«психология» ПӘні бойынша дәрістен ҚЫСҚаша конспект алматы, 2022


Адамның адамды қабылдау механизмдері



бет60/67
Дата01.03.2023
өлшемі0,7 Mb.
#70924
түріКонспект
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   67
Байланысты:
Лекциялар жиынтығы

Адамның адамды қабылдау механизмдері


Адамды адамның қабылдауы мен түсінуінің механизмдеріне: идентификация, эмпатия, рефлексия, аттракция, атрибуцияны жатқызуға болады (2 схеманы қараңыз!)
Идентификация, қазақша «теңестіру», «ұқсастыру» ұғымдарына жақын, яғни өзіңді басқа адаммен теңестіру, өзіңді сол адамның орнына қою. Идентификацияда басқа адамның құндылықтар нормасы, мінез-құлқы, талғамдары мен дағдылары игеріледі. Әсіресе, жеткіншектік кезеңде оның мәні зор. Көптеген зерттеулерде идентификацияның оған жақын ұғым эмпатиямен тығыз байланысты екені анықталған.
Идентификация дегеніміз – бұл басқа адамды сол субьектінің өзінің ерекшеліктеріне саналы немесе санасыз ұқсастыру арқылы түсіну тәсілі.
Қарым-қатынас жағдайында адамдар өзін сол адамның орнына қою әрекеті негізінде басқа адамның ішкі қалпы, ой ниеті, мотивтері мен сезімдері туралы болжамдар жасайды.
Эмпатияны басқа адамды сезіну, оның тебіреністеріне бой ұсына білу деп анықтауға болады, оның эмоциялық жағы басым, егер идентификацияда басқаның «проблемасы» «ойланылса», эмпатияда «сезініледі». Екеуінде де басқаның орнына қоя білу көрінеді, бірақ бастапқысында өзін партнермен теңестіру механизмі, ал соңғысында басқамен теңестіру қажет емес, өз пікірі болуы мүмкін, дегенмен басқаның проблемасын сезіну іске асырылады.
Эмпатия – басқаның қуаныш-сүйініштерін дұрыс сезіне білу қасиеті. Қарым-қатынас жасаудағы эмпатияның болуы психолог, педагог, әлеуметтік қызметкердің кәсіби маңызды қасиеттерінің бірі.
Осы екі жағдайда да, арадағы қарым-қатынастың іске асырылуы, үшінші жағдайдағы партнердің «мені» түсінуіне байланысты. Басқаша айтқанда, бір-бірін түсіну рефлекия құбылысымен күрделенеді. Әлеуметтік психологияда рефлексия – қарым-қатынасқа түсушінің басқа адам оны қалай қабылдайтынын түсінуі. Ол басқаша қабылдау мен түсінуі ғана емес, басқа «мені» қалай түсінетінін білу, ерекше бір-бірін бейнелеу, яғни «мен» басқаларға қалай көрінемін.
Қарым-қатынас субьектісіне басқа адамды дерексіз жағынан ғана түсіну маңызды емес, сонымен қатар онымен қарым-қатынасқа түскен индивидтің оның өзін қалай қабылдап, түсініп тұрғаны да маңызды. Субьектінің қарым-қатынас серіктесінің оны қалай қабылдайтынын түсіну рефлексия деп аталады. Рефлексия басқа адамды қабылдау құрамына жатады. Сонымен, адамды адамның қабылдауын екі еселенген айналы бейнеленуге ұқсастыруға болады. Адам басқа адамды бейнелегенде, өзін де сол басқаның қабылдау айнасында бейнелейді. Қарым-қатынас процестерінде идентификация мен рефлексия бірігіп әрекет етеді. Егер де әрбір адам басқа адамдар туралы ғылыми негізделген толық хабарлармен қамтамасыз етілген болса, онда ол олармен өзара әрекет ету жолын қатесіз құрастырған болар еді. Алайда күнделікті өмірде субьект нақты хабармен қамтамасыз етілмеген болғандықтан басқаларға олардың әрекеті мен қылықтарының себептерін есептеуге мәжбүр болады.
Рефлексияны әлеуметтік психологияда зерттегендер: Дж. Холмс,
Г. Гибш пен М. Форберг, негізінен диадалық (екі адамдық) әрекеттесу тұрғысынан қарастырады. Топтың рефлексиялық құрылымын зерттегенде диадалық әрекеттесумен қатар, топтың ортақ әрекеті және соған байланысты жеке адамаралық қатынастарда пайда болатын рефлексияларда күрделене түседі.
Гибш пен Форбергтің ұсынған диадалық рефлексиясы схема түрінде былай көрсетіледі:
Екі партнер бар: А және Б. Олардың арасында қарым-қатынас бар: А Б және Б. А. Онымен бірге А мен Б-ның өздері туралы түсініктері бар А-А', Б-Б' және басқа туралы түсінігі бар: А-да Б туралы Б'', Б-да А туралы А''. Коммуникативтік процестегі әрекеттесу мына түрде іске асырылады: А, А' тұрғысынан Б''-ге қарап сөйлейді, Б, Б' тұрғысынан А''-ға жауап қатады. Нақты жағдайда осы айтылғандардың қаншалықты жақын екендігін зерттеу қажет, себебі А-да, Б-да обьективті шындықпен сәйкес келмейтін А'; Б'; А'', Б'' бар екендігін білмейді. Қарым-қатынастың аса табысты болуы А-А' - А'' Б-Б'-Б'' арасындағы алшақтық неғұрлым аз болуымен байланысты екендігі түсінікті.
Мысал ретінде лектордың аудиториямен байланысын қарастыруға (А) болады (Б). Егер де лектор (А) өзі туралы, тыңдаушылар (Б''), әсіресе өзін тыңдаушылар қалай қабылдайтыны туралы (А'') дұрыс түсінікте болмаса, онда лектордың аудиториямен өзар түсіністігі болмайды, демек өзара әрекеттесуі де іске асырылмайды. Өзін-өзі дұрыс түсіну, басқаны дұрыс түсіне білуге үйрету - өте күрделі процесс, оған баулудың бір әдісі – перцептивті біліктілікті жетілдіретін әлеуметтік-психологиялық тренингтің түрі.
Қабылданатын адамға деген эмоциялық көзқарастардың пайда болу механизмдерін анықтаумен байланысты зерттеу аймағы – аттракция деп аталады. Аттракциның қазақша мағынасы – тартымдылық дегенге жақын. Аттракция, бір жағынан, қабылдаушы үшін басқа адамның тартымдылығының қалыптасу процесі, екіншіден, осы процесс өнімі, яғни көзқарастардың біршама сапасы. Қарым-қатынастың перцептивті жағын зерттегенде осыны есте тұтқан жөн, себебі, бір жағынан, адамдар арасында бір-бірін ұнатушылық, достқ сезімдері немесе, керісінше, жақтырмау сезімдерінің қалыптасуы, екіншіден, бұл құбылыстың қарым-қатынастағы маңызы қандай деген мәселелер туындайды.
Аттракцияны бір адамның екінші адамға деген әлеуметтік бағдары және сол жағдайда эмоциялық компоненті басым деп қарастыруға болады.
Аттракцияның түрлі деңгешйлері анықталған: ұнатушылық, достық, сүйіспеншілік. Кеңестік әлеуметтік психологияда аттракция көп зерттелінбеген. Қазіргі кезде топтық іс-әрекетте аттракцияны зерттеу қолға алына бастады.
Әлеуметтік психологияның ерекше саласы – каузалды атрибуция деп аталады. Зерттеушілер Г. Келли, Э. Джонс, К. Дэвис, Д. Кенноуз, Р. Нисбет, Л. Стрикленд. Атрибуцияның аудармасы, телу, есептеу дегенге келеді. Латын тілінен аударғанда «causa» - себеп, яғни каузалды атрибуцияны – себепті телу деп түсінуге болады. Каузалды атрибуция адамдар туралы алынған мәлімет жеткіліксіз болғанда, оның мүмкін әрекеттері мен қасиеттерін тауып, сол обьектіге телу жағдайы. Г. Келли атрибуцияның үш түрін қарастырады: жеке тұлғалық атрибуция, обьектілік атрибуция және жағдайлық атрибуция. Бақылаушы көбіне жеке тұлғалық атрибуцияны пайдаланады (әрекет себептері сол әрекетті жасаушыға телінеді), ал қатысушы көбінесе жағдайлық атрибуцияны (әрекет себептері жағдайларға телінеді). Мұндай жағдайлар, әсіресе табысқа жету мен сәтсіздік себептерін телігенде айқын көрінеді.
Әлеуметтік психологияға енгізген Ф. Хайдердің идеясы бойынша, адамдар негізінде былай ойлайды: «жаман адамға жаман қасиеттер тән», «жақсыға – жақсы қасиеттер», яғни «жаман» адамдарға әрқашан жаман істер телінеді, ал «жақсыларға» - жақсы істер телінеді.
Сонымен қатар каузалды атрибуция теориясында «жаман» адамға теріс істер телінгенімен, қабылдаушы өзін тек оң әрекеттер жасаушы деп бағалауы да қарастырылады. Көптеген эксперименттердің нәтижелері адам қабылдауында маңызды рол атқаратын бағдар (установка) мәселесіне келіп тіреледі, әсіресе, оның маңызы таныс емес адам туралы алғашқы ой қалыптасуында ерекше екенімен анықталады.
Майрон Ротбарт пен Памела Биллер (1977) өз экспериментінде суретте көрсетілген адамның бет әлпетінің көрінісіне баға беруді өтінген. Бір топ адамдарға – суреттегі адам туралы, гестапо бастығы, концентрация лагеріндегі жан түршіктірер медициналық экспериментке кінәлі деп айтқан. Ол адамдар, суретіне қарап, оны қатыгез адам деп бағалаған. (Бет әлпетінде кекесінді жымию бар емес пе?). басқа адамдарға астыртын: сол суреттегі адам туралы – нацистерге қарсы күресетін қозғалыс жетекшісі деген, ал олар суреттегі адамды ақ ниетті, мейірімді адам сипаттаған. (Суретке қараңыз: көздері қандай қамқор және ол күлімсіреп тұр емес пе?)
Осы сияқты құбылыс А.А. Бодалевтің эксперименттерінде (1982) де анықталған. Бір адамның суреті студенттердің екі тобына көрсетілген. Бір топтағы студенттерге ол адам – қылмыскер, ал екінші топтағыларға сол адам туралы – көрнекті ғалым деп айтылған. Бірінші жағдайда студенттер: суреттегі адамның тереңде орналасқан көздері құпия қаһарын, алға қарай шыққан иегі қылмыстың түбіне шейін жететінін көрсетеді, т.с.с. сипаттамалар берген. Екінші топтағылар сол тереңде орналасқан көздер терең ойлы адамды, ал алға кеткен иегі – білім жолында кездесетін қиындықтарды жеңуге қажетті күш-жігері, т.с.с. деп бағаланған.
Мұндай зерттеулер тұлғааралық қатынаста қандай сипаттамалар маңызды, қандай жағдайда қалай көрінеді деген сияқты сұрақтарға жауап беруге тырысады.
Тұлғааралық қатынастарда адамдардың бір-бірін қабылдауында тағы да зерттеу саласы болып табылатын түрлі «эффектілерді» де есепке алу қажет. Үш түрлі «эффектілер» көбірек зерттелген: ореол эффектісі (ореол – құрмет, даңқ), жаңа мен алғашқылық эффектісі және стереотип эффектісі (таптаурын). (2 схемада).
«Құрмет эффектісінде» қабылдаушыға алдын-ала қабылданатын адам туралы арнаулы бағдар беріледі, белгілі қасиеттер телінеді: ол адам туралы алынған мәлімет алдын-ала жасалынған бейненің үстіне салынады. Бұрын жасалынған бейне «құрмет» рөлін атқарып, нақты қасиеттерді көріп, дұрыс қабылдауға кедергі жасайды.
Бұл эффектімен «жаңа» және «алғашқы» эффектілері тығыз байланысты. Бұл екеуі де адам туралы берілетін мәліметтің ретімен байланысты. Бір экспериментте студенттердің төрт түрлі тобына таныс емес адамды көрсеткен. 1-топқа бұл адам – экстраверт, 2-ге – интраверт, 3-топқа алдымен экстраверт, кейіннен интраверт, 4-топқа керісінше деп айтылған. Барлық төрт топқа бейтаныс адамды алдын-ала айтылған тұлғалық қасиеттері терминдерімен сипаттап беру ұсынылған. Алғашқы екі топтағылар қиындықсыз сипаттаса, үшінші және төртінші топтағы сипаттамалар тікелей мәлімет ретіне байланысты болған, яғни алдымен айтылған мәлімет басым болған. Осындай эффект «алғашқы» эффект деп аталынады. Ал керісінше, таныс адамды сипаттауда «жаңалық» эффектісі басым, бұл жерде кейін айтылған мәлімет, яғни жаңалау мәлімет маңыздырақ екені анықталған.
Осы эффектілердің бәрін кең мағынадағы стереотип процесінің көріністері деп атауға болады. «Әлеуметтік стереотип» терминін алғаш 1922ж. У. Липпман енгізген. Әлеуметтік стереотип (таптаурын) белгілі әлеуметтік топ мүшесіне тән бір құбылыстың немесе адамның біршама тұрақты бейнесі. Әр түрлі әлеуметтік оптар, нақты топтар (ұлт) немесе кәсіби топтар өздеріне тән стереотиптерін жасайды, белгілі деректерді тұрақты түрде, заттарды үйреншікті түрде түсіндіру.
Адамдарды түсінудегі стереотип екі түрлі салдарға әкелуі мүмкін: біріншіден, адамды түсінуді белгілі түрде жеңілдетеді, бұл жағдайда адамды қабылдауда эмоциялық қабылдау немесе қабылдамаоу іске асырылмайды, жеңілдету (штамптарды пайдалану) арқасында түсіну процесін қысқартады. Екінші жағдайда, адамда жаңсақ наным пайда болуына әкеледі. Егер де бұрынғы тәжірибеден ол адам туралы теріс пікір қалыптасса, оны жаңадан қабылдауда да осы теріс көзқарас сақталады. Өте кең таралған стереотип (таптаурын) – этникалқ таптаурын болып есептеледі, яғни белгілі ұлт өкілдері туралы тұрақты нанымдар, мысалға: жапондардың еңбексүйгіштігі, француздардың жеңіл мінезділігі, орыстардың көп сөйлегіштігі, қазақтардың кең пейілділігі т.с.с.
Стереотип негізінде жаңсақ наным пайда боуының обьективті болмысты қате түсінуге әкелетініне мысал ретінде педагогикалық стереотип – мұғалім сапасында идеалды оқушы моделінің қалыптасуын көрсетуге болады. Ол – мұғалімнің жақсы педагог екендігін дәлелдейтін және оның жұмысын жағымды ететін, бірлескен әрекетке даяр, білімге ұмтылатын, тәртіпті оқушы. Осындай идеалға жақын балаларды мұғалім жақсы оқушы ғана емес, жалпы қарым-қатынаста сүйкімді, адал, парасатты адамдар деп қабылдадйды. Оған қарама-қарсы «жаман оқушылар» бейнесіне жақын оқушылар жалпы түрде енжар, агрессивті жаман адамдар, педагогтардың теріс эмоцияларын тудырушылар деп қабылданады.
Мұғалімдердің осындай күтінулері шын мәнісінде баланың нақты жетістіктерін көрсетпейді. Сонымен бірге осындай күтінулер баланың өзін-өзі қабылдауын да қалыптастыруы мүмкін. Батыс психологы Ристтің көрсетуінше, көп балалар мектепте толықтай ашылып дамымайды және өздеріне деген жақтырмаушылықты сезінеді, себебі, о бастан оларға «дамымаған», «қабілетсіз», «ұшқалақ» деген атақ тағылған. Яғни, мұғалімнен оқушыға бағытталған кері байланыс көбіне Р. Бернстің айтуынша «өзін-өзі актуалдайтын сәуегегйлік» формасында іске асырылады.
Мәселен, бір экспериментте бірінші сынып мұғалімдерінің қыздар мен ұл балалардың арасындағы оқу темпін игеруі туралы пікірлерін айтқан. Мұғалімдердің бір тобы бұл жерде жыныстық айырмашылық жоқ десе, екінші тобы ұл балалар қыздарға қарағанда нашар игереді деген. Бір жыл өткен соң жүргізілген өлшеулерден 1 топтағы мұғалімдер сыныптарында, расында да ұлдар мен қыздардың оқуды игеруінде айырмашылық болмағаны, ал екінші топ мұғалімдерінің сыныптарында ұл балалар негізінен қыздардан қалыңқырағаны байқалғаны көрінген. Бұл сипатталған дерек «күтіну таптаурыны» немесе «Пигмалион эффектісі» деп аталады. Ол идеалды оқушы бейнесінің немесе мұғалімнің теориялық, педагогикалық тұжырымының, тіпті оқушының есімінің негізінде де қалыптасуы мүмкін.
Мұғалімге ұнайтын есімді оқушылар, педагогқа ұнамайтын есімі бар балаларға қарағанда өздерін сенімдірек сезінетіндерін зерттеулер көрсетеді. Баланың есімі оның оқу үлгерімінің табыстылығына байланысты мұғалім күтінулеріне де әсер етеді.
«Күтіну таптаурыны» педагогикалық процестегі нақты әрекетте көрінетін фактор. Ол мұғалімнің бағдары мен күтінулерінен ғана емес, оның мінез-қылығынан да белсенді көрініс беруіне байланысты.
Стереотипизация. А.А. Бодалевтің жүргізген сауалнамалары адамның сырт көрінісі мен оның мінез-құлқының қасиеттері арасындағы байланыстары туралы қате стереотиптік көзқарастардың кең таралуын дәлелдейді. 72 сұранысқа түскен адамдардың 9-ы иектері төртбұрышты адамдардың ерік күші қатты дамыған деп есептейді, 17-і маңдайы үлкен адамдар ақылды. Үшеуі шашы қатты адамдардың мінезі қайратты болатындығын, бесеуі бойы кішкентай адамдар өктем жүргізуші, билеп-төстегенді ұнатады. Бес адам былай деп ойлаған: сұлу адамдар ақылсыз болады немесе өзін ғана жақсы көреді. Екі адам егер адамның ерні жіңішке болса, онда ол екі жүзді және оған тұйықтық тән.
А.А. Бодалевтің эксперименттерінде екі топ студенттеріне бір адамның суреті көрсетілген. Бірінші топ студенттеріне ол адамды атақты ғалым ретінде таныстырған, екіншілеріне – қылмыскер ретінде. Оның сырт көрінісіне қарап оған мінездеме беру ұсынылған. Бірінші топ студенттері суреттегі адам қызу жұмыс үстіндегі, мейірімді, ақкөңіл, ақылды адам деп бедйнелеген. Екінші топ студенттері олардың алдындағы портрет қатал, табанды және зұлым адамның суреті деп сипаттаған. Атап өткен адамның көзі бірінші жағдайда мейірімді және ақылды, екінші жағдайда – қатал және мейірімсіз болып суреттелген.
Басқа адамның қылықтарын оған мінез-құлық сезімдері мен ой-ниеттерін, мотивтерін есептеу жолымен себепті түсіндіру каузалды атрибуция деп аталады. Ол латынның causa – себеп және aqtributio – қосу, қосып беру немесе себепті интерпретациялау деген мағынасын білдіреді.
Стереотипизация дегеніміз – мінез-құлық түрлерінің классификациясы және мінез-құлық себептерін таныс немесе таныс емес сияқты құбылыстарға жатқызу жолы, яғни әлеуметтік стереотиптерге сәйкес келетін.
Стереотипизация – тұлғааралық қабылдау субьектісінің жеке тәжірибесінің жалпылану нәтижесінде қалыптасуы мүмкін. Оған кітап, кино, т.б. алынған хабарлар және таныс адамдардың есте қалған ойлары да қосылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   67




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет