9 дәріс. Ойлау туралы жалпы түсінік Сабақтың жоспары: 1. Ой операциялары
2. Ойлаудың формалары.
3. Ойлаудың түрлері
4. Ойлау және сөйлеу
5. Сөйлеудің түрлері
Сыртқы дүниенi толық тануға түйсiк, қабылдау, елестер жеткiлiксiз болады. Бiз тiкелей бiле алмайтын заттар мен құбылыстарды тек ойлау арқылы ғана бiлемiз. Түйсiк, қабылдау процестерiнде сыртқы дүниенiң заттары мен құбылыстары жайлы қарапайым корытындылар жасалады. Бiрақ қарапайым қорытындылар сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының iшкi құрылысын, оның қажеттi қатынастары мен байланыстарын жөндi ашып бере алмайды. Адамның ой-әрекетi, әсiресе, түрлi мәселелердi бiр-бiрiне жанастыра отырып шешуде өте жақсы көрiнедi.
Ойлау дегенiмiз сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс-қаты настарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуi.
Ойлау қабылдау, елестермен тығыз байланысты. Түйсiк пен қабылдау танымның бiрiншi баспалдағы болғандықтан, олардан тыс ешбiр ойлау болмайды. Ойлау сезiм мүшелерi арқылы алынған мәлiметтердi өңдейдi. Ойлау сезiмдiк мағлұматтардың негiзiнде ғана мүмкiн болатын нәрсе. Елестерде жалпылағыш элементтер мол болғанмен, оның таным мүмкiндiгi ойлаудан әлдеқайда төмен. Ойлаудың қамтитын шеңберi өте кең.
Адамның ойы әрқашанда сөз арқылы бiлдiрiледi. Бiреу екiншi бiреуге пiкiрiн бiлдiргенде өзiн естiсiн деп дауыстап сөйлейдi. Ой толық сөз күйiнде бiлдiрiлгенде ғана айқындалып, дәйектелiнiп, дәлелдене түседi. Ойлау мен сөйлеу бiрдей нәрсе деп, бұлардың арасына тендiк белгiсiн қою дұрыс емес. Ой — сыртқы дүниенi бейнелеудiк ең жоғары формасы, сөз — ойды басқа адамдарға жеткiзетiн құрал. Ойдың сөз арқылы бейнеленуi арқасында адам өзiнен бұрынғы ұрпақтар жинаған тәжiрибе мен бiлiмдi сақтап қала алды, ойды өмiрдi онан әрi жақсарту мақсаттарына пайдаланады.
Бала тiлi шықпай тұрған кезде де ойлай алады. Нәресте айналасындағы дүниенi бiрiншi сигнал жүйесiнiң қызметi арқылы танып бiледi. Ойлаудың бұл түрi оның танымын онша кеңiте алмайды. Баланың тiлi шығып, сөз арқылы үлкендермен қарым-қатынасқа түскенде ғана оның ойлау шеңберi кеңейетiн болады.
Сөз бен ойдың бiрлестiгi алғашкы адамдардың психикасында да үлкен орын алған. Сөзбен ойлаудың аркасында ғана олар бiрiнiң бiлмегенiн екiншiсi бiлiп, ақы-лойын молайта түскен. Тiл мен ойдың бiр-бiрiмен тығыз байланыста болатындығын халық ерте кездiң өзiнде-ақ байқаған. Мәселен, халқымыздың “Iшiмдегiнiң бәрi тiлiмде, тiлiмдегiнiң бәрi түсiмде” деген мақалы адамның басындағы ойы тiлiнен көрiнетiндiгiн, ал тiлдiң өзi адам психологиясын байқататын тамаша құрал екендiгiн жақсы көрсетедi. Сөйтiп, ойдың дамуы адамның нақтылы iс-әрекетiмен шарттас болумен қатар, оның сөйлеу мәдениетiн меңгере бiлуiмен де, сөз өнерiне жетiлуiмен де тығыз байланысты.
Сөйлеумен тығыз байланысты жүрiп отыратын ойлау процесi тек адам баласының психикасына ғана тән процесс болып табылады. Кейбiр психологтардың (Л. Леви-Брюль т. б.) айтатынындай, мәдени дамудан артта қалған халықтардың ойлауы төмен, логикасы, шорқақ дейтiн теориялар ғылыми жағынан дәйексiз болып есептелiнедi. Адам ойлауының эволюциялық даму жолы өте ұзақ. Ойлаудың iшкi мазмұны қоғам дамуымен бiрге өзгерiп отырады. Қоғам iлгерi дамып, оның ғылымы мен техникасы өскен сайын жаңа ұғымдар пайда болып, қалыптасады, бұрынғылары ескiрiп қатардан шығады. Мәселен, атом бөлiнбейдi деген ұғым болса, қазiргi ғылым атом ядроларын сансыз бөлiктерге бөлiп отыр. Тағы бiр нақты мысал. Белгiлi АҚШ этнопсихологы Маргарет Мид (1901-1975) Тынық мұхит аралдарының бiрiнде, өзге дүниемен ешқандай қарым-қатынас жасамай өмiр сүрiп келе жатқан, бiр тайпа ел бар екенiн анықтады. Бұл тайпаның тiршiлiгiндегi көп ерекшелiктiң бiрi балалар да, үлкендер де қуыршақ дегеннiн не екенiн бiлмейдi екен. Осы айтылғандар ғалымның Мәдениет эволюциясындағы сабақтастық (1964) сутегiнде айтылған.
Ғалымның әкелiп таратқан қуыршақтарына ер балалар да, қыздар да қатты қызығып, өздерiнше бөпе қылып әлдилеп, киiндiрiп, ұйықтатып ойнай бастаған. Бұған қарап қыз балаларда биологиялық аналық түйсiктiң оянғаны, ал ер балалар соларға елiктеген ғой деуге болар едi. Шынында да, балалардың бiразы қуыршақтармен бiр сәт қана ойнап, кейiн жайына кеттi, ал басқалары қуыршақтардың қасынан кетпей, ойындарын түрлендiре түстi. Ал, бiр ғажабы, ер балалар қуыршақпен ойнауларын жалғастыра бергенде, бұл ойыннан тез жалыққан қыздар болды. Арал тұрғындары тұрмысының бiр ерекшелiгi де осындай едi баланы күтiп-бағумен неғұрлым қолы бос еркектер айналысады екен.
Адам сыртқы дүние құбылыстарының сырын көбiрек бiлгеп сайын оның ойлауы да жетiле түседi, қазiр ойлаудың практикалық әрекетпен байланысқан сан-салалы түрлерi пайда болды. Адам өз ойлауының ақиқаттығын, яғни шындығы мен құдiреттiлiгiн, өмiрге жарасымдылыгын практика жүзiнде дәлелдеуге тиiс. Ой амалдары мен логикалық операциялар, оларды орындаудың белгiлi ережелерi мен жүйесiнiң пайда болуы — адам ойлауыны зор табысқа жетуiнiң, тарихи дамуының нәтижссi. Ойлау заңдылықтары мен ережелерi сансыз қайталаудың және тәжiрибеде тексерiлудiң нәтижесiнде адам санасында бекiп, зор шындыққа айналды.
Ойлау адамның сыртқы дүниемен қарым-қатынас жасау процесiнде туындап отырады. Адам ойлауының мазмұнын билейтiн — объективтiк шындық. Адамға алдына мақсат қойып, оны шешуге ұмтылдыратын — оның қажеттерi.
Ойлау — өзiндiк iшкi қарама-қарсы қайшылықтарға толы процесс. Бұл оның дамуының және iске асуының қозғаушы күштерi болып табылады. Ойлаудың пайда болуында жаңа, белгiсiз нәрселерге зер салып, қызығудың да маңызы зор. Әлде де белгiсiз, түсiнiксiз нәрсенi бiлуге деген ынтызарлық, түрлi сұрақтарға жауап iздеп, ой-әрекетiмен шұғылдануға адамды итермелейдi. Ойлау-сұраққа жауап қайтарудан, мәселенi шешуден, оның мән-мағынасына түсiне бiлуден жақсы байқалады. Мәселен, “Сырдария Арал теңiзiне құяды” деген сөйлемде ой туғызуға негiз боларлықтай түрткi жоқ. Мұнда бiреуден естiген, не көрiп бiлген мағлүматтарды жәй қайталау бар. Ал, затты не құбылысты тұспалдап айтатын жүмбақтардан, айтыс өнерiнен ой процесiнiң небiр көрiнiстерiн байқауға болады.
Адам әркез өзiнiң алдына мақсат, мiндет қоя бiлуi қажет. Бұларды басқа адам да қоюы мүмкiн, өмiр тәжiрибесi мен бiлiмi жеткiлiктi кiсi алда тұрған мiндеттi тез аңғарады да, мәселе қоя бiледi, ой процесiнiң бағытын айқындайды. Бұдан соң мәселенi шешу, яғни ойдың негiзгi кезеңi басталады. Бұл адам психологиясына ерекше әсер ететiн өзектi, аса мәндi кезең болып есептеледi. Ойдың кейде шындықтан “ауытқитын кездерi де болады”. Бұл адамды шындықтағы құбылыстар жөнiнде қате көзқарасқа, терiс пiкiрлерге де алып келедi. Қоғамдық тәжiрибенiң, адам танымының тарихи дамуының барысында ғана бұлар бiртiндеп, түзетiлiп отырылады. Түйсiк пен қабылдауға қарағанда ойлауда қателесуге мүмкiндiк бар, әйтсе де, ойлау құбылыстардың мәнiн екi жақтан (теория мен тәжiрибе) бiрдей қарастырып, тереңiрек бiлiп отыратындықтан, қабылдау мен елестерге қарағанда әлдеқайда жоғары тұрады. Сөйтiп, ойлау сыртқы дүниенi мида бейнелеудiң ең жоғары формасы.
Ғылыми-техникалық прогресс “ойлайтын” машинаналарды дүниеге келтiрдi. Қазiргi есептегiш машиналар (оларды ойлайтын машиналар деп те атайды) өз жүмысының нәтижесiн бағалай алады, программаланған нәрселердi үйрене де, оны жақсарта алуға да шамасы келедi. Машиналар белгiлi ережелерге сәйкес мәтiндi бiр тiлден екiншi тiлге аударады, сөйленiп тұрған сөздi машина тiлiне, яғни кодқа айналдырады. Мәселен, осындай машина дойбы да “ойнайды”. Ол адамды ұтып кетуi де мүмкiн. Бiрақ оқып үйрену қабiлетi жөнiнен машина адамнан аса алмайды. Машинаға қарағанда адамның оқып үйренуi әлдеқайда жеңiл. Адам өзiн машинаға ұтқызбас үшiн, өз өнерiн жетiлдiрiп отыруы тиiс. Машинаға тәңiрдей табынатын кейбiр адамдар: алдағы жерде бәрiн машина iстейдi, ал адамдар қолын қусырып, әзiр асқа ие болып қарап отырады дегендi айтады. Бұл — сөз енжар, әрекетсiз адамның сөзi. Машинаның алдына тиiстi мiндет қойып, оған программа беретiн — адам. Осы мiндеттi қоя бiлу үшiн адамға мол бiлiм қажет. Машинадан “ақыл” үйренуге болмайдьi, онда “ақыл” жоқ. Есептегiш машинаньщ құндылығы — адамның оны дұрыс пайдалана бiлуiне байланысты. Бұл үшiн адамға өз-ойлауын үнемi жетiлдiрiп отыру қажет. Екiншi жағынан, машина да адамның ойлау қабiлетiнiң дами түсуiне, оның психикасының шыныға түсуiне жағдай жасайды. Әрқашанда идеяның иесi болумен бiрге, машинаға тәуелдi болып қалмау жағын да қарастырып отыру -адамның алдында түрран ең басты мiндет. Сөйтiп, есептегiш машиналар қанша “ақылды” болғанымен адам ойлауына пара-пар келе алмайды, адам ойлауы, оның барлық психологиялық қасиеттерi өз қасиеттерiн мәңгi-бақи сақтап қалады.
Ойлау аса күрделi психикалық процесс. Оны зерттеумен бiрнеше ғылым айналысады. Бұлардың iшiнде логика мен психологияның орны ерекше. Осы екi ғылымның ойды зерттеудегi әдiс-тәсiлдерiнде де өзiндiк айырмашылықтар бар. Мәселен, психология түрлi жас мөлшерiндегi адам ойының пайда болу, даму, қалыптасу жолын, яғни жеке адамның ойлау ерекшелiктерiнiн, заңдылықтарын қарастырса, логика — бүкiл адамзатқа ортақ ой әрекетiнiң закдары мен формаларын айқындайды, адам ойының нақты нәтижесi болып табылатын ұғым, пiкiр, дәлел, ой формаларының табиғатын зерттейдi. Кей жағдайда бұл екеуi бiрiн-бiрi толықтырып, ой мәдениетiнiң арта түсуiне көп пайдасын тигiзедi.
Ойлаудың физиологиялық негiздерi И. П. Павловтың бiрiншi және екiншi сигнал жүйесi жөнiндегi iлiмiне байланысты түсiндiрiледi. Ойлау — ми қабығының күрделi формадағы анализдiк-синтездiк қызметiнiң нәтижесi, мұнда екiншi сигнал жүйесiнiң уақытша жүйке байланыстары жетекшi рөль атқарады. Екiншi сигнал жүйесiнде жүйке қызметiнiң өз алдына дербес заңдары бар деуге болмайды. Сигнал жүйелерiнiң мидағы заңдылықтары бiрдей. Олардың айырмашылықтары мынада: егер бiрiншi сигнал жүйесiндегi реакциялар нақтылы құбылыстарға байланысты туса, екiншi сигнал жүйесi оларды жалпылап отырады.