«Жүз» санымен келген СЮП-тер: Жүз+бай, Жүз+бас Жүз+тайлақ. «Жүз жасаған Жамбылды» білеміз. Жүз жасау – ғасырлық ғұмыр – кез келгеннің маңдайына жазылмаған. Сондықтан да халқымыз «көп жаса», «жүз жаса» деп бата беріп жатады.
Жүзбай <жүз бай. Бұл кейіпкер атында «жүз жаса», «бай бол» деген тілек жоқ. Жүзбай – өмір бойы «жүз грамм»(арақ) деп жүріп, өмірден өз орнын таппаған маскүнем кейіпкерге қойылған ат.
– Сол баяғы Жүзбаймын,
Қазір денсаулықтан жұрдаймын
Жиын-тойда жырлап іштім,
Қатынымнан ұрлап іштім
Жиі-жиі қызып жүрдім,
Жаға жыртып,
Тұмсық та бұзып жүрдім (Ж.Мырзалиев. Жайма базар. ).
Жүзтайлақ– әйел аты. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің «Түнгі сарын» пьесасында осы ат кездеседі. Жүзтайлақтың шын аты – Бибіш. Тайлақ – түйенің тұқымы. Бұл есім шынайы өмірде әйелдерге қойылмайды. Пьесада әйелге неліктен мұндай аттың берілгенін жазушы Сәруәр дейтін кейіпкердің атынан баяндайды: «Якші болса йүз түйә дигән исімге қорлансашы… Ишкәкі, йүз түйәгә сатып алған уны!» [173, 250].
«Мың» санымен келген СЮП-тер:Мың+жан, Мың+жылқы, Мың+ды+қыр, Мың+жігіт, Мың+тұр. Тілімізде «мың алғыс», «мың батпан», «мың жаса», «мың дауа», «мың сан», «он сегіз мың ғалам» т.б көптеген тұрақты тіркестер бар. Сөздің мағынасы «тым көп, сансыз» ұғымын береді.
Мыңды қыр < «мың адамды қыр», Мың тұр <«мың адам тұр» дегенді білдіріп тұр. Ерте кездерде «мың» саны аспандағы жұлдыз, жердегі құм сияқты есепсіз, сансыз болып көрінген. Сатирик С.Шұқын барлық сан есімді қолдана отырып, Миллион+бай, Миллиард+бек деп алған.
Көп мәнді шұбыртпалы ойларды ықшамдай келіп, аз сөздің аясында көп нәрсені сыйғызу қасиетіне ие сандар «дүниетанымдық – әдеби сандар» [168,70 ] деп саналады. Салмақ өлшемдеріне байланысты Батпан, Мысқал, Қадақбай, Келібай, Шөкімбай Салмақжан сияқты СЮП-тер жасалған. Халықтық өлшемдер: батпан – , мысқал – 1 гр , қадақ –750 гр , келі – 1 кг , пұт –16 кг, 100 кг. Батпан – ауырлық өлшемі, бірде екі жүз-үш жүз килограмм [108,149], кейде екі жарым пұт деп анықталған. Батпан төрт пұт салмақты білдіреді, Қашғари сөздігінде 180, 300 кг ауырлықты білдіреді [53,89].
Шөкім – халықтық өлшемде 12,5 г, үш саусақтың ұшымен шымшып алған зат, аз мөлшерді білдіретін титтей дегенді білдіреді.
А.Машановтың, әл-Фараби т.б. көптеген ғұламаларымыздың еңбектерімен таныс болсақ, қазақ математикалық мәдениеті жоғары халық болған. Қазақтың санау жүйесі, халық өлшемдері – ұлт мәдениеті мен этнографиясының қызықты салаларының бірі, және қазақ тілі лексикасының бір бөлшегін құрайды. Сатира мен юморда қолданылған кейіпкер аттарындағы сандық ұғымдар қазақ халқының өз тұрмысына, кәсібіне, салтына сай нақышты, ұлттық өрнекті бейнелейді. СЮП-терді талдауымыз бірлік сандар бойынша – 2, 7, 8, 9; ондықтар бойынша– 10, 20 сандарымен келетінін көрсетті, 50, 60, 70, 80, 90 сандарымен келген аттардың экспрессивтілігі солғын болғандықтан, талдамадық, өйткені Елубай, Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай деген есімдер өмірде жиі кездесетін болғандықтан, күлкілі аттар қатарына жатпайды.
Қорыта келгенде, «сан есім туралы жасалған жалқы есімдер халықтың әдет-ғұрып, дәстүрін, ертедегі салт-сананы толық көрсететін әлеуметтік жайларымен байланысып жатады» [174,153].
Сөз еткен сандық кейіпкер аттары өзінің о бастағы сандық мәнінен айырылып, суреткерлік, көркемдік, теңдеулік және образдылық сипатқа ие болған деп түйін жасауға болады. Халық жадында сақталған осы атаулардың сырында тіл тарихы мен халық мәдениетін танудың ізі жатыр. Халық тілінде сан есім арқылы жасалған антропоним, топоним, этноним, космоним, менсонимдер көптеп кездеседі.