Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
Дербестік – жеке тұлғаның, халықтың, ұлттың, т.б. әлеуметтік ортаның ешкімге тәуелсіз болмысы, бітімі, ұстанымы. Д. ғылымы жеке тұлғаға қатысты оның субъектілігін, кісілік қасиетін көрсетеді, кемелділік деңгейіне көтерілгенін байқатады. Қазақ халқынында «көппен көрген – ұлы той» деген нақыл сөз бар. Дүрмекке еріп, көптің бірі ретінде өмір сүру, әрине жеңіл, жеке жауапкершілігі аз болады. Кеңес дәуірінде де адамның көпшілдігі, ұжымдық жоғары бағаланды. Көптің пікірі қашан да дұрыс деп есептелді. Жеке адамның уәжі қаперге алынбады. Ал шындығында, көпшілік Абай айтқандай, топ, тобыр, дүрмек. Көп ойланбайды, қайда айдасаң, сонда ығады. Көптің сүйенері – қоғамда үстемдік құратын идеология мен психология, көп жағдайда нақты мәселенің мәнісін байыптап жатпайды. Д. ұғымы халыққа, ұлтқа, мемлекетке және т.б. әлеум. Ортаға қатысты сол әлеум. Қауымдастықтың ешкімге тәуелсіздігін, өзгелермен қарым-қатынаста, өз мүддесінен туындайтын немесе жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтау принципіне негізделген саясат ұстанатынын білдіреді. Д. – салыстырмалы түрде алынған ұғым. Дүниеде өзгелермен байланыссыз, өзімен-өзі оқшаулана өмір сүретін ештеңе жоқ. Бәрі бір-бірімен байланысты. «Адамның күні адаммен» дейді халық даналығы. Бірақ айналаңмен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап, «өзгелерді өзің сыйлап, өзіңді өзгелерге сыйлату» (М.Шоқай) үшін адамға да, қоғамға да Д. қажет. Д-ке ұмтылу – өмір сүрудің мәні, тіршілік заңы. Таным процесінде құбылыстардың өзара байланысын, бір-біріне ықпалын көрсету және олардың өзіндік сипатын, Д-гін ашу негізгі міндеттердің бірі болып табылады.
Дерек 1) хабар-ошар. Әдетте, бұрыннан көпшілікке белгілі, таныс нәрсе туралы мағлұматқа, жаңалыққа және т.б. қатысты қолданылады; 2) ғылымдағы ізденіс нәтижесі, табылған мәлімет, оқиғалар дәйегі, ғыл. дәлел; 3) логика мен ғылым методолгиясындағы эмпирикалық білімдердің түйіні, айрықша ой қорыту бітімі; 4) ЭЕМ-дерде сақталатын мәлімет. Сондай-ақ, арнайы әдебиетте «заңи Д.» деген тіркес те кездеседі. Ол құқықтық қарым-қатынастардың пайда болып, өзгеруіне не тоқталуына себепші жағдаятты бейнелейді. Заңи Д-тер оқиғаларға, яғни адам еркінен тыс мән-жағдайларға (зілзала, кесімді мерзімнің өтіп кетуіне, т.б.) және іс -әрекеттерге, яғни адамның өз ырқымен, көбінесе, заңсыз жасалатын мән-жайларға (қылмысқа, тәртіп бұзушылыққа, т.б) бөлінеді.
ДЕРРИДА Жак– француз философы. Еуропа постструктурализмінің ірі өкілі. Мәдениеттегі хаттың рөлін зерттейтін грамматологияның негізін қалаушылардың бірі. Алғашында Гуссерль мен Хейдеггер идеясының ықпалында болды. Еуропалық сана мен мәдениеттің барлық формасының метафизикалық танымда көрініс беруін сынау арқылы ғылыми ортада әйгілі болды. Д. еуропалық метафизиканың ықпалынан арылудың жолы ретінде мәдениеттің бастауына, ондағы алғашқы белгілерге, метафоралық қабаттарда сақталған мәдени дәуір дәстүрлеріне сүйенуді ұсынады. «Тіл», «мәтін» оларды зерттеу арқылы «хат», «хаттануға» үңілу, соның негізінде метафизикалық таным табиғатын ашу концепциясын жүйелеген. Д-ның осы бағыттағы ғылыми көзқарастары «Грамматология туралы», «Хат және оның өзгешелігі» (1967) еңбектерінде көрініс тапқан. Д. структурализмді «логоцентризмнің» бір көрінісі ретінде сынағанымен, оның концепциясының кейбір пунктері осы бағытқа үндесіп жатады. Д-ның Ницше стиліне арналған еңбегі бар, сондай-ақ «Почта белгісі туралы. Сократтан Фрейдке дейін және олардан басқа да» (Минск, 1999) деген еңбегінде Фрейд концепциясына талдау жасаған. Әдебиет: Деррида Ж. Эссе об имени. СПб, 1998; Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004, 224-226 бб.; Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы, 2007; Постмодерн философиясы. Әлемдщік философиялық мұра. – Алматы: Жазушы, 2007. – Т. 15.
Дескрипция(лат. Descriptio – суреттеу) – жалқы нәрсені жалпы ұғымдар (көріністер) көмегімен суреттейтін және оның өзіндік төл немесе жалпы атауын алмастыратын логикалық (тілдік) құрылым. Алуан түрлі есептеулердің формалды жүйелерінде (формализация) пайдаланылады.