Оқыту үдерісінің әдіснамалық негізі болып гносеология саналады. Гносеологияның негізгі қағидаларына сәйкес, таным үдерісі нақтылы пайымдау, абстрактілік ойлау мен практика бірлігінен тұрады.
Оқыту үдерісінің қозғалтқыш күші қарама-қайшылық болып табылады. Ол қорытылып талданған түрінде былайша түсіндіріледі: оқытудың арнайы мақсатына жету қажеттілігі мен мақсатқа жетуге деген тәсілдері мен құралдардың жетіспеушілігі арасындағы келіспеушілік; нормативтік талаптар, педагогтың педагогикалық әсер етуі мен білім алушылардың оқу мазмұнын нақты белгіленген уақытта, белгілі деңгейде меңгеру мүмкіндіктері арасындағы келіспеушілік және т.б.
Оқыту үдерісінің субъектілері (педагог пен білім алушы) мынаны түсінгені маңызды: олар оқу барысында жалғаса беретін қарама-қайшылықтарды бірігіп шешіп, келесі пайда болатын жаңа қарама-қайшылықтарды шешуге дайын болуы керек.
Оқыту кезінде үш қызмет жүзеге асады: білім берушілік, дамытушылық және тәрбиелік. Жалпы алғанда барлық қызмет өзара байланысты және өзара жанамаланған, сонда да бұл жүйеде басымдылық білім беру қызметінен табылады. Практика жүзінде қызметтердің іске асуы кешенді міндеттердің шешімін табуымен, педагог пен білім алушы іс-әрекетінің мазмұнымен, оқыту әдістері мен формаларының үйлесімділігімен байланысты.
Осылайша, психологияны оқыту үдерісі, педагогиканы оқыту үдерісі секілді дидактикада құрастырылған жалпы ережелерге негізделеді оны психологияны оқыту үдерісін ұйымдастыру кезінде оқытушы ескеруі тиіс.
Оқытудың негізгі қызметтері білім беру, тәрбиелеу, дамытудан тұрады, сонымен қатар олар ұйымдастырушылық, психологиялық, интеграциялды-дифференциалды, құрылымдық, түзетуші, фасилитациондық, рефлексивті және т.б. қызметтермен толықтырылуы тиіс.
Барлық қызметтердің ішіндегі ең бастысы – білім беру. Білім беру қызметінің мағынасы педагогикалық білім, іскерлік пен дағды жүйелерін қалыптастырып, оларды білім алушылардың практикада қолдануына жағдай жасаудан тұрады.
Дамытушылық қызмет оқытудың белсенді әдістерін қолданғанда іске асады. Ол әдістердің көмегімен білім алушылар тұлғасының ойлау, сенсорлық, эмоционалды-еріктік, уәждік, коммуникативті салаларын дамытудың шарттары құрылады.
Тәрбиелік қызмет – білім алушыларды әр түрлі іс-әрекеттерге баулып, оларды ұйымдастыру. Қорытындысында білім алушылардың интеллектуалды, тұлғалық эмоционалды-ерік қасиеттері, кәсіби-бағдарлық көзқарастары мен пікірлері, оқу-танымдық қызметінің уәждері қалыптасады.
Оқытудың ұйымдастырушылық қызметінің көмегімен білім алушылардың оқу іс-әрекеті мен педагогиканы оқыту мазмұнының сапасы, көлемі арасындағы қатынастар реттеледі.
Психологиялық қызмет білім алушылардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар туғызуында, әдеттегідей уақыт, таныс оқу бөлмелері, таныс оқу талаптары және т.б. – осының барлығы жұмысқа деген қолайлы икемділік пен жайлы әсер туғызады.
Интеграциалды-дифференциалды қызмет әрбір білім алушының мүмкіндігі мен қабілеттілігін ескере отырып, оның жеке іс-әрекет жасауына жағдай туғызып, олардың басқа білім алушылармен бірігіп жүзеге асыратын іс-әрекеттерін ұйымдастырады.
Оқытудың құрылымдық қызметі педагогика бойынша әрбір жеке оқу сабағының оқу материалдарын жүйелеп, құрылымдайды.
Түзетуші қызмет білім алушылардың орындаған жұмысын бақылау мен бағалау негізінде оқу ісін реттейді және түзетеді.
Рефлексивті қызметі өзіндік әрекетті қорытуға, басқаларды (студенттер мен әріптестерді) түсінуге, оларға көмектесуге, педагогиканы оқыту үдерісінде өзінің әрекеттерін басқа субъектілердің әрекетімен үйлестіруге бағдарланған.
Педагогикада «білім беру» басты түсінік болып табылатыны белгілі. Келесі анықтама жалпы танылған болып саналады: білім беру дегеніміз оқыту және тәрбие беру үдерістерінен тұратын және сол үдерістер барысында тұлғаның шығармашылық іс-әрекетін жүзеге асырудағы білімдерін, іскерлігін, тәсілдерін және әлемге деген эмоционалды-құндылық қатынасын меңгеретін арнайы ұйымдастырылған жүйе.
Педагогикалық білім беру аға ұрпақтың педагогикалық іс-әрекетінің тәжірибесінен алынған, өзіне білім, іскерлік, дағды жиынтығын, сонымен қатар ережелер мен құндылық бағдарларды қосатын, педагогқа өскелең ұрпаққа тәрбие беру және оқыту мен тәрбиелеу міндеттерін тиімді шешуге көмектесетін білім берудің тұтас жүйесінің ішкі жүйесі ретінде түсіндіріледі.
Бүгінде Қазақстанда көптеген әлем мемлекеттеріндегі сияқты қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының және әлеуметтік тұтастығының негізі болып табылатын нәтижеге бағытталған білім берудің жаңа моделі қалыптасуда. Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесінің құрылымы мен мазмұнын жаңғырту барысында көптеген шаралар өткізілу үстінде:
-мамандарды даярлаудың үш сатылық жүйесіне көшу басталды (бакалавриат-магистратура-доктарантура РһD);
-бакалавриат және магистратура студенттері кредиттік оқыту технологиясына ауыстырылды;
-фундаментализм, прагматизм, интеграциялау, дифференциялау, бірегейлендіру (унификация), диверсификация аспектілері күшейтілген;
-стандарттау және көп вариативтілік, көп кезеңдік пен үздіксіздік, технологияландыру мен гуманизациялау, универсализация мен мамандандыру, орталықтандыру мен орталықсыздандыру, интернационализациялау мен этнизация, саяси идеологиялау мен плюрализация аспектілері өзара әрекеттеседі;
-білім берудің сапасын қамтамасыз ететін, оның жаһандануымен, ашықтығымен байланысты Болон үдерісінің идеялары іске асуда.