Просит принять срочные меры и оградить хозяйствующие субъекты Северо-Казахстанской области от неправомерных действий монополиста энергопередающей компании тоо «СевКазЭнергоцентр»
Диссертация от 18.04.2013г.
Белгілеулер мен қысқартулар АҚ – Акционерлік қоғам АҚШ – Америка Құрама Штаттары АIЖК – Азаматтық iс жүргiзу кодексi ӘҚБтК – Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі Б.э.д. –Біздің эрамызға дейін БҰҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымы ҚІЖК – Қылмыстық іс жүргізу кодексі Қазақ КСР – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Қазақ ССР – Қазақ Советтік Социалистік Республикасы ІЖӨ - Ішкі жалпы өнім ЖОО – Жоғарғы оқу орындары ТМД – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы т.б. – тағы басқа немесе тағы да басқа т.с.с. – тағы сол сияқты немесе тағы да сол сияқты КіріспеЗерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының 4 тармағына сәйкес, Қазақстанда мемлекеттiк билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдардың негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау принципiне сәйкес жүзеге асырылады. Билікті бөлу – қазіргі замандағы құқықтық мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі. Билік бөлінісі теориясы, тепе-теңдік және тежемелік жүйесі секілді мәселе антикалық дәуірден бастап осы күнгі авторлардың еңбектерінде де қарастырылады. Өйткені биліктерді бөлу қағидасын әлі ешбір мемлекет толыққанды жүзеге асырмаған. Сондай-ақ, бастапқыдағы Ш.Л. Монтескье және басқа да ғалымдардың билікті бөлу жөніндегі қағидасы, сол заманнан бері қоғамның даму деңгейіне байланысты қолданылуы біршама өзгеріске ұшыраған. Сол себепті қазіргі таңда мемлекеттік билік пен оның қызметін оңтайлы ұйымдастыру, оның ішінде билікті бөлу барысындағы барлық билік тармақтарының өзара қарым-қатынасындағы тепе-теңдікті сақтау, қызметтерін жетілдіру бойынша мәселелер өзекті болып табылады. Мемлекеттік билікті жүзеге асыру механизмінің негізі ретінде билікті бөлу қағидасын кешенді талдау, билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында, мемлекеттік билік органдарының өзара байланысы мен қарым-қатынасындағы тәжірибедегі мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Осы себептен, «мемлекеттік билік» және «биліктерді бөлу қағидасы» категорияларының қазіргі қоғам өзгерісіне байланысты мәнін ашу, олардың негізгі ерекшеліктері мен белгілерін зерттеу және жүйелеу қажеттігі мемлекеттік құрылым процесін талдауға және мемлекеттіліктің қазіргі кезеңдегі дамуының өзекті ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Барлығымызға белгілі Дүниежүзілік Банк жыл сайын мемлекеттік басқарудың дүниежүзілік көрсеткіштерін есептеп келеді. Ақпарат жылына бір рет жарияланады. Көрсеткіш 6 индикатордан тұрады: Дауыс беру құқығы және есептілік – дауыс беру еркіндігі, бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігі, азаматтық және саяси құқықтар; Саяси тұрақтылық және жаншудың жоқтығы – әрекет етуші билік тұрақтылығының деңгейі; Үкіметтің тиімділігі – мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы және мемлекеттік аппараттың тұрақты жұмыс жасау және мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі; Заң шығарудың сапасы – нарықтық экономика еркіндігі принципіне сай реттелуі және бизнестің дамуына құқықтық жағдай жасау; Заңның үстемдігі – заң шығару жүйесінің және оны орындау мен сақтаудың тиімділігі және анық болуы; Сыбайлас жемқорлық деңгейі – сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен бизнестің дамуына әсері, қоғамда жемқорлықты қабылдау мәселесі. Демек, дүниежүзілік банк мемлекеттік басқару жүйесінде билікті тек тар мағынада (Үкімет) емес, оның кең мағынасында қарастыратынын байқаймыз. Тек заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктері болғанда ғана мемлекеттегі белгілі бір жетістіктер туралы айтуға болады. Сонымен қатар, билік тармақтарының өзара әрекеттестігі адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін де қажет болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында атап өткендей, біз «билік тармақтарының бөлінуіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесін жасаған тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргіздік» [1]. Оның ең бастысы және негізгісі – әкімшілік реформа. Атқарушы билік өз қызметінде халыққа сапалы қызмет көрсету бойынша елеулі жетістіктерге жетті. Әкімшілік реформа қазір де жалғасып жатыр. Электрондық Үкімет порталы қазіргі таңда халықтың сұранысын қанағаттандыруда. ТМД елдерінен е-үкіметті дамыту жөніндегі алдыңғы 50 мемлекеттердің ішіне тек қана Ресей (27 орын) және Қазақстан енді. Сонымен бірге Азияда Қазақстан тиісінше 8 және 9 орындардағы Малазия мен Сауд Аравиясын басып озып 7 орынды алды. Сонымен қатар, мамандарың пікірі бойынша, Қазақстан Орталық Азия өңірінде электрондық үкіметті дамыту жөніндегі сөзссіз көшбасшы болып табылады. 2010 жылмен салсытырғанда Қазақстанның онлайн-қызметтер индексі 10 ұстанымға, ал телекоммуникациялық инфрақұрылымның индексі – 14 ұстанымға өсті. Сингапурдың көрсеткіштерін басып озып және жалпы әлемдік кестеде 18 орынан 2 орынға аусып Қазақстанның е-қатысу индексі артты. Осы көрсеткіш үкіметпен азаматтардың онлайн хабарласу мүмкіндіктерімен (блогтар, твиттер, әлеуметтік желілер, Интернет-конференциялар) анықталады [2]. Биліктің тармақтарға бөлінуі мен өзара әрекеттестігі мемлекеттік басқару ғылымымен тығыз байланысты. Мемлекеттік билік мемлекеттік басқарудың негізінде жүзеге асырылады. Басқарудың әлсіреуі немесе тиімді жүзеге аспауы мемлекеттік биліктің әлсіреуіне немесе жойылып кетуіне алып келетіні анық. Билік пен оның тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктері мемлекеттік басқару ғылымы тұрғысынан әлі күнге дейін толық зерттелмеген. Оның үстіне қазіргі таңда өздерін демократиялық бағытта даму жолында деп есептейтін кез-келген мемлекет өз халқына қызмет көрсетуді жетілдіре түсуде және оның тиімді, сапалы және тез жүзеге асуы тұрғысынан қыруар жұмыс істеуде. Сол үшін де қазіргі таңда көптеген елдерде мемлекетті «сервистік мемлекет» деп атайды. Демек, мемлекет сервистік орталық ретінде халықтың мұң-мұқтажын қанағаттандырып, қызмет көрсетуді басты міндетіне айналдырған. Ал халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін мемлекеттік басқаруды тиімді ету керек. Сондықтан да, билік тармақтарының бөлінісі мен өзара әрекеттестік тетіктерін мемлекеттік басқару жүйесінде жан-жақты зерттеу қажеттілік болып табылады. Билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерін мемлекеттік басқару жүйесінде қарастырған жөн. Әдетте мемелекеттік басқаруды кең және тар мағынада қарастырады. Кең мағынадағы мемлекеттік басқару – мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының біріккен қызметі. Ал тар мағынадағы мемлекеттік басқару – мемлекеттік биліктің атқарушы билік тармағының жүзеге асыратын қызметін айтуға болады. Біздіңше, мемлекеттік басқаруды кең мағынада қарастыру қажет. Мемлекеттік биліктің барлық тармақтары өздерінің конституциялық функцияларының деңгейінде мемлекеттік басқарудың субъектісі болып табылады. Мәселен, заң шығарушы биліктің қабылдаған заңы болмаса, оны орындау мүмкін емес, сол сияқты атқарушы билік болмаса, заң шығарушы биліктің қызметі мағынасыз болып қалады. Сондықтан, мемлекеттік басқаруда барлық билік тармақтары бір деңгейде әрекет етеді. Билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерін мемлекеттік басқару жүйесінен тыс қарастыру мүмкін емес. Себебі, жүйе ретінде өздерінің арасындағы қарым-қатынастың және байланыстың негізінде белгілі бір біртұтастық пен бүтінді құрайтын элементтердің жиынтығы танылады. Жүйе деп бөліктері мен өзара байланысы бар элементтерден тұратын бүтінді, біртұтасты айтады. Қазақстан Республикасы Конституциясы 3 бабының 4 тармағына сәйкес, Қазақстанда мемлекеттiк билiк бiртұтас болып табылады, ол Конституцияда көзделген реттерде заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөлiну арқылы өзара әрекеттестік тетіктерімен жүзеге асырылады. Басқару – бұл субъектінің (мемлекеттік биліктің) объектіге (қоғам, адамдар, әлеуметтік топтар және т.б.) мақсатты бағытталған әрекет ету процесі. Мемлекеттік басқару – әлеуметтік басқарудың бір түрі. Бірақ, әлеуметтік басқарудың ең күрделісі – мемлекеттік басқару. Себебі, қоғамдық ұйым, белгілі бір әлеуметтік топтар, кәсіпорындар мен мекемелер жалпы мемлекеттік басқару секілді күрделі емес. Мемлекеттік басқару қоғамның барлық саласына, барлық әлеуметтік топтарына, барлық қоғамдық қатынастарға әрекет етеді. Біздің пікірімізше, билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерін мемлекеттік басқару ғылымы саласында да қарастырған жөн. жүктеу/скачать 1,24 Mb. Достарыңызбен бөлісу: |