктің есеп беруі).
Заң шығарушы биліктің мемлекеттік басқарудың жоспары мен болжамын жасақтағанда атқарушы билік тыс қалып қоюы мүмкін емес. Себебі, ертең осы басқарушылық шешімді жүзеге асыратын дәл осы атқарушы билік. Ұйымдастыру мәселесінде заң шығарушы билік пен атқарушы билік бірге әрекет етеді, яғни заң жобасын жоспарлап, Парламентте атқарушы билік өкілдерінің қатысуымен қабылдауды жүргізеді. Заң – басқарушылық шешім ретінде Парламентпен бекітілгеннен кейін, атқарушы билікке оның орындалуын ұйымдастыру, үйлестіру және басқару үшін беріледі. Демек Үкімет орындаушы орган ретінде заңның тиімді орындауын қамтамасыз етеді, орталық атқарушы органдардың жұмысын үйлестіреді және оған басшылық жасайды. Мұнда аралық бақылауды қоспай кетуге болмайды. Үкімет заңның орындалуын және орталық және жергілікті атқарушы органдардың заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің заңның шеңберінен шығып кетпеуін бақылайды (ішкі бақылау).
Сот билігі заңның әділдігін (конституциялығын) бақылайды. Заңның негізінде қабылданған нормативтік құқықтық актілердің заңның аясында қолдану мәселесін өзінің қатаң назарында (қадағалауында) ұстайды. Біздің мемлекеттік басқару жүйемізде бұл функция прокуратура органдарына тән. Көптеген шетелдік мемлекеттерде прокуратура сот билігінің құрамына кіргізілген. Қазақстанның тәжірибесінде прокуратура органдары ешбір билік тармақтарының құрамына кірмейді, ол Қазақстан Республикасының Президентімен құрылатын және соған ғана бағынышты орталық мемлекеттік орган болып табылады.
Қ.Кубаевтың пікірінше, «мемлекеттік билікпен заңдық тұрғыда саясаткерлер иеленеді. Олар бұл өкілеттіктерді белгілі бір қайнар көздерден алады. Мемлекет басшысы ретінді Президент және депутаттар билікті сайлау алдында халықтан алады және Конституция бойынша жоғарғы саяси билік болып табылады. Бұл тұлғалардан өкілеттіктерді басқа саясаткерлер – Үкімет мүшелері мен әкімдер алады. Енді үлгіге сәйкес, билік мемлекеттік басқаруды жүргізудің «генераторы» болып табылады. Ол мемлекеттік басқаруды «қуат алдырады». Биліктің ресурстарын тиімді пайдалану үшін билікті жүзеге асырудың оңтайлы тетіктерін құруы тиіс. Осы тетік арқылы мақсатқа жету үшін билік әкімшілендіруді жүзеге асырады. Ал мемлекеттің мақсаты болып – қоғамдық игілікті өндіру болып табылады» [12, 177б.].
Әрине профессор К. Кубаевтың пікірімен келіспеуге болмайды. Ғалымның ойы нақты және дәлелді жазылған. Дегенмен, біздің пікірімізше, бұл идеяны тағы да толықтырып ашу қажет. Себебі, мемлекеттік басқаруды кең мағынада қарастыратын болсақ, мұнда тек заң шығарушы мен атқарушы биліктен басқа сот билігі де әрекет етеді. Сот билігі өзінің өкілеттігін саяси биліктен (Президент пен Парламенттен) алады. Бірақ мұнда қандай да бір бағынушылық жоқ. Бұл билікті құрудың да мақсаты бөлек, ол заңның конституциялығын тексеру, бағалау және қате кеткен жағдайда түзету енгізу бойынша ұсыныс беру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, басқарушылық шешімнің орындалуын бақылау.
Қорыта келгенде, біздің пікрімізше, биліктің бөлінісі және оның тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктері философия, саясаттану, құқықтану, әлеуметтану, экономика, менеджмент салалары бойынша ғалымдармен жан-жақты зерттеліп келеді. Ежелгі Грекияда, орта ғасырлардағы билік бөлінісінің жүйесі және мемлекеттік басқару теориялары қазіргі таңда іс жүзіне асырылуда. Ш.Л. Монтескьенің билік бөлінісі идеясының жүзеге асуы, біздіңше мемлекеттердің даму үрдісіне басқаша көзқарас алып келді және бұл теория ғалымның үмітін ақтады деп ойлаймыз. Біз билік тармақтары мен басқарудың бір-бірінен ажыратылмас түсінік екеніне көз жеткіздік. Дегенмен, биліктің бөлінісін, оның тармақтарының санын, олардың өзара әрекеттестік тетіктері әр мемлекетте әртүрлі қалыптасуда. Оған қоғамдық-саяси (дін, мораль, әдет-ғұрып, салт-дәстүр), географиялық-климаттық, территориялық жағдай, әлеуметтік жағдайлар (өмір сүру деңгейі, сапасы, әлеуметтік теңсіздік, еңбек, білім мен ғылымның, мәдениеттің деңгейі, денсаулық сақтау саласының жағдайы) әсер етеді. Сондықтан да өзіміздің ерекшелігімізді ескере отырып, қазақстандық мемлекеттік басқару жүйесінің тәжірибесінде билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерінің жүзеге асуын алдыңғы бөлімдерді тыңғылықты қарастыратын боламыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет