76. Қазіргі білім беру процесіндегі психологияны оқыту әдістемесінің ролі мен орны
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті-ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» делінген.
Қазіргі заманғы психологиялық білім мен оның тәжірибесіне деген қызығушылықтың өсуі жоғары мектептегі психологияны оқытудың әдістемесіне жаңа, әрі тиімді әдістерді енгізуді қажет етіп отыр. Психологияны оқытудың тиімділігі негізінен педагогтың оқу процесін психология ғылымының теориясы мен тәжірибесінің мазмұнына сай ұйымдастыру іскерлігіне байланысты болады.
Осыған байланысты психология пәнінің оқытушысы психологияның теориялық сұрақтарымен бірге, студенттерде жоғары мектепте оқу барысында пайда болатын психологиялық мәселелерге қатысты сұрақтарына да жауап бере білуі керек болатыны түсінікті. Себебі, психологияны оқыту әдістемесі студенттердің ерекшеліктерін ескеруі міндетті.
Оқыту процесі студенттердің өздері қабылдап алған барлық білім, түсініктердің сана-сезімдеріне қандай әсер ететіндігін түсінуіне негізделген кезде ғана тиімді болады. Оқытушы шеберлігінің бірден бір көрінісі - өз пәнінің мақсаттарын адамның қоршаған ортамен және басқа адамдармен қатынастары тұрғысынан қарастыру, ғылыми пәнді социумның, өнердің, мәдениет пен тұрмыстың мазмұнына үйлестіре алу және студенттердің құндылық бағдарларын нақты оқу мақсаттарына айналдыра алуында екені анық.
Психологияны оқытудың мақсаты дәл осы мазмұнды қамтиды: өмірдің әр түрлі жағдайларында адамдардың өзара әрекеті мен қарым-қатынасын орнатудың теориясын және тәжірибелік білімдері мен әдістерін студенттерге меңгертуді көздейді. Психологияны оқыту басқа адамдардың ойлау бейнелері мен әрекет бейнелерін анықтайтын жағдайларды өзгерту мен түсіну тәсілдерін меңгертуге ғана емес, сонымен бірге, адамның өз тіршілік әрекеті мен санасын да өзгертуге бағытталған.
Достарыңызбен бөлісу: |